Ұлы даланың арымас абызы
Кешегі кеңестік дәуір қазақ халқын басып-жаншып, рухани құндылықтарын жоққа шығаруға тырысқаны аян. Ұлы шовинистік пиғыл өріс алып, тарихтағы соғыстың бәрі орыстың "жеңісімен аяқталғаны" намысыңды жанитын. Іштей бұлқынып, сансырап жүргенінде Мағжанның, Ахметтің еңбектерін қолына түсірген жас Қойшығара жауапсыз сұрақтардың түйінін соларды оқып шешті. Сөйтіп, тарихи-қоғамдық сананы жетілдіру арқылы күресумен туған еліне әлдеқайда мол пайда келтіре алатынын ерте ұғынып, халқының ұлы тарихына төтесінен тартты. Бәрін екшей келе, ұлттық-тарихи сананы жаңғырту қажеттігіне көзі жеткен отыз бестегі жігіт шамасы келгенше тарихи санаға үлес қосуға тас-түйін бекінді. Сөйтіп, журналистік жүйрік қаламын тарихшының көз майын тауысқан ауыр бейнетіне айырбастап, сол бір қиын-қыстау заманның өзінде ата-бабаның аманатындай "Алтын тамыр" мен "Көмбені" ешкімнен тайсалмай еліне ұсынды.
Кешегі кеңестік дәуір қазақ халқын басып-жаншып, рухани құндылықтарын жоққа шығаруға тырысқаны аян. Ұлы шовинистік пиғыл өріс алып, тарихтағы соғыстың бәрі орыстың "жеңісімен аяқталғаны" намысыңды жанитын. Іштей бұлқынып, сансырап жүргенінде Мағжанның, Ахметтің еңбектерін қолына түсірген жас Қойшығара жауапсыз сұрақтардың түйінін соларды оқып шешті. Сөйтіп, тарихи-қоғамдық сананы жетілдіру арқылы күресумен туған еліне әлдеқайда мол пайда келтіре алатынын ерте ұғынып, халқының ұлы тарихына төтесінен тартты. Бәрін екшей келе, ұлттық-тарихи сананы жаңғырту қажеттігіне көзі жеткен отыз бестегі жігіт шамасы келгенше тарихи санаға үлес қосуға тас-түйін бекінді. Сөйтіп, журналистік жүйрік қаламын тарихшының көз майын тауысқан ауыр бейнетіне айырбастап, сол бір қиын-қыстау заманның өзінде ата-бабаның аманатындай "Алтын тамыр" мен "Көмбені" ешкімнен тайсалмай еліне ұсынды.
Алтын тамыр! Басын қырқып тастағанымен, тамыры жойылмаған шөп қайта көктейтіні сияқты, тамыр-дәстүрі жойылмаған ел сәті туғанда бір күні бәрібір бостандыққа шығатыны анық. Ұлттың тамыры – дәстүр мен тарих ұлттың өсіп-өнген жерінде, оның атамекенінде өркен жаятыны тағы шындық. Атадан балаға аманат боп қалған туған жер, атамекен туралы қанша шамырқанса да, ашық жазуға "тілі байлаулы, қолы кісендеулі" болған жазбагер халықтың алтын тамырына тұспалдап нәр жіберді. Дегенмен "Алтын тамырдың" тағдыры халқының тағдыры сияқты ауыр болғаны әлі есімізде. Тарих институтының белгілі ғалымы: "Совет өкіметі құрылғалы мұндай зиянды кітап жазылған жоқ" деген қорытынды шығарып, 30 мың данамен басылып шыққан кітапты туратып, қоқысқа тастағалы жатқан жерінен ұлтшыл азаматтар табылып, еңбек аман қалғанын біреу білсе, біреу біле бермес.
Оның артынша дүниеге келген "Қазақтың қилы тарихы", "Қазақтар" сынды еңбектері Тәуелсіздік демімен тыныстап, лайықты бағасын алып үлгерді. Бір қызығы, төрт сүбелі кітап та жусаннан артық байлығы жоқ қыпшақтың "Дала..." деген сөзімен басталады. Ал "Алтын тамырдың" бір сабағы 1986 жылғы "ұлтшылдыққа" барып тірелді дегенді де естідік. Мал шаруашылығы институтының студенттері Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңнан ашынып келіп, "Алтын тамырды" бірігіп оқыпты. Соны көргендер Мәскеуге жолдаған "Желтоқсан оқиғасының тууына себепкер он тоғыз адамның" тізіміне "Алтын тамырдың" авторын да қосқан. "Оны кейін "Өмірі өнегелі адамдар" сериясымен шыққан "Лев Гумилев" деген кітапты оқығанда білдім. Сонда "...әр республикадан Гумилевтің ізін басқысы келетін ұлтшылдар шықты. Қазақстаннан Қойшығара Салғарин мен Ақселеу Сейдімбеков бар" деп те жазған" – деген ағамыз бұл деректі КОКП Орталық Комитетінің мұрағатынан алғанын бір сұхбатында айтып өтіпті.
Сол балақтан тартушылық әлі жалғасып келе жатыр десем, өтірік айтқаным болмас. Кез келген жас өскіннің жолына кесе-көлденең тұрып, шырмауық құсап шырмап, тынысын тарылтатын дерт, өкінішке қарай, тарихшылардың өз арасында да жетіп-артылады. Ұлттық тарихқа зәредей үлестері жоқ, бірақ атақтарынан ат үркетіндей тарихшыларымыз жуырда Қойшы ағамыздың докторлық диссертациясын қорғатпай, меселін қайтарғанға ұқсайды. Ал шын мәнінде, Қойшы ағамыздың бір еңбегіне ондаған докторлық дәреже беруге болады. Себебі бізде екінің бірі доктор атағын былайша-ақ алып жатыр емес пе? Кезінде іріп-шіріген Кеңес өкіметінің тарихын зерттеп, партияның қолбаласы ретінде өз ұлтының тарихына бір бет қалам тербемегендер "заманы жүріп тұрғанда" доктор, академик атанғаны өтірік емес. Тарих жазу дегеннің өзі бір қызық дүние екен. Әркім өткенді өз көзқарасы, өз таным-түсінігі дәрежесінде сипаттап, атақ-дәрежені ала беретін көрінеді. Физика, математика, химия сияқты ғылымдарындағыдай жаңалық ашу мұнда міндетті емес. Сондықтан біреудің айтқанын біреу терістеп, қарама-қайшылықтар тудыруға өте қолайлы-ақ.
Қойшығара Салғаринге жазушылар ішінде тең келетіні бар шығар, алайда өз басым бұл жанкешті алыпқа әзіргі кәсіби тарихшылардан тең келетін ешкім жоқ деп есептеймін. Ақселеу Сейдімбек екеуінің істеген еңбегін, шын мәнінде, фантастикалық феноменге теңер едім!
Елбасымыздың 1997 жылы Қытайда мұрты бұзылмай көміліп жатқан тарихымызды жинап-теру міндетін кәсіпқой тарихшыларымызға емес, тарихты өз бетінше оқып үйренген ізденгіш журналиске айрықша сеніп тапсыруы тегіннен-тегін бе? Бір жарым жыл тынбай еңбектеніп, бес кітапты баспадан шығарып, үлгермеген бес кітапты түптеп, алдына апарғанда, Елбасымыз: "Ұйықтамапсыз ғой!" – деп таңғалған деседі. "Қалай ұйықтаймын? Қазақстанда 600-дың үстінде жазушы бар, соншама тарихшы бар. Кейіннен Қытайдың иероглифін танитындары да табылды. Солардың ішінде ерекше қалап, сеніп жіберген соң үмітті ақтауым керек қой!" деп ақ жарылады ағамыз.
Қойшы ағамның халықтық атау ретінде қазіргі тарихқа енген "Ашинаны" "түріктердің билеуші тайпасының да, түріктердің түп атасы да емес, бар болғаны байырғы түріктердің "алғашқы", "ілгері", "бұрынғы" деген мағынаны білдіретін "ашынұ" деген сөзі ғана" деп тұжырымдауы көп таласқа нүкте қойғандай. Ал Қыпшақты "этникалық атау емес, Ұлы Далада ендік бойынша географиялық-аумақтық (территориялық) орналасуына орай біріккен далалықтардың ортақ атауы, яғни ол көне түріктің "қыбышы" және "ақ" деген екі сөзінен құралып, "сүт өнімін пайдаланушылар", "сүт өнімімен қоректенушілер" деген мағынаны білдіреді" деп, ақылға қонымды мүлде жаңа концепция ұсынуы да назар аударарлық. Табиғатпен етене бауыр қазақ халқының түп атасы – Көк Түрік атауының қайдан шыққанын ғалым-журналист көне замандағы қыпшақ бірлестігін өзара іштей беске бөліп айшықтайды. "Дүниенің төрт құбыласына қарай олардың солтүстік бөлігін – қара қыпшақтар, оңтүстік бөлігін – қызыл қыпшақтар, шығыс бөлігін – көк қыпшақтар, батыс бөлігін – құба (ақ) қыпшақтар, ал орта тұсын – сары қыпшақтар деп атаған. Түрік қағанатының негізін қалаған осының көк қыпшақтары. Олар кейін тарихқа "көк түрік" деген атпен енді" деп батыл тұжырымдайды ғалым.
Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ
«Айқын» газеті 19 мамыр 2009 жыл