Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 5525 7 пікір 16 Ақпан, 2023 сағат 11:57

Қазақ төрелерінің тамғасы (таңба)

(Негізі, бұл мақалам жарияланып кеткен еді. Бірақ, кейінгі келген
тың ойларға байланысты біраз толықтырып, аздаған өзгерістер енгізіп отырмын. Бұл айтқандарым, мақаланы өзгертпей келтіре отырып,
соңынан қосымша берілді)

Тамғаның (қазақша көбінесе таңба деп айтылады) қазақ (көшпелі түркі) қоғамында пайда болуы - басында көшпенді халықтардың өз малдарын, жерлерін, мүлік-бұйымдарын белгілейтін белгі болып қалыптасқаны анық. Кей рулардың аталуына тамғасын қосып айту, немесе ру атының да тамғасына байланысты айтылуы (М: «Ашамайлы...», «Терістамғалы...», «Тарақты» т.с.с.) көпшілікке белгілі құбылыс. Әр руға тамға белгілеу туралы көптеген аңыз-әңгімелердің біразы осы күндерге де жеткен. Кей қазақ аңыздары әр руға тамға белгілеуді Тәуке ханның атақты «Жеті Жарғысымен» байланыстырады.

Қазіргі қазақ ұғымында ру тамғасы – қасиетті ұғым ретінде қалыптасып отыр. Ол түсінікті де, өйткені әр рудың тамғасы көне тарих қойнауынан бізге жеткен, ата-бабаларымыздың мәңгілік ескерткіші (М: Европалықтар қамал, қала т.б. гербтерін мақтан етеді ғой). Оларды ескі мазарлардан, ата-бабалардан қалған ескерткіштерден, қару-жарақтардан, кейбір жәдігер туындыларынан т.б. жерлерде кездестіріп жүрміз.

Қандай да болсын зерттеушінің әр рудың (тайпаның) ұрандарының да шығу тегі, мағынасы - ру тамғалармен қатар айрылмай жүретін маңызы бар екендігін ешқашан ұмытпауы міндетті. Қазақ (бұрынырақтағы) өмірінде ұран-тамғалардың қаншалықты маңызды екендігін мына мысалмен көрсете кетелік. Салт-дәстүрлердің (әсіресе Қытай қазақтарының тұрмысының) білгірі, марқұм жазушы Құрманбай Толыбаев ақсақал кезінде былай әңгімелеген еді: «...Қытай жерінде үлкен бір аста Албан мен Суан (Ұлы Жүз рулары) жігіттері төбелесіп қалып, бірі «Райымбек», бірі «Байсуан» деп ұрандап шыға келді. Атқа қонып, делебесі қозған қазақ тоқтаушы ма еді! Шарт-шұрт басталып, ел дүрлігіп кетті. Ешкім арашаны тыңдар емес! Сонда оқиғаның басында алғашында сасып қалғанымен, төбеде отырған ақсақалдар бұларға бір жігітті жұмсады. Ол жігіт бар дауысымен «Бақтиярлап» ұрандап топқа шауып кірді дерсің! Сол сәтте қызу қамшыласу-сойылдасу сап тиылып, қарсы жақтар не істерін білмей тоқтап қалды...» Бұл әңгімеден түйіндейтініміз, әр ру өз ұранын айтып біріне-бірі қарсы шыққандарымен, жалпы тайпаның ортақ ұранын естігенде, өздерінің туыс екендігін бірден естеріне түсіргендігі.

Тамғалардың шығу тарихын түбегейлі зерттеумен кезінде Шәкәрім, Шоқан, Тынышпаев сынды аталарымыз және Аристов, Томсен, Эмре сияқты т.б. ғалымдар да айналысқан, ал қазақ тарихында тамғалардың алатын орны бөлек, ерекше екендігі бесенеден белгілі.

Қазіргі күнде бізге жеткен Тынышпаевтың, Аристовтың салған тамғаларының үлгілері бар. Сондықтан өз зерттеулерімізді сол кісілердің салған тамғаларына қарап, салыстыра отырып, жүргізе аламыз.

Қазақ руларының тамғаларының жалпы түр-нысанына (форма) қысқаша тоқтала кетсек, бұл жерде осы іспен көптеген жылдардан бері айналысып, зерттеп келе жатқан оқытушы, архитектор, дизайнер А. Ордабаевтың тоқтамдарын (ол кісінің сала маманы екендігін ескере отырып) келтіре кетелік:  «Ұлы Жүздің руларынікі – дөңгелек тектес; Орта Жүздің руларыныкінде сызықшалар, бұрыштар басым; ал Кіші Жүздің руларының таңбалары әртүрлі формалардың көптігімен ерекшеленеді». Бұдан жасайтын қорытындымыз: Ұлы Жүз рулары ежелден біркелкі туыстас, жақын аталардан қалыптасты десек, Орта, әсіресе Кіші Жүз руларының құрамына әртүрлі кезеңдерде басқа да рулар қосылып отырғандығын көрсетеді.

Біздің негізгі тақырыбымыз - қазақ төрелерінің тамғаларына келсек, оның нақты шыққан уақыты өте ерте заманнан қалыптасқан тәрізді. Бұрынғы зерттеушілердің тұжырымдарына сүйенсек, үш таған (тарақ) тәріздес ()  тамға - билік белгісі, яғни тақ тұрғысын бейнелейтін болса керек. Бұған қосымша дәлел ретінде қазақ түсінігіндегі «Ноқта ағасы» ұғымын талдай кетейік: ол әлдебір тайпаның үлкен, аға руы дегенді білдіреді. Мысалы, Ұлы Жүзде – «Жалайыр», Орта Жүзде – «Тарақты», Кіші Жүзде – «Табын» рулары  осы жүздер ішінде «Ноқта ағасы», аға баласы болып саналады. Бұны айтып отырған себебіміз, осы «Ноқта аға» аталған рулардың тамғаларының «Төре» тамғасына ұқсастығы (Ескерту: дәл, сондай емес, ұқсас екенін ұмытпайық). Соған қарағанда, әр тайпаның өз «Ноқта ағаларын» ерекше силап, аға баласы атап, жолын беру сияқты салт-дәстүрлері әлі күнге дейін қазақ ішінде сақталып келгендігі, бұл руларды тайпаның басқа рулары Шыңғыс ұрпақтарынан кейінгі кезекті түрде үлкен, сыйлы санағандықтарынан туындағаны көрініп тұрады. Сондықтан, олардың тамғаларының «Төре» немесе «Сұлтан» тамғаларымен ұқсастығын осындай себептермен байланыстырамыз. Бұл тамғалардың «Төре» тамғасымен ұқсас себептерін осылай түсіндіруге болар деп есептейміз, яғни ағайындас басқа рулар «Ноқта ағасы» руларының ойларымен, талаптарымен санасып, сыйлап отырған.

Нақты төре тамғасының сипатына келсек әртүрлі пікірлерді кездестіріп жүрміз. Барлық пікірлер тамғаның «үш тісті» (үштаған, орысшасы: трезубец) екендігіне тоқталғанымен, оның «тістерінің» қалай қарағаны жөнінде әртүрлі пікірлер айтылады. Біреулер тіс бағыттары төмен () десе, кейбіреулер жоғары () қарайды дейді.

Жалпы алғанда, осы тектес үштаған (трезубец) таңбасы адамзат тарихында өте ертеден қалыптасса керек, оған мысал ретінде грек мифологиясындағы теңіз құдайы Посейдонның қаруы осы тәріздес үш тісті найза екендігін, одан беріде де Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.а.) заманындағы Хазіреті Әлидің қарсыласы Мерхаб палуанның да найзасы үш тісті екендігін дәлел ретінде келтіруімізге болады...

...Тамға түрі, белгілердің бағыты қазақ ұғымында өте маңызды, сыртқы пішіні дәл ұқсас, пішіндес тамғалардың бағытына қарай (М: бұрыш тамғалар < және >), яғни сызықтардың қараған бағытына байланысты тіптен басқа, өте алшақ руларға тән болуы ықтимал. Сондықтан, әлдебір тамғаның қай руға тиістілігін айту үшін белгіні, оның бағытын, барлық элементтерін нақты, түгелдей білу қажет. Бұл өте маңызды, өйткені сырт жағынан өте ұқсас тамғаға әлдебір элемент (қосымша сызық, ноқат, шеңбер т.с.с.) қосылса, ол тіптен басқа ру немесе тайпаға (т.б. патриархалдық құрылымдар) тиісті болуы әбден мүмкін.

Енді қазақ төрелерінің тамғасының түрін, сурет бағытын анықтай түсейік.

Мұхаметжан Тынышпаев («История Казахского народа» Алматы. 2002.) «Қазақ руларының ұрандары мен тамғалары» еңбегінде төре тамғасын мынандай тұрғыдағы суретте (түрде) көрсеткен және барлық төрелердің ұраны «Архар» екендігін жазып, бұған қосымша Найман елінің (төрелерінің) ұраны – «Саңқай», ал Арғын елінің (төрелерінің) ұраны – «Абылай» деп атап кетеді.

Ал профессор Қайрат Закирьянов («Тюркская сага Чингисхана» Алматы. 2006) Монғолияда болған сапарында Шыңғысхан кешеніндегі дәл осы тамғаның тістерінің жоғары қарап тұрғанын көргенін айтады. (Ескерту: құрметті профессордың көптеген ойларымен, сөздерімен, оның ішінде Қазақтың Ұлы ханы Абылай туралы жазғандарымен толықтай келіспейтінімізді білдіреміз.)

Бұл жерде екі тарақ үлгісіне (жоғары және төмен қараған) қосымша үстінде (астында) тік сызықша бар екендігін байқаймыз. Бұл дегеніміз алдында айтқан тарақ (үштаған) таңбадан басқа таңба деген сөз.  

Төрелер шежіресін зерттеуші жас ғалым – А. Ахметов 2013 жылы Татарстанда болғанында ондағы татар туындағы (Татар Туғ) тамғадағы үштағанның тістері жоғары қарап тұрғанын байқап, Татарстан Академиясының ғалымдарына олардың қателесіп келгендерін дәлелдеп берді және оған Академияның президенті бас болып барлығы да келісті.

Сонымен, алдында айтқанымыздай, тамға (тістерінің) бағыттары әртүрлі болса, онда бұндай тамғалардың (әртүрлі бағытталған) екеуі де бір-ақ руға тиесілі болмауы мүмкін екендігін тағы бір айта кетелік.

М. Тынышпаевтың және де басқа да деректерге сүйене отырып, «Төре тамғасының» мынандай суретте екендігін (басқаша емес) толығымен сенімді түрде айта аламыз. Ұлы ғалымымыз М. Тынышпаевтың еңбегіне сүйене отырып, Монғолия, Татарстандықтар және кейбір өзіміздегілердің де тамға жоғары қарайды дегендері қате екенін толық дәлелдей аламыз. Алайда, осы еңбекті қарай отырып, дәл осы таңбаның «қырғыз» руының да таңбасы екендігіне көз жеткіздік. Бұл қалай деп ойлансақ, оның ешқандай да құпиясы жоқ екеніне Ұлы ғалым-ойшыл-ақын Шәкәрімге сүйене отырып көз жеткізуге болады. Абылай ханның қырғыздарды ойсырата жеңіп, олардың көптеген адамдарын (есірей) Арғын ішіне әкеліп, сіңдіргенін (қырғыз аталатын аталар Жалайыр ішінде де кездеседі – «Қырғыз Андас») және олардың өсіп-өніп «Жаңа және Байқырғыз» деген екі болыс елге айналғаны белгілі оқиға. Олай болса олардың да таңбалары тура осылай болуы заңдылық деп түйіндейміз.

Ендігі айтарымыз, М. Тынышпаевтың еңбегіне мұқият қарасаңыз «Төре немесе Сұлтан таңбасының» сәл ерекшелігі бар екендігі аңғарылады, яғни, үштағанның (трезубец) сыртқы екі ашасының басы сыртқа қарай сәл имектеу болып келген.

Әйткенмен де бұл да әлі де болса, «Төре таңбаның» толық нұсқалары емес. Әрине, біз М. Тынышпаев (сызуды толық меңгерген инженер) қателесті деп айтайын деп отырған жоқпыз, тек қана жоғарыдағы суреттегі таңбада бір элементтің (негізінен бұл элемент - жарты ай, тік сызықша немесе дөңгелек түрінде) жетіспеуін бастырудан немесе (ал толық нұсқалары төмендегідей екі түрлі) қайта көшіруден кеткен болар деп ойлаймыз.

Сонымен, «Төре таңбасының» («Тамга Султанская») барлық элементтері салынған, толық түрлерін келтіреміз.

Бұл төрт нұсқаның да өзара ерекшеліктері бар екендігі байқалып тұр. Оны біз қазақ төрелерінің жүрген ортасымен байланыстырамыз, яғни 1 және 2 нұсқа – Ұлы Жүз төрелеріне, ал 3 және 4 нұсқалар көбінесе Орта және Кіші Жүз төрелеріне тән болып келеді.

Бұған тағы қандай сөзсіз дәлелің бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Алдында айтқан жас тарихшы, шежіреші А. Ахметов екеуміздің Жетісудағы Абылай ханның ұлдары Сығай, Тағай, Сөк ұрпақтарының (Талдықорған маңы) бейіттеріндегі ескерткіш-тастардағы қашалған сурет-таңбаларды және профессор Аман Шотаев ағаның аталары Төлек, Мамырхан, Сәтемір, Шота сұлтандардың (Әділ ұрпақтары) күмбездеріндегі таңбаларды (Алматы облысы, Кербұлақ ауданы) Орынбор даласында түсірілген суреттердегі таңбалармен салыстыра зерттеген едік. Сонау Орынбор мен Жетісудың бір түкпіріндегі ескерткіш дүниелер бірдей шығып жатса, бұдан асқан дәлел керек емес болар деп қорытындылаймыз (суреттер бар).

Және бір айта кететін жағдай, айтқан төре қорымдарында таңбамен қоса қарама-қарсы сүзісіп жатқан архарлардың суреттері қашалған (көптеп кездеседі). Бұдан жалпы төрелердің ұраны «Архар» екендігі де (бар қазақ баласы сияқты әр жердегілер өз аталарын да айтады, мысал жоғарыда келтірілді) көрінеді. Ал неге олай десеңіз, оны енді бөлек тақырыпта қараған дұрыс болар. Әйткенмен, ол ұран да өте ертеде қалыптасқан, тіпті бірінші Түрік Қағанатының ұраны, белгісі «Көк Бөрі», ал екінші Түрік Қағанатынікі - «Архар» деген пікірді де оқығанымыз бар...

Қосымша: Мақаламызда біраз нәрсеге тоқтала келіп, бірталай пайымдар жасаппыз. Алайда, ол сонымен аяқталды, барлығы да анықталды, түйіндер толық шешілді деген сөз емес, қайта, керісінше, алдағы ойларға, зерттеулерге жол ашады деген сөз!

Мақаламызда, таңбаның тістері жоғары емес, төмен қарап тұрғанын анықтап айта келе, олардың қазіргі күнге жеткен барлық төрт нұсқасын да келтіріппіз:

«...Сонымен, «Төре таңбасының» («Тамга Султанская») барлық элементтері салынған, толық түрлерін келтіреміз.

Бұл төрт нұсқаның да өзара ерекшеліктері бар екендігі байқалып тұр. Оны біз қазақ төрелерінің жүрген ортасымен байланыстырамыз, яғни 1 және 2 нұсқа – Ұлы Жүз төрелеріне, ал 3 және 4 нұсқалар көбінесе Орта және Кіші Жүз төрелеріне тән болып келеді...»...

Бұл тұжырымдарымыздың қателігі жоқ сияқты, алайда, бірнеше сұрақтар туындайды. 1) Бірінші нұсқадағы төбесіндегі «Ай» белгісі қазақ мұсылман болған соңғы қалыптасқан үрдіс делік; 2) Қалған нұсқалардағы өзгерістер себебі неде; 3) Шынымен, тамға тістері неге төмен қараған; 4) Сыртқы тістердің сәл имектеу болу себептері неліктен; 5) Егер бұл үштісті найза десек, оның сабы неге көрсетілмейді және найза бейнесі жоғары қарау керек еді ғой... Міне осындай және де т.б. сұрақтар жауабын күтіп тұрғандай! Олай болса қарастырып көрелік.

Алдыңғы үлкен буын өкілдерінің айтуынша, бізде осы таңба «Үштаған» «Тарақ» деген ұғымдармен санамызда қалыптасты, сондықтан басқаша ойлаған да жоқпыз. Ал, бұл ойымыз алдында айтқан сұрақтарға толықтай жауап бере алмайды. Олай болса мәселені басқа қырынан қарап көрелік.

Бұл тамғаның шығу төркіні найза да емес, тарақ та емес, басқаша зат бейнесі десек ше? Шыңғысханның тотем-құсы қаршыға деген дерек-пікірді көпшілік білетін де болар. Меніңше, мәселенің шешуі осы жерде сияқты!

Тамғаның мына нұсқасына  мұқият көз салып, ойланып көріңіз! Бұл сурет көкке самғаған сұңқар бейнесі ғой (Мына суретте сыртқы екі тіс тым иіліп келтірілген)! Сұңқарды күнде көріп жүрген ешкім жоқ шығар, олай болса, бір сәт уақыт тауып терезеден көкке ұшқан кептерге қараңызшы! Дәл осы тамғаны көресің дер едім...

Азкен Алтай

Жетісулық

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052