Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3657 0 пікір 6 Маусым, 2013 сағат 10:16

Жолтай Әлмешұлы. Өсек айтқан емеспін... (жалғасы)

Өсек айтқан емеспін...

(әзіл орнына)

 

Мен өзім... әп – п – ті – шу - у!..

Мен бар ғой... ә -ә -ә - пи – ті – шу – у!..

Жалпы мен...ә-ә-ә-ә!... Тфу-у, әдірем қалғырдың түшкірігін-ай! Келмейтін кезде келіп, адамды алқымдай бергені несі екен. Осы. Оқта-текте жабағы жүнің көтеріліп, әңгіме айта қоятын десең, шиқылдайсың, биқылдайсың. Сөйтіп есіңнен танасың. Басқасына бақастық етсе де, түшкірікке тойғызып қойған бұл құдайың. Аузыңды ашсаң, танауыңды қытықтап тұра қалады.... Ойбай-ай, күнім-ау, сен шошымай-ақ қой. Тұмаудан құдайым сақтасын. Ешқандай да ауруым жоқ, менікі жәй... аллергия ғой. Жылда жаздың аптап ыстығын осылай шығарып саламын, тәйірі... Жұқпайды. Ол жөнінде өзіңе сенгендей сене бер. Жұғар болса он жылдан бері отасып келе жатқан құдай қосқан қосағым қалпақтай ұшар еді ғой. Кешке теректей сұлап түсіп, таңертең қазықтай қақиып тұрып, жұмысына кетеді. Бұл жалғанда мұрны қанап көрмеген маубасым менің... Тфә, тфә! Тіл-аузым тасқа. Іссапарда жүр еді, аман болсын әйтеуір!

Өсек айтқан емеспін...

(әзіл орнына)

 

Мен өзім... әп – п – ті – шу - у!..

Мен бар ғой... ә -ә -ә - пи – ті – шу – у!..

Жалпы мен...ә-ә-ә-ә!... Тфу-у, әдірем қалғырдың түшкірігін-ай! Келмейтін кезде келіп, адамды алқымдай бергені несі екен. Осы. Оқта-текте жабағы жүнің көтеріліп, әңгіме айта қоятын десең, шиқылдайсың, биқылдайсың. Сөйтіп есіңнен танасың. Басқасына бақастық етсе де, түшкірікке тойғызып қойған бұл құдайың. Аузыңды ашсаң, танауыңды қытықтап тұра қалады.... Ойбай-ай, күнім-ау, сен шошымай-ақ қой. Тұмаудан құдайым сақтасын. Ешқандай да ауруым жоқ, менікі жәй... аллергия ғой. Жылда жаздың аптап ыстығын осылай шығарып саламын, тәйірі... Жұқпайды. Ол жөнінде өзіңе сенгендей сене бер. Жұғар болса он жылдан бері отасып келе жатқан құдай қосқан қосағым қалпақтай ұшар еді ғой. Кешке теректей сұлап түсіп, таңертең қазықтай қақиып тұрып, жұмысына кетеді. Бұл жалғанда мұрны қанап көрмеген маубасым менің... Тфә, тфә! Тіл-аузым тасқа. Іссапарда жүр еді, аман болсын әйтеуір!

Менің айтайын дегенім, олләһи шыным, тырнақтай тірлікте пенде болып өсек айтып көрген емеспін. Жасыратын не бар, әйел халқы қашаннан сыпсың сөз, күңкіл күбірге о бастан бір адым жақын жүреді. Оны-мұны әңгіме айтылады әрине. Енді тірі пенде болған соң аузын буған өгіздей қалай күн кешпексің. Аздап айтамыз ғой. Өсек емес бірақ...

Осы мына көршімді айтамын да. Өзі ветврач па, жоқ әлде зоотехник пе, ол арасын анықтап сұрай қоймаппын. Әй, онысын қойшы. Неге міністір болып кетпейді, маған десе. Әйтеуір менің жақсы білетінім – бетінің қотыры бар. Төменгі қабаттағы әйелдер «қотыр бет еркек» деп күңкілдеп мазақ етеді. Қотыр екені рас. Қосыла кетіп, күлкі етсем маған да ешкім бәле жаба қоймас еді. Оның қажеті қанша. Бұжыр болса бола берсін, бет менікі емес, оның өзінікі. Өзіміз айна алдына барсақ, қиылған қас, оймақ ерін, бүйрек бет, боталаған жанар жуық арада жібере қоймай, жарты сағат жәй аялдауға болады. Мен ғой... Ту-у, қотыр дейді ей, керек десең, сол қотыр болғанының өзі жақсы. Бұған ана шүйкебасы орамалын аспанға атып қуану керек. Енді ше, күйеуі көріксіз болса, оған көлденең көк атты әйел жыныстылар көп жанаса бермейді. Әйел жанасты дегенше, еркектің төресі болса да шаруасын біржақты етеді.

Айттым ғой, оның бетінде шаруам шамалы. Бір қызығы – сол көрші басқа еркектерден алабөтен. Елдің отағасы күнді ұясына қондырып, сыраны сіміре ішіп, ықылық атып, жатар орынға әзер жетер болар. Бұл... үйкүшік білем. Қашан көрсең де алдыңнан аузы жаялықтай болып, ыржиып шыға келеді. Әй, әдірем қалсын, айында-жылында болса да, бір рет естен тана арақ ішпеген еркек еркек пе тәйірі. Бірсыдырғы күйкі өмір кісіні жалықтырады. Кейде есі кіресілі-шығасылы күйеуіңмен әңгіме-дүкен құрған да бір ғанибет. Бұл да кісіге рухани азық.

Сол көрші еркек... бетім-ай, күнде үйіне бірнәрсе арқалап келетін еді. Кеше байқадым, ванна мен кухнясын қатырып жөндеп қойыпты. Табанына паркет төсеп, қабырғасына жылтыр, ою-өрнекті кафель жапсырған. Сондай дефицит заттарды қайдан алады, өзі. Ұрлайтын шығар. Әй, ұрлайтын болу керек. Ұрлайды.

Жарығым-ау, мен осы уақытқа дейін кіммен көрші болып келгенмін. Ұры ғой, мына еркек. Әйтпесе жаңағы дефицит заттарды қайдан, қалай таба қояды. Айтшы, кім бұған «мә, алыңыз» деп ұсынбақ. Үлкен бастық болса бір сәрі, лауазымы кіші біреулер жағымпазданып жеткізер. Жүрісі анау, тұрысы анау, оған кім иіліп, сый-құрмет көрсете қояр.

Төмендегі әйелдер «қотыр бет» деп босқа арамтер болыпты, ұры деу керек мұны. Кәдімгі ұры. Ақшасына сатып алуы мүмкін деймісің?... Пәлі, айына алатын айлығы белгілі, төкпей-шашпай жинады дейін десең үстіндегі киімі анау. Кілең дефицит. Киімнің тәуірі, моданың жаңасы... Әйелін үлде мен бүлдеге орап қойған. Аузы тола алтын тіс. Ауыз емес, алтынның қоймасы ма деп қаласың. Келген қонаққа тек қана спирт береді дейді. Оны да жұмыстан жымқырады бұлар. Болмаса спирт сатыла ма екен? Айттым ғой, айттым ғой мен, бұлар таза адамдар емес. Жымқырып жеп дәніккен, жеуге бейім жемқорлар. Өздері сөйте тұрып, оқта-текте, айында ма, жылында ма -өзім жұмыс істейтін жұмысшылар асханасынан бірер кило ет, үш-төрт түйір колбаса әкелсем, елге айбарық етіп, «Сылқымгүл тамағын тегін асырайды, асханада ет қоймайды» деп әңгіме қылады екен. Әдірем қал, о несі екен!... Менікі ұрлық емес, ертең ақшасын төлеймін, елден артылғаны. Таңертеңнен қара кешке дейін жұмыста боламын, балаларға тамақ керек, жұмысты тастай салып, қай жерден ет іздей қояйын.

Ой, сормаңдай! Кіммен көрші болып келгенмін? Ұры ғой, бұлар! Ертең күйеуім іссапардан келді бар ғой, тура басқа жаққа көшіп кетемін. Жетеді. Бұжыр бет ауруым жоқ. Азанда көрсең де, кешке көрсең де үйінен шықпайды. Еркек пе екен сол да. Еркек деген ептеп тентек болуы тиіс. Арақ ішсін, у ішсін, тек ақылын ішпесін де. Бір күні өлесі болып ішкен соң, он күн жүндеуге жақсы. Айтқаныңа көріп, айдағаныңа жүреді.

Ертең көшемін. Басқа жерден пәтер іздеу керек.

Айтпақшы, мына үстіміздегі қабатта тұратын үйдің еркегі бар ғой, барып тұрған алаяқ. Өтірік күліп алады да, мас болса, ақшасы бар қалтасын астына алып жығылады. Біреу – міреу қалтамды қарап, тиын – тебенімді алып қоймасын дегені ғой.  Ол өзі... Ә-ә-ә-әп-п-ші-шу-у!...

Оның өзі... Ә-ә-ә-әп-п-ті-шу-у!...

Ә-ә-ә-әп-п-ті-шу-у, ә-ә-ә-әп-п-ті-шу-у!...

Мұндайда қазақ былай дейді: «Өсекшінің өсегі өзіне дұрыс.»

 

 

Екі шақырым жер еңбектеген адам

(әзіл орнына)

 

Әшейінде жалы күдірейіп, арыстанша айбат шегетін Апақ деген азаматымыз сол жолы зәресі ұшып, қатты қорықты. Айдың, күннің аманында екі шақырым жерді еңбектеп өтті-ау бұл сабазың! Тіпті спорт шебері де ойлы-қырлы жермен мұншама қашықтықты еңбектеп өте алар ма екен деңізші. Әй, қайдам-ау!

Бұл өзі былай болған еді.

Орталыққа барып, оны-мұны шаруаларды бітірем деп жүргенде күн кешкіріп кетті. Үш шақырым жердегі ауылға жеткізіп салар көліктің ыңғайы болмаған соң, нар тәуекел деп, қас қарая төтелеп тартып кетсін. Сәл ұзап шыққан соң байқады, шынында да қою қараңғылық үйіріліп қалыпты. Айнала тым-тырыс. Ай да, жұлдыз да көрінбейді. Мұндай қараңғыда жолсыз жүру қиын болды. Кері қайта салайын десе, едәуір ұзап кетті. Оның үстіне Апақты еркектік намыс қысқандай.

«Нар тәуекел! Әйтеуір бір жетермін. Екі ауылдың ортасында осы уақытта қасқыр жорта қояр деймісің...»

Салып ұрып жүріп келеді, жүріп келеді. Осындайда серік етер ой да табыла қоймайды. Түн баласына кірпік айқастырмай өзіңді мезі ететін тіршіліктің майда-шүйде мәселелері де мұндайда еске түсе бермейді. Еске түссе де ойыңды бөле қоюы екіталай.

Апақ жастайынан ертегі кітаптар мен ескі хисса-жырларды көп оқып өсті. Содан да болар, түн баласына жалғыз қалса, есіне ең әуелі сайқымазақ сайтандар түсетін. Қазір де әлдеқайдан үзіліп - үзіліп, өзгешелеу үн естілгендей болды. Деп-демде тына қалады да, сосын қайта шығады. Енді, міне әлгі бір дыбыс жақындап келе жатқан тәрізді.

Енді қорқайын деді. Әлдебір жәндік құлақ түбінен зу ете түссе, ол да сайтан секілденеді. Өстіп, көңілін үрей билеп келе жатып, бір жерге оңбай сүрінді. Сосын апыл-ғұпыл тұра салып, біраз жер жүгіріп алды. Сосын тоқтап, демін басып, енді қозғала беріп еді, артынан кішігірім қара көлеңке қуа жөнелді. Шауып келе жатып, бақыра ма, әлде маңырай ма - әйтеуір бір түрлі дыбыс шығарады. Қатты-қатты адымдап, тіпті жетіп алатын болған соң тағы да зыта жөнелген. Зытып келе жатып, «ешкінің лағы емес пе екен» деп ойлады. Сонсоң тағы да, айдалада лақ не жесін дейді. Сайтан ба сонда? Ол пәле әртүрлі аң кейпінде кездесе береді дейді ғой. Сол болса ше...

Тағы да сүрінді. Бұл жолы қатты құлады. Ыңқ етіп, бауырын көтере алмай ұзақ жатты. Сайтан-аң, аяғын жалап-жалап бір-екі рет дыбыс шығарды да ғайып болды. Даусы қарлыққан бір пәле.

Апақ қайтадан орнынан көтерілді де, екі қадам аттап еді, жаңағы «сайтан» лезде пайда бола кетті. Қимылдаса тап бастырар емес. Жата қалады... Жатып алып, тың тыңдаған. «Сайтан» тырс-тырс басып, қараңғылыққа сіңіп кетті. Бұл «піссіміланы» іштей сан рет қайталап, бойын жинап, тұра бергені сол еді, артынан бір нәрсе қараңдады. Селк етіп қалшиып тұра қалды. Жоқ, елес екен. «Сайтаннан» қазір ғана құтылыпты. Апақ енді ұзақ аялдауға болмайтынын білді. Бар күшін жиып алды да, жүгіре жөнелді. Сол-ақ екен, қарлыққан дыбыс келді құлағына. «Сайтан» қуып келеді. «Мә-ә... Мә-ә-ә...» Тап бастырар емес. Жерге жата кетті. Әлгі келе сала Апақтың аяғын емес, бұл жолы бетін жалады. Көзін тарс жұмған  Апақ  «өлген жерім осы шығар» деп ойлады. Ішінен құдайына жалбарынып жатыр. Жалап-жалап болып, тағы да зым-зия жоғалады. Бірақ Апақ «сайтанның» бір минут ішінде ғайыптан пайда бола кететініне күмәні қалмады. Әрі жатып, бері жатып, енді тек қана еңбектеп қашу керек екен деп ойлаған. Үстіндегі тәуір киімдерін де аямастан, жүз қадам жер еңбектеп барды да, екі шынтағы ауырған соң, басын көтерді. Жаңағы жоқ екен. Орнынан тұрды. Аяғын аңдап басып, бес-алты қадам жер аттады. Сол-ақ екен, қарлыққан дауыс қуа жөнелді.

Еңбектесе ғана байқамайды. Қорқыныш сезімнен жүрегі жарылып кетуге шақ қалған Апақ енді екі шынтағын да аямады. Еңбектей берді, еңбектей берді.... Екі шақырым жер еңбектеген оның шынтағы енді сыздап ауырсын. Тері мен ет жырым-жырым болып, оның арғы жағынан сүйегі ырсиып көрініп тұрған-ды...

«Сайтанның» құпиясы таң атып, күн жарық болғанда белгілі болды. Сөйтсе адасып жүрген ешкінің жас лағы екен. Енесін іздеп, маңырай-маңырай даусы қарлығыпты. Қолға үйренген мал адам қарасын көрген соң, соңынан түсіп алып қуа берген ғой...

Айлы түнде ешкінің кішкентай лағынан қорқып, екі шақырым жер еңбектеген Апақ батыр қол жарасынан біраз азап шегіп, әзер жазылды.

Мұндайда қазақ былай дейді: «Қорыққанға қашанда қос көрінеді...»

Ал, Елес айтады: «Сужүректің сазайын беретін сәттер де болады».

 

 

Мәлімбайдың мінезі өзгерді

(мысқыл)

 

Мәлімбайды білесің бе, Мәлімбайды!... Ойбай-ау, кәдімгі Мәлімбай ше!... Иә, иә, жүз грамм жұтқыншағынан өтіп кетсе, ит көрген ешкі көзденіп, кісіге жұдырық ала жүгіретін Мәлімбай... Ту-у, қалай есіңе түспейді? Енді қай қылығын айтайын.! Мәлімбай!... А, айтпақшы білмейді екенсің ғой. Сен түгілі оны өзім де жақында есітіп, тамағым жыртылғанша кеңкілдеп, онан соң қарқылдап тұрып күлген екенмін-ау!

Білмейсің. Білмейтін болдың оны. Жарайды, мәселе онда емес. Тіпті шынтуайтқа келгенде сол білмегеніңнің өзі тәуір болды. Барлық қызығын бір-ақ естігенде не жетсін, шіркін...

Сол Мәлімбай ішкілік ішуді қойып кеткелі бері, мүлдем өзгерді. Бұрынғы әрекеті бес саусақтай белгілі ғой, араққа аузы тигенше адам, сол пәлекетті сіміріп алған соң «сайтан». Қатынына қоқаңдайды, басқа әйелге едіреңдейді. Еркек атаулының есін шығарып, ана бөлмеден мына бөлмеге тырқыратып қуып жүргені. Оның «сайтаны» ұстағанда стол үстінде сау ыдыс қалмайды, стакандар сынады, кеселер қирайды, шанышқы мен қасық еденде бытырап шашылып жатады.

Бағаналы бері биік столға бойы жетпей, қып-қызыл алма мен қатқан өрікті көріп, сілекейлері шұбырған кішкене балалар ғана Мәлімбайдың мына тосын қылығына дән риза. Арман болған алма да, өрік те, тәтті жүзім мен мейіз де енді стол үстінде емес, стол астында. Жатып ал да, жей бер.

Қой аузынан шөп алмастың өзі болыпты. Жолдас-жоралары арқа-жарқа қуанып қалды. Әсіресе әйелдер жағы бір-біріне пыш-пыш өсек тасып «Есіз қалғыр, миы жоқ деп жүрген Мәлімбай да адам болыпты, қатыны байғұстың көзі ашылған екен. Арақты қойса адам болмай қалар деуші ек, бәрі де бос сөз екен ғой» десіп, апталар бойы оның құлағын шулатты.

Пашанның Қайыскүлі бұл хабарға қуанып қана қойған жоқ, екі күннен соң болатын ұлының туған күн кешіне елден ерек әзірленіп жатты. Өмірі кісі көзіне көрінбеген хрусталь ыдыстарды шығарды. Тарелке де, стакан да сыңғыр-сыңғыр етеді. Пашан Қайыскүлдің мына қылығын түсіне алмай:

- Ойбай-ау, Мәскеуден қонақ келетіндей, сонша сәндеп жібердің ғой,-деп еді, әйелі ала көзімен ата қарап, маңдайынан сүмектеп ағып тұрған қара терді оң қолымен ысырып жіберді де:

- Қатын тірлікке қыстырыла бермей, жайыңа отыр,-деген. Күйеуі жым болды.

Қонақтар келген күні үйдің іші жайнап сала берді. Елдің көбісінің көзі тағамда болғанмен, көңілі Мәлімбайда. «Есектің миын жегендей есеңгіреп қалыпты-ау, байғұс. Сөйлер сөзінен де жаңыла береді» деп, іштей ойлап, аяушылық білдіріп те қояды.

Бүгінгі отырысқа Мәлімбай үшін оның шегір көз келіншегі Шәпия әзірленіп келген сынды. Салатты опыра жеп, оңды-солды кезек сілтеп, бір сөзді екінші сөзге жалғап отыр.

- Бетім-ау, - деді бір мезет, - Пашанның Қайыскүлі бүгіннен бастап тек хрусталь ыдыспен қонақ қабылдайтын болған ба?

Қашаннан ауызекі сөзде дес бермейтін Қайыскүл оның әзілін аузынан қағып ала қойып:

- Мәлімбай «молда» болса, хрусталь ыдыс қою қолда ғой,- деп, шиқылдай күлді.

Шәпия өз тілін өзі тістеп алды.

Мәлімбайдың жаялықтай аузы жайыла түсіп, кеңк-кеңк етті... Әйелінің кескініне көз салған жоқ.

Мұндайда қазақ айтқан: «Тәртіп – тәлімнің бастау бұлағы».

Ал, Елес айтады: «Не нәрсенің де ақырын берсін деп тіле!»

 

 

Сәбиге қарап сүйсінді

(мысқыл)

 

Ішкіліктің сыйқырлы торынан сытылып шыққалы бері Мәлімбай әртүрлі тәтті қиялдарға берілетін болып алды. Жұмысқа уақтылы барып, үйге кешкісін ерте қайтады. Теледидар көреді, бала тәрбиесімен айналысады. Ал, жатар алдында бірауық газет-журналдарды аударыстырып, кітапханадан алып келген әдеби кітаптарды парақтайды.

Бұл күнде оның күнделікті пікірлесіп отыратын екі кісісі бар. Оның бірі – кітапханашы келіншек те, екіншісі – аурухананың дәрігері. Кітапханаға соға қалса, әлгі танысымен қандай көркем әдебиетті көбірек ынта қойып оқу керектігі жайлы міндетті түрде пікірлеседі. Ақыл-кеңесін тыңдайды.

Дәрігер жігітпен кәдімгідей дос болып алды.

Өткен жолғы әңгімелесуден соң, Мәлімбай терең ойға түсті. Анау айтты:

- Еркек араққа салынып кетсе, оның организмі бүлінеді. Демек, балаларының не ақыл есі кеміс, не болмаса дене бітімінде жетімсіздік болады. Сол себепті де әрбір отбасы бұған селқос қарай алмайды. Айталық, әйел мен еркек ақыл-есі бүтін, сана-сезімі түзу сәбиді дүниеге әкелу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды. Орынсыз ашуланудан сақтандырады...

Шәпияның аяғы ауыр еді. Мәлімбай дәрігердің айтқан ақылын миына құйып, бұдан былайғы жерде  тек қана әйелінің жағдайын ойлайтын болды. Ұл күтіп жүрген. Дүниеге дене бітімі де, ақыл – есі де дұрыс торсық шеке ұл келетініне сенімі зор.

«...Арақты қойғаным мұндай жақсы болар ма» деп, ол түндер бойы өз ойымен өзі әуреленді. «Істің сәті түссе, осылай бола кетеді. Көрерсің, күні ертең Шәпия тура өзімнен айнымайтын қара домалақ туады. Оның атын Тазалық деп айтамыз. Тазалық бізге де, бізден бұрынғыларға да мүлде ұқсамайтын таза, тамаша өмір кешетін болады. Елдің адамы атанады. Көпшілік «кімнің баласы едің, қарағым» деп сұрай қалса, бойын асқақ ұстап «Мәлімбай деген кісінің ұлымын» деп жауап берер. Сол сәтте бұл Мәлімбайың орнында қалай шыдап отырар екен деші...»

Оның арманы орындалды. Шәпия аман-есен босанды. Торсық шеке ұл келді дүниеге. Есімі де өз ойлағаны секілді – Тазалық болды.

Арада апталар өткенде Тазалықтың көзі қитар екені білініп қалды. Мәлімбай бұған жатып келіп ашулансын:

- Мен ішкілікті қойғалы талай уақыт болды. Неге қитар бала туасың? Саған кеміс бала тап дедім бе! - деп, селк - селк етіп, Шәпияның миын ашытты. – Мүмкін менен жасырып, көрші келіншектермен арақ ішіп жүрген шығарсыңдар...

Ұйып отырған үйге ілез - демде ұрыс кірді. Ошақтан береке кетті. Шәпия жылап-сықтап көршілерге жүгіреді, олардан көмек сұрайды. Мәлімбайдың ит мінезін жақсы білетін құдайы көршілері бұлай қарай аяқ баспайды. «Отбасы болған соң, аяқ-табақ сылдырламай тұра ма» деп кексе әйелдер ақыл айтқан болады.

Бұл хабар ақыры дәрігер жігіттің құлағына да жеткен еді. «Қитар ұл туды» деп қабағы ашылмай жүрген жігітті осы шырғалаңнан шығарып алудың жолын қарастырды.

- Мәлімбай,-деді ол. – Медицинада көзі қитар адамның ақыл-есі төмен, қабілеті нашар болып келеді деген тұжырым жоқ. Қайта тарихтан белгілі, кейбір ұлы кісілердің жанарында кемістік болған. Баланың сана - сезімі дұрыс, қалыпты жетілу үшін отбасында тыныштық керек. Ана ашуланса, оның сүті арқылы сәби де уланып қалуы ықтимал...

Жақсы көрген адамның жарты ауыз сөзіне сене қоятын Мәлімбай ойлана түсті: «...Көзі қитар ұлы кісілер болған дей ме! Ау, менің ойыма үш ұйықтасам кірер ме бұл. Рас, дәрігерлер біледі ғой. Білмесе айта ма! Бәсе-ау, Тазалық тегін бала емес деп о баста айтпап па ем. Еһ-еһ-еһ!...»

Бойын билей жөнелген шаттық сезімді жасыра алмай, үйге кіріп келді де, бесікте жатқан Тазалыққа сүйсіне қарады. Сол сәтте ол үшін шегір көз Шәпия да жер бетіндегі ең сүйкімді әйел секілденіп кетті.

Мұндайда қазақ айтқан: «Ақымақтың үлкен - кішісі болмайды».

 

«Бауырлар» қорлығы

(мысқыл)

 

Өксікбай өкіріп тұрып жылады...

«Бауырлар» қыр соңынан қалар емес. Қашса тап бастырмай, қуып жетеді. Жетіп алады да, жабыла қыспаққа алады, бірі төбесінен төмпештеп жатса, екіншісі – желкесіне жармасып, құлағын бұрайды, ал үшінші біреуі ішінен ыңқ еткізіп түйіп қалады...

- Сен оңбаған, опасыз адамсың,-деп, сөз бастайды Ұзын мойын. – Жылы орнымды суытып, тысқа сүйреп шығардың. Қойыныңа тығып, бойымды жылытып, құрмет көрсеткен соң «құдай бақ берді» деп қуанып кетіп ем. Ол да ұзаққа созылмады. Дүкеннің артындағы кісі кіре бермейтін қуысқа тұрып алдың да, әлгі бас терісі келіспеген Кірпішбас жолдасың екеуің төбемдегі бас киімді тісіңмен етіп жұлып алып, оның қатты ауырғанында шаруаң шамалы, жерге атып ұрдың. Сосынғы тірлігің де адам шошырлық. «Стакан жоқ, ол қайдан болсын» деп, Кірпішбас досыңа қарап, ақыры:

- Осылай бөтелкеден іше салайық,-деп, ежелгі әдетіңе басып «идея» айттың. Анау басын изеді. Мен қолдан-қолға зыр жүгірдім. Жүрек айнытар сасық иісті қайтерсің! Басым айналып, көзім қарауыта бастағанда бойымдағы барымды сіміріп, сорып болдыңдар-ау! «Уһ» деп ауыр дем алдым. Енді жаңағы жып-жылы орынды аңсап тұрдым. Сол кезде... Кірпішбас желкемнен сығымдап ұстап, әрі-бері аударыстырып көрді де, анадай жердегі қоқыр-соқыр салынған жәшікке ытқытып жіберді. Көзімнен кек пен ыза жасы  тамып - тамып кетті. Құтқарып қалатын шығар деп саған жаутаң-жаутаң еттім. Маған тіпті көңіл аударған жоқсың. Одан соңғы көрген азабымның қайсыбірін айтып бітірейін. Сен... оңбаған мені таза сорлаттың. Қазіргі түрім мынау, кісі шошығандай. О баста осындай қорлық пен зорлықты көремін деген ой өңім тұрмақ, түсіме кірді ме деші!...

- Мені айтсайшы, мені...- деп, Қызыл кеңірдек оның сөзін іліп ала кетіп, жыламсырай сөйледі. – Аман-есен, қол-аяғың бүтін қалған да бақыт екен. Осы Өксікбай трактор жөндейтін гараждағы үш жігіттің ортасына әкеліп, дік еткізіп отырғыза салғанда жүрегім суылдап кетіп еді. Бар бәлені ішім сонда-ақ сезді. Айтқанымдай, ішімді босатқан соң, Бізтұмсық жолдасы мойнымнан қыса ұстап, жерден көтеріп алды да, қара жерге сілтеп қалсын. Қатты қорыққаным соншалық, есімнен танып қалыппын. Онан арысын білмеймін... Әйтеуір бір кезде ес жинасам, денемде сау тамтық жер жоқ, тұмсығымның бір бөлігі жырылып кетіпті. Белім шытынап тұр, ұстатпайды-ау, ұстатпайды. Ой, бауырларым-ай, пәлен уақыттан бергі азабымды, көрген қорлығымды, ит тірлігімді біріңнің басыңа бере көрмесін!... Мына есерсоқ пендені көрсем-ақ басым айналып, кеудемді кек кернейді. Тұрған жерінде, әлім жетсе, турап-турап тастауға да қарсы болмас ем...

- Әліміз неге жетпейді,-деп, бір жуан бөкселі  Қыл мойын ортадан суырылып шыға келді. – Бұрын жалғыз болып, жапа шектік. Құлқынына құл болған мына еркек ойына келгенін істеп, ойран салды. Бойымыздағы бар сөлімізді сіміріп, рахатқа батты, біз болсақ алғыс орнына қарғыс алып, көрінген қоқыстың арасында домалап жаттық. Енді, міне, кезек өзімізге де жетті. Жабылыңдар, соғыңдар, езгі көрген бауырлар...

Ол осындай ұран тастап, Өксікбайдың өзіне тап берді. Басқалар да бұл ұсынысты қызу қуаттап, жан-жақтан жамырай көтерілді.

- Егер Метро атай болмаса, сол қарт жинап әкеліп дүкенге табыс етпесе, енді қайтіп жолыға алар ма едік! Көтеріл, аттан достар,-деп, топ ішінен зор дауыс гүрілдеп кетті. У-шу, айқай...

Тұмсығын күпәйкесінің ішіне тығып алған Өксікбай – екең қорс – қорс етеді. «Аяңдаршы! Бұдан былай сендерге жаманшылық жасамауға уәде берейін» деп, ернін әзер жыбырлатады. Оны тыңдап жатқан ешкім жоқ...

Қысылып, тынысы тарылып, қара терге түскен Өксікбай ұйқысынан айқайлап оянды. Келіншегі шошып кетсін.

- Сорлы-ау, саған не болды?... Түсіңде біреу буындырды ма?...

Жан-жағына алақ-жұлақ етіп қарап, сонан кейін ғана өз үйі, өлең төсегінде жатқанына көзі жеткен соң, сылқ түсіп, қайтадан көзін жұмды.

- Бәлеқор «бауырлардың» ортасына түссең сені де көрер едім!...- деп, сыбырлап қана сөйледі. Естілер – естілмес етіп айтты.

Ояу жатса да Өксікбайдың қиялында зәбір көрген бір топ бауырлас бөтелкелер қалықтап ұшып жүрді. «Біз сенімен кездесеміз! Әлі кездесеміз!...» деген қаһарлы, ашулы үндері құлағынан кетер емес...

Мұндайда қазақ айтқан: «Не ексең, соны орасың».

Ал, Елес айтады: «Кісі қиялымен ойнауға болмайды»

 

Арақ ішкен не теңің...

(мысқыл)

 

Ел жоқ, су жоқ жапан түзде жалғыз қалған екен дейді. Тамағы қурап, шөл қысып барады. Орнынан тұрып кеткісі келеді, бірақ дәрмені жоқ. Біреу жерге желімдеп кеткендей қыбыр етуге әлі келер  емес. «А-а-а» деп айқайлайын десе, дауысы шықпайды. Шыбын жаны шырқырап барады. Елсіз мекенді еркін аралап жүрген самал жел бірде құлағының түбінен, енді бірде желке тұсынан, онан соң балағынан қуалай соғып мұны мазақ ететіндей.

- А-а-а-й, қор болдым-ау!... - Өзімен-өзі бақыра сөйлеп, басын оңды-солды  бұлғаңдатады. Бірақ, өз дауысын өзі ести алар емес. Осындай азапты түс көріп жатқан Өксікбай кенет оянып кетті де, көзін жыпылықтатып, төбеге, онан соң - оң солына кезек-кезек қарап алды. Мәссаған! Жатып қалған жерінің түрін қара! Мал қорада шалқасынан түсіп, шалжиып жатыр. Бұрыңғы әдеті бойынша, ең болмаса үйдің табалдырығына жетіп жығылмаған екен. Табалдырыққа ілінсе, арғы жағын шойын қара әйелі-ақ реттеп жіберетін еді. О-о, шойын қара болмаса, Өксікбай Өксікбай болып жүрер деймісің мына фәни жалғанда! Еркелігін де, есер қылығын да  елден жасырып, жылдар бойы тату-тәтті жасасып келе жатқан әйелі емес пе! Ондай келіншек әлі туған жоқ. Әйелі емес, анасы десе де болғандай. Тау қопарып жатса да үн жоқ қой, үн жоқ. Вот, бұл шыдам дегенінде шек болса деші...

Мал қорадағы қидың арасынан басын көтеріп жатып, миын шарлай жөнелген бір сәттік қиял кемесіне мінген сәті еді оның! Енді сүйретіліп тұрды. Денесінде сау тамтық жоқ. Костюмінің қайда қалғаны белгісіз. «Импортный» көйлектің екі жеңі жұлыныпты. Сұр шалбардың бір тізесі тесіліп қалыпты. Аяғын басқан сайын басы да, белі де, мойны да, иығы да тіз-тіз етіп ауырады. Мұрны енді ғана иіс сезе бастағандай. Бүкіл бойынан қидың жүрек айнытар иісі мүңкіп барады.

Жүрегі қайта-қайта лоблып, құсқысы келді. Ышқынады, қиналады. Қара терге түседі. Алайда іштегі «айдаһар» тысқа шығар емес.

Көшеге шыққан соң қалт тұра қалып, қайда жүрерін білмей, жансыз маңдайын сипалады. Көзінің алды тұманданып тұр. Алысты көре алмайды. Жақынды жаңылыстырып ала береді. Анадай жердегі жем қойманы әзер танып, солай қарай қадам баса түсті де, жанынан өтіп бара жатқан аяқ тысырынан үрейленіп қалды. «Милиция емес пе екен?... Мені алып кетуге келген ғой!...»

Милиция дегені жұмысқа асығып бара жатқан екі келіншек болды.

- Сорлы,-деді біреуі бұған мұрнын шүйіре қарап.-Бұндай масқара күйге түскенше, өлгенің мың есе артық шығар...

Екінші әйел де онымен жарыса:

- Арақ ішкен не теңің...- деп, сыңқылдап тұрып күлсін.

- Әй!... Әй-й!...- Өксікбай қос әйелге айбат көрсетіп, жұдырығын түйіп алып, жетіп барып желкесін үзбек болды. Оң аяғы сол аяғына шалынып кетіп, сұлап түсті. Сыңқ-сыңқ күлкі бірте-бірте алыстап бара жатты. Сол күлкінің әрбір сыңғыры «Арақ ішкен не теңің!... Арақ ішкен не теңің!...» деп онан бетер мазақ етіп бара жатқандай. Есіне түсті. Ертеректе:

- Арақ ішкен не теңің,

- Жылт-жылт еткен к...нің! - деп, әндетуші еді. Енді сол әннің айналып келіп Өксікбайдың өзіне айтылғаны, кербез келіншектерге мазақ болғаны жанына аяздай батты. Бір ауық бар ауруын естен шығарып, ары алдында азапқа түсті. Сезім атаулыдан жұрдай болған қасқа маңдайы тағы да ащы терге малшынды. Ауруы қысты ма, әлде ары қысты ма – жұдырықтай жүрегі шым-шым етіп, сыздап ала жөнелді.

«Арақ ішкен не теңің, Өксікбай!... Арақ ішкен не теңің!...»

Мұндайда қазақ айтқан: «Адамдық пен азғындықтың арасы – бір аттам жер».

Соңы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054