Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 2713 0 пікір 19 Маусым, 2013 сағат 05:28

«Тырнақжау» атауын түсінесіз бе?

Әйгілі ғалым Ш.Уәлиханов, В.Радловтардың қазақ фольклорын жинауға, зерттеуге кіріскен жылдарынан бері санағанда, қазақ фольклористикасы бір жарым ғасырдан астам уақытты басып өтті. Солай болса тұрса да қазақ этнографиясы, фольклоры әлі толық жиналып, түбегейлі зерттеліп болған жоқ. Мұның өзі бұл саладағы мамандардың аздығын немесе әлсіздігін көрсететін факті емес, қайта халықтың рухани, мәдени мұраларының ар жақ, бер жағына құс ұшып өте алмастай алып жайсаң теңізге ұқсайтын төтенше молдығын, құпия сырларының мейлінше тереңге жасырынғандығын көрсететін шындық. Сондықтан біз біле бермейтін, білсек те әлі жинап, қағазға түсіре алмаған фольклорлық мұралар және соларға байланысты туған сөздер мен атаулар ел ішінде мол-ақ.

Әйгілі ғалым Ш.Уәлиханов, В.Радловтардың қазақ фольклорын жинауға, зерттеуге кіріскен жылдарынан бері санағанда, қазақ фольклористикасы бір жарым ғасырдан астам уақытты басып өтті. Солай болса тұрса да қазақ этнографиясы, фольклоры әлі толық жиналып, түбегейлі зерттеліп болған жоқ. Мұның өзі бұл саладағы мамандардың аздығын немесе әлсіздігін көрсететін факті емес, қайта халықтың рухани, мәдени мұраларының ар жақ, бер жағына құс ұшып өте алмастай алып жайсаң теңізге ұқсайтын төтенше молдығын, құпия сырларының мейлінше тереңге жасырынғандығын көрсететін шындық. Сондықтан біз біле бермейтін, білсек те әлі жинап, қағазға түсіре алмаған фольклорлық мұралар және соларға байланысты туған сөздер мен атаулар ел ішінде мол-ақ.

Ал біздің бұл арада айтқалы отырғанымыз осы мәселе жөніндегі жалпылық пікір емес, қайта бір бөлім ауыл қариялары толық білсе де, былайғы жұрттың бәрі толық біле бермейтін, кітап-журнал беттерінде мүлде жарияланбаған, қазіргі тілшілерімізге тіпті кездеспеген «тырнақжау» атауы жөніндегі қысқа әңгіме, яғни осы атаудың қандай жол-жосынға байланысты туғанын түсіндіретін дерек пен осы атауды алғаш рет кімнен естігенімді баяндайтын шағын хикаяны баян етсем.

Әкем – Қинаят, Қинаяттың әкесі – Қабдолла, Қабдолланың әкесі – Қасаңбай деген кісілер үш атаға дейін үзбей оташылықпен, емшілікпен шұғылданған Өр Алтай еліндегі өнерлі адамдар есептелінеді. Менің арғы атам болып келетін сол Қасаңбайдан – Қабдолла, Кәмел, Сәлімбаба деген үш ұл туыпты. Қасаңбайдың екінші ұлы Кәмелден – Сайқын, Салықбаба, Ісламбаба, Ыбырай атты төрт ұл, Ағия, Мағия, Мәрзия, Ісламия, Күләй, Күлзамей атты алты қыз туған. Кәмел атамыздың Мағия атты сол қызы 1954 жылы бас құрап, тұрмысқа шыққанда, туған жері Шіңгілден алыстап, Гансу өлкесінің Ақсай ауданындағы руы жәнтекей ішінде тасбике Ғалым деген жігітпен үйленеді. Ал Ғалымның ауылы 1940 жылғы қырғыншылық соғыс кезінде Өр Алтайдан ауа көшіп, 1950 жылдардың басында Гансу өлкесінің Ақсай ауданын мекендеп қалған. Мағия апамыз Ғалыммен бас құраған соң, он бір құрсақ көтеріп, Ырысқан, Әмбия, Кәрімқан, Мәней (Мәненқан), Әлен, Көжек (Мәнімқан), Мейіржан, Адал, Шұғай, Шәди атты балаларды өмірге әкеліпті. Бірақ бұл балалардың соңғы бірнешеуі жастай өмірден өтіп, жолдасы Ғалым 1973 жылы наурыз айында Ақсай ауданында қайтыс болады. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң, 1940 жылдардағы қанды соғыстың қасабынан аман қалған Ақсай қазақтары шұғыл дайындалып, Қазақстанға көшпекші болады. 1994 жылы 14 қыркүйекте Ақсайдағы қазақтардың бір бөлігі атажұртқа қоныс аударды. Сол қатарда Мағия апамыз Кәрімқан, Әмбия атты ұлдарының отауымен бірге Қазақстанға өтіп, Қарағанды қаласына барып қоныстанады. Кейін бір жылдан соң, Қарағандының ауасына көне алмаған соң, Жамбыл облысы, Төлеби ауданы Балуаншолақ ауылына қоныс аударғанда, Мағия апамыз ұлы Әмбияның отбасындағылармен бірге сонда барады. 1999 жылы тамыз айының ақырында, мен сол Мағия апамызды іздеп барып амандасып, Балуаншолақ ауылында біраз күн тұрдым. Ақсайдан көшіп барған бірқанша ауылды аралап дәм татып, үлкендердің аузынан өткен күндердің тарихындай тамаша әңгімелер тыңдадым. Сол қатарда Мағия апам да Шіңгілдегі және Ақсайдағы елдің кешегі кешірмелері мен салт-дәстүрі жайлы, Қазақстанға көшіп барғаннан кейінгі тұрмыс-тіршілігі туралы әртүрлі әңгімелердің тиегін ағытып отырды.

Бір күні, Мағия апамның қан қысымы өрлеп, басы ауырып қалғандай болды. Сәске түске дейін сыртқа шықпай, көп сөйлемей, ағаш төсекте жантайып жатты. Түске жақындағанда төсектен түсіп, дәл төрдің алдынан төмендеу орынға жайылған қазақы сырмақтың үстіне келіп, екі аяғын созып, денесін тік ұстап отырды да, үйге кіріп-шығып жұмыс істеп жүрген 13-14 жасар немере қызы Күлизатты қасына шақырып алып «балам, басымның сақинасы ұстап отыр, біраз уқалап жіберші, айналайын!» деп өтінді. Әжесінің тілегін екі етпейтін сұңғақ бойлы Күлизат әжесінің дәл арт жағынан келіп тізерлеп отырды да, Мағия апасының басын уқалай бастады. Жарты сағатқа жетпейтін уақытта, Мағия апамның көзі шырадай жанып, көңілі жадырап сала берді. Сонан соң ол кісі немере қызына бұрылып: «Рақмет балам, жасың ұзақ болсын! Басымның ауырғаны басылып, сергіп қалғанымды қарашы! Міне, ала ғой балам, мынау сенің «тырнақжауың» деп арт жағындағы төсектің қасында тұрған қара сөмкеден бірнеше кәмпит пен екі тал шоколадты немере қызының қолына ұстатты. «Тырнақжау» деген сөзді мен тұңғыш рет сол Мағия апамнан естідім. Немере қызы сыртқа шығып кеткеннен кейін Мағия апамды сөзге тартып:

–  Апа, қыз-келіншектердің әжелерінің басын уқалап отырғанын

көргенім бар. Бірақ сіз айтқан жаңағы «тырнақжау» деген сөзді тұңғыш естіп отырмын. Бұл қалай айтылған сөз, түсіндіріңізші дедім. Сол кезде алпыс төрт жастан асқан Мағия апам маған қарап бір жымиып күліп алды да:

–  Па, саған бұл сөз де қызық сезілді ме, адамның жасы ұлғайғанда

басының сақинасы ұстап ауырады. Бұл біз секілді кемпірлерде ғана емес, шалдарда да кездесетін құбылыс. Бәлкім бұның себебі қан айналысының жақсы болмауынан шығар. Бала кезімде шешемнің, жеңгелерімнің басын көп уқаладым. Сол марқұмдар маған және менің әпке-сіңлілеріме «тырнақжау» деп күміс түйме, тана, моншақ сияқты ұсақ нәрселерді сыйлайтын. Кейде сондай нәрселердің ыңғайы болмағанда, құрт-ірімшік, қант, өрік-мейіз қатарлы жемістерді де беретін. Бұл – бұрыннан келе жатқан бір ескі жосын. «Сыйға сый» деген сөз осындайдайға қаратылған болса керек. Қыз бен келін отбасыңның адамдары болса, олар сен үшін жұмыс атқарып, басыңды уқалап берсе, оларға жылышырай танытып, бір нәрсе ұстатпасаң бола ма? Сонда «тырнақжау» дегеніміз басыңды не денеңді уқалап берген қыз-келіншектерге берілетін сыйлық немесе ұсақ заттар деп түсінсең дұрыс болады. Тырнақты біз кір сақтайтын арам нәрсе деп қараймыз. Ал тарихта оның қасиетті, киелі саналатын жақтары да болғанға ұқсайды, – деп әңгімесін аяқтады. Кейін осы «тырнақжау» деген сөзді мен Алтай аймағы Шіңгіл ауданындағы бірқанша үлкен адамдардан сұрадым. Сол кісілерде бұл сөз адамның басын не денесін уқалаған қыз-келіншектерге жоралғы үшін берілетін жоғарыдағыдай ұсақ нәрселерге байланысты айтылатын атау екенін баяндады. Бірақ ұқсамайтын бір түйін – «тырнақжау» деген сөзді біреулер «тырнақ жабар» десе, енді біреулер «тырнақ ақы» деп түсіндірді. Бұл атаулар мейлі қалай аталса да, біздің өміріміздегі қазақы ем-домға байланысты туған атау екендігін анық білдік. Өкінішке орай, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» қатарлы ғылыми томдарға кірмей қалыпты. «Ештен кеш жақсы» дегендей, он неше жылдың алдында Мағия апамның аузынан естіген бұл атаулар жөніндегі әңгімені бүгін қағазға түсіріп отырмын. Егер осы атаулар жөнінде көзіқарақты кісілер тағы қандай дерек көзін білетін болса, газет-журналдарға мақала жариялауын немесе маған хат жазуын өтінемін. Мақсат – ұмыт болған ұлттық мұрағаттарымызға қатысты бір ауыз сөз болса да, оны тауып кәдеге жарату, оны халықтың өзіне қайта ұсыну.

Автор: Дәлелбек ҚИНАЯТҰЛЫ, ҚХР СҰАР, «Мұра» журналының бас редакторы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061