Қуандық Қошықұлы және «Бір бала» әні
Жұңго (қытай) қазақтары арасында да талай-талай тарихи мұра, асыл қазыналар бар. Солардың ішінде музыка мəдениетіне қатысты мұралар да молшылық. Бұлар кеудесі алтын сандық ақындардың, күміс көмей əншілердің, майталман халық композиторларының өзінен кейінгілерге қалдырып кеткен құнды мұралары. Бұл мұралар ұзақ уақыттық тарихи кезеңдердің сынынан сүрінбей өтіп, ауыздан ауызға көшіп ел жүрегінде жатталып бізге жетіп отыр.
Десе де, əне сондай кеудесі алтын сандық ақын, күміс көмей əнші, майталман халық композиторларының бірі болғанымен де, шығармашылығы ел арасына кеңінен насихатталмай, əн-күйлері кең танылмай, көзін құм басып қалған бұлақ секілді дара талант иелерінің бірі — күйші, сазгер, халық композиторы, қоғам қайраткері Қуандық Қошықұлы еді.
Біз бұл төрт бөлімді мақаламызда ардагер ақалақшы (болыс) Қуандық Қошықұлының: біріншіден, өмірі мен өз кезіндегі атқарған қоғамдық қызметтері, екінші - ақындық, композиторлық өнер қыры, үшінші - «Бір бала» əнінің шығу тарихы, төртінші - «Бір бала» əні басқан тайғақ кешулер жəне өнер жұлдыздарының орындау барысына аялдаймыз.
Өмірі жəне атқарған қоғамдық қызметтері туралы
Қуандық Қошықұлы Қазақ, Орта жүз, алты арыстың бірі - Найманның Матайынан тарайтын Қызай еліндегі Меңіс Тілеубердінің Есенғұл руы Келімбай ауылында, 1880 жылы ҚХР ШҰАР Іленің Тоғызтарау ауданы қазіргі Ақтүбек қалашығы Ақжазық қыстағына қарасты Қосетекте дүниеге келіп, 1943 жылы өз туған жерінде науқастан қайтыс болады.
Қуандық туралы ауылымызда өткен сұңғыла қарт шежіреші Сауданбек Манапұлы қаря былай дейді: «Әкесі Қошық, баласы Қуандықты алғашында, 1891-1894 жылдар ішінде Құлжадағы Махмұт баба есімді ұйғыр бай саудагер досының үйіне жатқызып медіреседен оқытады. Оқуды жетік игерген, білімқұмар, зерек Қуандықтың ынтасына дəн риза болған əкесі Қошық Қуандықты ендігі жерде жалғасты оқу оқып, білім игеруі үшін Күредегі көңіл жетері, Күре үкіметінің «салықшыларының» (алман-салық жинау қызметкері) бірі Қосетек, Сексенбел өңіріндегі Есенғұл елі мен барды-келді араластығы бар Күре үкімет органында істейтін Жың ғалдай (Жың дарын, Жың ұлық) атты манжу мансаптының баласымен достастырып, Жың ғалдайдың баласымен бірге сол кезде Күре үкіметіндегі тек үкімет қызметкерлеріның ғана балаларын оқытатын, «Бепңнен (Бейпиң, Бейжиң) келген семя мұғалімі есебіндегі ұзын чаңпау (ұзын шапан) киген ханзу оқымыстыдан сабақ алып, ханзуша оқиды» («Сауданбек қаряның əкесі Манап Дуəнбекұлынан естіген Қуандық жайлы əңгімесінен еске алуы» - автор). Бұл кез шамамен 1895-1897 жылдар іші болса керек. Тумысынан аса зерек те қағылез Қуандық екі-үш жыл ішінде ханзу тіл жазуын едауір жақсы игергендіктен, 1897-1898 жылдар ішінде Жың ғалдайдың таныстыруы мен Күредігі генарал мекемесіне дұңшы (董事 іс білетін) тілмаш болып орналасып, 1906 жылға дейін он жыл шамасы əуыз-екі аударушы жəне жазба аударушылық қызметтер атқарады. Қазақ даласынан осындай себептермен ең алғаш Іле өңірінде ханзу тіл жазуынан қалам ұстап, хат таныған, мектеп табалдырығын аттаған тұңғыш қазақ дəл осы Қуандық Қошықұлы еді.
Оның ойламаған жерден осындай Күре үкіметі сынды үлкен орынға қызметке тұра алуы мүмкін Күре үкіметінің қыр елі мен ара қатынасын жақындастыруда осындай бір ханзу тіл жазуын игерген қазақ баласының болуы сол тұстың ең зəрулігі болса керек. Азамат жасына келіп, қызметпен бірге ханзуша тіл жазудан жалғасты білімін толықтай түскен Қуандық, 1897 жылдан 1927 жылға дейін Күре үкіметінде аудармашы, указ молда (бас хатшы), мал бажы басқармасының жауаптысы қатарлы міндеттерді өтей жүріп көптеген ел-жұртқа танылып, зор сенімге ие болады. 1927 жылдың соңын ала елге қайта оралған ол, үкімет қызметі мен қоса Есенғұл елінің мампаңы (орынбасар ақалақшы) Бұғышақ (кейін Боқшек аталып кеткен) мампаңның хатшысы бола жүріп, 1933 жылы Бұғышақ мампаң Жолболды Нүсіп ақалақшыдан Есенғұл елін бөліп алған соң, Қуандықты Күре үкіметіне бекіттіріп ақалақшылыққа шығарып, қолынан мансабын береді.
Қуандық 1933-1943 жылға дейін он жыл Есенғұл еліне ақалақшы болады. Күре үкіметінде істеп тұрған жылдарында яғни, 1917-1916 жылдары ішінде Күреде сахарадағы қазақ, моңғұл балаларына ханзу тіл жазуын үйрететын «мың-ха шуетаң» (蒙哈学堂 моңғұлша-қазақша білім ордасы) деген ханзуша мектеп ашылады. Сол кезде Қуандық елге келіп, өз елінен Толымбек, Асқарбек, Ырысбай, Нөкербек, Мұқан (Нұрмұқамет) қатарлы балаларды Күреге алып кетіп, оқуға əлдымен кіргізеді. Сол кезде Іле өңірінің əрқайсы жерлерінен келіп Күредегі шуетаңда алғаш оқыған «отыз бала» кейін қоғамның əр қайсы саласында маңызды қызметтер атқарғаны шын. Олардың басты-бастыларынан: Əбеу Құдышұлы, Дəулеткелді Күнболатұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Нүсіпхан Көнбайұлы, Əбдырасұл Жайпақұлы, Жақыпбек Байтуұлы, Асқарбек Шонданақұлы, Нөкербек Сылбырұлы, Ырысбай Алымбайұлы, Толымбек Қуандықұлы (бұл Қуандық, Қуандық Қошықұлы емес) Мұқан (Нұрмұқамет) қатарлыларды атауға болады, бұлардың бəрі де Күредегі «мың-ха шуетаңды» бітірген соң үкімет органдарында қызмет етсе, кейбірін үкімет тағыда жалғасты жоғарылатып оқуға жібереді.
1922 жылы Қуандықтың дəнекер болуы мен үкімет Толымбек пен Мұқанды (Нұрмұқаметты) Дихуаға (迪化 қазіргі Үрімжі) жалғасты оқуға жібереді. Бұлар Дихуадағы мың-ха шуетаңда 1922-1928 жылға дейін жалғасты тағы алты жыл ханзу тілін оқиды. Оқуды бітірген соң белгілі себеппен ауылына қайтып келіп, жалғасты бала оқыту, тағы басқа да шаруалармен шұғылданып жүргенде, 1933 жылы «12 апрель» саяси өзгерісі болып, жаппай мектеп ашу түзімі жолға қойылып, Қосетек өңірінде Шынар мектебі құрылып, бұлар ашқан шағын мектепте (класс), оқытқан оқушылары да Шынар мектепке қосылып кетеді. Себебі, Мұқан Құлжаға қызметке шақырылса, 1935 жылы Шың шысай үкіметі Толымбекті əлде қалай іздеп тауып, Үрімжіге шақырады да, өлкелік үкіметтің «қазақ-қырғыз одағына» хатшы етіп тағайындайды. Осы қызметпен қоса ол өлкелік оқу-ағарту меңгермесіне қолғабыс етіп, атақты жазушы Қаусылқан Қозыбаев қатарлылар оқыған сақшы мектебінде сабақ өтеді. (Азат Толымбекұлы «Екі дəуірдің егейі», «Тоғызтарау тарихи матерялдары» 3 кітап 128 бет ). Бұл сөздеріміздің тіпті де дəлелді болуы үшін, полковник Нүсіпхан Конбайұлының ардагер Əбеу Құдышұлы туралы өз кезінде айтқан мына сөзіне қаралық: 1916 жылы Күредегі моңғұл-қазақ мектебіне барып ханзуша оқуға түстік, бұл арада Əбеу, Əбдірасұл, Толымбек бəріміз бес жыл бірге оқыдық. 1921 жылы моңғұл-қазақ мектебін тауыстық, сол жылы Əбеу, Нұрмұқамет (Мұқан), Толымбек деген үш оқушыны таңдап алып, Үрімжіге алып кетті. Əбеулер Үрімжіге барғаннан кейін тағы да ханзуша алты жыл оқыды. (Құрманəлі Жүнісханов «Ардагер Əбеу», Іле тарихи матерялдары 9 сан 168 бет).
Толымбек 1935-1940 жылға дейін Үрімжіде «қазақ-қырғыз ұйымының» бас хатшысы болу мен қатар оқу-ағарту меңгермесіне селбесіп, өзі оқыған қазақ-моңғұл мектебі, өлкелік сақшы офицерлер мектебі қатарлы мектептерге ханзу тілінен сабақ өтеді. Бұл кезде Толымбектің қолынан моңғұл-қазақ мектебі жəне сақшы-офицерлер мектебінен ханзу тілін оқығандар Түсіпбек (Дубек) Шалғынбаев, Қаусылқан Қозыбаев, Нығымет Мыңжани, Əнуəр Мамырқанов, Мұстахан Баштбаев, Бұхара Тышқанбаев, Телмұқамет Қанапяұлы, Сəліс (Мұсаттардың əкесі) Əміреұлы, Кəрім Əкірами, Шəуен Масакымұлы қатарлылар еді. Дəл осы кез туралы Қабимолла Манжыбаев: Шинжяң шуеюанында (институт) оқыған ең танымал оқушы Дубек Шалғынбаев еді.
Шың шысай дəуірінде Үрімжіде оқыған оқушыларда аттарын ханзушаластырып қойатын əдет болған. Мысалы: Дубектің шын аты «Түсіпбек» (杜别克), Əнуəр Мамырқанов (安建忠), Қаусылқан Қозыбаев (何立成) деп аталған. Дубек Шағантоғай ауданынан, 1938 жылы Үрімжідегі моңғұл-қазақ мектебіне түсіп ханзу тілін үйренеді де сонан соң Шинжяң шуеюанының əдебиет факультетіне кіреді. Ол осы мектепті 1940 жылы бітіреді. Ханзушаны жетік біліп шығады. (Қ. Мəнжібаев «Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша дерек» 269-270 беттер) деп жазады. Ал, сол кездегі Нығымет Мыңжанидың ханзуша аты (尼华德) екен.
«Əкем Толымбек Қуандықұлы Гоминдаң өлкелік үкіметінің ұйғаруымен 1940 жылдың жазынан 1944 жылдың соңына дейін Шинжяң қазағынан тұңғыш əкім болып Чиəнды (乾德, қазіргі Мичуан, Ж.Қ) ауданының орынбасар əкімі, Баркол ауданының əкімі, Буыршын аудандық Гоминдаң партия комитетінің секаторы, аудандық халық үкіметінің орынбасар əкімі қатарлы міндеттер атқарып, 1944 жылдың соңында Тоғызтарауға жөткеліп келіп, Гоминдаңның Тоғызтарау аудандық партия комитет секраторы, орынбасар əкім болып бір жылға жуық істеген соң, 1946 жылы маусымда Іле аймағының орынбасар уəлиі міндетіне тағайындалып, қосымша Құлжа қаласының да орынбасар əкімі болып істеді. 1963 жылы Іле Қазақ Автономялы Облыстық саяси-мәслихат кеңесі комитеті бас хатшысының орынбасары болып, 1984 жылы 50 жылға таяу екі дəуірде қызмет етіп, құрметпен демалысқа шықты. 1986 жылы 29 наурыз күні 79 жасында ауру себебінен дүниеден қайтты, «Іле гəзеті» қаралы хабар жариялап, өмір баяанын таныстырды» ( Азат Толымбекұлы «Екі дəуірдің егейі» Тоғызтарау тарихи матерялдары 5 кітап 134-132-130 беттер).
Толымбек пен Нұрмұқамет (Мұқан) туралы жазушы Көпбосын Сəскин: «…Толымбек пен Мұқан екеуі де 1933 жылғы «12 апрель» саяси өзгерісінен кейін əр түрлі қоғамдық қызметтер атқарады. Əсіресе, Толымбек, Мичуан, Буыршын, Баркөл аудандарына əкім болады. Өлкелік оқу-ағарту мекемесінде (1937-1939 жылдар) қызмет істейді. «Үш аймақ төңкерісіне» белсене қатынасып, «Төңкерістік үкіметте» уəлидің орынбасары болады. Өмірінің соңында Іле Қазақ Автономялы Облыстық саяси кеңестің орынбасар бас хатшысы міндетін өтейді. Ал, Мұқан 1933 жылы оқуын аяқтатып, 1935 жылы Іле қазақ-қырғыз ұйшымасында оқу-ағарту инспекторы болып, 1939 жылы аурудан қайтыс болады. Асқарбек аймақтық оқу-ағарту бөлімінде қызмет атқарып, Іле көлеміндегі малшы қауым ортасында көптеген мектептердің жарыққа шығуына еңбек сіңіреді» (Көпбосын Сəскин «Қызайдың алғашқы зиялысы», «Тоғызтарау тарихи матерялдары» 3 кітап 106 бет). (Ағартушы Асқарбек Шонданақұлы туралы 1985 жылғы «Іле гəзетінің» қайсы бір санында Оқан Оспанұлы мен жазушы Мəлік Шабақбек ұлы жазған көлемді таныстыру да бар-тын . Бұл күндері сол мақаланы қолыма іліктіре алмадым, автор).
Ал, Нөкербек Сылбырұлы 1921 жылдан бастап, Күре үкіметінде салықшы (бажы алу қызметкері) болып істеп, кейін Гоминдаң үкіметініңде қызметтерін атқара келіп, 1949 жылы Есенғұл еліне ақалақшы болады. Нөкербек Күре үкіметінің бəжігері болып істеп жүргенде, 1928 жылы жазда Көкқамыр жайлауында əйгілі «Көк өзен», «Құба жай» əндерінің авторы ақын, əнші, композитор Əппақ Майтабанқызымен айтысқан айтысы да бар («Əппақ пен Нөкербектің айтысы», «Мұра» журналы 2000 жыл 4 сан).
Жұңго азат болған соң Нөкербек: «1950 жылы наурызда район бастығы болған. 1954 жылы 26- тамызда ЖКП Тоғызтарау аудандық біріңғай майдан комитетінің орынбасар төрағасы, 1955 жылы қыркүйекте аудандық саяси мәслихат кеңесінің орынбасар төрағасы болған. 1958 жылдан бастап саяси мәслихат кеңесі 2-3-4 кезекті комитетінің орынбасар төрағасы, 1963-1965 жылға дейін саяси кеңес Тоғызтарау аудандық комитетінің орынбасар төрағасы болған» («Жұңго халық саяси мәслихат кеңесі Тоғызтарау аудандық комитетінің ұйымдық тарихи жағдайы», «Тоғызтарау тарихи материялдары» 5 кітап 3-4-8 беттер). Міне, осы Толымбек, Мұқан, Асқарбек, Нөкербек қатарлы Күре шуетаңында оқыған оқушылардың осыншама маңызды қызметтер етуіне ең алғаш Күредегі мың-қа шуетаңға оқуға апарған адам, оларды тіпті де жоғарылап оқып көз айаларын кеңітіп, білімін толықтыру, жақсы оқып ел үшін қызмет етуі туралы ағалық ақылын айтып, оларды жан-жақтылы қолдап, балапандай баулып, бағдар шам болып жол нұсқаған, əкесіндей қамқор болған «молда аға» аталған «көкелері» осы Қуандық Қошықұлы еді.
Қуандықты сол кездерде сол Күреде оқыған балалардың бəрі кейін қызметке шыққанда да атын атамай «молдаға» деп құрметтеп атайды екен. Қуандық 1933 жылдан 1943 жылы ауырып қайтыс болғанға дейін ақалақшы болады. Ақалақшы болып тұрғанда: 1934 жылы Қосетекттің Шынар сайынан Шынар мектебін салу, халықты отырақтандыру, Талды, Қосетек өзендерінен тоған қазып су шығару, бұрынғы ашылған егістік жер көлемін тіпті де кеңейту, Еңкелеш Сəменұлы сияқты бардам адамдарға қазіргі Қаратам аспа көпірі салынған жердің батыс жағынан 1936 жылдар кеме (паром) салдырып, халықтың іле дариясынан өту қиыншылығын шешім етеді. Еңкелеш бұл кеменің барлық материялдарын шығарумен қатар кемені жасаған адамның (орыстың) еңбек ақысына жүз серкеш бергендіктен, ел ішінде «Еңкелеш, бір келгенде жүз серкеш» деген сөз таралған екен. (Еңкелеш кемесінің дарияның екі жағындағы текшелеген тастары қазір де бар). Бұдан тыс, Жамантыдан Көржылғаға (қазіргі Ауылшаруашылық 4 дивизиясының Көржылға 73 полкы) дейінгі аралықтағы Құлжа - Тоғызтарау тас жолының алғашқы күре жолын жасату, көпір жасату сынды халық үшін істеген игілікті істері, жалған жаламен өлімге үкім етілген Қонайұлы Досан атты азаматты өлімнен құтқаруы қатарлы іс іздерін жазушы Көпбосын Сəскин, Мəлік Шабақбекұлы, Еркін Сұлтанов, Дүйсебай Зейнедін, Қуаныш Қасымұлы, Əділжан Жəзілбекұлы қатарлы қаламгерлер «Қуандық ақалақшы», «Елім деп өткен ер тұлға», «Қосетекте жанған тұңғыш білім шырағы» қатарлы мақалаларында, газет-журнал, тарихи материялдар мен интернет текшелерінде егжей-тегжейлі жазғандықтан қайталамадым. Тек «Шынар мектебі» туралы Көпбосын Сəскиннің «Қызайдың алғашқы зиялысы» атты осы мақаласынан біраз үзіктер қоса кетуді жөн көрдім: «Шынар мектеп» атты бұл мектепті Қуандық салдырған, Қуандық көркейткен, кейін келе Қуандықтың күш салуымен жоғары бастауыш сыныптар ашылып, ханзу тілі сабағы да өтілген. Бұл мектеп ақалақшы Қуандықтың тіке қол салып демберуінде меңіреу қазақ сахарасына тек оқу-ағарту шырағын жағып қана қалмастан 1937 жылдарда-ақ мəдени ойын-сауық істерін де жолға қойған. Сол кезде «Шұғаның белгісі», «Бай мен тоқал», «Бай мен шоқырақ» пьессаларын сахнаға шығарып, қарғыс атқан ескіліктің тамырына алғаш рет қару сілтеген, мəдениет пен көркемөнердің ұрығын сепкен, мектеп ауласына тұңғыш дене тəрбие құрылғыларын орнатып, оқушыларға баскетбол, волейбол, турник ойындары үйретілген» (К.Сəскин «Қызайдың алғашқы зиялысы», Тоғызтарау тарихи материялдары, 3 кітап 108 бет ).
Мен (автор) бұл жерде «Қосетектегі тұңғыш білім жұрты» болған сол Шынар мектебінде 1937 жылдардағы сахнада қойылған сол «Шұғаның белгісі», «Бай мен тоқал», «Бай мен шоқырақ» қатарлы пьессаларды сахналастыруда, 1933-1932 жылдар ішінде арғы беттен келіп, Есенғұл ішінде жиырма төрт баланы Ахмет Байтұрсынов əліппесімен жəдитше оқытқан «Баймұрат мұғалім» атты зиялының, 1934 жылы Шынар мектебі құрылғанда, осы мектепке ең алғаш мұғалім болып, алдынғы өзі тəрбиелеген балалардан мұғалімдер таңдап, оқытушылар қосынын толықтап, бала оқытып жоғарыдағыдай пьессаларды сахнаға шығаруда сол Баймұрат мұғалімнің еңбегі ерен екеніне көз жұмуға болмайтындығын да ескертемін.
Қуандық Қошықұлы Күре үкіметінің Күредегі генарал мекемесінің ішкі-сыртқы істеріне көп араласқан қоғам қайраткері, Іле қазағынан шыққан ең алғашқы зиялы, алға басар ашық ойлы ел алқауына бөленген ардагер ақалақшы. Əйгілі Көдек ақын да «Сасан ауылына барғанда» атты өлеңінде: «Есенғұл Куандықты тағы көрдім, Еліне майлы болған бармағы жүр». (Іле облыстық байырғы шығармалар кеңсесі құрастырған «Халық қазынасы» атты кітаптың 1 бөлім 6 беті, Ұлттар баспасы, 1997 жыл, Бейжиң) деп жырлағандай ел-жұртына майлы да жайлы болған елбасы еді…
Жалғасы бар...
Жүнісқан Қалысбекұлы
Төтешеден түсірген Жаңбыршы Б.
Abai.kz