Балқанда бір елес жүр...Соғыс елесі
Сербия мен жартылай мойындалған Косово арасы тағы да ушықты. Жарты жылға жуық созылған қырғи-қабақтық енді қарулы қақтығысқа ұласуы ықтимал. Басынан бастайық.
Косовоны кей елдері Сербия құрамында десе, енді бірі оны тәуелсіз ел ретінде мойындаған. Югославияның ыдырауы екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қан-қасап соғыс алаңына айналған Балқан түбегінде шешімін табуы тиіс сан түйінді тастап кетті. Соның бірі осы Косово мен Сербия арасындағы қақтығыс, шиеленіс, жанжал.
Косово 2008 жылы, 17-ақпанда Сербиядан тәуелсіздігін жариялады. Сербия бұны сепаратизм деп мәлімдеп, әскер кіргізуге тырысты. Алайда жағдайдың ушығып кетуінен қауіптенген Батыстық елдер бітімгерлік күштері жағдайды тұрақтандыруға қабілетті деп мәлімдеді.
Косово сол сәттен бастап сербтік билік элементтерінен бас тартуға тырысуда. Өз аумағындағы жер-су атауларын өзгерту, серб билігі берген көлік нөмірлерінен бас тарту және басқа әрекеттерді жылдам арада әске асыру керек деп санайды. Алайда бұл үлкен тәуекелге апаратын қадам. Себебі Косово құрамында сербтік анклавтар бар және тек қана этникалық сербтер тұратын кей ауылдар мен аудан халқы қаруланып, қарсылық көрсетуге дайын екенін айтып келеді.
2022 жылы Косово билігі өз аумағында барлық сербтік құжаттар 1-тамыздан бастап жарамсыз болатынын айтты. Бұл Сербия мен Косово арасындағы қақтығысты ушықтыра түсті. НАТО елдерінің өтініші бойынша Косово шешімді бір айға шегеріп, сербтік нөмірмен жүрген көліктерді 1-қыркүйекке дейін тоқтатпайтынын айтты. 1-қыркүйек күні жағдай қайта ушығып, шешім тағы да кейінге шегерілді. Сербия мен Косово шекарасында орналастырылған НАТО бітімгерлік күштері жағдайды қарулы қақтығысқа жеткізбейтінін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын.
Косовоның сербтік нөмірлерді алмастыру туралы шешімін Косово полициясы іске асыруға тиіс еді. Косово полициясында қызмет ететін ұлты серб қызметкерлер қараша айында өз еркімен жұмыстан кетіп, қарсылық білдірді. Олардың саны 600-ден асады.
11-желтоқсан күні бұрынғы полиция қызметкері болған, ұлты серб Даян Пантич Сербиядан Косовоға кірген сәтте, тексеру бекеті маңында тұтқындалды. Оған серб қызметіне ақпарат беруі мүмкін деген айып тағылып отыр. Бұл ақпаратты естіген Косоводағы сербтер наразылық танытып, Сербия мен Косово арасындағы шекаралық жолдарды бұғаттап тастауда.
Косово премьері Альбин Курти барлық жолды бұғаттап, баррикада орнатқандарды өз еркімен кетуге шақырды. Косово билігі наразы топқа жолды 48 сағат ішінде өз еріктерімен ашуды бұйырды, егер талап орындалмаса, күш қолданатынын ескертті. Сербия билігі болса бұл жағдайда өте қауіпті деп атап, "Косово жерінде сербтерді қыруы мүмкін" деген мәлімдеме жасады. Сербия президенті Вучич "бұл күн менің тарихымдағы ең ауыр күннің бірі болуы ықтимал" деді. Қазіргі уақытта Косово мен Сербия шекара маңына әскерін топтастырып жатыр. Бұл 2 млнға жуық халқы бар Косово мен 7 млнға жуық халқы бар Сербия арасында жаңа соғыс отын тұтандыруы мүмкін. Сербияны Ресей, ал Косовоны жанама Батыс Еуропа елдері қолдайтынын аңғартуда. Косово құрамындағы 50 мыңға жуық сербтер, Сербия билігінен көмек сұрап, сербтік құжаттарды жоюға мүмкіндік бермеу керек дейді. Осылайша Балқан түбегін тағы да елес кезіп жүр...Соғыс елесі.
Ка Мырза
Abai.kz