Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Әне, көрдің бе? 1988 5 пікір 14 Тамыз, 2023 сағат 15:34

Қазақстанда «Бокассаның елесі» болған еді...

Африкадағы бір кедей елдің аз уақытта басынан өткерген «күлкілі» тарихын оқып отырып, менің Қазақстаным да сол елдің кебін киіп барып, құдай қағып аман қалғанымызға тәуба дедім.

Хош, сонымен...

Еліміз Еуразия құрылығының дәл жүрегіне орналасқан, әрі осы құрлықтың кіндігі  болып табылады.

Осыған ұқсас  Африка құрлығының дәл жүрегіне орналасқан, әрі кіндігі іспетті Орталық Африка Республикасы (ОАР) деген ел бар. Кедейлігінде шек жоқ, ол жағынан Аллаға шүкір, біздің елге шаңын да көрсетпейді. Соншалықты кедей ел. Ондай болудан бізді Құдай өзі сақтасын.

1961 жылы Африка құрылығын тәуелсіздендіру үшін еуропалықтар әртүрлі шаралар жасады. Соның бір бөлігі ретінде француздар ОАР-дан кетіп, оны тәуелсіз Республика деп жариялады. Былайша, тегін берілген сыйлық деген сөз.

Ел президенті болып Дэвид Дако дегенді «сайлайды». Дэвид Дако Қара Африкалықтардың Әлеуметтік-революциялық Партиясы (ҚАӘРП) дегенді құрып, жаңа Конституция бекіткенін мәлімдейді. Сонымен қатар өзінің жақын туысы Жан Бэдель Бокассаны Ұлттық Армияның Бас штабының басшысы етіп тағайындады. Ал бұл Бэдэль Бокасса есімді туысы ағасы Дэвид Дако-ның елде болмаған кезін пайдаланып 1967  мемлекеттік төңкеріс жасап жібереді де Партия Төрағасы, ел Президенті, Премьер-Министр және Парламент спикері деген төрт негізгі лауазымды бірден бір өзінің уысына алып алады.

Географиялық орналасуының маңыздылығына байланысты Франция өз әскерлерін осында орналастырып қойғанды. Сондай-ақ халқы өте аз бұл кедей елді француздар асырап отырған болатын. Несие бере береді. Елдің қарызы көбейіп оны төлеу мүмкін емес екенін білген әлгі Бокасса Франция президенті Шарль де Голльді ресми түрде Орталық Африка елінің «әкесі» деп жариялайды. Ол кезде Де Голль де ұяттан жерге кірердей болған шығар. Бокасса билікке келе сала жұмысын Конституцияны өзі мүддесіне сай өзгертуден бастайды. Ол соншалықты білімді адам емес еді, 1954 жылы француз армиясына шақырылып Вьетнам соғысына қатысқан кезінде қара танып, кіші сержант дәрежесіне дейін көтерілген болса керек.

Ол басқарған ҚАӘРП партиясы елдегі жалғыз партия болғанымен оның саяси бағдарламасы да, идеологиясы да болмады, тек ғана Бокассаның елді басқару жұмысының құралы ғана болды. Партияның 1972 жылы шақырылған төртінші съезі Бокассаға «маршал» атағын беру туралы жалғыз мәселені талқылаған деп айтылады. Бокасса кез келген уақытта партия жиналысын ашады да өзінің басты қарсыластарын бас көтертпей жаншып тастайды. Мемлекеттік министр Бонга, Кәсіподақ басшысы Сандосса, Премьер-Министр Патассе-лар жыл сайынғы партия жиналысында талқыланып қамауға алынып, түрмеге жабылса, басқа да көптеген  министрлер жұмбақ жағдайда қайтыс болды.

1976 жылы, яғни осы кедей ел тәуелсіздік алғанына тура 15 жыл толғанда Бокасса жоғарыда аталған төрт негізгі лауазымнан басқа, Баспасөз министрлігі, Қорғаныс Министрлігі, Сауда министрлігі, Пошта министрлігі, Тау-кен өнеркәсібі министрлігі және Ақпарат министрлігі түгелдей  өз қолына алып басқаратын болды. Көп әйелдерінің бірі болған ең үлкен бәйбішесін Орталық Барлау Басқармасының басшысы етіп тағайындайды.

Оның сыртқы саясаты тіптен ерекше болды. 1970 жылы КСРО-ға ресми сапарға барғаннан кейін бұл ел өзін «социалистік лагерьдің» ажырамас бөлігі деп жариялады.

1975 жылы Францияның жаңа президент Жескар де Эстанмен болған кездесуге жауап ретінде өз халқын француз елінің жолымен өркендейтінін мәлімдеді.

Келесі 1976 жылы  мұнайға бай ел Ливияның  президенті Кадаффи ресми сапармен келген кезде, ол өз елінің мұсылман болғанын жариялап, үкіметтің барлық мүшелерін сүндетке отырғызып Исламды қабылдау рәсімін өткізді, өздеріне Мұхаммед,  Ахмед  т.б. ат қойып алды. Қасиетті Құранды жаңадан француз тіліне  өзім аудардым деп мыңдаған данамен басып шығарып, оларды бүкіл елдегі әрбір үйге таратты. Әрине, оның араб тілі білімі туралы не айтуға болады, бірақ Каддафи де бұл ақымақ қараны ақшамен қолдамады, сондықтан Орталық Африка мемлекетінің мұсылман  мемлекеті болғанын келесі жылы бүкіл әлем ұмытып кетеді. Сонымен Бокасса  батыс және шығыс Германиядан,  Тайваньнан ақша сұрап жалынып, Қытайдан кенеттен дипломатиялық қатынастарын  үзіп.. т.б әрекеттерімен де әлемді шулатады.

1976 жылы мемлекеттің 15 жылдығына орай ол елді Орталық Африканың империялық патшалығы деп жариялап, өзін император етіп тағайындады. «Итті қорқытатын ағашы» секілді  бұл шешім әлгі ҚАӘРП  партиясының жиналысын шақыру арқылы қабылданады. «Император партиядан жоғары болуы керек», - деп  партиясынан уақытша бас тартып бұраңдайды.

Ең қызықты аттракционы Бокассаның таққа отыруы болды. Француз армиясында қызмет еткен кезінде ол  Наполеонның кенеттен өз Республикасын патшалыққа айналдырып, өзі император болғанын естігені осы бір алып қара адамның кішкентай миына қатты әсер қалдырса керек. Бірақ ол Напалеонның Біріккен Еуропаға деген ұмтылысы, әлемдегі алғашқы заманауи басқару жүйесін ойлап табуы, теңдесі жоқ ақыл-ойдың иесі, керемет әскери қолбасшы болғаны турал ешқашан естімеген сияқты. Ол Француз революциясының тарихы, Монтескье принциптері, шашыраңқы Италия, неміс империализмі, ағылшын бәсекелестігі, әлемнің көшбасшы өркениеті қатарлы ұғымдарды естісе де қабылдап түсіне алмас еді.

Сонымен әлемдегі ең кедей ел патшаны таққа отырғызу рәсіміне бола барлық дәулетін шашыпты. Орталық Африка Республикасында іске татитын жалғыз мүлік-гауһар тастардың аздаған қоры бар болатын. Оның өзі әлгі Бокассаның өзі толығымен басқаратын  жеке біліміндегі байлық екен. Патша тәжіне екі мың бриллиант орналастырып әсемдеу сол кездің бағасымен 5 миллион долларға бағаланған. Патша тағын ұшып бара жатқан бүркіт бейнесімен жасап алтынмен аптағандықтан, салмағы екі тонна болыпты. Тақты толығымен барыс терісімен қаптапты. Киімдерін еуропалық ең жақсы ательелер тіккен. Киімнің материалдары әлемнің түкпір-түкпірінен сатып алынды. Жамылғысының өзі бес түсте жарқырайтын өте қымбат арнайы материалмен Үндістанда арнайы қолөнершілер арқылы жасалды. Бұл жамылғы туралы ол өзін ұлықтау рәсімінде қара түс мемлекеттің темір жұдырығын бейнелейді, сары түс императордың рақымшылығын білдіреді, ал жасыл түсі Орталық Африка шөлінің жасыл елге айналып, жасарып өсетінін білдіреді  және т. б...

Барлау басқармасының басшысы болған бәйбішесін Патшайым деп, үш жасар ұлын тақтың мұрагері деп жариялайды. Туыс-туғандары ханзада, герцог, ханшайым сияқты ежелгі француз дворяндарының атақтарымен марапатталды. Салтанатты рәсімге орай жауынгерлерінің формасын жаңалап,  бірнеше күн бойы жаттығу жасап дайындалған аш сарбаздар екі тонна алтынмен апталған тағында бес түрлі түспен жарқырап желбірейтін жамылғысын жамылып отырған есуас патшасының алдынан шөлдің шаңын бұрқыратып француз стилінде парад жасапты. Онысы бұл аймақта кең таралған адамды өлтіріп сойып, етін қақтап жеудің алдында билейтін «марзан» деп аталатын биіне қарағанда әлдеқайда өркениетті көрінсе керек.

Салтанатқа қатысқан Франция және Африка елдерінің елшілерінің біразы қалталарын томпитып, осы мүмкіндікті пайдаланған итальян, неміс және швед кәсіпкерлері салтанатты тағамдардан ауыз толтыра асап қуанышқа бөленіпті.  Бокассо-ның тегі адам етін жейтін тайпадан шыққан екен. Сонымен қатар, оған Інжілдегі «Соңғы кешкі ас», оны бейнелеген Леонардо да Винчидің суреті өте ұнаған екен. Сондықтан түрме басшысына хабар жіберіп, мәсіхтің «Соңғы кешкі асын» ұйымдастырады. Тойығанынша тамақтандырып, шарапқа мас болдырғаннан кейін, тұтқындарды сойып, етін мұқият тазартып патшаның асханасына жібергені, банкетте қонақтардың тамсана жеген асы осы болса керек. Кейінірек, барлық шындық анықталған кезде, қонақтардың кейбірі өзінің адам етін жегенін білгенде есінен танып, жынданып қайтыс болыпты деп те айтылды. Рәсімнің жалпы құны 50 миллион долларды құрауы осынау кедей елдің жалпы ұлттық өнімінің 50 пайызына тең қаражат екен.

Барын құртып, мемлекеттік қазынаны тықырлап тастаған патша қайыр-садақа сұрау үшін Парижге келеді. Өзі «аға» деп атаған  президент Жескар де Эстанмен кездескенде қалтасынан бір уыс гауһар алып, оларды  көптің көзінше тікелей ағасының қалтасына сүңгіте салыпты. «Маған ақша берсең, мен күлемін, көп ақша берсең, одан да көп күлемін» деген тарихи афоризмнің авторы болған Бокасса еді. Жескар соңынан бір уыс гауһарды мемлекетке тапсырғанымен бірақ бір-екеуі қалтасының түбінде қалды деген қауесет тарағандықтан келесі сайлауда жеңіліп қалған болатын-ды.

Бокасса қоржынының түбі тесілгендіктен ақша табу үшін сан түрлі әдіс ойлап тапты. ҚАӘРП-тің съезінде жеке меншік мүліктерін мемлекетке тәркілеу туралы шешім қабылдатты. Бұл сьезде сонымен қатар осы елдегі жалғыз мектептің барлық оқушыларына аса қымбат тұратын мектеп формасын сатып алып сәнді киінуді бұйырды. Жалаң аяқ, жалаңбұт балаларына ата-анасы киім алатын ақшаны қайдан таппақ. Ал сол форманы тігетін фабрика патшаның жеке меншігі болатын.

Наполеонның өнерге деген сүйіспеншілігі туралы естіген Бокасса театр, ансамбль, әртүрлі зәулім мүсіндер тұрғызуға шешім шығарып, олардың барлығын сенбілік арқылы тегін істеуге  бұйрық қабылдады. Жалпы, ол ештеңе түсінбесе де өнершіл, сауықшыл, әртүлі рәсімдерге, ленталарды қиюға, жиналыстарға, шерулерге белсенді болды. Екі жүз кішкентай баланы киім сатып алмағаны және ешқашан театрға келіп көрмегені үшін қамауға алып, түрмеге жабады. Сонымен қатар, оларды соя бастайды, өзінің жеке тоңазытқышын балалардың жұмсақ  етімен толтырады.

Әр нәрсенің соңы болатыны белгілі...

Осы елді жауаптанып, бюджетке қаражат тауып беріп қамқорлыққа алып отырған франция президенті  Жескер «аға»-ның сабыры сарқылып 1979 жылы француз армиясының шетелдік легиондарын Орталық Африкаға жібереді. Ел қайтадан республика болып құрылып, президент болып бірнеше жылдың алдындағы төңкерісте тағынан тайдырылған бұрыңғы туысы Дэвид Дако қайта «сайланды». Ал Бокасса патша шетелге қашып кетеді де, содан  қайтадан мемлекеттік төңкерісті жасау үшін 1986 жылы Кот-д' Ивуардан жасырын түрде еліне оралды. Бұл жолы ол ұсталып, түрмеге жабылып,  ақыры сонда өліп тынған секілді...

Бұл тарих күлкілі болып көрінгенімен нағыз трагедияда еді. Содан бері отыз бес жылға жуық уақыт өтіпті. Ол кезде Африкада осыған ұқсас оқиғалар тек осы ғана емес болатын. Угандалық Иди Амин, Танзаниялық Нерере, Заирде Мобуту, Эфиопиялық Менгесту және т.б.

Бүгінде Африка әлдеқайда өркениетті. Мұндай жауыздар мен есуастар Африка билігіне пайда болған кезде тығырықтан шығар жолдар мүлде жабылған болатын. Біраз уақыт бойы әлем Африканы өзінің тарихы мен өмірбаянына байланысты қоқысқа тастап қойған-ды. Бірақ қазіргі таңда өркениетке бұрылып, мемлекеттік тәжірибе жинақтап, ақыл-есі кіре бастағандықтан олардың болашағынан үміт күткен әлем елдері қайтадан мойын бұра бастады.

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

5 пікір