Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ғибырат 2736 4 пікір 15 Қыркүйек, 2023 сағат 14:12

Тағдырына бас имеген ғалым

Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ
ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ
ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ ӘЛІМҒАЗЫ ДӘУЛЕТХАНҰЛЫНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ

Әр адманың тағдыры өзінше қызық қой. Қайсы бір адамдар басқа салған тағдырына, өмір тәлкегіне бой ұсынса, енді біреулер сол тағдырын өзі жасайды. Ол жігер-қайраты сарқылмаған нағыз күрескер азаматтың жолы.

Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетханұлының өмір жолы сондай азаматқа лайық күрескердің жолы. Міне, бүгін сол ағамыз сексен жастың сеңгіріне шығып ғылыми қауымдастық пен қалың жұрттың құрметіне бөленіп отыр. Өйткені ол өзінің бүкіл саналы өмірі мен қызметін қазақ әдебиеті мен журналистикасына және Қазақстанның тарих ғылымына арнап осы салаларда тың тақырыптар мен жаңа ғылыми ұстанымдарды әкелді.

Ғалымды және оның ғылыми еңбектерімен біршама таныс ғылыми орта оның өмір баянына қанық. Өз өмір жолында қаншама қиындық пен қиянат көрсе де ол еқашан өзінің азаматтық ұстанымдарынан, дүниетанымдық құндылықтарынан  арылған емес.

Әлімғазы Дәулетханұлы өмірінің алғашқы ширегі арғы бетте, ҚХР-нда өтті. Ол 1943 жылдың 15 қыркүйегінде ҚХР ШҰАР-ның Іле Қазақ автоном облысына қарасты Күнес ауданының Түрген ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. 1952-1962 жылдары аудан орталығы Бестөбедегі 10 жылдық мектептті оқып бітірді. Содан 1961 жылы Үрімжі қаласындағы Шынжаң университетінің тарих-география факультетіне түседі. Бірақ болашақта қажет боларын сезді ме ол өз қалауымен Қытай тілі-әдебиеті факультетіне ауысып, сол мамандық бойынша 1966 жылы университетті ойдағыдай бітіреді. Оның шығармашылыққа деген талпынысы дайындық бөлімінде оқып жүргенінде-ақ байқалды. Сол жылдары Әлімғазы Дәулетханұлының «Каникулда» атты тырнақалды әңгімесі Шыңжаңда қазақ тілінде шығатын жалғыз «Шұғыла» әдеби журналының 5-ші санында жарияланады.

Университетті бітірген соң Әлімғазы Дәулетханұлының алғашқы еңбек жолы 1966-1968 жылдары бүкіл Қытайды шарпыған «Мәдениет төңкеріс» кезеңімен қатар келеді. Солақай саясатқа наразылық танытқан ол «Көтерілісші екінші штаб» деген бұқаралық ұйымның жұмысына белсене араласып, оның басшыларының біріне айналады.  4 жыл бойы саяси күреске қатысқаны үшін ол талай рет саяси қуғынға да ұшырады. Бірақ қанша қудалауға түссе де  «төңкерісшіл» шолақ белсенділері Әлімғазы Дәулетханның жігерін сындыра алмады. Қайта керісінше оның бойында күрескердің мінезін қалыптастырып шыңдай түсті.

1967 жылы мамыр-маусым айларында Шынжаңдағы тапталып жатқан шағын ұлттардың мүддесін қорғау үшін «Көтерілісші екінші штабтың» 9 адамнан тұратын арнайы делегацияның құрамында Бейжиңде болып, мемлекет басшылармен болған кездесулерге қатысады. Кездесу барысында олар ШҰАР (СУАР) парткомитетінің І хатшысы Уаң Ынмаудың Ұлы ханьдық шовинизмін әшкерелейтін материалдарды орталық билікке тапсырады. Кездесу кезінде Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ сияқты аз ұлттардың мүддесін қорғау мақсатында жергілікті аймақта кадр, экономика, жер, оқу-ағарту, ұлттық мәдениет, тіл және т.б. әлеуметтік мәселелер көтеріледі. Алайда билік пен Коммунистік партияға олардың бұл ұсыныстары жақпай кері әсер береді. Осындай наразылық білдіретіндердің жолын кесү үшін 1968 жылы қыркүйекте бүкіл Қытай бойынша «Зиялыларды еңбекпен қайта тәрбиелеу» деген науқан жарияланды. Коммунистік қоғамда өзгеше ойлайтын зиялы қауым әрқашан сенімсіз элемент боп саналатын. Сондықтан да мұндай талапты жоғарыға беруді ұсынып ұйымдастырғандар да, соған қатысы барлардың бәрі де «еңбекпен түзеу» науқанына ұшырап 1966-1967 оқу жылы бітірушілердің бәрін ауыл-қыстаққа күштеп қоныс аудартады. Осы науқанның лебімен билік оны Бұратала Моңғол автономды облысына қарасты Арасан ауданына жер аударып, Аққой фермасының 10-шы бөлімшесінде жылқы бақтырып қойяды.

Бірақ, Қытай билік орындары оны қанша жерден бақылауға тырысқанымен бойында қаны бар, арман қуған азаматты тұсаулап ұстап тұру мүмкін емес екен. Сөйтіп бір топ жолдастарымен ол 1969 жылдың 2 сәуірінде тау-тастың арасымен 8 күн жол жүріп, Қазақстанды бетке алып шекарадан қашып өтеді. Ол кезде Қазақстан әлі тәуелсіздігін алмаған, кеңес империясының қол астын қарап тұрған кезі. Бір елден екінші елге барып тұрақтау оңай болған жоқ. Сондықтан да шекара асып келген қазақ жастары сегіз ай бойы Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің (КГБ) бақылауында болады. Ә. Дәулетханұлының басынан кешірген осы бір оқиға мадақтауға тұратын, қазіргі жастар үшін отансүйгіштік пен еркіндіктікке ұмтылудың үлгі-өнегесі болатын үлкен көрініс.

Қазақстанға келген соң Ә. Дәулетхан бірден өзіне қанат бітірген арман-мақсатына бірден жете қойған жоқ. Кеңестік тоталитарлық жүйенің қатаң бақылауына алынған Ә. Дәулетханұлы 1970 жылдың қаңтарында Көкшетау облысы Ш. Уәлиханов ауданының «Золотая Нива» совхозының «Қазанқап» бөлімшесіне жер аударылып, қойшының көмекшісі, тракторшы және әр түрлі қара жұмыстарға тартылып, 1972 жылға дейін бір совхоздың аумағынан шыға алмайтындай паспорттық режимде тұруына мәжбүр болды.

Сол 1972 жылы қаңтарда арнайы өкімет орындарының рұқсаты бойынша Шымкент қаласына қоныс аударады.  ҚХР-да бір жоғары оқуды бітірген ол Оңтүстік өңірдегі өмір жолын қайтадан студент болып М.О. Әуезов атындағы Педагогикалық институттың Қазақ тілі-әдебиеті факультетіне түсіп, оны 1976 жылы «қазақ тілі-әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіреді.

Айта кететін бір жайт, Ә. Дәулетханұлы Шымкенттің пединститутында оқып жүріп те өзінің азаматтық белсенділігімен танылды. Атап айтқанда 1974 жылы ол Қабдеш Жұмаділовтың жарық көрген тұңғыш романы «Соңғы көшті» талдауға арналған автордың қатысуымен арнайы конференция ұйымдастырған болатын. Сөйтіп Оңтүстік өңірге бұл шығарманы кеңінен насихаттауға ат салысты. Ол кезде шетелдегі қазақтар туралы тақырып жабық тың тақырыптардың бірі болатын. Арнайы органдардың бақылауында жүрсе де Ә. Дәулетхан ешнәрседен қаймықпай өзімен тағдырлас болған автордың арғы беттегі қазақтардың тарихи тағдырына қатысты шығармасын шын жүректен қабылдап, алғашқы талдау жасаған адам болды.

Шымкентте М.О. Әуезов атындағы пединститутты бітірген соң Ә. Дәулетхан 1976-1989 жж. аралығында «азаматтығы жоқ адам» («Лицо без гражданства») шарты бойынша тағы да жүріс-тұрысы шектеліп, сол тұстағы Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданы Шұбар ауылындағы №146 Селолық кәсіптік-техникалық училищесінде (СПТУ) ұстаздық қызмет атқарады.

Тоталитарлық жүйе Ә. Дәулетханұлының қай жерде өмір сүруін бақыласа да, ой еркіндігі мен шығармашылығына тосқауыл бола алмады. Еркіндікті, өнер мен білімді, ғылымды аңсап келген адам шығармашылықпен айналыспай қоймайды екен. Өйткені өнер тақыр жерге қонбаса керек. Ол қанмен, текпен қонатын қасиет. Осы тұрғыдан келгенде Ә. Дәулетханның әдебиетке, өнерге, тарихқа келуі кездейсоқ емес.

Құлжа аймағынды қызай дейтін ел бар. Сол елде Ә. Дәулетханның арғы бабасы Алым ақын деген кісі сол елдің атақты адамдарының бірі, бас муфтиі болған, сол елдің басын сәждеге жыққан, рухани аталарының бірі. Одан кейін бүкіл Шыңжаңға мәлім Шылбы ақын деген атасы болды. Ол Шыңжаңның жаңа әдебиеттің негізін салушылардың бірі. Өз кезінде елде мешіт, мектеп салдырған, өзінің ақындық мектебін қалыптастырған адам. Тіпті Шыңжаңның атақты жыр дүлділі, сол қызай елінің тумасы атақты Таңжарық ақынның өзіне ұстаз болған. Ал өз әкесі Дәулетхан да жыр жинақтары шыққан атақты ақын, Құлжа өңірінің белсенді азаматтарының бірі болды.

Көріп отырғанымыздай, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» демекші Ә. Дәулетхан жеті атасынан бері сүйекке біткен, құт қонған, өнер дарыған шаңырақта туып өсті.

Жеке басының еркіңдігін тежеген ауыр жылдардың ызғарында жүрсе де Ә. Дәулетхан шығармашылықтан қол үзген жоқ. Ол өзінің бірсыпыра әңгіме, повестерін облыстық және республикалық мерзімді басылым беттерінде жарияланып тұрды.  1978 жылы «Жалын» баспасынан жұрт жылы қабылдаған «Сырымды айтам» атты повестер жинағы жарық көреді.

Сол қайсарлығы мен жігердің қайыры есебінде араға 18 жыл салып,  КСРО-да «Қайта құру» реформалары жүріп, тоталитарлық жүйенің тоңы жібіген тұста 1986 жылы «Кеңес азаматы» деген азаматтық төлқұжат ақыры қолға тиеді.

Азаматтық төлқұжат қолға тиген соң Ә. Дәулетханұлы 1989 жылы Алматыға қоныс аударып, республикалық «Алатау» телеарнасына журналист болып орналасып, 1992 жылға дейін тележурналистика саласында абыроймен қызмет атқарды.

Адамның бойындағы дарын дұрыс пайдаланса қай жерде жүрсе де шығады екен. 1992 жылы Ә. Дәулетхан Түркияда үш айлық тіл үйрену курсын оқып түрікше үйреніп қайтады. Соның арқасында оның алдынан жаңа шығармашылық мүмкіндіктер көптеп ашылады. Ол түрік тілінен халық сусап күтіп отырған тарихи, әдеби еңбектер мен діни кітаптарды қазақ тіліне аударып, баспасөз беттерінде жариялай бастады. Сонымен қатар, Түркияны қазақ еліне жан-жақты таныстырған да Әлімғазы Дәулетхан болды. Ол Түркияда болған үш айлық сапары кезінде жазып алған жол естеліктерінің негізінде сол кезде ел арасында  танымал болған «Өркен» газетінің бес нөмеріне «Түркия толғаулары» атты көлемді очерктер тізбесін жариялады.

Әлімғазы Дәулетханұлы қандай қызмет атқарса да ол үшін қазақ халқының мүддесі бірінші орында тұрды. 1993-1994 жылдар аралығында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына» бас маман боп қызметке тұрғанда да  1990-шы жылдардың басында шетелдегі қандастарымыз көш басын Қазақстанға бұрған отандастырымыздың басын қосуды басты мақсат етіп қойды.

Осы жылдары оның қаламынан шыққан «Тұтқын жолаушы» атты әңгімесі (1993) және «Мағжан және қазақ поэзиясы» атты көлемді зерттеу сын мақаласы (1994) «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Осы зерттеу мақаласында ол кеңестік қазақ әдебиетінің тарихы, оның алып тұлғалары, қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелеріне байланысты қалың жұртшылық пен ғалымдарға өзіндік тың ой-пікірлерін ұсынды. Ол өз мақалаларында қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығарамаларына объективті тұрғыдан талдау жасай отырып, Мағжан бастаған алашшыл, түрікшіл ақын-жазушылардың өзіндік тарихи орнын анықтауға күш салды.

Ә. Дәулетхан түрік тілін еркін меңгергеннің арқасында ол 1994-1997 жылдары Халықаралық «Zaman-Қазақстан» газетінде аудармашы әрі журналист болып қызмет атқарды. Бұл жылдары ғылыми аудармаға терең бойлаған журналист газеттің әр санында түрік тілінен аударған тарихи, әдеби және ағымдағы өзекті тақырыптағы мақалаларды үзбей жариялап тұрды. Сол кезде аса өткір, ғылыми, әлеуметтік, саяси, мәдени құбылыстарды талдауға арналған публицистикалық мақалаларының арқасында ол зиялы қауымға кеңінен таныла бастады.

Ғылыми аудармамен кәсіби түрде айналыса бастаған Ә. Дәулетханұлы 1996 жылдан бастап Түркияда шыққан тарихшы Бахаддин Өгелдің екі томдық «Ұлы Хун империясының тарихы» кітабына ден қойып аударуды қолға алды. Сол кітаптың сапалы аударылуына байланысты Қазақ тарих ғылымының қара шаңырағы – Тарих және этнология институты оны жұмысқа шақырады. Бұған дейін әдебиет, фольклор саласын зерттеу кезінде жинаған мол тәжірибесінің арқасында ол тарих ғылымының тұңғиығына сүңгіп, ғылым жолында жаңа ізденістерін бастайды.

1997 жылы ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына қызметке орналасқан Ә. Дәулетханұлы «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы», қазіргі «Ежелгі заман және Қазақстанмен іргелес елдер тарихы бөлімінде» кіші ғылыми қызметкерден жетекші ғылыми қызметкерге дейін жетіп Отандық тарихқа өзінің сүбелі үлесін қосып абыройлы қызмет етіп келеді. Ол алғашқы жылдан бастап-ақ хундар тарихын жан-жақты зерттеуді қолға алды. Жоғарыда аталған Баһаддин Өгелдің екі томдық «Ұлы Хун империясының тарихының» толық аудармасы (Алматы, 1998) арқылы тарихи зерттеулерге қалам тартқан Ә. Дәулетхан ғылыми ортада синолог, турколог әрі шебер аудармашы ретінде танылды.

Кеңес заманы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ тарихы мен туркология ғылымы орыстық және еуропацентристік астамшылдықтың қыспағына түсіп, алға жылжудың орнына тоқырап қалды. Жарық көріп насихатталған кеңестік туркологиялық зерттеулер ресей ғалымдарының қолымен тек қана орыс тілінде жазылған болатын. Ал тарих ғылымына Әлімғазы Дәулетханұлының келуімен Отан тарихын жазудың жаңа кезеңі басталды десек те болады. Өйткені М. Мырзахметұлы айтқандай оның «әдебиет пен тарихқа бірдей даярлығы» болды.

Оның «Ежелгі және ортағасырлардағы түркілер: тарихи зерттеулер» (Алматы, 2011) атты еңбегі Ә. Дәулетханұлының жеке басының рухани негізі мен ғылыми ынталылығы тек ұлттық-түркілік тұғырнама аясында қалыптасқанын байқатты. Мұндай азаматтық ұстаным оны қазақ халқының сырлы да қилы тарихын тарихи үдерістерді түйсіну арқылы жанашырлықпен жазуға бағыттады. Бұған дейін халқымыздың көне тарихы мен  этномәдениетін ұлттық тұрғыдан жазып сипаттаған еңбектер кем де кем болатын.

Әрине, тарих ғылымында мұндай нәтижеге жету көп жылдық тірнектеп терген тиянақты ғылыми ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасы. Сол еңбегінің ғылыми нәтижесі ретінде Хун тарихын зерттеудің өзекті мәселелеріне арналған мақалаларын Институт жанынан шығатын «Отан тарихы» журналының тұрақты авторы ретінде үзбей жариялап, ғылыми ортаға ұсыну арқылы өз ұстанымдары мен ғылыми көз-қарастарын апробациядан өткізіп отырды.

Сонымен қатар, ғалым көптеген ұжымдық жинақтарды жазуға да белсенді түрде қатысып отырды. Солардың ішінде, мысалы, «Иллюстрированная история Казахстана с древнейших времен до наших дней (в 3-х томах)» (Алматы: РОНД, 2001) атты жинақтың «От эпохи палеолита до монгольского нашествия» атты тарауында Қазақ тарихының ежелгі дәуірінен қазақ хандығына дейінгі басты оқиғаларына, мәдени-рухани және саяси өміріне талдау жасалған ғалымның 14 мақаласы арналған болатын. Бұл Қазақ тарихына арналған   алғашқы суретті кітап мектеп жасындағы балалардың тарихи жадынын қалыптастыруда көп әсер ететіні сөзсіз. Сонымен қатар ол «Деректану (қазақ тарихы мен мәдениеті парсы, қытай, моңғол, түрік, мажар тілдеріндегі кейбір деректер бойынша). Ғылыми ізденістер жинағында» (Алматы, 2002), «Көркем суретті Қазақстан тарихы». Ежелгі дәуірден біздің уақытымызға дейін. 4 томдық. – 1 том: Палеолит дәуірінен моңғол шапқыншылығына дейінгі Қазақстан» (Алматы, 2006), «Қазақ Мемлекеттілігінің тарихы (Ежелгі және орта ғасырлық кезең)» (Алматы, 2007) монографиялық зерттеудің, «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з.б. 177 – б.з. 222 жылдары)» (Алматы, 2006) атты екі кітаптан тұратын және тағы басқа ұжымдық ғылыми жинақтардың авторлардың бірі ретінде танылды.

Ол Орталық Азия мен Қазақстанның әлеуметтік-саяси тарихына түбегейлі өзгеріс әкелген әйгілі «Атлах-Талас» шайқасын терең талдаған алғашқы ғалымдардың бірі.

Ең бастысы Ә. Дәулетхан қазақстандық алғашқы түркештанушы. Ғалымдардың көбі түркілердің тарихын зерттей барысында түркештер тарихын зерттеуге жете мән бермейтін.  Ал, ғалым алғаш рет Түркеш қағанатының өмір сүрген тарихи кезеңдерін нақтылай түсті. Бұл б.з. 692-766 жж. сай келеді. Сонымен бірге ол Түркеш қағанаты құрылуының алғы шарттарын, оның құрылу қарсаңында Орталық Азиядағы геосаяси жағдайын, Түркеш қағанатының қалыптасу ерекшеліктерін және оның этникалық құрамы мен этноаумағын өзара тығыз байланыста және жүйелі түрде қарастырған. Осы жерде Ә. Дәулетханның  ең үлкен еңбегі Түркештер тарихын қазақ тарихының тікелей этно-саяси бастауларының бірі ретінде қарастыруында.

Ізденістерге толы жылдардың жемісті қайтарымы ретінде 2002 жылы 6 қаңтарда Ә. Дәулетхан «Түркеш қағанаты» (саяси және мәдени тарихын зерттеу 692-766 жылдар) атты күрделі тақырып бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертацияны сәтімен қорғап шықты. Диссертациялық зерттеу жұмысының қортындылары мен нәтижелеріне белгілі тарихшылар К. Нұрпейіс, У. Шәлекенов, М. Асылбеков, М. Қойгелдиев, Т. Омарбековтер жоғары бағалады.

Ғылыми дәрежеге қол жеткізген Ә. Дәулетхан бұдан кейін де ғылыми зерттеу жұмыстарға қатысуды тоқтатпады. Ол белгілі филолог-түрколог ғалымдар М. Мырзахметұлы, М. Акар, И. Жеменей, Д. Қыдырәлілермен бірлесе отырып «Түркі халықтары әдебиетінің тарихы» (Түркістан, 2005) атты жоғары оқу орындарының барлық факультеттеріне арналған оқулық және хрестоматия жазуға белсенді түрде қатысады.

Тарихи зерттеулермен қатар Ә. Дәулетханұлы әдеби жинақтардың құрастырушысы ретінде де көпшілік оқырманға жақсы танымал. Сондай жинақтың бірі «Ақын Дәуітбай Мұсабеков: таңдамалы жинағы» (Алматы, 2013) халық арасында үлкен сұранысқа ие болдыа. Бұл жинақ ақын Д. Мұсабековты отандастарына танытып, шығармашылық ізденістерінің жолын көрсетуге арналған.

Ғалым Ш.Ш. Уәлиханов атындағы институттан тыс ғылыми мекемелерде де Уақытша келісім шартпен қызме атқарды. Мысалы ғылыми-зерттеу патенциалын күшейту мақсатында ол А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Туркология ғылыми зерттеу орталығында және Тараз қаласында ашылған «Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығында» «Халық қаһарманы» Б. Момышұлының 30 томдық еңбегін дайындау тобында қызмет етті.

Ә. Дәулетхан Шығыс Түркістанның байырғы тұрғындары ұйғыр халқының үш ғасырлық 1679-1949 жж. аралығындағы қоғамдық-саяси, мәдени, әскери істің қалыптасуы мен даму тарихына арналған «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық күресі дәуірі әдебиеті» монографиясы әлі де өзетілігін жоғалтпай, аталған кезеңде ұйғыр әдебиетінің ұлт-азаттық күрестің жаршысы болағанын көрсетін басты ғылыми еңбектердің бірі болды.

Дана халқымыздың «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөзі бар.  Бүгінде Ә. Дәулетханұлының ұзақ жылдардағы ғылыми ізденістерінің жиынтығы ретіндегі «Ежелгі және ортағасырлардағы түркілер: тарихи зерттеулер» мен «Түркеш қағанаты (692- 766)» монографиялық еңбегі Отандық тарихтың алдағы уақытта қарқындап дамуына және жаңа әділетті Қазақстанның ғылымға адал ғалымдардың қалыптасуына үлкен серпін беретін, ешқашан өзетілігін жоғалпайтын аса құнды ғылыми еңбектер боп қала береді.

Қортынды ойымызды Зардыхан Қинаятұлы 2011 жылы жарық көрген ғалымның «Ежелгі және ортағасырлардағы түркілер: тарихи зерттеулер» атты ғылыми еңбектер топтамасына жазған алғы сөзінде айтқан ойын келтіруді жөн көріп отырмыз: «Ә. Дәулетхан қарап тексеру, талдап қорыту тәжірибесі жетіліп келе жатқан, тарихта өзіндік ой-өрісі, қолтаңбасы бар зерттеуші. Қолданған материалдары жан-жақты. Оның әрбір еңбегі тарихтың көкпар алаңына тұтқиылдан келіп қосылған жаңбыр іспетті. Тарихтан көп кұткен жұртқа осындай жаңбыр қажет-ақ!»

Арман Жұмаділ, 

т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТЭИ ж.ғ.қ.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052