Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8162 0 пікір 5 Қыркүйек, 2013 сағат 06:02

Мұрат Сыдық: «Тағы да Орал қаласының тарихы туралы»

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласының тарихы туралы аз жазылып жүрген жоқ. Бірақ жазылған еңбектердің дені бұрынғы патша заманы мен кеңес өкіметінің кезіндегі тарихшылар мен зерттеушілердің ырқымен кете барған. Шынайы, бүгінгі күннің төрінен мұқият зерттеліп жазылғаны тым аз, жұтаң. Бұл бағыттағы жазбалар үзік мақала есебінде жүр. БҚО тарих және археология орталығының соңғы он жыл ішінде Оралға қатысты жазып шығарған кітаптары көпшілікке жете қоймаған. Ғылыми ортаның ғана қолданысында қалған. Біз қала тарихына қатысты ғаламторды шарлағанымызда да қалаға қатысты тұшымды дүниелер таппадық, сосын осы олқылықтың орнын толтыра беру мақсатында облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықпен (суретте) сұқбат жүргізуді ойластырдық.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласының тарихы туралы аз жазылып жүрген жоқ. Бірақ жазылған еңбектердің дені бұрынғы патша заманы мен кеңес өкіметінің кезіндегі тарихшылар мен зерттеушілердің ырқымен кете барған. Шынайы, бүгінгі күннің төрінен мұқият зерттеліп жазылғаны тым аз, жұтаң. Бұл бағыттағы жазбалар үзік мақала есебінде жүр. БҚО тарих және археология орталығының соңғы он жыл ішінде Оралға қатысты жазып шығарған кітаптары көпшілікке жете қоймаған. Ғылыми ортаның ғана қолданысында қалған. Біз қала тарихына қатысты ғаламторды шарлағанымызда да қалаға қатысты тұшымды дүниелер таппадық, сосын осы олқылықтың орнын толтыра беру мақсатында облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықпен (суретте) сұқбат жүргізуді ойластырдық.

- Орал қаласының тарихына қатысты дау-дамай оқтын-оқтын естіліп қала беретін болды. Биыл да қалаға «400 жыл болды» деген  әңгіме гулеп кетті. Өкінішке орай, кейбір облысымыздың салмақты сайттары білместік жасайды ма, осы әңгімеге дем беріп қоятындарын аңдамайтын сияқты. Есімде, 2011 жылы БҚО-ның Астанада мәдени күндері өтті. Сонда облыстың жетістіктері жазылған көрме ұйымдастырылды. Облыс орталығының тарихын да қамтыған екен. Сол тұсқа «Орал қаласының іргесі 1613 жылы қаланған» деген жазу тұр екен. Мұндай қателікті неге жібереміз? Сіздің орталық бастаған ғалымдар біршама жауабын беріп, кезіндегі қателікті дәлелдеп тастады емес пе?  

- Орал қаласының тарихын зерттеу барысында біз топономика ғылымына да сүйенеміз. Міне, осы тұрғыдан алғанымзда қаламыздың орталығында, қазіргі супермаркет тұрған, қарсы бетінде тіс емдеу мекемесі орналасқан, әмбебап дүкенінен сәл әрілегі тұста ертеректе «басқақ көпірі» (басқұншақ) болған. Оны жұртшылық біледі. «Басқақ» сөзі қай замандарда ұмыт болды. Ол негізі сонау «Алтын Орда» дәуірінде пайда болған нәрсе. 13 ғасырда басқақтар алым-салық жинаумен айналысқан. Ал 14 ғасырда орыс княздарының өздері салық жинаған. Басқақтар керек болмай қалған. Хандар өздерінің қарамағындағы халықтан жинаған. Княздар мен хандарға сол қызметі үшін арнайы (ярлык) Алтын Орданың белгісі берілген. Бұл сол кезеңдегі дұрыс саясат еді. Бұрынғыдай жасақ шығарып, жұртты күштеп, талан-таражға салудың заманы өтіп, осындай үрдіске көшу сол уақыт үшін оң шешім болды. Және бір есептен салық жиналатын  аумақтардың бірлігі күшейді, сыртқы шабулдарға ұшырамайтындай қорғаныста болып, орданың панасын сезінді. Сонда, 15-16 ғғ. неге басқақтар пайда болады? Мұның себебі, бұл кезде ноғай ордасында басқақтар пайда болады. Міне, сол ноғайлық басқақтар біз айтып отырған «басқақ көпірі» маңына келіп, алым-салық жинаған. Сол ара алым-салық жинайтын орын болған. Өстіп, тарихи ақиқатқа көз жеткіземіз, бәрі орын-орнына келе қалады. Бұл ақыл-ойға қонымды. Енді нуезматикаға сүйенетін болсақ, онда қазір біздің қолымызда 1337 жылы соғылған көне теңге бар. Осыған қарап та Орал қаласының тарихын анықтай аламыз. Аталған теңге Өзбек хан тұсында соғылған. Біз бәлкім бұдан да әріде соғылған теңгелерді табуымыз мүмкін ғой, онда тіпті жақсы. Әйтсе де қолдағы бардың өзі сол 1337 жылы бұл арада қаланың болғанына толық дәлел! Ілкі сөзіміздегі «басқақ көпірі», «1337 жыл» деген жазуы бар теңге, осы сықылды тарихи айғақтар бұл жердегі қала мәдениетің тарихының қашаннан бері бастау алғанына көзімізді жеткізер ақиқат дерек. Осы қолда бардың өзі көне Жайық қаласы мен қазіргі Оралдың арасында үзілмес байланыстың барына дәлел болуда. Екеуін бөле жарып қарай алмаймыз. Енді бұларға картографияны қосыңыз. Еуропалық (голландық) жиһангездер түсірген картада Еділ-Жайық өзендері бойындағы көне қалалар орындары көрсетіледі. Біздің назарымызды аударып отырғаны қазылып жатқан Жайық қалашығы, яғни Шакафни, әлде Шакашни? Қазіргі Орал қаласы тұрған жерге орналасқан. Соны анықтауымыз керек. Біз осы бағытты ізденіп, жұмыс жүргізудеміз.

- Зерттеу ұзаққа созылып бара жатқан сияқты. Уақыт болса, онша күтпейді. Кейбір нақты мәліметтерді жариялаудың мерзімі пісіп-жетілген жоқ па? Әйтпесе, жаңсақ тарих әлі көптің аузында жүр...

- Осыған шейін еш жерде ресми түрде қала тарихына қатысты нақты мәліметтерді бере қойғанымыз жоқ, себебі зерттеу жалғасуда. Асығыстыққа жол бергіміз келмейді. Ғылым мен ғалымның мінезі сондай. Әзірге біз осы айтылғандарды бұлтартпай дәлелдейтін деректеріміз әлі де аз деп ойлаймыз, бірақ сеніміміз зор, басталған істі аяқсыз қалдырмаймыз, біртіндеп ақиқаттың ауылына жақындап келе жатырмыз. Соны сезіну басым. Картографияның да құпия сыры ашылып, бәрі өз орнына келетін күн де алыс емес. Міне, осындай тарихи деректерге сүйене отырып, осыған шейін жаңсақтықпен айтылып, жазылып келген Орал қаласының негізі 1613 жылға жатады деуді доғарып, 14 ғасырға назар аударғанымыз дұрыс болады емес пе?!. Біз бұл арада археология арқылы тікелей және жанама, жан-жақты тарихи дәлелдермен осындай ойларға бағыт алып отырмыз емес пе?  Ал 1613 жыл туралы бір топ делегацияның жасаған жалаң сөз, құрғақ қағаз арызынан басқа ештеңе де жоқ қой! Біз мынаған баса мән беруіміз керек. Патша үкіметі кезі де, осындағы казачествода айтып жүрген күнді той қылып атамаған, ондай тіркелген ешбір құжат жоқ тіпті. Олар 1613 жылды Оралдың негізі деп таныған емес. Сол себепті де ол жылға ерекше мән бермеген. Біз мұндай тұжырымға қалай келіп отырмыз деген сауалға жауап берейін. Осы жердің губернаторының есебіне сүйендік. Ол осы жылдар ішінде ондай бір де бір құжат толтырмапты. 1880 жылдан бастап-ау деймін, жыл сайын істелген жұмыстардың есебін көрсететін күнтізбе беріп келіпті. Ол ресми құжат. Ал 1613 жылға қатысты ешқандай да дерек жоқ, атымен жоқ. Не сол заманның баспасөзінде, өзге құжаттарында ештеңе жоқ қой. Сонда бұл «1613 жыл» деген өзі қайдан шықты? 1964 жылы коммунистік партия ұйымының мұрындық болуымен әлгі тарихи еш негізі жоқ, ауадан алына салынған мәлімет пайда болған. Қазір бізге бұл өтірік құжатқа жіпсіз байланып, содан айырылмастай болудың еш қажеті жоқ. Бұл күлкілі өзі.

- Жалған нәрсе жарға жығады. Мұндай жаңсақ тарих осы жұртпен тамыр болып кеткен жергілікті орыс-казактарға да абырой әпермейді емес пе? Олар осыны түсінуі, шындыққа қарай бет бұруы керек қой!..

- Иә, орынды пікір. Бұл жағдай тіпті, қаланың да, казачествоның да тарихына  нұқсан келтіретін жағдай дер едім. Менің бұл пікіріме қарсы адамдар да болар, болсын. Мен бірақ бұл арада казачествоның тарихын жоққа шығарып отырғаным жоқ қой, бізге оны да зеріттейтін күн де келіп жетті деп ойлаймын. Бұған шейінгі жазылғандар бір бөлек төбе болсын. Енді Ресей ғалымдарын тарта отырып, жазу керекпіз. Себебі, бұл да ел тарихының бір парағы. Ресей елінің де тарихы. Зерттелуі, қайтадан жазылуы керек. Ол артық етпейді. Қайта пайдасы болады. Осы уақытқа шейінгі жұмбақ жайттардың беті ашылады. Осыған шейін кімдер жазды? Железнов, Бородин, Ребин. Бұл адамдар осы ортаныкі. Мені көбіне-көп Гордеевтің жазғандары қызықтырады. Ол кісінің еңбегі қазан төңкерісіне дейін жазылған. 1926 жылы басылып шыққан. Жақсы еңбек. Гордеев мұқым казачествоның тарихын жазды. Алтын Орда күйрегеннен кейін казачество пайда болды. Алғашқы казак жасақтары қалай дүниеге келді? Алтын Орда ыдырағанда Мамайдың, Тоқтамыстың, Едігенің, Темірдің әскері де жан-жаққа тарап кетті. Олардың барлығы да кәсіби шебер сарбаздар болатын. Осы уақыттарда теңіз қарақшылары да пайда бола кетті. Теңіз бен құрлықта екі жойқын күш өмір сүрді. Мемлекет болса әлсіреген. Ал оны қоршап небір әскери күш тұр... Есіңізде болар, кеңестер одағы ыдырағанда жалдамалы әскер шықты. Оған кімдер бармады? Кавказдағы жанжал, қантөгісте қаншама адамның өмірі құрбан болды? Міне, осындай босқын, еркін, ешкімге бағынбай бетімен кеткен қарақшылардан әскериказак құрылымдары жасақталды. Бәрі осындайдан басталған. Сондықтан қайталап айтам, бұны көзден таса қалдырмай зерттеген абзал. Бұл арада әр түрлі тайпаның тағдыры, адамдары қат-қабат жүр. Өте қызықты тарих... Егер біз казачествоның шынайы тарихын зерттеп, жазып шықсақ, сенімді түрде айта аламын, ол да 1613 жылды, яғни Оралды сол жылы пайда болды дегенді жоққа шығарады. Бұған күмән келтірудің өзі артық.

- Шағын сұқбаттың ішінде Оралдың арғы-бергі тарихына қатысты құнды мәліметтер бердіңіз. Бұл көпті ойлантуы тиіс деп білемін. Тарихымыз ақиқаттан құрылса, кешегі кеңес кезеңгі өтіріктерден арылсақ, арылтсақ, болашағымызға нық сеніммен қадам жасауға жол ашылары анық. Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

Сұқбатты жүргізген – Мұнайдар БАЛМОЛДА

Орал қаласы.

(Сұхбат Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жарияланды)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357