Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)
Басы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен
24.
Қазыбек бектің жазбасынан аңғарылатындай, тек Шапырашты ұрпақтарының өзі, негізінен Жетісуды мекен еткенмен, қазақтың кең жазирасында емін-еркін орын ауыстырып жүрген, тіпті, өзге елдерге де кетіп сіңіп кетіп жатқан. Осынау шежірелік деректерге қарағанда, ежелгі замандағы этностық үдерістер, бәлкім, тіл мен өмір сүру салты жақын болғандықтан шығар, кең көлемде, үлкен аумақта жүрген.
Ауызекі айтылатын шежірелерден байқалатыны, ғылыми тарихта дәлелденгендей, қазақ халқының этногенезі ежелгі замандар тұңғиығынан басталады. Шежіре, әсіресе, Қазыбек бектің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабындағы шежіре негізге Үйсін – Бәйдібек – Шапырашты желісін ала отырып, қатар тарайтын өзге бұтақтарды да тарата келе, алғашқы тарауларда әңгімелегеніміздей, қазақ тарихын біздің дәуірімізден бұрынғы заманнан тартады. Шынтуайтқа келгенде, мұны ғылыми тарих та дәлелдеді. Қазақ халқының этногенезін антропология деректері бойынша зерттеу нәтижесінде қазіргі қазақтардың ертедегі ата-бабалары біздің дәуірімізден бұрынғы ІІ және І мыңжылдықтарда осы күнгі жерін мекендеген деуге толық негіз жасалды[1].
Халқымыз, дау жоқ, Ұлы Даланың ұланғайыр аумағын ежелден мекендеген байырғы автохтонды ру-тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінің бірігіп-тұтасуы нәтижесінде өмірге келді. Олардың бір халық болып қалыптасуына, әрине, ежелгі және ерте орта ғасырлардағы ірі-ірі этностық-саяси оқиғалар, шаруашылық түрлерінің эволюциясы және қоғамдық қатынастардағы прогрестік ілгерілеулер игі әсер етті.
Бұл үдерістің жекелеген мәселелерін қарастыру біздің тарихи әдебиетте ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде М. Тынышбаевтың, С. Асфендияровтың (М. Тынышбаев. «Қырғыз-қазақ тарихына материалдар», С. Асфендияров. «Қазақстан тарихы өте ежелгі заманнан бері», профессор С. Асфендияровтың редакциясымен шыққан «Қазақстанның дереккөздер мен материалдардағы өткені» атты б.з.д. V ғасырдан – б.з. ХVІІІ ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын жинақ)[2], екінші жартысынан бастап көптеген ғалымдардың (В.Ф. Шахматов. «Қазақ халқының этногенезі туралы мәселеге», Х.М. Әділгерееев. «Қазақ халқының құрылу тарихына», М.Б. Ақынжанов. «Қазақтың тегі туралы», С.К. Ибрагимов. «Тағы да «қазақ» термині туралы», В.П. Юдин. «Моғулстан мен Моғулияның моғулдарының ру-тайпалық құрамы және олардың қазақ және басқа көрші халықтармен этностық байланыстары туралы», В.В. Востров, М.С. Мұқанов. «Қазақтардың ру-тайпалық құрамы және таралып орналасуы», т.б.) жүйелі түрде жүргізген зерттеулерімен жүзеге аса бастады[3].
Бір кездерде халықтардың шығу тегін тек лингвистикалық деректер негізінде ғана түсіндіруге болады деген көзқарас болған, мұндай ұғым әлдеқашан артта қалды. Халықтардың құрылуына адамдар көші-қоны легінің, яғни миграцияның роліне біржақты қарайтын, не оны асыра бағалайтын немесе түгелімен жоққа шығаратын көзқарастардың қателігі де мойындалды. Сөйтіп, ақыры, халықтар этногенезінің проблемаларын тарихтың, сондай-ақ археологияның, антропологияның, этнографияның, лингвистиканың және басқа пәндердің деректерін қолдана отырып, кешенді түрде зерттеу принципі ғылымда бекем орнықты.
Халықтың нақтылы әлеуметтік-экономикалық ортада қалыптасатыны және өркендеп-дамитыны белгілі. Сондықтан да ол этностық-әлеуметтік қауымдастық болып табылады. Кеңестік дәуірде қабылданған, тәуелсіздік заманында теріске шығарыла қоймаған тарих ғылымындағы ұғым бойынша – халық деп белгілі бір аумақта ортақ тілмен, материалдық-тұрмыстық және рухани мәдениетпен және сырт көзге өзіндік атауымен көрінетін этностық санамен біріккен адамдардың тұрақты қауымдастығын атайды. Ал халықтың аталмыш белгілері оның дәстүрлерінде, әдет-ғұрыптары мен рәсім-салттарында көрініс табады. Өткен тарихтан анық-ақиқат байқалғанындай, әрбір халықтың этностық санасының дамуы барлық уақыттарда өзінің әлеуметтік-аумақтық тұрғыдан ұйымдасуына, тіпті өз мемлекетін құруға ұмтылысына ұласып отырды.
Қазақ елінің ұлан-байтақ ежелгі аумағында өмір сүрген қола және ежелгі темір дәуірлеріндегі тайпалардың бір-бірімен байланысты екендігіне ғылым күмән келтірмейді. Біз жоғарыда Қазыбек бек шежіресі негізінде қарастырған Усун мемлекеті, Үйсін тайпалар бірлестігі, Үйсін Бәйдібек ұрпақтарының бірі Шапырашты тайпасының тарихы да ежелгі тайпалардың өзара байланысты және бірін бірі алмастырған көне мемлекеттермен сабақтас дамығанын көрсетеді.
Біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығының орта шеніндегі түркілердің жаппай шоғырланып, сіңіріліп, таралуы Қазақстан аумағындағы этностық-генетикалық үдерістердің жаңа маңызды кезеңнің басталуы болды. Солтүстік Монғолиядан Амударияның төменгі ағысына дейінгі кең-байтақ аумақта түрлі түркі тайпалары орналасты. Этностық араласу, сіңісу үдерістері өте-мөте жедел жүріп жатты. Өмірдің барлық салаларында көшпенділер мен отырықшылар, шыққан тегі жағынан әр түрлі этностық топтар арасындағы байланыстар кенейе түсті. Түркілер кең жазираларға ғана емес, қалалар мен елді мекендерге де тарап, орнықты.
Сол шақтарға қалыптасқан саяси факторлар – Түркі қағанатының, одан кейінгі Батыс Түркі қағанатының құрылуы тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінің интеграциялануына септесті. Түркі қағанаты ыдырағаннан кейін пайда болған Қарлұқ, Түргеш, Оғыз мемлекеттік бірлестіктері де осы бағытта әрекет етті. Бірқатар оғыз рулары мен тайпаларының өзіндік аталымдары қазақ халқы ішінде сақталған, бұл олардың қазақ халқының этногенезіне қатысқанын көрсетеді. Қазақ жерінде түркі тілді тайпаларды біріктірген қимақ (кимек) конфедерациясы болды. Кейінірек бұл бірлестікті қыпшақтар өздеріне бағындырып алды. Содан бастап «қыпшақ» этнонимі өз ішіне көптеген басқа шағын рулар мен тайпалардың аттарын қамти тартып алды.
Қимақтар мен қыпшақтар оғыздармен, қарлұқтармен, түргештермен, басқа да тайпалармен, тайпалық бірлестіктермен шаруашылық-саяси және мәдени байланыстар жасап тұрды. Шаруашылық тіршілік пен тілдің ортақтығы ежелгі қатынастардың қалыптасуымен қатар біртіндеп тайпалық ерекшеліктерді де жоя берді. Көне түркі тілі (оның диалект тұрғысынан күллі өзгешеліктерімен бірге) Қазақстанның орасан зор аумағын мекендеушілер арасында негізгі тіл ретінде орнықты. VII ғасырдың бірінші жартысына дейін түркі жазуы пайда болып, барша аймаққа таралды. Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның қалаларында біраз уақыт тұрған ирантілді соғдылықтардың тілін түркі тілі мейлінше ығыстыра түсті. Орта Азияны арабтар жаулап алып, тұрғындардың бір бөлегі исламды қабылдағаннан кейін, шектеулі шеңберде, негізінен діни және заңи іс-дағдыда, араб тілі қолданыста болды.
Қарлұқтар, чигилдер, яғмалар Саманидтермен және тоғыз-оғыздармен күресті, Қараханидтер мемлекеті құрылды, онда қарлұқтардың ықпалы зор болды. Осының бәрі Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының және ортаазиялық өзен аралығының шаруашылық және мәдени тұрғыдағы өзара қарым-қатынасын жеделдетті. Бұл үдеріс өлкенің солтүстігі мен шығысын мекендеген тайпалармен байланыстарды сақтай отырып әрі нығайта түсу арқылы жүрді.
Қалыптасқан этностық ахуалға тунгус-монғолдан шыққан қидандардың, оның батыс тармағы болып табылатын қарақидан-карақытайлардың өлкеге басып кіруі пәлендей өзгеріс енгізе алған жоқ. Бұл жағдайға Алтай аймағынан өздерінің мемлекеттік бірлестіктерін құрған наймандар мен керейіттердің бір бөлегінің келуі елеулі әсерін тигізді. Найман және керейіт тайпаларының өз аталымдары қазақ генеологиялық аңыздарына енгені, қазақ халқының этностық компоненттерінің бірі болып, қазақ шежіресінен бекем орын алғаны мәлім.
Қазақ халқының қалыптасуына қыпшақтардың мемлекеттік бірлестігі бұдан да елеулі ықпал етті. Қыпшақ конфедерациясы XI–XII ғасырларда Ертістен Еділге дейінгі зор алқапты алып жатты. Шығыс дереккөздері бұл аумаққа оңтүстік орыс далаларын да қосып, Дешті-Қыпшақ деген ортақ атаумен атаған. Қыпшақ конфедерациясы аймақтағы өзінен бұрын өмір сүрген этностық-саяси бірлестіктердің бәрінің табиғи жалғасы, мұрагері болды. Ол, сондай-ақ, өздерін енді қыпшақ деп атауға көшкен көптеген тайпалар мен руларды бауырына алды. В.Г.Тизенгаузеннің «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағына»[4], ортағасырлық көптеген авторлардың мәліметтеріне қарағанда, қыпшақ конфедерациясына ондаған түркі тайпалары енген. Туысқан түркі тайпалары конфедерацияға кіргеннен кейін біртіндеп өзара жақындаса түсті.
Осылай, Дешті-Қыпшақ аумағындағы ру-тайпалардың шаруашылық-мәдени тұрпатының ортақтығы, тілі мен тұрмысының жақындығы, олардың өмір сүру салттарының (көшпенді және жартылай көшпенді мал шаруашылығы мен отырықшы жер өңдеушілік кәсіптерінің) ыңғайымен өзара әрекеттесуі арайындағы қарым-қатынастардың дамуы жағдайында – XI–ХІІ ғасырларда Қазақстан территориясында ру-тайпалар мен рулық-тайпалық бірлестіктердің этностық интеграция үдерістері жүріп жатты. Осы жолмен қазақ халқы этногенезінің негізгі түйіндері айқындалды. Қазақтың халық болып қалыптасуының тарихи алғы шарттары жасалды[5].
Қазақ халқы этногенезін антропологиялық деректер бойынша зерттеуде қазақ ғалымы О. Исмағұловтың «Қазақстанның этностық антропологиясы. Соматологиялық зерттеу», «Қазақстанның этностық геногеографиясы (серологиялық зерттеулер)», «Қазақстан халқы қола дәуірінен қазіргі заманға дейін (палеоантропологиялық зерттеу)», К. Сиқымбаевамен бірігіп жазған «Қазақстанның этностық одонтологиясы» атты еңбектері[6] ерекше орын алды. Бұл саладағы іргелі жұмыстың жазылуына В. Гинзбургтің «Солтүстік Қазақстаннан алынған краниологиялық материалдар және ежелгі түркі көшпенділерінің шығу тегі», А. Исмағұлованың «Батыс Қазақстан облысы қазіргі қазақтарының краниологиялық материалдары» секілді жекелеген зерттеулер[7] де үлес қосты.
Қазақтардың физикалық нақты арғы ата-бабаларын да, бергі аталарын да қазақ халқының дамуының барша тарихының объективті картинасына тақалудың алғашқы қадамы ретінде – уақыттың тарихи-табиғи шкаласы жәрдеміне сүйенуге болады деп санаған қазақ ғалымдары осы мақсатпен арнайы биологиялық-әлеуметтік кешенді схема-шкала жасады. Мұнда олар адамдар қауымдастығының негізгі түрлерін төрт шартты тұрпатқа бөлді.
Бұл ретте тарихи-хронологиялық дамудың барлық кезеңдерінде біртұтас аумақтық негіз өзгеріссіз қала береді. Өйткені біртұтас аумақтық негіз жекелеген отбасынан мемлекетке дейінгі биоәлеуметтік жүйені жүзеге асырудың аса маңызды алғышарты ретінде қаралды.
Қазақстанның тарихи-мәдени дамуының барлық түрлерінің тұрақты табиғи негізі ретінде біртұтас географиялық аумақ бірінші орынға шығарылды. Онда барша уақыттардағы адамдардың тіршілік қызметінің іздері сайрап жатады.
Тарихи-мәдени дамудың барлық кезеңдері хронологиялық шеңберлермен мыңжылдықтарға бөлінді. Олар, сондай-ақ, тарихтың баршаға белгілі жағы мейлінше мұқият ескеріліп, 12 мәдени-тарихи кезеңге бөлінді.
Сөйтіп, осы стратиграфиялық схема-шкала негізінде тәуелсіздік дәуірінде жүргізген зерттеулерімен Қазақстан ғалымдары қазақ халқының ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі панорамалық тарихындағы бірқатар шартты типологиялық ортақ ұқсастықтар бойынша генетикалық байланыстардың аса маңызды қабаттарын анықтады.
Ғалымдар ортақ ұқсастықтардың бірізді тізбегін төрт шартты (жалпытарихи, лингвистикалық, этностық және антропологиялық) тұрғыда белгілеп, мұқият зерттеулер жүргізу арқылы олардың біртұтас аумақта ұзақ мерзім бойы бір мақсатта әрекеттесуі нәтижесінде қазіргі қазақтардың антропологиялық гомогенділігінің алдын ала айқындалып қойғанын анықтады. «Олардың негізгі таралып-орналасқан ауданы кейінгі орта ғасырдан бері, этногеографиялық нышан бойынша, – Қазақстан деп атала бастады»[8].
Осы кешенді зерттеулер нәтижесінде қазақ халқының нәсілқұру үдерісінің генетикалық түп-тамырлары қола дәуірінде өмір сүрген арғы ата-бабаларына және одан бергі түркі тарихи-мәдени ортақтықты алып жүруші, атамекенде байырғы заманнан тұратын бабаларға тереңдеп жалғасып жатқаны дау-дамайсыз ақиқатқа айналды. Сондықтан да мыңдаған жылдар бойы дербес антропологиялық бірлігі қалыптасып, этномәдени тұтастыққа жеткен қазақ халқы – тарихи және антропологиялық тұрғыдан – қазіргі Қазақстан аумағындағы бірден-бір жеке-дара мұрагер, ол өзі мекендейтін қазіргі шекаралар шегінде ешқандай да федерацияға кіре алмайтын, тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттік құрылысының унитарлық сипатына мызғымас тірек болып отырған этнос[9].
Сонымен, жоғарыда айтылғандай, қазақ халқының бүгінгі тәуелсіз мемлекет құрып отырған аумағы кейінгі орта ғасырдан бері қазақ елі ретінде атала бастады. Енді осы уақыттық кесіндінің – кейінгі орта ғасырдың – қай жүзжылдыққа сәйкес келетініне ой жүгіртіп көрелік.
Тарих ғылымында ежелгі дүние тарихынан соң және жаңа тарихтың алдынан келетін кезеңді орта ғасырлар, ортағасырлық кезең деп белгілейтіні белгілі. Бұл кезең, яғни орта ғасырлар, нақты уақыт кесіндісі ретінде қарастырғанда – V ғасырдың соңынан бастап ХVII ғасырдың ортасына дейінгі аралықтағы мезгілді қамтиды[10].
Ортағасырлық кезең Батыс Рим империясы құлағаннан кейін іле-шала басталып, Жаңа уақыт дәуірі басталғанға дейін созылды. Орта ғасырлардың өзін европалық ғылым үш кезеңге бөледі. Қалыптасқан ұғым бойынша Орта ғасырларды Ерте орта ғасырлар (шамамен 500-ші – 1000-шы жылдар), Жоғары орта ғасырлар (шамамен 1000-шы – 1300-ші жылдар) және Кейінгі орта ғасырлар (шамамен 1300-ші – 1500-ші жылдар) құрайды[11]. Кейінгі ортағасырлық кезеңді сондай-ақ Жаңғыру дәуірі деп те атайды.
«Кейінгі орта ғасырлар» терминін тарихшылар Европа тарихының XIV – XVI ғасырлардағы кезеңін жазу үшін қолданып жүргені белгілі. Дегенмен, осы Кейінгі ортағасырлық кезеңнің жоғарғы шегін анықтауда пікір қайшылықтары бар. Мәселен, оны ресейлік тарих ғылымы ағылшын азамат соғысының аяқталуымен шектесе, батысевропалық ғылым әдетте шіркеу реформасының басталуымен немесе Ұлы географиялық жаңалықтар ашу дәуірімен байланыстырады.
Ресей тарихшылары Кейінгі орта ғасырлар кезеңін «моңғол-татар езгісінен» бастайды. Бұл кезең орыс тарихнамасы бойынша Жошы ұлысының билеушісі Бату ханның 1243 жылғы шапқыншылығынан бастау алып, Алтын Орданың әлсіреуімен, одан ыдырауымен аяқталды. ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысынан ХV ғасырдың 80-ші жылдарына дейін созылған «моңғол-татар езгісінен» кейін саяси аренаға Мәскеу патшалығы шықты. Артынша, сол оқиғадан соң, Жоғары орта ғасырлардағы ежелгі орыс халқы Кейінгі орта ғасырларда үшке – ұлыорыс, украин, белорус халықтарына бөлініп кетті[12].
Жоғарыда көрсеткеніміздей, қазақтар мекендейтін аумақтың этногеографиялық нышаны бойынша Қазақстан деп атала бастағаны уақыт жағынан – европалық және ресейлік ғылымда қолданылатын тарихтағы кезеңдеумен тұстастырғанда – Кейінгі орта ғасырға дөп келеді. Ал Кейінгі орта ғасыр, Жошы ұлысының орыс тарихнамасы бойынша Алтын Ордаға ұласып ұлғаюымен айшықталған ХІІІ ғасырдан, басқаша айтқанда, Шыңғысхан империясы құрамындағы түркі тайпаларының бірқатарының негізінде қазақ халқының қалыптасуға бет алған дәуірден басталады. Осы тарихи жағдайды ескере келгенде, тәуелсіз қазақ тарих ғылымы алдағы уақыттарда европалық кезеңдеулерге сын көзбен қарап, оларды өз еліндегі өзгерістерге сәйкестендіре тұжырымдауға көңіл бөлгені дұрыс болар еді деген ой туады. Қалай болғанда да, европалық ұғымдағы Кейінгі орта ғасырлар кезеңі біз үшін – Шыңғысхан империясы ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде іргесін қазіргі қазақ елі аумағын шауып алу есебінен кеңейткен шағынан басталады деп ұққан жөн болатын тәрізді.
Жер-жаһанды сілкілеп-тітіретушінің қазақ жазирасына 1219 жылғы Ертістен бастаған үлкен жорығы өмір сүру салты бір-бірінікіне тақау түркі тайпаларынан болашақ қазақ халқын ұйыстыру үдерісіне де, ә дегенде кедергі болғанмен, артынша айрықша серпін берді. Сондықтан да Кейінгі орта ғасырды ұлттық тарихымыз Шыңғысханның Орта Азияны, ұлан-ғайыр қазақ аумағын бағындыруды көздеген жорығы, тиісінше тағдырлы өзгерістер басталған тап осы 1219 жылдан бастау алды деп санаса әбден дұрыс болар еді (орыс тарихының Кейінгі орта ғасырды 1243 жылғы Батухан шапқыншылығынан басталды деп есептейтініндей ретпен).
Сонымен, монғол басқыншылығы нәтижесінде, қазақ жері де Шыңғысхан империясының құрамына енгеннен бергі уақытта, аймақтағы этностық жағдай көп өзгерді. Алғашқы жылдарда жаулап алушылар көптеген қалалар мен отырықшы елді мекендерді, егіншілік пен қолөнер кәсіпшілігі ошақтарын ойрандады. Көптеген бейбіт жер өңдеушілер мен малшыларды қырды. Ірі тайпалық топтарды қоныс аударуға мәжбүр етті. Өлкедегі өндіргіш күштерді күйзелтті, орын алып тұрған экономикалық және мәдени байланыстарды бұзды.
Талан-таражға түсуден қашқан қыпшақтардың бір бөлігі және жаулап алушылар Қазақстанның шығысы мен солтүстік-шығысынан қуғындаған найман, керейіт топтары Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібір жеріне қарай ауа көшті. Бұл үдеріс жайында жазба дереккөздермен қатар, топонимика, мысалы, Қарқаралы даласындағы Найман-қашқан («наймандардың қашуы») және Еңірекей («тайпалар жылап-сықтаған орын») деген жер аттары да әңгімелеп бере алады[13]. Еріксіз көшіп-қону монғол билігі орныққан кезде де орын алды. Монғолдар әсіресе Шығыс Қазақстан мен Жетісуда таңдаулы жайылымдарды тартып алып, жергілікті халықты атамекенінен ығысуға мәжбүр етті. Олардың жаулап алған аумақтарды ұлыстарға бөлуі салдарынан этностық жағынан бір-біріне жақын туыс топтар бір-бірінен айрылып, бөлініп те қалып жатты.
Шыңғысхан империясы дәуірлей келе, моңғолдар қазақ жеріндегі түркі халқының құрамы мен антропологиялық тұрпатына да белгілі дәрежеде ықпал жасады. Түркі тайпалары көпшілік болғандықтан, дегенмен, олар жергілікті түркі тілді халық ішіне сіңісіп, оның тілі мен әдет-ғұрпын қабыл алды. Осы орайда Тизенгаузен жинағында келтірілетін араб саяхатшысы әл-Омаридің жазғаны назар аударарлықтай қызық. Ол Шығыс Дешті-Қыпшақтың халқы туралы былай дейді: «Ежелде бұл мемлекет қьшшақтар елі болатын. Бірақ, оны татарлар (моңғолдар деп ұғыңыз – Б.Қ.) басып алғаннан кейін, қыпшақтар олардың бодандарына айналды. Сосын олар қыпшақтармен араласты да, қыз алысып, қыз берісіп, туыстасты, сөйтіп қара жер олардың табиғи және нәсілдік сапаларын жеңіп шықты. Олардың бәрі, құдды бір рудан шыққандай, тура қыпшақтар тәрізді болып кетті»[14].
Сонымен, моңғолдар өздері жаулап алған қыпшақ жеріне қоныстанғанынан, олармен некеге тұрып, олардың – қыпшақтардың – жерінде өмір сүріп тұрып қалғандығынан, сол жергілікті жұрттың ішіне сіңіп, еріп кетті, сөйтіп, бейне-бір өздері де солармен бір рудан тараған ұрпақ тәрізденіп, нақ қыпшақтардай, яғни болашақ қазақ тумасындай түрге енді. Алтын Орда хандарының «қыпшақ патшалары» атанғаны мәлім. Қыпшақтар Ақ Орданың, кейінірек Әбілқайыр хандығының көпшілігін құрап, қазақ халқының құрылуында маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, наймандар, қоңыраттар, арғындар, керейіттер, дулаттар, осы аумақтағы өзге де автохтонды түркі тайпалары негізінде қазақ халқы қалыптасты[15].
Есте тұтатын жәйт сол, моңғол шапқыншылығы қазақ халқының қалыптасуға бағыт алған үдемелі үдерісін едәуір тежегенмен, тоқтата алған жоқ, қайта, шығыстан өзге түркі топтарының қоныс аударып келуімен, жаңа серпін берді. Баяу да болса, жер өңдеушілікті негізге алған шаруашылықтағы, қолөнер кәсіпшілігіндегі тыныс-тіршілік қайта жанданды. Қалалар бой көтерді, сауда байланыстары жаңғырды. Шығу тегі, тілі, материалдық және рухани мәдениеті жағынан туыстас этностық-саяси бірлестіктердің ертеден-ақ өзара жақындасуға тенденциясы қайта нығая бастады. Ноғай Ордасында, Ақ Ордада, Әбілқайыр хандығында, Моғолстанда толастамаған соғыстар мен тартыстарға қарамастан, қазақ халқының өзіндік келбетіне ену жолындағы осындай бірігу, топтасуға ұмтылу үдерісі одан әрі күшейе түсті.
Қазақ халқының қалыптасу үдерісі өзіндік мәдени-шаруашылық үлгіде – көшпенділік тәсілмен мал өсіру кәсібі негізінде біртұтас этностық аумақта орын алды.
Көптеген этностық-саяси және шаруашылық факторлардың әрекеттесулері мен өзара әсерлері нәтижесінде Қазақстан аумағында үш негізгі этноаумақтық бірлестік пайда болды, олар – қазақ тарихында терең орын алған Ұлы, Орта және Кіші жүздер. Жүз деп әдетте жалпықазақ этностық аумағының белгілі-бір бөлігін мекендейтін қазақ ру-тайпаларының ірі бірлестіктерін атаған. Рас, зерттеушілердің арасында «жүз» ұғымы «бөлік», «тармақ» яки «бұтақ» дегенді білдіреді, сондай-ақ «жүз», «жүздік» мағынасын береді деп пайымдайтындар[16] болды, бұл ой 1957 жылғы «Қазақ ССР тарихында» да көрсетілген-ді[17].
Қазақ жүздерінің қашан және қалай пайда болғаны жайында түрлі пікір бар. Кейбір тарихшылар жүздер қазақ халқы құрылғаннан көп бұрын, Батыс Түркі қағанаты ыдыраған кезде пайда болды деген болжам айтады. Мәселен, С. Аманжолов өзінің «Қазақ тілінің диалектологиясы мен тарихының мәселелері» деген еңбегінде арғықазак аумағының үш жүзге бөлінуі көне түркілер дәуірінде басталып, X–XII ғасырларда аяқталды деп санайды[18]. Сондай ойды Х. Әділгереевтің «Қазақ халқының құрылу тарихына» атты жұмысынан да оқуға болады[19]. Ал В. Вельяминов-Зернов «Қасымдық патшалар мен патшазадалар туралы зерттеу», М. Красовский «Ресей географиясы мен статистикасы үшін материалдар. Сібір қазақтарының облысы» атты жұмыстарында қазақ жүздерінің үш дербес ұлыс болғандығын және олардың XV – XVI ғасырлар шегінде ұйысқан Қазақ хандығына бастау, негіз болғандығын айтады[20]. Н. Аристов қазақтың үш жүзге бөліну үдерісін жоңғар шапқыншылығы дәуіріне, ал Ш. Уәлиханов Алтын Орданың ыдырау кезеңіне жатқызады[21].
Шоқан Уәлихановтың қазақтардың үш жүзге бөлінуін өздері көшіп-қонып жүрген аймақтарда өз құқтарын қорғау үшін одақтар құрғандығымен байланыстыруы тарихи шындыққа мейлінше жақын. Сондай ойды одан кейінгі тарихшылар В.Бартольд пен М.Вяткиннен де кездестіреміз. Бартольд малды көшпенділік әдіспен бағудың жаратылыс жағдайына орай туындайтын айырмашылықтарына байланысты жүздер пайда болды деп санайды. Оның ойынша, Жетісу мен Сырдарияның ортаңғы ағысын қамтитын аймақ өзіндік ерекшелігі бар сондай бір аудан болған. Одан айырмасы бар екінші аудан – Сарысу өзені мен Сырдарияның төменгі ағысын алып жатқан аймақ, ал үшіншісі – Батыс Қазақстанның қазіргі аумағы[22]. Вяткин де қазақы жүздердің құрылуы табиғи-географиялық және саяси-экономикалық себептердің әсерінен болды деп есептейді. Сондай-ақ оның еңбегінен – жүздердің алып жатқан аумақтары Жайықтан Ақтөбеге, Сарысу мен Сырдарияның төменгі ағысынан Ертіс, Тобыл, Есілге, Сырдың ортаңғы ағысынан Шу өзеніне дейінгі аудандардағы негізгі жайылымдарға сәйкес келеді және жайлау, күздеу, қыстау, көктеу маусымдарына орай жүретін көші-қон маршруттарына сәйкес келетінін көреміз[23]. Ол жүздердің пайда болуына географиялық факторлармен қоса саясат та әсер еткенін, жүздердің «ерекше саяси одақтар» ретінде қалыптасуы ХVI ғасырдың аяғында орын алғанын жазады[24]. Ал шығыс хроникаларында қазақ тарихынан келтірілген деректер жүздердің хандық құрылғанға дейін болғанын көрсетеді[25].
Қазақтардың өздерінің аңыздары бойынша – бірнеше ғасыр ілгеріде Алаша хан халқын өзінің Үйсін, Арғын, Алшын деген үш ұлына бөліп беріпті, олардың әрқайсысы жеке орданың басы болған екен де, содан олар Үлкен, Орта, Кіші жүздер деп аталыпты. Соған ұқсас аңызды Левшин де атап көрсетеді. Сондай аңызға негізделген әдебиеттің бірі «Россия халықтары» деген көркем альбом екен, онда қазақтардың үш ордаға бөлінетіні, олардың әрқайсысы өз тегін «моңғол билеушісі Алашыханның үш ұлының бірінен» бастайтыны жазылған. Үш жүзге бөлу XVІ ғасырдың екінші жартысында Хақ-Назар (Ақназар) ханның тұсында жүзеге асырылды деген де жорамал бар[26].
Жүздердің құрылуын мүмкін еткен жағдайлар бір мезгілде туа қалған жоқ. Оған Қазақ елі аумағында Шыңғысхан империясына дейін де ұзақ уақыт бойы түрлі ірі-ірі этностық-саяси мемлекеттік құрылымдардың болуы әсерін тигізді. Ал моңғолдар жаулап алғаннан кейін құрылған моңғол ұлыстарының, әсіресе Жошы ұлысының, Алтын Орданың, содан кейін Ақ Орданың, Ноғай Ордасының, Әбілқайыр хандығының, Моғолстанның бұл ахуалдың пісіп-жетілуіне және тарихи тұрғыда жүздердің қалыптасуына ықпалы зор болғаны анық. Этностық үдерістер мен қолданыстағы тілдің ортақтығы, шаруашылық жүргізу тұрпатының біртектілігі ру-тайпалардың жоғарыда аталған түрлі мемлекеттік құрылымдар құрамында жүргеніне қарамастан, біртұтас қазақ ретінде қалыптасуын әзірлей берді.
Қазақтардың шығу тегінің өте ерте замандарға кететінін және олардың этностық тұтастығын венгр түркологы, шығыстанушы, этнограф, саяхатшы Арминий (Герман) Вамбери (1832–1913) өз еңбектерінде дәлелдеуге тырысты. Ол 1863 жылы Орталық Азияға саяхат жасап, сол сапары жайында жазған еңбектерінде түркі халықтарының тілі, мәдениеті, тарихы, тыныс-тіршілігі, өмір сүріп жатқан географиялық ортасы хақында құнды мағлұматтар келтірген болатын[27]. Қазақтардың көп ғасырдан бері бар екенін ол «сонау Х ғасырдың өзінде Константин Порфирородныйдың Қазақия туралы еске алуымен, ал ХІ ғасыр жазушысы Фирдоусидің «қазақ хандары» жөнінде айтқанымен» незіздеп, дәлелдеуге тырысады. «Қазақтардың тілінде, олардың құлықтарында, әдеттері мен мінездерінде айырмашылық жоқ болуы, бұл қасиеттердің Каспий теңізінен Алтайға дейін және Оралдан Тянь-Шаньның етегіне дейін созылған күллі қазақ даласында бірдей көрінуі» Вамбериге еш күдіктенбестен, «қазақтарға ортақ физикалық тұрпат тән және осынау саны едәуір көп халық бір тайпадан шықты» деп тануға негіз береді.
Қазақтардың әдет-ғұрпы мен тілі жағынан бөліп-жарылмайтын біртұтас әлем екенін академик В.В. Радлов та айтқан-ды. Ол өзінің «Түркі тайпаларының халықтық әдебиетінің үлгілері» атты іргелі еңбегінің ІІІ-томында: «Кең жазираның барлық жерде ешқандай өзгеріссіз бір ғана сипат сақтайтынындай, оның орман-тоғайсыз жалаңаш шоқыларды баса созылып жатқанындай, даланың тек әр жерден ғана аласа бұта тілімдейтін біркелкі өскен қырлық шөпті жамылғыша жамылғанындай, осы жазира тұрғындары да әдет-ғұрып пен тілде біркелкілік көрсетуде, тайпаның алысқа таралып орналасуын көргенде, бұған тіпті ақыл жетпейді деуге болады, ал олар өздері мекен ететін елдің ең дәл көрінісін бейнелейді», – деп жазды[28].
«ХІV ғасырдың ортасындағы – XVІ ғасырдың басындағы Оңтүстік-Шығыс Қазақстан. Саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихының мәселелері» деген еңбегінде К.А. Пищулина Ақ Орда мен Моғолстан мемлекеттерінде соларға қарасты аумақтарды мекендейтін тайпалардың этностық тұрақтануы орын алғанын көрсетеді. Ғалымның дәлелдеуінше, Қазақстан халқы этностық жағынан барған сайын біртекті бола түскен және дені түркілік ортаға айналған. Түбі бір түркі ру-тайпаларының этностық-саяси және шаруашылық-мәдени тұрғыдан жақындасып дами түсу дәстүрлері ХІІІ ғасырдағы моңғолдар шапқыншылығы салдарынан біршама тоқырағанмен, көп ұзамай қайта жанданды. Сөйтіп, ішінде Шапырашты руы бар Үйсін ру-тайпалар бірлестігі өмір сүріп келе жатқан аумақ болып табылатын Моғолстанның басты бөлігі мен Жетісуда – Ұлы жүз, Оңтүстік Қазақстанның кейбір аудандары мен Орталық Қазақстанда – Орта жүз, Батыс Қазақстанда – Кіші жүз қалыптасты[29].
Қазақ халқының құрылуы жайында «Қазақ ССР тарихында»: «Этносаяси ахуал былай қалыптасты: белгілі бір тайпалық топтар белгілі бір уақытта әртүрлі мемлекеттік құрылымдарда (Ақ Ордада, Моғұлстанда, Әбілқайыр хандығында, Ноғай Ордасында және басқаларда) болды, олардың таралып орналасу аумағы сырттан қысым көру немесе феодалдық соғыстар, өзара тартыстар, ауа көшулер салдарынан орын ауыстырып отырды, бірақ бірігуге деген басты бағыт, дегенмен, барша тосқауылды жарып өтіп, өзіне жол салды, халықтық сана, өзінің бір халықтың бөлшегі екенін ұғыну – айналып келгенде, тайпалық санадан басым түсті», – деп жазылды.
Жоғарыдағы үзіндіде аталған әртүрлі мемлекеттік құрылымға бөлініп жатса да, Қазақстан аумағында тұратын халықтың дені бір тілді – қазақ тілін пайдаланды[30]. Тағы бір атап айтарлық ерекшелік сол – «ХІV–XV ғасырларға қатысты антропологиялық материал қазақтардың антропологиялық тұрпатының негізінен бір болғанын айқын көрсетеді»[31].
Қысқасы, Қазақ хандығы құрылар қарсаңда бүгінгі қазақ елі аумағында тұратын түркі ру-тайпалары бірнеше мемлекеттік құрылымда шашырап жатқанына қарамастан, тілі, ділі, тұрмыс-тіршілігі, психикалық бітімі, мәдениеті, өмір сүру салты бір қазақ халқы ретінде қалыптасып болған еді...
25.
Қазақ хандығының негізі қаланған уақыт – 1456 жыл деген мәліметті біз орыс тарихшы-ғалымдары еңбектерінен кеңес дәуірінде-ақ оқып-білгенбіз. Осы жылы Керей және Жәнібек есімді екі сұлтан Әбілқайыр ханнан бөлініп, қарамағындағы жұртын сол заманда Моғолстан мемлекетіне қарайтын Жетісуға алып келген болатын. Олар Моғолстанның билеушісі Есен-бұғаның рұқсатымен осында Шу өзені бойындағы Қозыбасы деген жерге орналасқан. Сол оқиғадан қазақ мемлекеттілігі басталғаны тарихи әдебиетте орта ғасырларда-ақ жазылған. Бұл жәйтті орыс және европалық шығыстанушылар да бірауыздан мойындаған еді. Керей мен Жәнібектің тұңғыш рет өз атауымен тарих сахнасына шыққан Қазақ хандығын құрудағы біріншілік, іргетас қалаушылық орыны дау-дамайсыз анықталғандықтан да, оларды зерттеуші біткеннің бәрі қазақтың ұлттық мемлекеттігінің негізін салушылар деп білетіні белгілі.
Орыс тарихшы-шығыстанушы ғалымы академик Владимир Владимирович Вельяминов-Зернов (1830–1904)[32] Моғолстан жеріне Әбілқайыр хандығынан қашқан бірер тайпаны бастап келген Керей мен Жәнібек әрекеті жаңа мемлекеттік құрылымның бастауы болғанын ғылыми айналымға ХVI–XVII ғасырлар авторлары (Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди», Қадырғали Жалайыридің «Жами-ат тауарих», Хафиз Таныштың «Абдолланама», ЗаҺир әд-Дин Бабырдың «Бабырнама») туындыларын тарта отырып баяндайды[33]. Ол өзінің Рязань облысындағы Қасым патшалығы (хандығы) тарихы жайында жазып, 1863–1866 жылдары жарық көрген «Қасымдық патшалар мен патшазадалар туралы зерттеу» атты үш бөлімнен тұратын еңбегінің 2-бөлімінде Қазақ хандығына едәуір тоқталады. Онда «Тарих-и Рашидидің» («Рашид тарихының») авторы Мұхаммед Хайдар Дулатидің өз еңбегінде қазақтар туралы хижра жылсанағымен 860–944 жылдар ішіндегі, яғни заманалық күнтізбемен 1456 жылдан 1537-1538 жылдарға дейінгі аралықтағы, яғни сексен жылдан асатын кезеңдегі мағлұматтарды келтіретінін, сол дәуірдегі басты тұлғалар ретінде Жошыхан ұрпағы Керей мен Жәнібек хандарды, Керейдің ұлы Бұрындық ханды, Жәнібектің ұлдары Әдік пен Қасым ханды және Әдіктің ұлы Таһир ханды атайтынын айтады[34].
«Рашид тарихының» негізгі мазмұны Шағатай тұқымының (Шағатаидтердің) шығыс бұтағының тарихын, ұлыстағы дуглат (дулат – Б.Қ.) тайпасының дәуірлеуін әзірлеген ішкі күресті және дулатты иеленушілердің Шығыс Түркістанды басқаруы жайын баяндаудан тұрады. Бұл еңбек – ХІV ғасырдың екінші жартысынан XVI ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі моғолдар мен Моғолстан тарихы жөніндегі негізгі дереккөз, сонымен бірге онда бірқатар ортаазиялық түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқының тарихы, қазақ-моғол, қазақ-өзбек қарым-қатынастары жайындағы фактілерге бай материал бар[35].
Бұл айтулы еңбектің авторын «Мирза Мухаммад Хайдар бен Мухаммад Хусайн-курэкан доглат» деп атаған. Біздіңше – Дулат Мұхаммед Құсайын-курэканның Мырза Мұхаммед Хайдары, Мұхаммед Хайдар Дулати. Оның Айаз деген әдеби лақап аты болған. Оны көбіне Мырза Хайдар немесе Хайдар-мырза дейтін. Ол жайындағы негізгі мағлұматтардың бәрі оның өзінің шығармасында бар. Мухаммад Хайдардың ата-бабасы доғлат (дулат) деген моғол тайпасының әмірлері болған. Олар тұқымымен Қашқарияның мұрагер иеленушілері және басқарушылары екен. Мұхаммед Хайдардың Қашқарды билеп тұрған атасын 1480 жылы өзінің немере туысы Әбу-Бәкір қуып шығады. Мұхаммед Хайдардың әкесі Мұхаммед Құсайын екі жылдай тимурид (Заһир-ад-Дин Бабырдың әкесі) Омар-Шайхтың сарайында болады. Күрделі өмір сүріп, Шайбани-хан әмірімен өлтіріледі.
Мұхаммед Хайдар Дулати эмиграцияда, Ташкентте 1599-1500 жылы туды. Ол Заһир-ад-Дин Бабырмен бөле болды: оның анасы Заһир-ад-Диннің анасының сіңлісі еді. Әкесі өлтірілгеннен кейін Мұхаммед Хайдардың басына да қауіп төнген-ді. Туысқандары оны Бұхараға жасырды. Одан ол әуелі Бадахшанға, сосын Кабулға – Бабырға қашты. Бабырмен бірге оның Орта Азия жорықтарына қатысты. 1512 жылы Әндижанда Сұлтан Саид-ханға қосылып, соның армиясымен өзінің ата-бабасының отаны Қашқарияға қайтып оралды. Бұл жорық Әбу-Бәкір Дулаттың талқандалуымен, сөйтіп, Қашқарияда Моғулия атанған жаңа мемлекеттің орнауымен аяқталды.
Мұнда Мұхаммед Хайдар Дулати сарай маңындағы және әскердегі ірі лауазымдармен қызмет атқарады. Соның ішінде ол Сұлтан Саид-ханның ұлы, тақ мұрагері Әбді әр-Рашид сұлтанның тәрбиешісі болады. Одан ол ханның Тибетке жасаған жорығына қатысады. Хан сол жорық кезінде, 1533 жылы опат болады.
Әбді әр-Рашид-хан, әкесі қаза тапқаннан кейін, Мұхаммед Хайдар Дулатидің туыстарын жазалауға кіріседі. Содан Мұхаммед Хайдар ұзақ уақыт Бадахшанды және оған көрші тау елдерін кезіп, ақыры Үндістанға кетеді.
Өмірінің соңғы жылдарында ол Ұлы Моғолдар атынан өзі жаулап алған Кашмирді басқарып тұрды.1551 жылы таулық тайпалардың бірімен шайқас кезінде өз мергенінің кездейсоқ тиген жебесінен қаза тапты.
Мұхаммед Хайдар Дулати өмірінің соңына дейін атамекеніне оралу үмітін үзбеген сияқты. «Рашид тарихын» жазуының өзі сол кезде Қашқарды билеп тұрған Әбді әр-Рашид ханның алдында өзін ақтауға тырысқандық тәрізді көрінеді. Шығарма Кашмирде жазылған. Бірінші бөлімін автор 1546 жылы, екіншісін одан бұрынырақ – 1541/1542 жылы аяқтаған[36].
Жоғарыда айтқанымыздай, Мұхаммед Хайдардың «Рашид тарихындағы» қазаққа қатысты деректерді орыс шығыстанушысы Вельяминов-Зернов өзінің Рязань облысындағы Қасым-қала хандары мен ханзадалары жайындағы зерттеуінде келтірген. Ол парсы тіліндегі түпнұсқаның кейбір тарауларын орыс тіліне аударып, аталған еңбегіне қосқан. Бірақ, «Қазақстанның өткені дереккөздер мен материалдарда» жинағын құрастырушылар атап өткендей, «Моғолстан елінің географиялық суреттеуін беретін тарауды, өкінішке қарай, зерттеуші тастап кеткен», ал оның сол кездегі «құрамына қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Шу және Талас өзендерінің (ортаңғы және жоғарғы ағыстары) алқабы мен қазіргі солтүстік Қырғызия кіретін»[37].
Шынында, Мұхаммед Хайдар Дулатидің аталмыш еңбегінің екінші дәптеріндегі (бөліміндегі – Б.Қ.) «Моғұлстан мен оның шекараларының суреттеліп жазылуы» тарауы ерекше танымды, оған бүгінгі тарих әуесқойының да қызыға қарары сөзсіз. ХVI ғасыр авторы «қазір Моғұлстан аталатын аумақтың» көлемінің «ені мен ұзындығы 7–8 айға созылатын жолды құрайтынын» жазған.
Моғұлстанның шығыстағы шет аймағы Барыскөл, Еміл мен Ертісті қосып алып, қалмақтар жеріне тиіп жатыр. Солтүстігінде ол Көкше-теңізбен (ХVIII ғасырда Көкше-теңіз атауы Балқаш көлі деп өзгертілген[38]), Бум және Қараталмен, батысында – Түркістанмен және Ташкентпен, оңтүстігінде – Ферғана уәлаятымен, Қашқармен, Ақсу, Шалыш және Тұрфанмен шектеседі. Мұхаммед Хайдар осы шекаралар ішінде өзінің оңтүстік шекараны көргенін, сол өзі көрген аймақта – Ташкенттен Әндижанға дейін он күндік жол, Әндижаннан Қашқарға дейін – жиырма күндік жол, Қашқардан Ақсуға дейін – он бес, Шалыштан Тұрфанға дейін – Он, Тұрфаннан Барыскөлге дейін – он бес күндік жол екенін айтады. Ал Барыскөл – Моғұлстанның шығыс шекарасы болып табылады.
Оңтүстік шекараның ұзақтығын сауда керуенінің үш айлық жолын құрайтынын, жолда тоқсан асу, өткел барын жаза келіп, автор Моғұлстанның қалған үш тарапын өз көрмегенмен, барып қайтқан адамдардың әңгімелері арқылы білгенін айтады. Солардың сөзіне қарап, бұл үш тараптағы шекаралардың ұзындығы жеті-сегіз айлық жол болатынын жазған. Және сол аймақтардың көпшілігінің тау мен дала (сахра) екенін, олардың «жаға жағымдылығы мен тазалығын суреттеп жазуға сөз таба алмайтынын» айтқан. Ал көлдердің көптігі сондай, «олардың атауларын ешкім жадында сақтай алмайды», «Моғұлстаннан өзге жерден мұндай көлдерді кездестіре алмайсың, оларды суреттеп жазуға мүмкіндік жоқ»[39].
Моғұлстан (Моғолстан) – «Моғолдар елі» деген ұғымды беретін парсы атауы. Моңғолдардың халықтық атауын Орта Азияда осылай, «моғол» деп, ортаңғы бір әрпін – «ң»-ді тастап айтатын болған. Ал қазақтар, Шәкәрімнің әйгілі шежіресіне қарағанда, «моңғолды» мүлдем қазақыландырып, «мағол» деп атаған тәрізді[40]. XIV ғасырдың ортасынан бастап, жергілікті хандардың әскери күшін құрайтын бұрынғы Шағатай ұлысының шығыс бөлігінің көшпенділерін моғолдар дейтін болған[41].
Бұл шақта Шағатай мен Әмір Темір тұқымдары (шағатаидтер мен тимуридтер) арасында Сайрам мен Ташкент үшн ұдайы күрес жүріп жататын, кейінірек оған өзбектер мен қазақтар қосылған-ды. Міне осы уақыттағы қазақтар жөнінде «б.д. 1456 жылдан 1527 жылға дейінгі кезеңді қамтитын көптеген мәліметтерді Мұхаммед-Хайдер (Мұхаммед Хайдар Дулати – Б.Қ.) өз очеркінде хабарлайды»[42].
Мұхаммед Хайдар Мырза моғұл ұлысының екі бөлікке бөлінгенін айтады. Екігі бөлінген ұлыстың бірі – моғұлдардікі, екіншісі – шағатайлардікі екен. «Бірақ осы екі бөлімше өзара дұшпан болуы себепті», екі жақ біріне бірі қарсыласын жек көретінін білдіретін, кемітетін, менсінбейтін аттар қойыпты. Шағатайлар моғұлдарды «жете», ал моғұлдар шағатайларды «қараунас» деп атаған көрінеді.
Ал Мұхаммед Хайдар шығармасын жазып отырған уақытта, яғни ХVІ ғасырдың 40-шы жылдары, «Бабыр падишаһтың ұлдары болып табылатын шағатайлық падишаһтардан басқа», Моғолстанда «шағатайлардан бір адам да қалмаған. Олардың мұрагерлік қалалары мен облыстарын, шағатайлардың орнына, басқа адамдар иемденіп алған». Автор атап айтпағанмен, бұл шақта Моғолстанның бір бөлігі Қазақ хандығы құрамына бекем еніп кеткен болатын. «Моғұлдар Тұрфан мен Қашқардың шегінде отыз мыңдай ғана қалды, ал Моғұлстанды өзбек-қазақтар мен қырғыздар басып алды. Қырғыздар моғұл тайпасынан болғанмен, олар моғұл қаһандарына қарсы көтеріліске жиі шыққандықтан, моғұлдан бөлініп кетті...»[43]
Ал Моғолстанның бір пұшпағында Қазақ хандығының негізі салынған оқиға мен оның себебі жайында профессор Санжар Аспандиаровтың басқаруымен әзірленіп, 1935 жылы жария етілген көне дереккөздер мен материалдар жинағындағы «Тарих-и Рашидиден» алынған үзікте былай делінеді: «...Ал бұл кезде (860 = 1456 ж. шамасында) Дешті-Қыпшақта Әбіл-Қайыр-хан билік жүргізіп тұрған еді; одан Жошы тұқымы сұлтандары өте қатты қысастық көрді, содан олардың екеуі, Жәнібек-хан мен Керей-хан Моғолстанға қашты. Иса-Бұға-хан қашқындарды жақсы қарсы алып, оларға Моғолстанның батыс шет аймағын құрайтын Джу (Шу – Б.Қ.) және Қозыбасы өлкесін бөліп берді. Сонда олар тыныш өмір сүре берді»[44].
Бұл екі тұлғаның шайбанид Әбілқайыр хан құзырынан қашып Моғолстан мемлекеті жеріне – үйсіндер мекендейтін аймаққа көшіп келуі «қазақтардың екі тобын – Орта және Ұлы жүз тайпаларын бір мемлекетке байлапныстыру, жаңа саяси бірліктің құрылуына себеп болды»[45].
Қазақтар ірі-ірі этностық топ ретінде моңғол империясының күйреген орындарында пайда болған Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан секілді мемлекеттерге қарап тұрған-ды. Бұл саяси бірліктердің бәрі, оларды Шыңғысхан тұқымдары билегенмен, «жергілікті тайпалар одағының негізінде»[46] пайда болды.
Бұлар қазақ мемлекеттігінің ізашары іспетті еді, іс жүзінде олар қалыптасқан қазақ халқының әр аймақтағы бөліктерінің түрлі көріністегі саяси бірлестіктері, хандықтары болатын.
Орта ғасырларда әр жаңа саяси құрылымның өмірге келуі немесе өмір сүруін тоқтатуы биліктен кетірілген бір әулеттің орнына екінші бір оны жеңген әулет өкілдерінің орнығуымен байланысты жүзеге асып жататын-ды. Осы формулаға сәйкес, шайбанилық Әбілқайыр ханның мемлекеті, жошылық Керей және Жәнібек сұлтандар құрамынан шығып кеткеннен кейін он шақты жыл өткенде, «әр рудан қосылған ...қазақ (мағынасы – «тағы, өз еркімен жүрген») деген ел бар еді»[47], сол ел жаңа саяси бірлікке негіз болып, Қазақ хандығы түрінде жаңа сапаға ауысты[48].
Енді осы Қазақ хандығының негізі қаланған кезге назар аударайық. Бұл шақта, тарихтан белгілі, Дешті-Қыпшақта билікті қолына ұстаған шайбанид Әбілхайырға көшпенді халықтың бір бөлігі, дәлірек айтқанда, сларды билейтін Жошы хан – Орыс (Ұрұс) хан тұқымының бірқатар өкілдері наразы боп жүрген еді. Ақыры 1456 жылы Жәнібек пен Керей сұлтандардың бастауымен бір қауым ел «қазақтық» жасауға, яғни тыныс-тіршілікке қолайсыз билеуші құзырынан қашып, еркін ұйысуға бел буды. Ондай әрекеттер түркі тайпалары ғұмырында бұрындары да әрәдік кездесіп тұрған, бірақ тап осы жолғыдай жаңа мемлекет құрарлықтай тарихи сипат алған емес-тін. «Көшпенді өзбектер мемлекеті» аталатын ұлыстан бөлініп, қазақ атанған, сөйтіп, Моғолстанға қоныс аударған, Шу өзені аймағындағы Қозыбасы деген жерден орын тепкен аз жұрт іс жүзінде қазақ мемлекеттігінің іргетасы болып қаланды.
Аталған қос сұлтан Жетісу өңірін, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда көп еңбек сіңірді. Болашақ қазақ хандығының іргесі түркілер өміріндегі қатардағы жәйт саналатын наразы топтың еркіндіксүйгіштік, басыбостық, өзгенің озбырлығына көнбеушілік көрсетіп, яғни қазақ болып өз беттерінше отау тігу оқиғасымен қалана бастағанын тап сол жылдары ешкім бажайлай алмаған болар. Жетісу өңірінде өмір сүріп жатқан Үйсін бірлестігі, оның ішінде Шапырашты тайпасы бір шаңырақ астына бірігуге бел буған жұртпен – тілі, ділі, мәдениеті, өмір салты, бітім-болмысы, шаруашылық қалыбы бір өзге де түркі тайпаларымен бірге қазақтың болашақ мемлекеттік құрылымын қалыптастыруға алғашқы жылдардан-ақ араласты деп сеніммен айтуға болады.
Осынау тарихи оқиға қарсаңында жетісулық үйсін –шапыраштылардың Моғолстан мемлекеті құзырында болғаны мәлім. «Тарих-и Рашиди» деректеріне қарағанда, Жүніс-хан Мавераннахрға кеткенде, күллі ұлыс, моғолдар қауымы түгелімен Есен-Бұғаға (Исан-Буга-ханға) бағынды. Есен-Бұға өзінің жастығы мен тәжірибесіздігі салдарынан мемлекетіндегі әмірлерге менсінбеушілік, елемеушілік мінез көрсетті. Сөйтіп, өзінің бас уәзірі етіп тұрфандық ұйғырлар тайпасынан Темір деген біреуді таңдап алды. Әмірлер бұған төзбей, хан дәргейінде болған бір жиналыс кезінде Темірді шапқылап өлтірді де, өздері тез тарап кетті. Бұл Есен-Бұға-ханды қатты үрейлендірді, ол да қашты.
Қашқардағы Әмір Сейіт-Әлі мұны естігенде, ханды іздеп шығып, Ақ-Құяш қаласынан табады да, оны бірқатар жақтастарымен бірге Ақсу қаласына апарып орнықтырады. Есен-Бұға хан осында тұрақтап, жіберген кемшілігінен қорытынды жасайды, бағыныштылары алдында кінәсін мойындап, қайтадан күш жинайды.
Қуаты кемеліне келді-ау дегенде, 855 жылы (яғни біздің күнтізбемен 1451 жыл шамасында – Б.Қ.) Есен-Бұға хан Сайрам, Түркістан, Ташкентті шабады. Сол жолмен екінші рет шапқыншылық жасағанында, оны Мавераннахр билеушісі Сұлтан Әбу-Сейіт-мырза Таразға дейін қуғындайды. Бірақ Есен-Бұға-ханның моғолдары шайқасқа кірмей қашып кетеді де, Мырза Әбу-Сейіт өз еліне оралады[49]. Келесі 1452 жылы ол ойраттар шапқыншылығына ұшырайды.
Ойраттар Шыңғысхан құрған империяның Үгедей ұлысына қарайтын моңғолдардың батыс бұтағы болатын. Олардың Моғолстан аумағына жасаған алғашқы шапқыншылықтары ХIV ғасырдың соңына қарай басталған еді. ХV ғасырда олардың иелігі шығысында Хангай тауларының батыс бөктөрімен, оңтүстігінде Гоби кұмымен, батысында Моғолстанмен, солтүстігінде Ертіс пен Енисейдің жоғарғы ағыстарымен шектесетін ұлан-ғайыр кеңістікті алып жатқан-ды. Ойраттарды моңғолдардың өздері «жоңғар» («зюнгар», «сол қар (қол)», «сол қанат») деп атаған болатын, ал көрші түркі және парсы тілді халықтар «қалмақ» деп атайтын[50]. Шәкәрімнің айтуынша – «қалмақ деген – қалғандар деген сөз». Шыңғысхан тамам моңғолды түгел алғанда, «отырықты болып қалған» түркілер «көшіп қашуға» туған өлкесін «қимай, бірталай ел мағолға қарап қалды». Олар әр түрлі рудан («ониют, жалайыр, найман, керей») еді, «олардың ойрат қалмақ атанған себебі, мағолдар күнбктысқа қойған әскерлерін ойрат деп атаушы еді. Соған араласқаннан ойрат атанды. Қалмақтың түбі ойрат деген сөз содан шыққан»[51].
1452 жылға дейін ойраттар Моғолстанға әлденеше шабуыл жасады. Тек Уәйіс-хан 1418 жылдан 1428 жылға шейін олармен 61 мәрте шайқасқа шықты. Соның бір ретінде ғана жеңіске жетті, екі мәрте ойратқа тұтқынға түсті. Ақыры қалмақтардан аулағырақ болу мақсатымен, астанасын Тұрфаннан Моғолстанның орталық бөлігіндегі Іле жағасына, қытайлар Ілебалық деген атаумен білген Жетісудағы жерге ауыстырды[52].
Алайда, Есен-Бұға-хан тұсында, жоғарыда айтқанымыздай, билік құрылымы әлсіреді. Есен-Бұғадан бөлініп кеткен әмірлердің әрқайсысы оған тиісті дәрежеде бағынатынын танытпай, өз беттерінше қамал салып алып жатқан-ды. Бірі (Мір Кәрім-Берді дулат) Моғолстанның Әндижан мен Ферғанаға шектесетін тұсындағы Ала-Бұға деген жерде, келесісі (Мір Хак-Берді бекшік) Ыстықкөлдің Қой-Сой дейтін тұсына қамал тұрғызды. Шорас пен барин тайпаларының әмірлері қалмақтардың басшысы Амансанжы-тайшыға, басқа тайпалардың бір бөлігі «көшпенді өзбектер» ханы Әбілқайырға кетті. Есен-Бұға-хан болса, олардың өз құзырынан бөлінбек әрекеттеріне соншалықты қарсылық көрсетпей, тек күтті. Бүлікшілдер тыншыр, сосын қарамағына қайтып оралар деген үмітін үзбей тұрған[53].
30-шы жылдардан шапқыншылығын қайта бастаған ойрат қалмақтар Моғолстанда сол шақта орталықтандырылған биліктің жоқтығын пайдаланып, Жетісуға шабуылын жиілетті. Олар Ыстықкөл аймағына барып, Ыстықкөлдің Қой-Сой деген жеріне қамал салған қаңлы тайпасының әмірі Мір Хак-Берді бекшікпен шайқасты. Ал 1452 жылы Шуға жетті. Есен-Бұға оларға елеулі қарсылық көрсете алмады[54].
Сол шақта оған өздері мекендейтін ұлыстағы Шайбан тұқымы билігіне наразы Жошы тұқымы оғландары – Керей мен Жәнібек сұлтандар келді...[55] Шәкірім бұл оқиға жайында: «Әз Жәнібек хан мен Керей хан»... «Әбілқайырға өкпелеп», «1455 жылы Әбілқайырдың қол астынан қырғыз, қазақ һәм басқа бірталай елін алып», «...ауып, Шудағы Шағатай нәсілінің ханына», яғни моғол ақсүйектері Моғолстан билеушісі етіп қойған Есен-Бұғаға барды[56].
Шайбан ұрпағы Әбілқайыр хижраша 833 жылы (яғни біздің жылсанақпен 1428 жылы) Батыс Сібірдегі Тура өңірінде хан тағына отырғызылған-ды. Тарихта «Көшпенді өзбектер мемлекеті» деп, Алтын-Орданың көрнекті билеушісі Өзбек-ханның (1282—1341) есімімен аталған бұл саяси бірлестік – Әбілқайыр хандығы – Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық аймағында пайда болды. Хандық жері геосаяси тұрғыда батыстағы Ноғай Ордасы, солтүстіктегі Сібір хандығы және шығыстағы Моғолстан мен оңтүстіктегі Әмір Темір тұқымдары мемлекетінің араларында жатты.
Хандық шегі Ноғай Ордасының шығыс бетінен басталатын. Батысында – Жайық өзеніне, шығысында – Балқаш көліне дейін созылды. Оңтүстігінде Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал теңізі өңіріне, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейін кеткен алып аумақты алып жатты. Әбілқайыр хандығының құрамына қазақ руларының көпшілігі, өзге де көшпенді түркі тайпалары (Қыпшақ, Қият, Найман, Маңғыт, Қоңырат, Шынбай, Қаңлы, Қарлұқ, Күрлеуіт, Кенегес, Үйсін, Ұйылын, т.б.) кірді.
«Көшпенді өзбектер мемлекетінде» Әбілқайыр хан қырық жыл әмірші болды. (Оны ХVIII ғасырдағы Әбілқайыр ханнан ажырату үшін болар, қазақ тарихи әдебиетінде оның есімін Әбілхайыр деп жазу орын алған. Дұрысында, екеуінің де есімі бір – Абу-л-Хайр-хан, ендеше, екеуі де Шыңғысхан тұқымы болғандықтан, ХV ғасырдағы әміршіні – Бірінші Әбілқайыр (І Әбілқайыр), ХVIII ғасыр тұлғасын – Екінші Әбілқайыр (ІІ Әбілқайыр) деген жөн болар еді).
Шайбани Әбілқайыр хан басқарған уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. «Сегіз жүз елу бесінші жылы (1451 жыл шамасы) Шыңғыс-ханның ұлы Жошы-ханның жұртында, немесе, бұл да сол ұғымды білдіреді, – Дешті-Қыпшақта Жошы ұрпағынан Әбілқайыр патша болды. Сол уақыттарда бұл жұртта одан қуатты билеуші болған жоқ»[57], – деп жазды Мұхаммед Хайдар. Ол өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі Мұстафа ханның әскерлерін Атбасар маңында талқандады. Сырдария мен Қаратаудағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алды. Сығанақты хандықтың астанасына айналдырды. 1450 жылдары Мавераннахрдағы Әмір Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқан пен Бұқарға жорық жасады. Дегенмен оған билігін сақтау үшін әр түрлі топтармен – өзіне қарсы болып жүрген өзге әулет ұрпақтарымен ұдайы күрес жүргізуге тура келді.
Оның Сырдария бойындағы аймақтарға бет бұруы өзара ағайындас Шайбани ұлысы мен Орда ұлысы тайпаларының арасындағы қырғи-қабақ қатынастарды бұрынғыдан бетер тереңдете түсті. Өйткені Әбілқайырдың Сыр қалалары мен олардың айналасындағы жазираларды алуы Жәнібек пен Керейдің және олардың Сырдария маңы мен Қаратау аймағында көшіп-қонып тұрмыс кешіп жүрген бодандарының мүдделеріне тиіп, нұқсан келтірді. Осы жәйт аталған билеушілер арасындағы тайталастың одан сайын шиеленісуіне, сөйтіп, қазақ сұлтандарын өздеріне қарасты ру-тайпаларды бастап Шуға көшіп кетуге мәжбүрлеген өте маңызды себеп болды[58].
Бұдан бұрын да атап өтілгендей, «Рашид тарихының» авторы Дешті-Қыпшақта Әбілқайыр-хан өзі билеп-төстеп тұрған уақытта «Жошы тегінен шыққан сұлтандарға» көп жайсыздық туғызғанын айтқан-ды. Сондықтан да 1456 жылы «Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып Моғолстанға барды»[59].
Осы жерде арнайы тоқталуды тілейтін бір маңызды жәй бар. Ол – Жошы (1227 жылы әкесі Шыңғыс ханнан алты айдай бұрын өлді) әулетінің, оның ішінде Жошы ұлы Орда Ежен хан (Ертістің жоғарғы ағысынан, Алакөл жанынан батысқа қарай – Іле мен Сырдарияға дейін созылған, Жошының тірі кезінде Көк-Орда аталған ұлыстың әміршісі), оның ұлы Орыс ханның (астанасы Сығанақта болған Ақ Орда ханының) ұрпақтары «Жәнібек хан мен Керей хан» Көшпенді өзбек мемлекетінің әміршісі Әбілқайыр-ханнан қашып Моғолстанға барды»
Ал Әбілқайыр-хан – Жошының тағы бір ұлы Шибан-ханның ұрпағы...
«Қазақстан аумағы үш моңғол ұлысының аумағына енді: көбірек бөлігі – елдің солтүстігіндегі далалы жазирасы және Ертістің жоғарғы ағысынан Алакөл көліне дейінгі күллі жер-су мен одан әрі батысқа, Іле мен Сырдарияға қарай – Жошы ұлысына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, ал солтүстік-шығыстағы жерлер – Үгедей ұлысына кірді»[60]. Қазақ елі негізінен осы Жошы ұлысына қараған аумақта қалыптасып, өзінің ұлттық мемлекеттігін дамытты.
Жошы (1187–1227) – Шыңғысханның қоңырат тайпасының өызы Бөртеден туған үлкен ұлы, әйгілі Алтын Орданың негізінсалушы, қазақ хандарының арғы атасы. Ол әкесі Шыңғысханның тапсыруымен 1207–1212 жылдары Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Шығыс Түркістанды қоныстанған көптеген тайпаларды бағындырды. Шыңғысханның Солтүстік Қытайға жасаған жорығына қатысты. 1218 жылы Ырғыз даласында Хорезм әскерімен қақтығысқа түсіп, сарбаздарының ұрыс жүргізудегі жойқын тәжірибесімен хорезмшаһтың мысын басты. 1220–1222 жылдары ол бауырларымен Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Жанкент және басқа да қалаларды алды.
1223 жылы Шыңғысхан Самарқаннан Сырдария маңындағы далаларда аң ауламаққа шығады. Жошыға Қыпшақ даласынан жабайы құландарды қуып әкелуді тапсырады. Ол құландар табындарымен қоса, жиырма мың ақ тұлпарды әкесіне сый ретінде айдай келеді. Ханзадалардың бәрінің қатысуымен олар аса ірі ауқымда аң аулайды.
Сосын қаһан Құланбасыдан ақырын аяңмен көшіп, Ертіске келеді. Сонда 1224 жылы Кавказ жорығынан оралған сүйікті қолбасшылары Жебе-ноян мен Сүбедей-ноян құрметіне құрылтай өткізіп, той жасайды.
Сол жылы күзде нөкерлері мен әскерін ертіп, сол Ертіс алқабынан 1219 жылы күзде шығып, батысқа жасаған жорығынан тура бес жыл – дүниені дүр сілкіндірген бес жыл – өткенде, 1224 жылы күзде шығысқа, туып-өикен Моңғолиясына қайтады.
Жеңімпаз болып оралады, бірақ, «мәңгі өмір сүруге» дәру таппай, тәні дертке шалдыққандықтан, туған өлкесінде қарттық ғұмырын соза түсуді ғана ойлап, терең мұңға батып қайтып келе жатады...
Сайрам мен Талас аралығындағы Құланбасы жазығында өткізген құрылтайда өзінің «төрт күлігіне» өзі құрған қағанатын бөліп берді. Императордың (қаһанның) бәйбішесі Бөртеден туған «төрт күлігінің» үлкені – тұңғыш ұлы Жошыға тиесілі үлес – Ертістен Орал тауына, одан әрі Батысқа қарай, болашақта бағындырылатын жер-су мен елдер еді. Ол күш-қайраты мол, ержүрек, өткір адам болған екен. Қол астындағылармен өте жақын, жақсы қарым-қатынас жасап тұрыпты. Көпшілігі болашақ қазақ халқын құраған түркі тайпаларының басын өз ұлысында біріктіріп, тәуелсіз саясат жүргізуге тырысқан.
Осы жәйт әке мен бала арасының бұзылуына себеп болды деген пікір бар. (Жүзданидің 1260 жылы жазылған «Табакат-и Насири» деген шығармасына қарағанда, Жошының Қыпшақ елін қатты сүйгіп кеткені сондай, сол елді әкесінің күйретіп-күйзелтуінен құтқармақ болады. Ол жақындарына Шыңғысханды аң аулау кезінде өлтіргісі келетінін айтыпты-мыс, ал оны біліп қойған Шағатай әкесіне жеткізген. Сонда ол Жошыны құпия улап өлтіруге әмір қылыпты-мыс. Ал Рашид ад-Дин өзінің ХІV ғасырдың басындағы «Шежірелер жинағында» – тапсырмасын орындамаған Жошыға қарсы Шыңғысхан Шағатай мен Үгедей бастаған қалың қол жібергенін, бірақ артынша Жошының қайтыс болғаны жайында қаралы хабар келгенін жазады). Ел ішінде де оның өлімі жайында: «әкесі өлтіртті» делінетіннен, «аң аулап жүргенде кездейсоқ опат болды» дейтінге дейін айтылатын түрлі аңыз-әңгіме бар.
Қазақ халқында ғасырлар тереңінен келе жатқан «Ақсақ құлан, Жошы хан» деген тарихи күй сақталған. Мазары қазақ даласының кіндігіндегі Жезқазған қаласынан 45 шақырым жерде, Кеңгір өзенінің сол жағалауында тұр. Балалары көп болған. Тарихи дереккөздерде одан тараған Орда-Ежен, Бату, Берке, Шибан (Шайбан) секілді ханзадалардың және басқаларының да есімдері бар[61].
ХІV ғасырдың дереккөзі «Шаджарат ал-атрак» Жошы 1227 жылғы ақпанда қайтыс болғанын айтады. Қаһан сарайының ұлы әмірлерінің біріне жақын Ұлы-Жыршы (Тизенгаузен жинағына енген ХІІІ ғасырдағы араб тарихшысы Ибн әл-Асир жазбасы бойынша – Шыңғысханның замандасы ақын Кетбұға) қаралы хабарды Шыңғысханға естіртеді. Сонда қаһан: «– Құлынын алған құландай, құлынымнан айрылдым, Айрылысқан аққудай, ер ұлымнан айрылдым», – деп, түркі жырымен жоқтау айтыпты. Ұлы қаһанның өз аузынан мұндай сөз естіген барлық әмірлер мен нояндар орындарынан тұрып, көңіл айту және жоқтау рәсімдерін орындапты. Содан алты ай өткенде Шыңғысхан да о дүниелік болған дейді «Шаджарат ал-атрак» авторы[62].
Жошы өлгеннен кейін ұлыс әміршісі лауазымы оның ұлы Батуға өткені белгілі[63]. Батыстағы әскерлер Батуды, Жошы-хан өлісімен, әкесінің мұрагері ретінде таныған. Бұл таңдауды Шыңғысханның өзі бекітті.
Өтеміс қажы ХVI ғасырда Хорезмде жазған «Шыңғыс-намада» Дешті-Қыпшақтағы жоғарғы биліктің Батуға қалай берілгені жайында егжей-тегжейлі әңгімеленеді. Сондағы әңгімеге қарағанда, Жошының бәйбішесінен туған қос ұлы Орда-Ежен мен Бату, басқа әйелдерінен туған 17 ұлы бірігіп ұлы ханға келеді. Қаһан ханзадаларға арнай үй тіктіріп қабылдайды: «алтын босағалы ақ үрге» Сайын-ханға, яғни Батуға, «күміс босағалы көк орда» Орда-Еженге, «болат босағалы боз орда» Шибанға (Шайбанға – Б.Қ.) арналады...[64]
Әбілғазы дерегі бойынша, Бату-хан Шығыс Европаға жасаған жорығынан оралғаннан кейін, әкесіна қарап тұрған жер-суды күллі халқымен өзінің бауыры Орда-Еженге береді. Орда-Еженнің қосындары мен ішінде Тоқай-Темір бар төрт бауыры бірігіп, Жошы әулеті әскерінің сол қанатын құраған, мұны Рашид ад-Дин айтады. Ал Батудың өз иелігі мен Орда-Еженге берілген үлес арасындағы жер-суды және «байырғы елдерден төрт басты ұрықты» – қосшы, найман, қарлық, бұйрақ тайпаларын бөліп, Шибанға берген. Шибан (Шайбан) мен оның ұрпағының әскері Жошы Ұлысы армиясының оң қанатына кірді. Тоқай-Темірге әскердің артықшылыққа ие бөлігінен мың, тархан, үйсін, ойрат бөлінген. Оның ұрпақтары, Батудың ықыласына сәйкес, Қажы-Тарханда (Астрахан қаласына) билік жүргізген. Олар қосындарымен Жошылықтар армиясының сол қанатына кірді[65].
Шыңғысханның немересі, Жошы-ханның үлкен ұлы Орда-Ежен Жошы Ұлысының сол қанатын 1226–1253 жылдары басқарып, «Алтын Орда құрамына кіретін, ішкі-сыртқы саясаты тәуелсіз Ақ-Орда мемлекетін құрды». Оның саяси рөлі тек Жошы Ұлысында ғана емес, күллі моңғол империясында жоғары болды[66].
Алтын Орда әміршісі Бату-ханның қолдауымен 1251 жылы ұлы хан, қаһан болған, Шыңғысханның әйгілі «төрт күлігінің» кішісі Төленің ұлы, империяның төртінші әрі соңғы ханы Мөңке (1208–1259)[67] өзінің заңнамалық құжаттарында – жарлықтарында – Ақ-Орда билеушісі Орда-Ежен есімін Алтын Орда әміршісі Бату есімінің алдына қойып отырған[68].
Орда-Ежен мен Шайбан ұлыстарының жер-суын алып жатқан аумақты ХІV–XV ғасырларда шығыс авторлары біресе Ақ Орда, енді бірде Көк Орда деп атап жүрді. Өйткені Орда-Ежен әулетінен шыққан билеушілер қос ұлысты да басқарған. Содан да шығар, дереккөздер бұл кезеңдегі Ақ Орда жері ретінде Жайықтан Батыс Сібір ойпатына дейінгі, Сырдарияның ортаңғы және төменгі ағысы аумағын (яғни Орда-Ежен мен Шайбанның ұлыстары алып жатқан жер-суды) ұққан.
(Орыс жылнамаларында Алтын Орданы тек қана Орда, немесе Еділ Ордасы, ал Жайықтың оңтүстік-шығысындағы жазира Көк Орда, Жайық сырты Ордасы делінген, онда Ақ Орда ұғымы қолданылмаған).
Жоғарыда Ақ Орда жері ретінде аталған осы ұлан-ғайыр кеңістікте ежелден бері түркі тілдес тайпалар (қыпшақтар, наймандар, үйсіндер, қарлұқтар, керейіттер, керейлер, қоңыраттар, маңғыттар және басқалар) мекендейтін. Олар моңғол шапқыншылығынан көп бұрын қыпшақ бірлестігінің құрамында болған-ды. Бірқатары бұл жаққа Шыңғысхан империясы құрылғанда Алтай жақтан, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандардан қоныс аударған болатын.
Тілі бір, өмір сүру салты бір жергілікті этностар негізінде шаңырақ көтерген қазақ жеріндегі тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым осы Орда-Ежен мен оның әулеті билеген Ақ Орда еді. ХІІІ–ХV ғасырлардағы Ақ Орда хандарының билікте болу реті мынандай: Орда-Ежен (1226–1253) – Сартақ – Қоныша – Баян – Сасы-Бұға – Ерзен – Мүбәрәк – Шымтай – Орыс (1361–1377) – Қойыршақ – Барақ (1426–1428)[69].
Осынау хронологиялық тізбек ішіндегі Орыс (Ұрұс) ханның 1361–1377 жылдары Ақ Орданы билеген кезеңі мемлекеттегі түркі тайпаларының біртұтас этнос, қазақ халқы ретінде қалыптасуына игі ықпал етті. Іс жүзінде Ақ Орда болашақ қазақ ұлттық мемлекетінің алғашқы үлгісі болды.
Орда-Ежен мен ол құрған бұл құрылымға иелік еткен оның ұрпақтары – Ақ Орданы ХІV ғасырда билеген Орыс хан және ХV ғасырдың екінші ширегінің басында басқарған (Орыс ханның немересі) Барақ хан ешқайсысының ойына келе қоймаған, бірақ ұзамай, ХV ғасырдың ортасында жүзеге асатын ірі тарихи бетбұрысты нобайлады. Олар Ақ Орда тұсында қалыптасқан біртұтас этностық түзілімді тарих сахнасына өзіндік қазақ атауымен алып шығып, Қазақ мемлекеттілігінің негізін салған Керей хан мен Жәнібек ханның аталары еді[70].
Керей хан – Орыс ханның шөбересі. (Орыс ханның ұлы Тоқтақиядан туған немересі Болаттың баласы)[71]. Жәнібек хан да Орыс ханның шөбересі. Ол тек, үнемі Ақ Ордадағы мемлекеттік билікте болған тармақтан. Ақ Орданы Орыс ханнан кейін оның ұлы Қойыршақ (Құйыршық), одан соң Жәнібектің әкесі Барақ биледі.
Алтын Орда ыдырауға ұшыраған шақта, оның тағына құмартқандардың Алтын Орда астанасы Сарай-Беркеге жету жолында Ақ Ордаға (оның экономикалық және әскери күш-қуатына) арқа сүйеуіне байланысты, Шығыс Дешті-Қыпшақтағы бір кездегі күшті мемлекет Ақ Орда да құлдырап бара жатты.
Орыс ханның немересі Барақ хан шамамен 1410-шы жылдардан Шығыс Дешті-Қыпшақтағы өз ата-бабаларының билігін қайтарып алу үшін күресті. Әуелде жеңіліске ұшырап, сырттан көмек алу арқылы, ақыры, 1419 жылы әмірші лауазымына жетті. 1422 жылы Еділдің төменгі ағысы алқабында өткен шайқаста үміткерлер әскерін жеңіп, Алтын Орда тағына отырды. Әуелі Сарайды («Еділ суының бойында», «Жошы ұлысының үлкен ханы тұратұғын Алтын орданың орны», «Астрахан мен Саратов арасындағы... орыстар Царев деп» атайтын қаланы[72]), одан Қазанды алды. Содан Қазан аймағы біраз уақыт «Барақ-хан жұрты» аталды. 1426 жылы бақталасы Ұлық-Мұхаммедпен күресте Алтын Орда тағынан айрылды. Сол жылы Ақ Орда билеушісі болды.
Барақ хан Ақ Орда билеушісі лауазымымен Сырдария бойындағы қалаларға, Мавераннахрға жорықтар жасады. Ғасыр басында Әмір Темір басып алған Ақ Орда астанасы Сығанақты иелену құқын қалпына келтірді.
Ол 1428 жылы қаза тапқан. Өлімі хақындағы деректер әр түрлі: Қыпшақ даласындағы «өзара қақтығыстар кезінде» опат болған, «моғолдар елінде» өлтірілген, Ноғай Ордасы мырзаларымен болған соғыста өлген деп те айтылады.
Барақ-ханның Түркістан өлкесіндегі Ақ Орданың бұрынғы иеліктерін Әмір Темір әулеті билігінен қайтарып алуға бағытталған жігерлі әрекеттері ұлыстың байырғы қуатын жаңғырта алмағанмен, Ақ Орда хандары (Орда-Еженнің де, Тоқа-Темірдің де) әулеттері иеліктерінің тағы ондаған жылдар бойы сақталып қалуын, яғни Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси ахуалдың белгілі-бір дәрежеде өзгеруіне алып келді[73].
Алтын Орданың бірнеше бөлікке шашырап кеткені, оларды Жошы әулетінің әртүрлі бұтағы өкілдері басқарған мәлім. Ортаңғы Еділ бойында 1438 жылы Ұлық-Мұхаммед билейтін Қазан хандығы құрылды. Оның інісі Кіші-Мұхаммед Алтын Орда ханы ретінде Төменгі Еділ бойын, Шығыс Европа далаларын, Дон алқабын басқарды. Бұл екі ағайынды Алтын Орда тағы үшін өзара ұзақ күресті. Бірақ Алтын Ордадан 1443 жылы Қырым хандығы, 1466 жылы Астрахан хандығы бөлініп шықты. Осы бөліністерден соң Алтын Орданың қалған бөлігінде – Еділ мен Дон арасында және Сарай қаласында Кіші-Мұхаммедтің ұлы Ахмад (Ахмет) хан билік құрды. Оның мемлекеті Үлкен Орда деп аталды. Осынау Үлкен Орданың билеушісі Ахмад (Ахмет) хан Шайбан тұқымынан шыққандарға (шайбанидтерге) қарсы күрескен қазақ ханы Жәнібекке одақтас болды[74].
Енді Жәнібек хан аталасы Керей ханмен бірге ұйытқы болған қазақ мемлекеті дәуірі басталғанға дейінгі оқиғаларды шолып өтейік.
XV ғасырдың алғашқы ширегінде Ақ Ордада Жошы тұқымы (Орда-Ежен, Шайбан, Тоқа-Темір) ішіндегі әулеттік күрес жиіледі. Соның салдарынан ұлыста бүліктер мен кикілжіңдер толас таппай жалғасты. Бұрынғы Жошы Ұлысының батыс бөлігінде Тоқа-Темірдің ұрпақтары табысты болды, олар Алтын Орданың бірнеше ұлысын басқарды. Ал Жошы Ұлысының Шығыс бөлігінде – жоғарыда аталған үш әулеттің де өкілдері билікте жүрді.
XV ғасырдың 20-шы жылдарының соңына қарай Алтын Орда мемлекеттік құрылымы бөліктерінің көпшілігінде Жошы ұлы Шибан (Шайбан) балалары билікке келді. Ал Орда-Ежен – Орыс хан ұрпақтары, дегенмен, өздеріне бабаларынан мұраға қалған иеліктерін XV ғасырдың алғашқы ширегі бойы қорғап қалуға тырысты. Солардың бірі Барақ-хан ұлыстың оңтүстік бөлігін қайтарып алу үшін соғысқаны жоғарыда айтылды.
Ол өлгеннен кейін Ақ Ордадағы билік Орда-Ежен – Орыс хан әулетінен Шайбан әулетіне өтті. 1428 жылы Шайбанид Әбілқайыр таққа отырды. Ол 40 жыл басқарғанда енді Шығыс Дешті-Қыпшақ Әбілқайыр хандығы (Көшпенді өзбектер ұлысы, Шайбан ұлысы, Өзбек ұлысы) деп атала бастады. (Шәкәрім шежіресіндегі мына жолдарға назар аудара кетелік: «Батудың Мыңтемір деген баласының Тоғрул дегеннің баласы Өзбек хан болды. Мұның хан болғаны 1301 жылы еді. Бұл Өзбек хан мұсылман болып, халқын да мұсылман қылды. Сол мұсылмандық бұзылған жоқ, «дін Өзбектен қалды» деген мақал сол және сол ханның атымен Жошы ұлысы өзбек атанды»[75]).
Осы атаулардың ішінде Әбілқайыр хандығы деген аталым нақты ахуалды неғұрлым бейтараптау ыспаттар еді, өйткені хандық аумағында тек «Орта Азиядағы өзбек халқының болашақ компоненті мағынасындағы» көшпенді өзбектер ғана емес, негізінен «қазақтар, маңғыттар» құраған болатын. Алайда Әбілқайыр хандығын тарихи әдебиетте Өзбек ұлысы деп атауға көндігіп бара жатқандық байқалады. Ал, шынтуайтқа келгенде, әділдік үшін, осы Әбілқайыр хандығы деп аталған ұлысты Әбілқайыр мемлекетіне кірген қазақ тайпаларының ішіндегі «аса ірі этностық топтардың бірінің атауымен», яғни Дешті-Қыпшақтың негізгі мекендеушісі қыпшақтар екенін ескеріп, «Қыпшақ хандығы деп атауға негізі бар еді»[76].
Ақ Орданың экономикалық тұрғыдан аса маңызды аудандары болып табылатын оңтүстік аймақты өзіне бағындырып алудың маңыздылығын, өзінен бұрынғы Барақ-хан тәрізді, Әбілқайыр-хан да ұқты. Бірақ оның олай ойлағаны және тиісінше Сырдария аймағына қарай қозғалуы сол өңір мен Қаратау ауданын мекен етіп жүрген Барақ-ханның ұлы Жәнібек-оғланның мүддесіне қайшы келді. Ол және оның қасындағы Керей-оғлан – Орда-Ежен ұрпағы Орыс-ханның қос шөбересі – Әбілқайыр-ханның қысастығына көнуден бастартты. Түбі бір, арғы аталары Орда-Ежен мен Шайбан бірге туған, Жошы-ханның балалары екеніне қарамастан, олар, ақыры, айрылысып тынды.
Жошыдан тараған Орда-Ежен бұтағының қос сұлтаны Жәнібек пен Керей қарамақтарындағы күллі жұртымен Жошыдан тараған Шайбан бұтағының тақта отырған әміршісі Әбілқайыр-ханның қоластынан үдере көшіп кетті. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл тарихи оқиға 1456 жылы болды.
Дегенмен, Әбілқайыр хандығындағы осынау екі жарылу мен бөлінудің уақыты тарихи әдебиетте әр түрлі көрсетіледі. Мәселен, шығыс дереккөздерін тауып, аударып, зерттеп, ғылыми айналымға бірінші болып қосқан ағылшын ғалымдары (айталық, Г.Ховарс) аталмыш ханзадалардың бөлініп шығуы 1451 жылы орын алды деп есептейді. А.Чулочников пен Б.Ахмедов бұл оқиға 1455–56 жылдары болды деп санайды. Ұлыстағы келіспеушілік және Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп көшіп кетуі 1450 жылы, тіпті 1465 жылы болды дейтін көзқарастағы авторлар да бар[77].
Ал Шәкәрім Құдайбердиев осы оқиға қарсаңындағы жағдайды: «...Шибан (Шайбан – Б.Қ.) нәсілінен Әбілқайыр хан деген 1452 жылы Қазан ханына да, Қырымға да қарамай, өз алдына Жошы ұлысының күншығыс жағын түгел билеп тұрды. Сонда қазақтың ханы Әз Жәнібек хан еді, Әбілқайырға қарап тұрушы еді. Әз Жәнібектің шын аты Әбусағид (тарихи әдебиетте Абу-Сайид, Бу-Саид деп те жазылады – Б.Қ.) еді. Тоқайтемір нәсілінен Барақ хан баласы еді», – деп баяндай келе, оқиғаның мән-жайы мен өткен уақытын былай деп хабарлайды: «1455 жылы Әз Жәнібек хан немере інісі Шаһгерей хан (Керей хан – Б.Қ.) менен тамам қазақты алып, Әбілқайырға өкпелеп, Шудағы Шағатай нәсілінен Есен Бұғаның баласы Тоқлұқ Темірханға қарады»[78].
С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтанов «Қазақстан. Үш мыңжылдық жылнамасы» атты өздерінің белгілі еңбегінде сол замандағы тарихи оқиғаларды өзара салғастырып талдай келе: «...Керей мен Жәнібектің көшіп кеткен, дәлірек айтқанда, ұлыс адамдарымен бірге моғол ханы Есен-Бұғаның иелігіне көшіп келген уақытын 864/1459–60 жылдармен белгілеу керек», – деп қорытады[79].
«Қазақстан тарихының» авторлары: «Жәнібек пен Керей... өз төңіректеріне басқа да Жошы әулеті мен соларға тәуелді көшпелі және жартылай көшпелі қазақ далалары тұрғындарының рулық-тайпалық топтарын жинастырып алды да, 1458–1459 жылдары Әбілқайыр хандығынан тысқары, Моғолстанға, Батыс Жетісу жерлеріне ертіп кетті», – деп жазды[80].
Сонымен, Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр хандығынан бөлініп шыққан уақыты ретінде түрлі дата аталатынын көрдік. Қайсысы дұрыс?
Біз 1456 жыл жағындамыз. Неге?
Біріншіден, бұл дата Хайдар Мырзаның шығармасын алғаш аударып, терең талдау жолымен тұңғыш рет Вельяминов-Зернов тарапынан аталды, оны кейінгі орыс тарихшылары да құптап, қайталап келді. 1935 жылы шыққан «Қазақстанның өткені дереккөздер мен материалда» жинағына енген сол мәтінге тағы бір көз жүгіртейік. Онда Дешті-Қыпшақта Әбілқайыр ханның билеп-төстеуінен жошылық сұлтандар қатты қыспақ көрді де, олардың ішінен екеуі Моғолстанға қашты делінген. Ол екеудің аты Жәнібек пен Керей, әрі екеуі де хан деген лауазым тіркеліп берілген.
Дешті-Қыпшақта Әбілқайыр ханның билеп-төстеуінің күшейген кезі оның жошылық-орда-ежендік бұтақ ұрпақтары мекендеп жүрген Сыр мен Қаратау өңіріне шүйілген шағына, сөйтіп оларға қысымды күшейткен уағына, соның салдарынан олардың екеуінің Көшпенді өзбек хандығы құзырын тастап кеткен шағына, С. Асфендияров жариялаған мәтінде көрсетілгендей, хижраша – 860, христианша – 1456 жылға сәйкес келеді.
Олар Моғолстанның батыс бөлігіне көшіп кеткеннен кейін қыс ауа, 1457 жылы, ойраттар Моғолстанның шығыс бөлігі арқылы Жетісуға өтіп, одан әрі Түркістанға ұмтылды. Сол жорық кезінде қалмақтар ауыр жүктері мен бала-шағаларын жолдағы Шу өзенінің жағасына қалдырып, әскери қосындарымен жеңіл түрде шапшаң қимылмен, Әбілқайыр хан тұрған Сығанаққа беттеді.
Әбілқайыр әскерімен қалмақтар Сығанақ қаласы маңындағы Көккесене деген жерде шайқасты. Сол соғыста Әбілқайыр ханның әскері жеңілді. Ұрыс кезінде бірнеше жошылық сұлтан (Бахтияр-сұлтан, Ахмет-сұлтан және басқалар) қаза тапты.
Жеңіске жеткен ойрат әскері Сырдарияның ортаңғы ағысындағы қалаларды талан-таражға түсірді. Әбілқайыр хан қалмақтардың әскери қолбасшысы Өз-Темір-тайшымен қорлаушылыққа парапар (қалмаққа кіріптарлығын мойындап, ұлын аманатқа беру секілді) шарттар бойынша келісімге келуге мәжбүр болды[81].
Біздің ойымызша, бұл соғысқа Жәнібек пен Керей қатысқан жоқ. Егер өз дәстүрлі мекендерінде жүрген болса, «жошылық Бахтияр-сұлтан, Ахмет-сұлтан және басқалар» секілді, олардың да отан қорғау ісіне атсалысудан сырт қалуы мүмкін емес еді. Елге шапқыншылық жасап кірген жаулаушы ойраттарға сөзсіз қарсы шығуға тиіс-тін. Демек, олар Әбілқайыр құзырынан Өз-Темір-тайшы бастаған қалмақтар шапқыншылығы басталардан бұрын, 1456 жылы шығып кеткен де, Сыр бойын ойраттар ойрандап жатқанда, Моғолстан аумағынан өздеріне бөліп берілген Шу-Қозыбасы аймағында жаңа мемлекет іргесін қалаумен айналысып жүрген.
Әбілқайыр-хан, Әбілғазының айтуынша, жақындарына көл, дұшпандарына шөл болған: «достарын шаттыққа бөлеген, жауларын жылауға мәжбүр еткен» кісі екен. Көне шығыс қолжазбаларының бірі «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» беттерінен оның авторы Махмұд бин Уәли: «Әбілқайыр-хан Дешті-Қыпшақ еліндегі Жошы ұрпақтарынан бірқатар ханзаданы талқандап, сол қауымды түрлі өлкеге шашыратып жібергенде, осынау ыдырату мен шашырату олардың бірігуі мен топтасуына себеп болды», – дейді.
Сондай шашылған қоғамның бірінің – Әбілқайыр-ханның саясатына наразы тайпалар мен рулардың – басында Жәнібек пен Керей тұрды. «Ханмен табысты күрес жүргізуге мүмкіндігі болмағандықтан, олар туған алқабын тастап кетуді қош көрді», – деп жазды «Қазақстан. Үш мыңжылдық жылнамасы» еңбегінің авторлары. Сосын Жәнібек пен Керейдің өздерін тән алатын тайпалар тобын бастап Моғолстанға өткенін айта келе: «Оқиғалардың одан арғы дамуы көрсеткендей, Керей-сұлтан мен Жәнібек-сұлтанның Моғолстан аумағына кетуі – ыңғайлы сәт туғанда Өзбек ұлысындағы билікті басып алуды есепке алған өзіндік бір стратегиялық шегініс болған еді, – дейді олар, – бұл сәттің тууы өзін көп күткізе қойған жоқ»[82].
Хандығының астанасы Сығанақ қаласы түбінде күйрей жеңіліп, қалмақтың намыстандырып-қорландыратын шартына еріксіз мойынсұнған Әбілқайыр хан бірер жылда ес жияды. Содан соң, ақыры, өзінің ойрат шапқыншылығынан күйзелген иеліктерінде тәртіп орнатуға кіріседі. Ішкі жағдайын біршама реттегеннен кейін, құзырынан бөлініп кетіп, «өзбек-қазақ» туымен өз алдына хандық құрған Жәнібек пен Керейді жуасытып алмаққа, Моғолстанға – Жетісуға аттанады. Сол жорық кезінде, 1468 жылы, Дешті-Қыпшақтың азулы билеушісі болған Жошы ханның бір ұлы Шайбаннан тараған әулеттің қырық жыл әмірші тағында отырған өкілі Әбілқайыр-хан қаза табады[83].
Осы оқиғадан кейін Жәнібек пен Керей өз жақтастарымен «Өзбек ұлысына қайта оралып, ондағы жоғарғы билікті басып алады»[84]. Содан бастап Жошы ұрпағының басқа бұтағы – Шайбанның ағасы Орда-Еженнен тарайтын Орыс-хан әулетінің оғландары басқаратын жаңа саяси және мемлекеттік құрылым – Қазақ хандығы – Ұлы Далада іргесін батыл кеңейтіп, кең қанат жаяды.
Қазақ мемлекеттілігінің іргесі қаланған дата, тарих сахнасына тұңғыш рет қазақ атын алып шыққан дербес хандық дәуірінің басталған уақыты жайындағы дау-дамай ғылымда күні бүгінге дейін толастаған жоқ.
«Қазақстан тарихы» авторлары Қазақ хандығының құрылған уақытын нақтылауда, одан отыз шақты жыл бұрын (1979) жарық көрген «Қазақ ССР» тарихында алынған «1465–1466 жыл» деген мерзімді шүбәсіз қабылдайды[85]. Бұл түсінікті де, себебі «Рашид тарихы» еңбегінің авторы қалдырған мәлімет негізінде, «тарихи әдебиетте 870/1465-66 жж. – Қазақ хандығының негізі қаланған жыл деп есептейтін пікір толығымен қалыптасқан»[86] болатын. Және бұл жыл, «Қазақстан тарихы» авторларының айтуынша, «Моғолстандағы саяси жағдай (Есен-Бұға ханның... өкімет билігі үшін інісі Жүніс ханмен жүргізген күресі, 1462 жылғы оның өлімі... осы кезеңде Моғолстанда өкіметтің мүлдем болмауы) ...қазақ хандары билігінің нығаюына, ...шын мәнінде дербес саяси бірлестік құруларына толық қолайлы» болған. Бұған қосымша, олар сондай-ақ, «Жәнібек пен Керейдің асықпай Әбілқайыр мемлекетінің күйреуін күтуі ешқандай ақылға сыймайтын іс» екенін де атап айтады[87].
Белгілі дәрежеде қисыны бар бұл сөздер Мырза Мұхамед Хайдардың: «Қазақ сұлтандарының басқаруының басы – сегіз жүз жетпісінші жылдан»[88], – деген мәлімдемесімен сөзсіз келісушіліктің дәлелдері ретінде келтірілген.
Алайда Мұхамед Хайдардың өз еңбегінде тарихи жылдарды есте қалған дәңгейде, жобалап қана қойып отырғанын шығыстанушылық әдебиетте академик Бартольдтан бастап талай ғалым атап айтқан болатын. Сондықтан да қазіргі заманғы зерттеушілердің біразы сол дәуір оқиғаларының хронологиясын өзге материалмен салыстырып қарай отырып, Қазақ хандығы 1470-1471 жылдары құрылды деп санайды[89].
Біз бұл анықтаулардың дұрыстығына өз тарапымыздан күмән келтіретінімізді мәлімдейміз.
Көне шығыс қолжазбаларының деректері мен соларды негізге алған зерттеулерде айтылған күллі ой-пікірді талдай келе, «Қазақстан тарихы» авторлары біріншіден, «Ақ Орда хандарының билігі іс жүзінде Қазақстан аумағының бір бөлігінде... 1428 ж. Барақ хан қаза тапқаннан кейін де» және «Көшпенді өзбек мемлекеті» делінетін Әбілқайыр хандығы тұсында да үзілмегенін дәлелдей келіп, «Ақ орда да Қазақ мемлекеті болып танылуы керек»[90] деп тұжырады, екіншіден, «XV ғасырдың 50–60 жылдарында Жетісуға көшіп келген қазақ тайпаларының» «бүкіл аймақтың саяси тарихына және бүкіл жергілікті қазақ халқының тағдырына өзгеріс енгізгенін», Қазақ хандығының негізі Батыс Жетісуда қаланғанын атап айтады[91].
Мұхаммед Хайдар қазақ хандарының билігі қай жылы басталғанының анығын «бір Алла жақсы біледі» дейді[92]. Сондықтан да ол ойша атаған 840-шы (1465-66 жж.) жылдың туралығына, оның өзі де дұрысы құдайға ғана мәлім деп отырғанда, шүбәмен қарауға әбден болады.
(Жалпы, Мұхаммед Хайдар Дулатидің мәліметтерін ойланып пайдаланудың артық болмайтыны мынадан да көрінеді: ол Әбілқайырдың «жошылық сұлтандарға қысым көрсеткенін» айтады, алайда осы орайда Әбілқайырдың өзінің де Жошы-хан тегінен екенін ұмытпаған жөн. Әбілқайыр-хан – Жошының Орда-Еженмен бірге туған баласы Шайбанның ұрпағы. Міне сол Шайбанид Әбілқайырдың теріс қарағаны өзі сияқты жалпы жошылық ханзадалар дегеннен гөрі, дұрысында, соның ішінде ордалықтарға – Жошының үлкен ұлы, Шайбанның ағасы Орда-Ежен ханның және содан тарайтын бұтақтағы Орыс-ханның ұрпақтарына қысастық жасап тұрған деген дәлірек болады).
Қазақ тарихы үшін аса бағалы дереккөз қызметін атқаратын «Рашид тарихының» авторы Жәнібек пен Керейдің «сол кезде Дешті-Қыпшақта Әбілқайыр билеп-төстеп тұрған» және «Жошы тегінен шыққан сұлтандарға көп жайсыздық келтірген» әрекеті салдарынан Моғолстанға көшіп келген уақытының «моғол әмірлерінің әрқайсысы Есен-Бұға ханнан бөлініп, өздеріне қамал салып алған» шаққа сай келгенін айтады[93]. Осы оқиғалар уақыт жағынан ХV ғасырдың орта тұсында орын алған деп жобалауға болады. Сол шамада Әбілқайыр ұлысындағы билікке наразы қазақ сұлтандары мен өз еліндегі дүрдараздықтан күші әлсіреген моғол ханы арасында келіссөз жүрген болуға керек...
Бұл кезде Орыс-хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек Қазақстанның оңтүстік аудандарын билеп тұрған-ды. Олардың екеуін де өздері басқаратын аумақта хан лауазымымен атайтын, оларға кезінде Жәнібектің әкесі Барақ-ханды қолдаған ру-тайпалардың Сыр бойы қалаларымен байланысып жатқан едәуір бөлігі бағынатын-ды. Ал Әбілқайыр Сырдария қалаларын 1446 жылы алған. Демек, осы жылдан Жошы-хан әулетінің екі бұтағы өкілдері арасындағы қарсы тұрушылық өрши түскен деп білу жөн.
Хан тағындағы шайбандық Әбілқайырдың құзырына орда-ежендік (ордалық) Керей мен Жәнібек билейтін жекелеген ұлыстар жалпылама алғанда ғана кіретін. Бірақ, Әбілқайыр билікке келген алғашқы жиырма шақты жыл бойы олардың ішіне ене алмаған еді. Өйткені ордалықтар Сыр мен Қаратау өңірі өздеріне Барақ-ханнан мұраға қалғандықтан, жеке-дара иелік етіп жүрген. Сондықтан да, Әбілқайыр-хан Сырдария алабына бет бұрғанда, оның жаппай бәрін билеп-төстеуге кірісуіне Керей мен Жәнібектің көнбеушілігі күшейе түскені түсінікті.
Осы озбырлық пен оған көндікпеушіліктің ірге бөлуге, сөйтіп, дербестік аңсаған қазақтардың Шу – Талас (Қозыбасы) алқабына орнығуына ұласуы профессорлар Асфендияров пен Кунтенің редакциялауымен шыққан жинақта 860/1456 жылы болды деп көрсетілетінін[94] тағы бір еске салып, осы жылдың қазақ мемлекетінің тарих сахнасына өз атымен шығуына негіз салғанын нығарлап айтуды жөн көреміз.
Жәнібек-ханның сол ұйысу кезеңіндегі даналық әрекеттері оған халық тарапынан үлкен ілтипатпен, аса құрметтейтін сезімді білдіретін әз-Жәнібек деген атақты дарытса керек. Ал ыдыраған Көшпенді өзбек хандығының тағын алып, қазақ мемлекеті мүддесіне қызметке қойған Керей-хан мен одан кейін таққа отырған Керей-ханның ұлы Бұрындық-хан әз-Жәнібектің қазақ хандығының жұрты мен жер-суы ауқымын белгілеген кемеңгерлік жобасын жүзеге асырушылар болды.
Бұрындық-хан Сарайшықты астана етіп, ұлан-ғайыр аумақты тұтастыруға зор еңбек етті, сол жолдағы шайқастардың бірінде шейіт болды. Оның көзі тірісінде Самарқандағы әйгілі Шаһ-и-Зинда кешенінде соғылған ана дүниеде жатпақ күмбезіндегі лақат, денесі алыс қырдағы ұрыс даласынан жеткізілмегендіктен, бос күйінде қалды.
Ал Бұрындық-ханнан кейін әз-Жәнібектің ұлы Қасым хан болып, қазақ мемлекетінің күш-қуаты мүлдем артты: «оның билігі күллі Дешті-Қыпшаққа жүрді. Оның армиясында (лашкарында) миллионнан астам адам болды.Бұл жұртта Жошы-ханнан кейін одан өткен қуатты әмірші болған жоқ»[95]. Ол дербес мемлекеттік құрылым ретінде Батыс Жетісуда 1456 жылы шаңырақ көтерген Қазақ хандығының абыройын асқақтата түсті...
Қазақ хандығы дербес мемлекеттік құрылым ретінде Батыс Жетісуда шаңырақ көтергеннен құрамына өзге түркі ру-тайпалары тәрізді, Шапырашты руы да кірген. Басқалар сияқты, ол да қазақ туын көтергелі өзін-өзі азаматтық қоғам дәрежесінде басқарып, ортақ елдік шаруаларды атқаруға жалпықазақ ханы құзырында атсалысты...
[1] Қазақстан тарихы. 2-том. – Алматы, 2010. – 264–287-бб.
[2] Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казахского народа. – Ташкент, 1925; С. Асфендияров. «История Казахстана с древнейших времен». Т.1. – Алма-Ата, 1935; «Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Под ред. проф. С.Д.Асфендиарова и проф. П.А.Кунте. Сб.1 (V в. До н.э.–ХVІІІ в.н.э.). – Алма-Ата, 1935.
[3] История Казахской ССР. С древнейших времен до наших дней. В пяти томах. Т.2. – Алма-Ата, 1979. – 239-б.
[4] Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой орды. Т.1. Извлечения из сочинений арабских. – Санкт-Петербург, 1884. – 540–542-бб.
[5] История Казахской ССР. Т.2. – Алма-Ата, 1979. – 239–244-бб.
[6] Исмагулов О. Население Қазақстана от эпохи бронзы до современности (палеоантропологическое исследование). – Алма-Ата, 1970; Исмагулов О. Этническая геногеография Казахстана (серологические исследования). – Алма-Ата, 1977; Исмагулов О. Этническая антропология Казахстана. Соматологическое исследование. – Алма-Ата, 1982; Исмагулов О., Сихимбаева К. Этническая одонтология Казахстана. – Алма-Ата, 1989.
[7] Гинзбург В.В. Краниологические материалы из Северного Казахстана и вопросы происхождения ранних тюркских кочевников//доклады советской делегации на VI Международном конгрессе антропологов и этнографов. – Москва, 1960; Исмагулова А. Краниологические материалы современных казахов Западно-Казахстанской области//Известия НАН РК. Серия общественных наук, 1994, № 1. – Алматы, 1994.
[8] История Казахстана. Т.2. – Алматы, 2010. – 279-б.
[9] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 286-б.
[10] Советский энциклопедический словарь. 4-е изд. – Москва, 1986. – 1264-б.
[11] http://ru.wikipedia.org/wiki/Средние_века
[12] Советский энциклопедический словарь. 4-е изд. – Москва, 1986. – 1264-б.; http://ru.wikipedia.org/wiki/Позднее_Средневековье.
[13] История Казахской ССР. Т.2. – Алма-Ата, 1979. – 244-б.
[14] Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой орды. Т.1. Извлечения из сочинений арабских. – Санкт-Петербург, 1884. – 235-б.
[15] История Казахской ССР. Т.2. – А.-А., 1979. – 244–247-бб.
[16] Востров В. В., Муканов М. С. Родо-племенной состав и расселение казахов (конец ХІХ – начало ХХ вв.) – А.-А., 1968. – 15-б.
[17] Казахские жузы//История Казахской ССР. Т.2. – А.-А., 1979. – 248-б.
[18] Аманжолов С. А. Вопросы диалектолотии и истории казахского языка. – А.-А., 1959. – 112–113-бб.
[19] Адильгереев X. М. К истории образования казахского народа//Вестник АН КазССР, 1951, №1. – А.-А., 1951. – 85–86-бб.
[20] Вельяминов-Зернов В. В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч. 2 – Санкт-Петербург, 1864. – 382–383-бб.; Красовский М. Материалы для географии и статистики России, Область сибирских киргизов. Ч. 2 – Санкт-Петербург, 1868; История Казахской ССР. Т.2. – А.-А., 1979. – 248-б.
[21] Қазақ жүздері. Этникалық аумақ//Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 308–309-бб.
[22] Казахские жузы. Этническая территория//История Казахстана, т.2. – А., 2010. – 301-б.
[23] Вяткин М. П. Очерки по истории Казахской ССР. С древнейших времен до 1870 г. Т. 1. – Москва, 1941. – 99-б.; История Казахской ССР. Т.2. – А.-А., 1979. – 249-б.
[24] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 309-б.
[25] Материалы по истории казахских ханств ХV–XVIII веков. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. – А.-А., 1969. – 242–243-бб.
[26] Из истории казахов. – А., 1999. – 372–373-бб.
[27] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. – А., 1999. – 540-б.
[28] Из истории казахов. Сборник. – А., 1999. – 363-б.
[29] Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине ХІV– начале XVI веков. Вопросы политической и социально-экономической истории. – А.-А., 1977; История Казахстана. Т.2. – А., 2010. – 303-б.; Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 310-б.
[30] История Казахской ССР. 2-т. – А.-А., 1979. – 252-б.
[31] Қазақ ССР тарихы. 2-т. – А., 1983. – 262-б.
[32] Советский энциклопедический словарь. 4-е изд. – Москва, 1986. – 206-б.
[33] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. – А., 1999. – 557-б.
[34] Вельяминов-Зернов В. В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч. 2 – Санкт-Петербург, 1864.
[35] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 225–226-бб.
[36] Из книги «Тарих-и Рашиди» Мирза Мухаммад Хайдара. Рашидова история//Из истории казахов. Сб.. – А., 1999. – 19–23-бб.
[37] Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сборник І (V в. До н.э. – XVІІІ в.н.э.). Под редакцией проф. С.Д.Асфендиярова и проф. П.А. Кунте. 2-е изд. – А., 1997. – 114-б.
[38] Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астана, 2006. – 121-б.
[39] Мирза Мухаммад Хайдар. Рашидова история. Дафтар ІІ. Описание Могулистана и его границ//Из истории казахов. Сборник. – А., 1999. – 55–56-бб.
[40] Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі//Шәкәрім. ІІ т. – А., 2007. – 123–212-бб.
[41] Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астана, 2006. – 121-б.
[42] Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сборник І (V в. До н.э. – XVІІІ в.н.э.). Под редакцией проф. С.Д.Асфендиярова и проф. П.А. Кунте. 2-е изд. – А., 1997. – 114-б.
[43] Окончание первого дафтара «Тарих-и Рашиди»//Из истории казахов. Сб.. – А., 1999. – 53-б.
[44] Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сборник І (V в. до н.э. – XVІІІ в.н.э.). Под редакцией проф. С.Д.Асфендиярова и проф. П.А. Кунте. 2-е изд. – А., 1997. – 116-б.
[45] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 325-б.
[46] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 326-б.
[47] Шәкәрім. ІІ-т. – А., 2007. – 140-б.
[48] Начало казахской государственности// Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 215–240-бб.; История Казахстана. Т.2. – А., 2010. – 312–319-бб.
[49] Рашидова история. Дафтар І. Повествование о противодействии эмиров Исан-Буга-хану и о том, что произошло в те дни//Из истории казахов. Сб. – А., 1999. – 28–29-бб.
[50] История Казахстана. 2-т. – А., 2010. – 146-б.
[51] Шәкәрім. ІІ-т. – А., 2007. – 138-б.
[52] История Казахстана. 2-т. – А., 2010. – 147-б.
[53] Из истории казахов. Сборник. – А., 1999. – 28–29-бб.
[54] История Казахстана. 2-т. – А., 2010. – 147-б.
[55] Из истории казахов. Сборник. – А., 1999. – 28–29-бб.
[56] Шәкәрім. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 140-б.
[57] Из истории казахов. – А., 1999. – 32-б.
[58] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 158-б.; История Казахстана. Т.2. – А., 2010. – 152-б.
[59] Прошлое Казахстана в источниках и материалах. – А., 1997. – 116-б.
[60] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 184-б.
[61] Жақыпов Е. Жошы//Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 4-т. – А., 2002. – 43-б.
[62] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 185-б.; Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 237-б.
[63] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 81-б.
[64] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 187-б.
[65] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 188–189-бб.
[66] Қазақстан. Ұлттық энциколпедия. 7-т. – А., 2005. – 174-б.
[67] Қазақстан. Ұлттық энциколпедия. 6-т. – А., 2004. – 577-б
[68] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 190-б.
[69] История Казахстана. Т.2. – А., 2010. – 103–104; Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 108–109.
[70] Өскенбай Қ. Орыс хан//Қазақстан. Ұлттық энциколпедия. 7-т. – А., 2005. – 211-б.
[71] Қазақстан. Ұлттық энциколпедия. 4-т. – А., 2002. – 538-б.
[72] Шәкәрім. ІІ том. – А., 2007. – 147-б.
[73] История Казахстана. Т.2. – А., 2010. – 538-б.; Кәрібаев Б. Барақ хан//Қазақстан. Ұлттық энциколпедия. 2-т. – А., 1999. – 147-б.
[74] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 137-б.; История Казахстана. Т.2. – А., 2010. – 132-б.;
[75] Шәкәрім. Шығармалары. Екі томдық. ІІ том. – А., 2007. – 142-б.
[76] История Казахстана. Т.2. – А., 2010. – 153-б.;
[77] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 233-б.
[78] Қазақтың қайдан шыққаны//Шәкәрім. ІІ том. – А., 2007. – 143-б.
[79] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 233-б.
[80] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 332–333-бб.
[81] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 147–148-бб.
[82] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 234-б.
[83] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 158-б.
[84] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 238-б.
[85] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 337-б.
[86] Султанов Т. Поднятые на белай кошме. Ханы казахских степей. – Астана, 2006. – 126-б.
[87] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 343-б.
[88] Из книги «Тарих-и Рашиди» Мирза Мухаммад Хайдара//Из истории казахов. – А., 1999. – 29-б.
[89] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – А.-А., 1992. – 240-б.; Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астана, 2006. – 128-б.
[90] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 339-б.
[91] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 341–342-бб.
[92] Из истории казахов. – А., 1999. – 29-б.
[93] Из историии казахов. – А., 1999. – 29-б.
[94] Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Под ред. проф. С.Д. Асфендиярова и проф. П.А.Кунте. 2-изд. – А., 1997. – 116-б.
[95] Из истории казахов. – А., 1999. – 29–30-бб.
Бейбіт Қойшыбаев
(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)
Жалғасы бар...
Abai.kz