Дүйсенбі, 11 Қараша 2024
Әлем чемпионаты 2438 0 пікір 17 Қараша, 2022 сағат 14:07

1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!


X ЧЕМПИОНАТ. 1974 ЖЫЛ. ГЕРМАНИЯ

Әлем чемпионы – Германия
Алтындатылған жүлденің иегері – Голландия
Күміс жүлдегер – Польша
Қола жүлдегер – Бразилия

«Алтын Никенің» орнына – «ФИФА Әлем кубогы»

Х және ХІ чемпионаттар сәл бөлектеу формуламен өткізілді: төрт топқа бөлінген 16 команданың 8 үздігі бұрынғыдай бірден плей-офф сатысына шықпай, төрт-төрттен тағы да екі топқа жіктелді. «Жартылай финалдық кезең» деп аталған бұл екі топта бірінші орын алғандар бірден финалға шықты, ал екінші тұғырда қалғандар өзара қола жүлдені сарапқа салды.

1970 жылы үшінші рет чемпион атанған Бразилия құрамасы «Алтын Никені» мәңгілікке иеленген соң, ФИФА әлемдік біріншілікте сарапқа салынатын жаңа жүлдені жасауға бәйге жариялады. Нәтижеде итальян мүсіншісі Сильвио Гадзанигга жасаған «ФИФА Әлем кубогы» деп аталатын алтын кубок жеңіп шықты. Қазір күллі әлемнің футболшылары әр төрт жыл сайын салмағы 5 келіге жуық осы жүлде үшін таласады.

1974 жылғы чемпионат соғыстан кейінгі кезеңдегі тым саяси реңк берілген алғашқы турнир болды. Содан екі жыл бұрын Мюнхенде өткен Жазғы Олимпиадада Израильдің бірнеше спортшысы лаңкестердің қолынан қаза тауып, тәп-тәуір ұйымдастырылған жарыстың шырқы бұзылған еді. Сондай жағдайдың қайталануына жол бермес үшін Батыс Германия өкіметі қауіпсіздік шараларын одан бетер күшейтті. Бұған дейін де, бұдан кейін де бірде-бір халықаралық спорт жарысы әскер мен полицияның дәл мұндай ауқымдағы көмегіне сүйенбеген болар, сірә. Чемпионатқа қатысушы командалар орналасқан мейманханаларды автомат асынған жауынгерлер күзетіп тұрды. Футболшылар мінген автобустарды бронмен қапталған әскери машиналар қорғап жүрді. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен төрешілерді стадионға... тікұшақтармен әкеліп жатты. Ойын кезінде сол тікұшақтар алаңның үстінде ұшып, тыныштықты қадағалап жүрді.

Саясаттың салқыны іріктеу сынында-ақ байқалды. Еуропаның 9-тобының жеңімпазы (КСРО құрамасы) Оңтүстік Американың 3-тобының жеңімпазымен (Чили) финалдық турнирге берілер соңғы жолдаманы сарапқа салуға тиіс еді. Мәскеуде өткен алғашқы матчта есеп ашылмады, ал қарымта кездесу... ойналмай қалды. Содан бір апта бұрын Чилиде болған мемлекеттік төңкерісті себеп етіп, Кеңес Одағы басшылары футболшыларды ол елге жібермеуді ұйғарды. «Талай жазықсыз адамның қаны төгілген Сантьягодағы стадионның алаңына біздің ойыншылар ешқашан аяқ баспайды» деп кесіп айтты олар. Алайда ФИФА президенті Стэнли Роуз олардың уәжін орынсыз деп тапты да, КСРО құрамасына техникалық жеңіліс жариялады.

Қос Германия: шын мәнінде кім жеңді?

Бірақ «А» тобына түскен чилиліктер Батыс Германияда бірде-бір ойында жеңіске жете алған жоқ. Есесіне саяси «шерулер» олардың Австралиямен кездесуінде де жалғасты. Матч бастала бере алаңға он шақты чилилік жанкүйер жүгіріп шығып, алып плакатқа жазылған CHІLE деген сөзді жайып салды. Алайда оларды полиция қызметкерлері дереу алаңнан алып кеткендіктен, жұрт әлгілердің мұнымен не айтқысы келгенін (диктатор Пиночеттің режимін қолдау ма, әлде оған қарсылық па?) ұқпай қалды.

Осы ойындағы тағы бір күлкілі жағдайды да айта кетейік. 10-минутта ирандық төреші Намдар австралиялық Ричардсқа қарсыласын шалып жыққаны үшін сары карточка көрсеткен болатын. Екінші таймның орта шенінде Ричардс одан да дөрекі қылық танытты. Төреші, әрине, оны тағы да сары қағазбен жазалады. Футболшының бір ойында алған екінші ескертуі бірден қызыл карточкаға айналып, оның алаңнан қуылатыны бәрімізге белгілі ғой. Бірақ Намдар оған... қызыл карточка көрсетуді ұмытып кетті! Сөйтіп, австралиялық жартылай қорғаушы алаңда қалды. Тек арада он минуттай уақыт өткен кезде қапталдағы қазы Намдарды шақырып алып, бірдеңені ұзақ түсіндірді. Екеуара «әңгімеден» кейін барып, ирандық төреші Ричардсқа салтанатты түрде қызыл карточка көрсетті. Қызу ойын барысында әріптестерінің бірінші таймда алған алғашқы ескертуін ұмытып үлгерген австралиялық футболшылар түкке түсінбей, ашуға мінді. Расында да, олар үшін Ричардс жазықсыздан жапа шегіп тұрғандай еді. «Бұзақыны» алаңнан шығарып жіберу үшін тағы да он минут әбігерге түсуге тура келді. Ақыры 64-минутта қызыл карточка алуға тиіс ойыншы... 83-минутта ғана алаңнан кетті! Рас, Намдар ойыншыларға жасаған ескертулерінің көптігінен шатасып кеткен шығар деп те топшылауға болар еді. Бірақ ол бұл ойында Ричардстан басқа бірде-бір адамға сары қағаз көрсетпеген-ді!

Үшінші турда тұңғыш рет қос Германия өзара кездесті. Матч алдында ГФР құрамасы (біз оны қазіргі қалыптасқан әдетпен Германия деп атай берейік) – 4, ал ГДР командасы 3 ұпайға ие еді. Бірақ 1-орын алған команда келесі кезеңде Бразилия, Голландия сияқты мықтылармен белдесіп, 2-орында қалғаны Швеция, Югославия тәрізді орташалау қарсыластарға тап болатынын алдын ала сезгендей бапкер Хельмут Шен шығыс немістерінен... ұтылған тиімді деп шешіпті. 77-минутта Шпарвассер соққан жалғыз доп ГДР футболшыларына тарихи жеңіс сыйлады. «Капиталист» бауырларын тізе бүктіргенін мақтаныш еткен олар 1-орынға ие болып, нәтижеде азуы алты қарыс арыстандардың аузына түсіп кетті де, әдейі ұтылған ГФР құрамасы өзі алып жыға алатын қарсыластарды таңдап алғандай болды. Бұған жеңіліспен біткен ойыннан соң команда капитаны Франц Беккенбауэрдің алаңнан екі құлағы екі езуінде, көңілді кетіп бара жатуы да бір дәлел секілді...

Mwepu Ilunga

Көрерменнің көңілін көтерген Заир

«В» тобындағы командалардың тағдырын... Заир футболшылары шешті. Жоқ, олар қарсыластарының бәрін жайратып салған жоқ, керісінше, үш ойында бірде-бір доп соға алмай, тас-талқан боп жеңілді. Ал өзара кездесулерін жаппай тең аяқтаған қалған құрамалар қорытынды кестеде африкалықтардың қақпасына қанша доп соғуына байланысты орналасты: 9:0 есебімен ұтқан Югославия 1-орын алса, 3 доп соққан Бразилия 2-орынға табан тіреді, ал 2-ақ гол енгізе алған Шотландия жарыстан шығып қалды.

Бұл – Заир (бүгінде бұл ел Конго Демократиялық Республикасы деп аталады) командасының әлем чемпионатына алғашқы және әзірге ақырғы рет баруы еді. Футболдың шежіресін зерттеушілер доп додасы тарихында дәл мұндай ебедейсіз һәм жұмбақ команданың ешқашан болмағанын айтады. Жеребе бойынша африкалықтармен алғаш жолдары түйіскен шотландықтар түптің түбінде өз тағдырын осы ойын шешетінін білген жоқ. Әйтпесе 2:0 емес, әлдеқайда ірі есеппен ұтар еді. Оған мүмкіндік болды да. Техникалық жарағы тым төмен, тактикалық біліктен мүлде мақұрым Заир ойыншылары тіпті футбол ережесін де еміс-еміс қана білетіндей әсер қалдырғаны рас.

Мәселен, Шотландиямен ойынның 10-минутында олардың қақпашысы Казади шабуылшы Деннис Лоудың аяғындағы допқа... басымен ұмтылды! Біраз уақытқа есінен танып қалған байғұс араға төрт минут салып, әрең орнынан тұрды. Ал оның допты өз қақпасы маңынан теуіп ойынға қосам деп қайта-қайта қарсыластарының аяғына дөп түсіре беруі жанкүйерлерді қыран-топан күлкіге батырды. Болмаған соң әбден әбіржіген қақпашыға қорғаушы Мвепу көмекке келді. Оның соққысы Казадиден де асып түсті: доп тура... сол жақ трибунаға қарай кетті! Бұл бұл ма, осы ойынның 15-минутында көрерменнің көңілі тіптен көтеріле түсті: алыстан ұшып келген допты Казади ұстай алмай пұшайман болды. Айып алаңында шотландықтардан ешкім жоқ еді, сондықтан қақпашының неден сасқалақтағанын түсіну қиын-ақ. Әуелеп келген доп шоршып түсіп қайта жоғары көтеріледі, ал Казади қайта-қайта қос алақанымен ауаны қармайды. Ақырында шоршып-шоршып шаршаған доп домалай келіп бір нүктеде дамыл тапқан кезде, заирлік қақпашы оған мысықша қарғып барып, таскенедей жабысты.

Міне, осындай орашолақ команданы ойсырата ұтудың орнына Шотландия құрамасы екі допты қанағат тұтты. Екінші таймда Уильям Бремнер, Питер Лоример және Кенни Далглиш бастаған британдықтар тіпті «қане, кімнің жеке шеберлігі жоғары?» деген жарыс ұйымдастырғандай қарсыластарын шыр көбелек айналдыра алдап, алаң ортасында жүріп алды. Ал Югославия құрамасының бас бапкері Милян Милянич доп айырмасын жақсарту үшін Заирдің таптырмас «құрал» екенін бірден білді. Сөйтті де, шәкірттеріне барынша көп гол соғуды тапсырды. Нәтиже белгілі – 9:0! Рас, алғашқы таймда-ақ африкалықтардың бір ойыншысы алаңнан қуылған болатын. Бұған қоса Заир құрамасын югослав маманы Благое Видиничтің жаттықтырғанын айта кету ләзім.

Айтпақшы, Югославиямен ойын аяқталған соң Видинич әдеттегідей өз жігіттерінің жанында қалмай, қарсы команданың ойыншыларына барып, қолдарын қысып құттықтаумен болды. Осыған орай кей сарапшылардың «қос югослав маманының алдын ала өзара келісуі де мүмкін-ау» деген күдікке бой алдыратыны да рас. Бұл әбден ықтимал нәрсе, өйткені келесі турда Заир командасы Бразилияға өте қатты қарсылық көрсетті. Үш доп айырмашылығымен ұтпаса, үшінші орында қалып қоятынын ұққан Марио Загаллоның шәкірттері барын салды. Бірақ 67-минутқа дейін есеп 1:0 боп тұрды. Роберто Ривеллино екінші голды соққан соң да африкалықтар ақ жалау көтере салған жоқ. Әлем чемпиондарын масқарадан жоғарыда аталған Казадидің қателігі құтқарып қалды: оң қапталдан жерлете пас тастамақ болған Валдомироның добы шиырыла сәл қиыс кетті де, қақпаның тура бер жақ бұрышына қарай зымырады – өзі де сол бұрышта тұрған заирлік қақпашының бала да ұстай алатын допқа қалай тосқауыл бола алмағаны түсініксіз. Бразилия екінші кезеңге осылай әупіріммен шықты.

Автоголға да... ақша төленді

«С» тобынан келесі кезеңге Голландия мен Швеция өтті. Бас бапкер Ринус Михелс кілең «Аякс» пен «Фейеноорд» ойыншыларынан құралған голланд командасын мүлде жаңа тактикалық тәсілдермен қаруландырыпты. Допты ұйымдаса тартып алу, жасанды офсайд, қорғаныста да, шабуылда да әр футболшының бір-бірінің орнын басып ойнай беруі – басқалар үшін әлі таңсық еді. Мұндай «ұйымдастырылған берекесіздікке» қарсы ештеңе жасай алмай, пұшайман болғандар шетінен жеңіле берді. Сөйтіп, алаңдағы 11 ойыншының да қатысуын қажет ететін «тұтасқан (тотальный) футбол» дүниеге келді. Мамандар мұны «футболдағы төңкеріс» деп атады.

Голландықтар сол кездің өзінде-ақ кейбір бүгінгі командалардың да тактикалық бағыт-бағдары саналатын 3-5-2 үлгісімен ойнады. Вим Сурбиер қорғаныстың оң қапталын қадағалады, Руди Крол сол қанатты тастай ғып бекітті. Ортада қажет кезде олардың қателігін түзетуге әзір Ари Хаан жүрді. Орталық алаңдағы үш Вим – ван Ханегем, Янсен және Райсберген тылдың тыныштығына көбірек көңіл бөлді, ал қос Йохан – Кройф пен Неескенс негізінен шабуылшыларға (Джонни Реп пен Роб Ренсенбринк) қол ұшын берушілер және ойынды ұйымдастырушылар еді.

7 кездесуде 15 доп соққан Голландия құрамасы чемпионаттағы ең көп гол енгізген ұжымдардың бірі атанды. Турнир алдында бір амстердамдық банк Голландия футболшыларының әрбір голы үшін 5 мың гульден (1 мың доллар, ол заманда әжептәуір мол ақша) төлейтінін айтқан-ды. Ал Болгариямен ойында қорғаушы Крол байқамай... өз қақпасына доп соғып алды. Команда мүшелері банк басшылығынан Кролдың голына да ақша төлеуді талап етті. «Айтқан сөз – атылған оқ» екені рас, амал жоқ, банк талапты орындапты, бірақ бұдан былай голланд футболшыларының тек қарсы қақпаға енгізген доптары үшін ғана ақша төлейтінін нақты атап көрсетуге мәжбүр болыпты.

Алғашқы «нашақор» қолға түсті

«D» тобынан Польша мен Аргентина суырылып шықты. Поляктар да, голландықтар тәрізді, осы чемпионаттың ақжолтайларының бірі болды. 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанған Казимеж Гурскидің командасы іріктеу сынында азуы алты қарыс ағылшындардың өзін жолда қалдырып кетті. Орташа жасы 24-тен сәл-ақ асатын жалындап тұрған ұжым батысгерман жасыл алаңдарында да жастарға тән жігерлі футбол көрсетті. Команданың әр шебінде де жетекші ойыншылар жетерлік еді: қақпашы Ян Томашевски, қорғаушылар Ежи Горгонь мен Владислав Жмуда, жартылай қорғаушы Казимеж Дейна... Әйтсе де, Польша құрамасының ең күшті шебі – шабуыл болатын. Мұны Гжегож Лятоның 7, Анджей Шармахтың 5 доп соғуына қарап-ақ байқауға болады. Тіпті бірде-бір гол соқпаған Роберт Гадоханың өзі тамаша ойынымен көзге түсті. Поляктар соққан 16 доптың кем дегенде 10-ы осы шабуылшының сол қапталдан тастаған тамаша пастарынан соң қақпаға енген-ді. Яғни Гадоханың гол соқпай-ақ чемпионаттың символикалық құрамасына енуіне таң қалудың жөні жоқ.

Керісінше, осы топтағы Италия құрамасы өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Бас бапкер Ферруччо Валькареджи бұл додаға кілең 30-дан асқан «шалдарды» (Маццола, Факкетти, Ривера, Рива, Бонинсенья, т.б.) алып барған болатын, ал жас толқын ойыншылар әлі тәжірибе жинақтап үлгерген жоқ еді. Осы чемпионаттан бастап матчтан соң әр командадан екі ойыншыны таңдап, допинг-тест өткізу қолға алынды. Италия – Гаити кездесуінен соң оның алғашқы «құрбандығы» да анықталды: тыйым салынған медпрепарат қабылдағаны үшін гаитилік Эрнест Жан-Жозеф чемпионаттан аластатылды.

Польша тұңғыш рет жүлдеге ілікті

Екінші кезеңде Голландия, ГДР, Бразилия, Аргентина (1-топ), ГФР, Югославия, Швеция, Польша (2-топ) командалары ойнады. Әуелгі төрттікте голландықтарға тең келер қарсылас болған жоқ. Әсіресе оңтүстікамерикалық қос мықты оңбай таяқ жеді. Голландия – Бразилия кездесуінде әлем чемпиондары өз алтын тәжінен айырылды. «Чемпионды еліне ертерек қайтарғандар – болашақ жеңімпаздар!» деп алдын ала асығыстық жасағандар да кездесті. Расында да, бұл айқаста Р.Михелс шәкірттері керемет ойнады. 50-минутта Неескенс барын сала ұмтылып, әріптесінің жерлете тастаған добын аяғының ұшымен тік көтеріп жіберді – ол қақпадан едәуір алға шығып кеткен Эмерсон Леаоның үстінен зулап өтіп, тура тоғыздықтан торға түсті. Ал арада он бес минуттай уақыт өткенде Кройф қапталдан әуелете берілген допты жерге түсірместен қатты соқты – 2:0! Бәйгеге шабар құр аттай қунақ голландықтардың қарқынына ілесе алмаған бразилиялықтар өз дәрменсіздігіне ызаланып, дөрекілікке ұрынды. Нәтижеде Луис Перейра алаңнан қуылды, егер төреші сәл қаталырақ болғанда, тағы бір-екеуі соның соңынан кетуі де мүмкін еді.

Ал екінші топта поляктар алаң иелерімен соңғы минутқа дейін алысты. Тек Майндағы Франкфуртта сол күні шелектеп құйған нөсердің салдарынан ойын өтетін арена алаңнан гөрі суарылған егіс алқабына көбірек ұқсап кеткендіктен, шабуылдауға тиіс Казимеж Гурскидің жігіттері қайта-қайта кібіртіктеумен болды. Ойын соңында Герд Мюллер соққан жалғыз доп тартысты кездесудің тағдырын шешті. Польша футболшылары сонда да еңсе түсірмей, 3-орын үшін таласта Бразилияны жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізді, ал шабуылшы Лято 7 доппен чемпионаттың ең мерген ойыншысы атанды.

Ғажайып финал және ғаламат неміс жігері

Финалда Голландия құрамасының көз сүйсіндірер керемет ойынына қарамастан темірдей тәртіпке бағынған ұйымшыл неміс командасы жеңіске жетті. Бұл ойынның бейнетаспасын қайталап көріп отырып, қандай тамаша матч болғанына көз жеткізе аласыз. Голландықтар бірінші таймда алаң иелерінен әлдеқайда басым ойнады. Олар тіпті немістердің аяғы допқа тимей жатып-ақ есеп ашты. Ойынды ортадан бастаған қызғылт-сары жейделі футболшылар бір-біріне 14 дәл пас тастады, сосын 14-нөмірлі ойыншы Йохан Кройф айып алаңына тұра ұмтылды. Оны қорғаушы Берти Фогтс шалып жығуға мәжбүр болды. Пенальтиді мүлтіксіз соғатын Неескенс бұл жолы да мүлт кеткен жоқ. Айтпақшы, бұл – финалдық матчтарда белгіленген тұңғыш 11 метрлік еді.

Бұдан кейін де голландықтар есепті еселей түсуге талай рет мүмкіндік алды. Қорғаныстың мақтаулы Беккенбауэр бастаған мықтылары жасыл алаңда ойнақ салған Кройф пен оның әріптестерін өз қақпасына қарай жиі-жиі өткізіп алумен болды. Бірақ қақпашы Зепп Майер бұл кездесуде тамаша ойнады. Оның Вольфганг Оверат және Пауль Брайтнер секілді серіктері еңсесі басылып қалған команданың жігерін қайта жануға барын салды. Қолдан сусып кете барған ойын тізгінін қайта ұстауға осы ойыншылар, сондай-ақ Райнер Бонхоф көп үлес қосты. Көп ұзамай Ян Йонгблад қақпасының маңында да қауіпті жағдайлар көбейе түсті. Сондай сәттің бірінде айып алаңына андыздай ұмтылған Бернд Хельценбайнды Янсен шалып құлатты: Брайтнер 11 метрлікті дәл соғып, таразы басын теңестірді.

Есеп теңескен соң, ойын да тең дәрежеде өрби бастады. Бірінші таймның бітуіне екі минут қалғанда Герд Мюллер өзінің құрама сапындағы соңғы, 68-голын соқты – 2:1. Кездесудің екінші бөлігі де алма-кезек шабуылдармен өтті. Ойынның соңы қақпашы Майердің бенефисіне айналды. Ақыры голландықтардың бүкіл шабуылына тойтарыс бере алған Германия құрамасы екінші рет әлем чемпионы атанды.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 16 команда қатысты.

38 ойын өткізілді, 97 доп соғылды (орта есеппен 2,55 гол).

«А» ТОБЫ

Германия – Чили – 1:0, Австралия – ГДР – 0:2, Германия – Австралия – 3:0, Чили – ГДР – 1:1, Австралия – Чили – 0:0, Германия – ГДР – 0:1

«В» ТОБЫ

Бразилия – Югославия – 0:0, Шотландия – Заир – 2:0, Югославия – Заир – 9:0, Бразилия – Шотландия – 0:0, Югославия – Шотландия – 1:1, Бразилия – Заир – 3:0

«С» ТОБЫ

Голландия – Уругвай – 2:0, Швеция – Болгария – 0:0, Голландия – Швеция – 0:0, Уругвай – Болгария – 1:1, Голландия – Болгария – 4:1, Уругвай – Швеция – 0:3

«D» ТОБЫ

Италия – Гаити – 3:1, Аргентина – Польша – 2:3, Польша – Гаити – 7:0, Италия – Аргентина – 1:1, Аргентина – Гаити – 4:1, Италия – Польша – 1:2

БІРІНШІ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛДЫҚ ТОП

Голландия – Аргентина – 4:0, Бразилия – ГДР – 1:0. Голландия – ГДР – 2:0, Бразилия – Аргентина – 2:1, Голландия – Бразилия – 2:0, ГДР – Аргентина – 1:1

ЕКІНШІ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛДЫҚ ТОП

Германия – Югославия – 2:0, Швеция – Польша – 0:1, Югославия – Польша – 1:2, Германия – Швеция – 4:2, Германия – Польша – 1:0, Швеция – Югославия – 2:1

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Польша – Бразилия – 1:0

ФИНАЛ

Германия – Голландия – 2:1

7 шілде. Мюнхен. «Олимпиаштадион». 77 833 көрермен. Төреші Тэйлор (Англия).

Германия: Майер, Фогтс, Шварценбек, Беккенбауэр, Брайтнер, У.Хенесс, Бонхоф, Оверат, Грабовски, Г.Мюллер, Хельценбайн.

Голландия: Йонгблад, Сурбиер, Хаан, Райсберген (де Йонг, 68), Крол, Янсен, ван Ханегем, Неескенс, Кройф, Реп, Ренсенбринк (Р.ван де Керкхоф, 46).

Голдар: Неескенс, 2, пенальтиден (0:1), Брайтнер, 25, пенальтиден (1:1), Г.Мюллер, 43 (2:1).

Ескерту алғандар: Фогтс, ван Ханегем, Неескенс, Кройф.

Сұрмергендер

Лято (Польша) – 7 доп, Неескенс (Голландия), Шармах (Польша) – 5 доптан.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1167
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2769
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2809