Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 3374 5 пікір 13 Ақпан, 2023 сағат 12:35

Неміс жазушысы: «Қытайдың қазіргі әдебиеті - қоқыс...»

«Қытайдың қазіргі әдебиеті қоқыс», «қытай жазушылары шетінен арақкеш, мақтаншақ, жалқау, уақытын босқа өткізеді», «қазіргі қытай жазушылары адамның қандай жаратылыс екенін мүлде білмейді», «қытайлық жазушылар көп жазған сайын нашар жазады»... Бұл сөздердің барлығы немістің белгілі синолог ғалымы Гу Биндікі.

Гу Биннің толық аты-жөні Вольфганг. Ол 1945 жылы Германияның төменгі Саксония қаласында дүниеге келген. Гу Бин - әйгілі синолог, аудармашы, жазушы, Бонн университетінің синология кафедрасының профессоры. Ол Германиядағы ең жақсы ғалымдардың бірі саналады. Оның зерттеу бағыты, негізінен, қытай классикалық әдебиеті, қытайдың қазіргі және осы заманғы әдебиеті, сонымен бірге, қытайдың зияткерлік тарихы. 

Әдетте, қытай мәдениетінен хабары бар шетелдік ғалымдар өзі зерттейтін қытайды жақсы көріп, мақтап жүреді, бірақ Гу Бин қытай әдебиетіне ренішін бірден айтты: "Қазіргі қытай әдебиеті – қоқыс". Мұны 2006 жылы Deutsche Welle-ге берген сұхбатында айтып, қытай жазушылары мен әдебиетінің түрлі кемшіліктерін тізіп берген.

Ол : "Қытай мәдениетінің  бес мың жылдық тарихы бар. Қытайдың тамаша мәдениетін қытай халқы ғана мақтан тұтып қоймайды, сонымен қатар, шетелде дүниеге келген қытай мәдениетін зерттеушілер тобы да мақтан тұтады. Олар синологтар деп аталады",-деді.

Шаң және Чжоу дәуіріндегі «Өзгерістер кітабы»,«Конфуций трактаттары», «Көктем мен күз», Таң және Суң династияларының өлеңдері мен Миң және Чиң династияларының романдары қытай өркениетінің қазынасы. Бұлар бізге қытай әдебиетінің гүлденуін бағалауға мүмкіндік береді.

Қазіргі Қытайда «Өмір сүру活着» романын жазған жазушы Ю Хуа мен Нобель сыйлығын алған Мо Яндар бар, бірақ неміс ғалымы Гу Бин Ю Хуа мен Мо Яндар "халтурщик" жазушылар екенін айтты.

1930-1940 жылдары қытай әдебиетінің деңгейі Еуропаның кейбір елдерінен әлдеқайда жоғары болды, оны Франция, Италия, Испаниямен салыстыруға болады. Бірақ 1949 жылдан кейін қытай әдебиеті әлсіреді.

Гу Бин әдебиет тілге, өнерге, эстетикаға қызмет етуі керек деп есептейді, бірақ қазір қытай әдебиетінде мұндай сипаттар жоқ.

1980 жылдардағы қытай поэзиясын әлемдегі көрнекті ақындардың поэзиясымен салыстыруға болады, бірақ драматургия тұрғысынан артта қалған.

Романдарға келетін болсақ, 1980 жылдары жазушы Чжаң Цзиенің әйелдер мәселесі туралы романы жақсы жазылды. Оның идеялары сол кездегі халықаралық құндылықтарға өте жақын болды, сондықтан оның романдарын еуропалықтар жақсы қабылдады. Роман Германияда да өте танымал.

Алайда Гу Бин 1980-ші жылдардан кейін қытай романдары бірте-бірте нашарлады деп санайды. Ол қытай романдарын "ветчина" деп сипаттады. "Неміс оқырмандарын жалықтырды",-деді.

Оның сөзінше, неміс зиялылары мен жазушылары қытай романдарынан жиіркенген. Себебі, бұл әдебиетті түсінбейтін адамдардың жазғаны екен.

Гу Биннің пікірінше, қытай әдебиеті қазір құлдырап кетті. Әдебиетте белгілі бір мазмұн, әдеби тіл, форма жоқ. Жазушылар коммерциялық мүддені алға қойды. Олар адамның қандай жаратылыс екенін түсіне алмайды. 

Гу Биннің бұл ойлары қытайлықтарды елең еткізді, қоғамда дүмпу тудырды, оған ренжіді. Шын мәнінде Гу Бин қытай әдебиетінің нағыз жанашыры еді. Қытай қоғамы Гу Биннің «қазіргі қытай әдебиеті қоқыс» деп айтқанымен мүлде келіспейміз деді. Шынға келсек, Гу Биннің бұл сөздері қытай әдебиетіндегі белгілі бір ішінаралық құбылыстарға берген бағасы еді. Кейбір сапасыз авторларға ғана арнаған сөз болатын. Ол "жазушы ақша үшін жазса, сапа түседі. Көп сатылатын роман жазу үшін, баспаның ұсынысы бойынша жазушылар өздерінің бастапқы идеяларын өзгертеді, осылайша әдеби шығармалардың сапасы түседі" деген ойды жеткізбек болады.

Ал Гу Бин айтқан қытай жазушыларына келсек, "олар адамның жанын түсінбейді". Бірақ бұл жалпыға ортақ емес Гу Биннің субъективті пікірі.

Қытай жазушылары адам жанын түсіне ме, жоқ па, әрине, оны оқырмандар айтады. Мың оқырманның жүрегінде мың Гамлет бар. Әркімнің өз субъективті ойы бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Әдебиет деген осы.

Гу Бинның пікірлері бізді терең ойландырды. Қазіргі қытай әдебиеті шынымен нашар ма? Мықты жазушылар жоқ па? Біз олай ойламаймыз. Қытайда қазіргі күні тамаша жазушылар мен тамаша әдеби шығармалар көп! Солардың аз бөлігін ұсындық, сіз де оқып көріңіз:


1

Ю Хуа

Ю Хуа Қытайда ең көп оқырманы бар, тіпті Мо Яннан да асып түсетін жазушы. Оның әрбір романы керемет «Ақ жаңбырдағы ащы дауыс», «Өмір сүру», «Сю Сангуанның қан сатуы», «Ағайындылар» (сәл мыжымалау екі бөлімнен тұрады, бірінші бөлімі жақсы жазылған) және «Жетінші күн» романдары бар. Ю Хуаның ең жақсы туындысы «Сю Сангуанның қан сатуы» романы.

Айта кетейік, Ю Хуа алғашқы кезде аванград жазушылар тенденциясын ұстанған. Реалистік бағыттағы шығармалары мүлде болмаған. Оның алғашқы еңбектерін екі сөзбен бағалауға болады: "Суық әрі қатыгез" (оқырманын еш аямайтын жазушы). Жазушының «Ақиқат жалғыз», «Әлем түтін сияқты» атты екі повесін оқыңыз. Оларды аптап ыстықта оқысаңыз да, маңдайыңыздан суық тер шығады. Шығарманың басында қорқасыз, бірақ шыдап оқыңыз. Жақында Ю Хуа «Біз үлкен алшақтықта өмір сүреміз» атты эсселер жинағын шығарды. Жинақ өте ойлы және оқуға тұрарлық. Айтпақшы, Ю Хуаның музыкаға қатысты зерттеулері көп. Қызықсаңыз, оның музыка туралы эсселерін оқуға болады.

2

2

Мо Ян

Мо Ян, Жия Пиңва, Ян Лянке - біздің дәуірдегі ең үздік үш жазушы. Мо Ян Нобель сыйлығын алғанға дейін аталған екі жазушыдан артық деп ешкім ойламаған. Соңғы он екі жылда Нобель сыйлығы қытайлық жазушы-эмигрант Гао Синцзянға, 2010 жылы бейбітшілік сыйлығы ақын Лю Сяобоға берілді. Екі ретте де Нобельдік комитеттің шешімі Қытай үкіметінің қатты наразылығын туғызды. Қазір Мо Янның шығармалары ел арасына кең таралған, әрқашан сұранысқа ие. Ал Гао Синцзянның оқырмандары айтарлықтай көп емес. Себебі, Қытай ресми түрде оның шығармаларын таратудан бас тартқан.

 

Мо Ян шығармалары сиқырлы реализмге бағытталған, басында оқуға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Г. Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» оқып шықсаңыз сиқырлы реализмнің не екенін түсінесіз. Жазушының Нобель сыйлығын алуына тікелей себепкер болған «Бақа» романы. Сонымен бірге «Қызыл Гаулян әулеті», «Өмір мен өлім күресі», «Былқылдақ кеуде, торсылдақ бөксе», «Дар ағашы», «Арақ елі», «41 хикаят», «Жәннаттағы сарымсақ жыры» романдары бар. Романдары бірінен-бірі өтеді, оқуға әбден лайық. Мо Янның романдарынан тыс «Қызыл Гаулян», «Мөлдір сәбіз» және «Бас бармақ» атты үш повестін оқыңыз. Кішкентай ауылды мысал етіп, әлемдік мәселені көтерген, ауыз екі тілмен жазба тілді жымдастырған, қиял мен шындықты біріктірген шебер жазушы. 

3

Жия Пиңва

Жия Пиңваның шығармаларын алғаш ашқанда әрі қарай оқи алмай қалуыңыз мүмкін. Оның романдары ұзақ, төрт-бес жүз мың сөзден тұрады. Себебі, Жия Пиңва романдарындағы әдіс «өмір детальдарының ағыны» деп аталады, яғни бір оқиғаның нақты негізгі желісі жоқ, өмірдің барлық қырларын көрсетіп, әр нәрсені егжей-тегжейлі суреттейді.

Чен Сихэнің сөзінмен келтірсек, Жия Пиңва «жерге жақын ұшатын жазушы». Оның жазушылық тамыры сегіз жүз шақырым Цинчуань жеріне бойлап кеткен.  Оның Мао Дун әдебиеті сыйлығын алған «Шаңчжоу» романы өте танымал. Деңгейі өте жоғары «Цинь операсы» романы - нағыз оқитын роман. «Гу Лу» – 680 000 сөзден тұратын шығарма, оны оқу үшін шыдамдылық қажет, онда мәдени төңкерісті жақсы суреттейді. «Күйгелек» романы әдемі жазылған және өте жақсы оқылды. «Шам-шырақ» -  ауылға қызметке барған әйел басшының шындықпен бетпе-бет келуін баяндайды. «Қарт» - бір елдің жүз жылдық тарихын баяндайды. Соңғы жұмысы «Маргаритка» романы ортанқол шығарма болып шықты. 

4

Ян Лянке

Ян Лянке, Луояңның Сунсиан ауданның тумасы, «Қытайдың ең даулы жазушысы» деген атпен белгілі. «Халыққа қызмет ету» деген повестін жазған соң осы атқа ие болады.

Әдебиет әлемінде оның атағы жер жарып тұр. Нобель сыйлығын алуы ықтимал қытай жазушыларының бірі. Ян Лянке шығармалары шетелде өте танымал. 2014 жылы Ян Лянке әдебиет бойынша Кафка сыйлығын жеңіп алды. Шығармаларының стилі абсурдты, әсірелеуі күшті, күлкілі, сонымен бірге оқырманын күйзеліске түсіреді. «Диңжуаң арманы» атты романы күні бүгінге дейін тыйым салынған атақты роман, онда Хэнандағы "Спид ауылы" туралы баяндалады. «Күн шуақты жылдар» - Ян Лянкенің осы уақытқа дейінгі ең жақсы жазылған шығармасы және қазіргі қытай әдебиетінде одан асып түсетін шығармалар аз. «Рахат» романын оқыған адам бірталай күн күйзеліске ұшырамақ. Ақиқатты жасырмай жазған шығарма. «Тастан қатты су» романында төңкерістің ғажайып батырларын ойнақы түрде жазды. «Жарылыс хроникасы» романы туралы әртүрлі пікірлер бар, жазуы сәл әсіздеу шыққан. Шығармаларындағы миф пен шындықтың ұштасуы көрсетіледі.

5

Лю Чжэньюн

Хэнань өлкесі Яньцзинь қаласының тумасы.

Лю Чжэньюнь романдары екі түрге бөлінеді: Туған ауыл сериясы және шенділер өмірі туралы романдар. Екеуі де өте қызық.

Лю Чжэньюн Ба Цзинь - жасампаздық жолын жалғастырушы, оның шығармалары саясатпен бетпе-бет келеді, батыл айтады. Шенеуніктер туралы романдарында биліктегі арам пиғылды адамдарды ашық суреттейді. «Түкке тұрғысыз» және «Ауыз жаппай мадақтау» еңбектері соның дәлелі.

Лю Чжэньюн шығармаларында «адам – әлеуметтенген жануар» деген ой жатады. «Тапу», «Жұмысшылар ротасы», «Мекеме», «Түкке тұрғысыз», «Бір сөйлем он мың сөйлемге тең» деген романдары оқуға тұрарлық, бай мазмұнды туындылар. 

Жалғасы бар...

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052