Ілімсіз ғылыммен Абайдың Қара сөзін бағалауға бола ма?
Бисмиллай Рахмани Рахим.
«Қазақ әдебиеті» газетіндегі (№51, 22.12.2023 ж.) абайтанушы, фәлсапашы, академик Ғарифолла Есімнің: «Абайды оқырманнан адастырмайық», - деген шағын мақаласы ақыл иелері мен ғалымдарды үлкен іліми талқы алаңына шақырып тұрғанын көріп, төрелік айту мақсатында емес, пікір қосу ретінде ілесуді мақұл көрдім.
Мақала - белгілі әдебиетші, жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Егенмен Қазақстан» газетінің өткен жылы 4 желтоқсанда жарық көрген «Жан және «Еуропаның жағалауы» атты мақаласына байланысты жазылыпты. (Бұл мақала «Жұлдыз» жорналының өткен жылғы №7-11 сандарында «...Бір кемел» (Абайдың ішкі (батин) әлемі: әдеби салыстырмалы рисала)» деген тақырыппен де жарық көрді).
Бұдан бұрын да: «...Қайып Мұхамедханов басқаша айтып еді, Мұхаңның мына кейіпкері неге түсініксіз?..» - деп, өз-өзіне сұрақтар қойып, жауап беруде, жинақталған мағлұматтарды тексерістен өткізіп барып, логикалық тұжырымын жазып жүрген ғалым Тұрсын Жұртбай, бұл еңбегінде қатаңырақ кетіп, Абай тану ілімі пайда болғалы, ақынның тек қана философиялық, психологиялық көзқарасына қатысты отыздан астам докторлық және кандидаттық дисертациалар қорғалғанын, сол қорғағандардың бірде-біреуі, Абайдың өзі үшке бөліп жазып кеткен, Еуропадағы педогогикалық қағидаттардың (теориялардың), психологиялық ілімдердің негізін қалыптастырған Бенеке Фридрихтың «Жан қуатындағы» қуаттың үш түрін, оны Абай қайдан алғанын («...Абай анықтап тұрып атап өткен «жан қуатын»...), онда не айтылғанын көрсетіп бере алмағанын (?) алға тартыпты. Сол еңбектер қатарына 2012 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген академик Ғ.Есімнің «Хакім Абайын» да қосып, «...кандидаттық, докторлық дисертация қорғап, оқулық жазып, қалай академик атануға болады?..» - деп тиісіп қана қоймай, соңында: «Сол кемшілікті толтыруға біз яғни, тінтуыр ойдың иесі (программа инженері), абайтанушы Сұлтан Ыбрай екеуміз діттеген мақсатымызға жетіп тынғанымызды, сондай бір қанағаттанған сеніммен атап өткім келеді. Қайталап айтамыз, абайтану ілімінің жүз жиырма бес жыл тарихында ешкім бойламаған бұл жаңалығымызды, ізденуші ретінде кәдімгідей мақтаныш етеміз». («Жұлдыз» №10, 127 бет) - деп жазуы: «...Елде жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырдым. Менің жолым - Абай жолы, Абай хәкім» - деп жүрген академик Ғарифолла Есім мырзаның бүйіріне шаншудай қадалған сияқты...
Бұған шамданған ғалым: «...Эдуард Бенке заманы - Еуропаның адасу заманы. «Бүгінгі күнде Абай ілімінің жаңа арнасы Еуропада, христиан әлемінде» деу нендей түсінікке, ұғымға жатады? «Енді абайтану ілімінің жаңа аранасы Эдуард Бенкеден басталады» - деп, сен Абайды білместігіңді немесе білгің келмегендігіңді (?) жария етіп отырсың. Христиан ілімінің насихатшысы Эдуард Бенке кім? Мұсылман әлемінің ғұламасы Абай кім? Еуропада Жан туралы ешқашанда дұрыс бағытта тұжырым болған емес. Болмайды да. Себебі, Еуропа - христиан әлемі. «Үш анықта» Жан туралы Шәкерім нақты айтқан. Оқып ал!
Тұрсын мырза, сен философияның нендей білім саласы (?) екенінен хабарсыз екенсің. Айтайын, философия - Еуропада қалыптасқан материалистік, атейстік білім саласы. Абай философияны білген, бірақ мойындамаған. Абай - ойшыл, дін жолындағы мұсылман» («Қ.Ә». №51) – деп, өзі кандидаттық, докторлық ғылыми атағын, Тұрсын сияқты филологиядан емес, философия бойынша қорғағандығын көзге шұқып алға тартады. Бұл дау ма, ғылыми бақастық па?..
Кесімді төрелік айтқым жоқ. Бұл жерде Әл Фараби бөлген: «Шын философ, дүмбілез философ, жалған философ, өресіз философ» тұжырымы тұрғысында сөз сабақтасақ, талай дауды басқа тілеп аларымыз тағы рас. Одан да ілімші-діндар ретінде: «Дінде – қарсылыспайды, қоштайды, қол ұстасады, бірігеді» - деген ұстанымда қалған мақұл. Өйткені, дінде: Үкімді Алла ғана айтады. Менікі, осы таластан ойлану үшін: «бетегеден биік, жусаннан алса болып» пікір қосу.
Тұрсын бұл еңбегінде Абайдың Қара сөзіндегі «Жетінші сөз», «Он үшінші сөз», «Қырық үшінші сөзіндегі» Жан мен Тәнге байланысты тұжырымдарын ғылыми зерделеуге салып, тереңірек ұмтылып, әлігі ғылыми атағы бар өзі айтқан отыз ғалымына «сүйкеніп» өтеді. Ғалым, «телміріп терең ойдың түбіне түсіп» (Абай), арнайы әдебиеттерді салыстыра оқып, өз зерделеуінде Абайдың ішкі батин амалына дейін жеткен. Ізденіп, көп кітаптарды ашып, көп ғұламалардан демеу алған. Абайдың өзі атын айтпаған, Бенекені де сол ізденістің арқасында тауып, екеуі айтқан қуаттың үш түріне («Подвижной элемент», «Сила притягательная однородного», «Впечатлительность сердца») бәрібір нақты анықтама болмағанына да батыл тұжырым айтқан. Осы жолда шығыс ілімшісі Мұхаммед Икбалдың; «Діни амбиция - филасофиялық амбициядан жоғары тұрады. Ерекше қалыпқа ие медитация немесе құлшылық, яғни, дұға етіп жалбарыну, Жоғары Ақиқатпен байланыс орнатуға мүмкіндік береді...»- деген ілімін, екінші бір ілім иесі Насыр Хұсырау айтқан; «Саналы жанның кемелдігі - ілім арқылы келеді, ал білім - сөз арқылы келеді... Білім - мағрифат пен танудың (шинахт) кілті»- деген іліми тұжырымдарын да келтіріп, мақұлдайды. Бірақ, өз бойы (?) ілімді қабылдамағандықтан (Мұны тақуалар ғана ұғады), терең бармай, беріден қайтқан...
«...Қарпайымдап түсіндірсек: «Мен»- мынау он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратқан иемнің, яғни, Хақтың өзі. Ал «Менікі» - тек әр пенденің жеке өзі иелік ететін Тәні, тапқан мүлкі, сүрген өмірі» - дей келе: «...Абай да, сондай-ақ Шәкерім де, осы Үш кітаптың үшеуімен де таныс болуы мүмкін. Өздері аттарын атап сілтеме жасамағандықтан да, кесіп пішіп айта алмаймыз. Бірақ, ол еңбектердің ішкі мазмұнын сүзгіден өткізіп, ой сарасын саралап, мәтіні мен мазмұнын салыстыру барысында, «Д-р Бенекенің тәрбие мен оқытуға арналған іліміне жетекші нұсқау-құралындағы Тән мен Жан туралы пайымдаулары Абайдың «Қырық үшінші сөзіндегі» тәпсірлеуімен бір құралыптас, ойлары сарындас, талдаулары бір ізді екеніне көзіміз анық жетті. Тек, Бенекедегі күрмеуі қиын бұрмалар мен түсініктер барынша қазақы ойлау жүйесіне сай, шығыс ғұламаларында кездесетін «жибили» кәсіби т.б деген сияқты ғылми түйін сөздер мен ұғымдарды қолдана отырып, қарпайым тілмен баяндала мазмұндалған. Тіпті, пікірлеріне тиек ретінде қолданылғанын, Бенеке; «белгісіздікке», Абай: «Алланың барлығына иландыратынын» («Жұлдыз» ,132 бет) айтып, екеуінің ойылары орайластығын жеткізген. Соңында, Жан мен Тәннің өзара байланысы туралы мәселе мәнін мүлде мойындағысы келмеген құдайсыздар уәжін назардан тыс қалдыра (Өте дұрыс!) отырып, нақты ғылыми тәжірибелердің қорытындысын ұсынған. («ЖАН», «МЕН» - «ЭГО» тақырыбын алға тартқан). Ғалым осылай мақтанса, мақтанарлық дәрежеде ізденген. Бірақ, Бенекені тапқан Тұрсын да өзі жеткен ғалымдық (?) дәрежеде қалған...
Осы жерде ілесер (қосар) пікірдің реті келген сияқты. Менің байқап жүргенім, біздің кешегі бас Фараби танушы Ақжан Машаниден басталған Абайтанушы ғалымдарымыз, оның еңбегіндегі Әл Фараби іздері мен тұжырымдарын көрсетіп келеді. Бірақ, бірде біреуі: «Абай - Әл Фарабиді білді, оның еңбектерімен таныс» - деп, нақтылы дерек келтірмейді. Бар жоғы, бірінің айтқандарын екіншісі қайталап «Әл Фарабидің ізі, тұжырымы бар» - дейді. Жорамал. Тұрсын да Абайдың көп ойлары Бенкеден екендігін, оның еңбегіндегі жолма жол аудармалары арқылы көрсете отырып, сол тұжырымдарды «қазақы дәстүрге сәйкестендірілгенін» жеткізеді. Нені айтса да логикалық ойынан өткізіп, нақты пікірін айтатын Тұрсын, көре тұра: «Тұжырым Абайдыкі ме әлде, Бенекенікі ме?» - деп, неге таразыламаған? Осы ретте, әлемдік ғұлама Аристотель мен Платонды білген, оны өз жазбаларында көрсеткен Абай - сол ғұламалар еңбектерін зерттей отырып, түп нұсқа қолжазбаны Араб тіліне ислам дініне бейімдей отырып аударып, грек ғалымдарын тарихтан жойылып кетуден сақтап қалған Әл Фараби туралы неге жұмған аузын ашпаған – деп, біз де логикалық сұрақ жүгіртсек, оған ешкім қарсылық етпес. Осы жүгірткен сұрақ ойымызды Абай Қара сөздерінде ұшырасатын Йассауий мен Бенеке ойларына байланысты да қайталауға болады. Абай өз Қарасөзінде неге белгілі осы тұлғалар есімін көрсетіп атамаған? Неге?.. Ой «жиендігі» ме?..
Олай деп айтуға тағы қақымыз жоқ. Абай «Қара сөзін» толық жазып бітпеген. Бітіріп, баспаға тапсырып, сол қолжазбасында, автор өзі пайдаланған ой иелері иесін көрсетпесе сөз басқа... Осылай дей отырып, мына ұсынысты ортаға тастаймын. Бүгінге дейін Абай «Қара сөздері» түпнұсқасы сақталмағандықтан, Мүрсейіттің көшірме қолжазбалары реттік сандары жиі өзгертіліп, кітап шығарушылардың түзетуімен (бұл да бар), әр кез баспадан жарық көріп келді. Ендігі кезекте қолжазбаны тым болмаса «Мүрсейіттен жеткен қалпы осындай еді» - деп салыстырма түрін көрсете отырып жарыққа шығарсақ қалай болар екен?.. Абай өз «Қарасөзін» алғаш жазуға отырғанда; «...Ойыма келген нәрселерді жаза берейін..., кімде кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, «өз сөзім өзімдікі»- дедім де, ақыры осыған байладым...» ( «Абай», Екінші том, «Жазушы» баспасы, 2005 жыл, 282 бет).- деп бастап кеткен ғой. Сонда, осындай «жағымсыз» ойдан да арылар едік...
Тұрсын айтқандай, осы тінтуар ой үстінде; «...Психолог-профессор В.А.Мазилов; Бұл ілімнің негізін слушы адам - қазір мүлдем ұмыт болған неміс психолгі және философы Фридрих Эдуард Бенеке (1798-1854). Ол философия - эмпирикалық психологияға сүйенуі керек- деп есептейді. Оның бұл пікірін қостаған В.Вунд: «Өйткені, психология субьектің тәжірибиесіне тікелей зерттейтін бірден бір ғылым саласы, сондықтан да, ғылыми танымды зерттеудің негізінде осы сала ғана лайықты жауап береді- деген дәйек ұсынады. Сөйтіп, олардың бұл ұстанымы психологизм - деген атпен ғылыми орнықты» - деп жазған, Тұрсын тінтуарлықпен тапқан Европа ғалымы Бенекеге байланысты да, ізденімпаз ғалымдарды Европаны жағалатпайтын дәлел ретінде, мына пікірді айтқым келіп отыр. Бұл жерде тағы: «Еуропада жан туралы еш қашанда дұрыс бағытта тұжырым болған емес. Болмайды да. Себебі, Еуропа - христиан әлемі» - деген Ғарифолланы толық болмаса да (?) қолдай отырып, оның «Фалсафа тарихы» кітабынан әл Ғазалидің мына сөзін алға тартамын: «...Мен философтарды бірнеше параға, ал олардың ғылымы – бірнеше сатыларға бөлінетінін көрдім. Бірақ, ол толып жатқан паралардың қайсысына жатпасын олардың көнелері мен өте көнелерінің және кейінгілері мен ертедегілерінің арасында бірінің шындыққа жуық, екіншісінің қашық болуы мағанасында ұлы алшақтық жатқанымен, барлық философтарда сөзсіз бір ғана таңба – сенімсіздік пен құдайсыздық таңбасы жатыр». («Фалсафа тарихы», 131 бет).
Демек, діни сенімсіздік пен құдайсыздық таңбасы бар ғалымдардан дінге байланысты әділ тәлім күтуге бола ма? Еуропалық Бенекенің ұстанған діні қандай? Ал: «Ғарифолланы толық болмаса да…» деп айтып отырғаным, оның мына жазғанын жасырып қалуға менің дәтім жоқ. Бірге сабақтайықшы: «...Абайды хакім десек қателік жоқ, ол хакімге тек анықтама беріп қоймай, хакімдіктің мәнін қарастырған. Ол айтады: бұл дүниеде біз үш түрлі адамдардың соңына ереміз, олар; әулиелер, пайғамбарлар (нәбилер) және хакімдер.
Абай осылардың бас басына тоқталады. Алғашқы сөз әулиелер туралы. Әулиелер елден безіп, оңаша өмір сүріп, Алланың дидарына ғашық болып, дүниенің қызығын тәркі етушілер. Абай бұл жолды құптамайды. Әулиелікке сын айтады. Алла пендесіне нәпсі береді, оған ерік береді. «Үйлен, бала өсір, мал бақ» - дейді. Әулие болса бұған қарсы, өзінің Алласы берген нәпсісін тиушы. Абай: «Бұл Алланың ақиқат жолы емес» - деген мәселеге келеді.
Абай адамның дүниеге қызығуын, «мағмұрлық» - деп атайды. Дүниеге, өмірге қызықпайтын, оның рахатын іздемейтін адам жоқ. Себебі, адамның дүниеге мағмұрлығы да Алланың әмірімен болған іс. Пайғамбар соңынан ерсек, олар «ол жалған дүние» (?!) туралы айтады. «Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі пенделері үшін жаратқан қазыналарды кім іздейді?» - дейді Абай.
Әулие мен пайғамбардан кейін Абай хакімдерге тоқталады. «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді»- дейді. Міне, бізге Абайдың қажеттілігі (?!), оған біздің зәрулігіміз осында. Хакім (?!)Абайлар болмаса дүние ойран болады (?!)...». (119 бет). «...Сірә, шайтандықтың себебі тек өршілдікте емес, одан өзге басты себеп болуы керек. Діни мифтерде мұны; «Жаратушының жер бетіне адамды жаратқанына наразылық»- дейді. Онда шайтанның күнәсі Жартушы ісіне қол сұққандығында немесе оның шеберлігіне шек келтіргендігінде. Бір сөзбен айтқанда Жаратушы харакетін тек құптап қоймай, оған мін таққанында. Сонда оған мұндай өр сана (?!) қайдан келген. Сірә, мұндай өршілдік шайтанға Жартушының өзінен ауысқан (?!), демек шайтандықтың себебі – Жаратушының өз болмысында (?!!!) бар нәрсе. Олай дейтінім көп кейін, өзі жаратқан шайтандық әрекеттерді қабылдап, жер бетін шайтан ісі қаптап кетпеді ме?». («Қазақ философиясы тарихы». Оқулық. 120 бет. 2006 жыл.)
Оқулықтағы ғалым пікірімен таныстыңыз ба?! (Кешегі атеист, философия ғылымының докторы, қазір «Дінтану», «Исламтану» оқулығын жазуына сіз қалай қарайсыз?). Сонда, Абай да, Абай туралы жазып, айтып отырған Ғарифолла да, шайтан - Құдайдың қарғысына ұшырағанын, Құран талқылауға жатпайтынын, тек өзгеріссіз қабылданатынын, бүгінге дейін жалғыз әрпі де өзгермегенін, құран ахиретке дейін солай баратын мұғжиза екенін білмегендері ме?! Сөз - Алланың қазынасы. Тіпті, ой да, ойлану да Алланың қазынасы. Демек, сөз сөйлеп, ой айтудың да жауапкершілігі бар. Мынау, қараңғыда жанған отқа ұмтылған шайтан көбелектің бейшара жантәсілмі емес пе? (Әлемдік мұсылман қауымы естімесін дегенім ғой...) Алла, сақтасын!.. Құранда мынандай аят бар: «Негізінде, Біз жаһаннам оты үшін көптеген адамдар мен жындарды жараттық. Олардың жүректері бар, бірақ (ақиқатты) сезбейді. Көздері бар, бірақ (жақсылықты) көрмейді. Құлақтары бар, бірақ (Алланың сөзін) естімейді. Олар хайуан секілді. Тіпті одан да төмен. Міне, нағыз бейқам жандар, солар...» («Ағраф», 179-аят).
Бүгінде Пакистан мемлекетінің рухани әкесі саналатын ақын-философ Мұхаммед Икбал (1938 ж.қ.б.) күні кеше ғана, Абайдан кейін дүниеден өтті емес пе. Икбалдың бір халыққа рухани әке болуы ілімді игеріп, оны қаптаудан, сол жолда Алланың ықыласына бөленуінен. Абай - дара ақын, ақындығына ешкімнің таласы жоқ. Қазақ үшін рухани тұлға керек болса, жер әлем мойындаған әл Фараби тұрған жоқ па?..
Негізі, Жан мен тән туралы сөз қозғау, жаратылыс пен Жаратушыға тұмсық тірейді. Демек, дінге, құранға саяды. Құран туралы Алланың өзі ғана айтады немесе нұр рух қондырылған ілім иелері ғана дәрменді. Дінді өзі ұстанбай, дін туралы айтып жүргендер – олар екіжүзділер. Таза дін – дінді өзі ұстанбағанға еш уақытта кілтін ұстатпайды, құлпын аштырмайды. Бұл жайлы діни ілім не дейді? «...Білім. Ғылым. Ілім. Үш сөз. Осы үш сөздің діңгегі біреу – дін! Оның нақты көрінісі – Құран! Құран – Алланың сөзі, дәлелденген дүние. Алла дәлелдеген дүниені қайта дәлелдеуге болмайды, оның өзгермеуін Алланың өзі қорғайды.
Ал, «Білім» - деген не? Көзге көрінген оқиғаның неден пайда болғанын білу, бұл – білім. Келесі сатыда сол көргеніңе қызығып, ар жақ, бер жағын ашып, болған нәрсенің екжей-текжейін зерттеу арқылы қабыл ету бұл – ғылым. Осы, екі дүние – білу мен анықтау немесе білім мен ғылым, жер бетіндегі адамдарға, пайғамбарларға берілген енші.
Ал Ілім ше? Ілім деген, ғалым көрмейтін, көре алмаған, оны өзі ойлап дәлелдей алмайтын таңдаулыларға ғана берілген ерекше дүние. Ғалымдар қанша жерден шуласса да, таласса да, ғылыми өз дәрежесінде ғана қалады. Ілім дәрежесі - ол өте биік, оны Білім мен Ғылымға қарағанда, ЕРЕКШЕ деп айтады». («Бір бүтін Құран – менің тағдырым», 10 бет. «Қазығұрт» баспасы, 2016 ж.). Демек, Ілім –Аллаһтың қалауымен тікеден тік Ғайыптан берілетін, не Тәңірдің өзі қалаған рухтары арқылы Ғызырдың жетекшілігімен мүміндер мен тақуаларға берілетін ерекше қасиет.
Әл Фараби «Қайырымды қала» кітабында: «Адамзаттың бақытқа жетуі аспан әлемімен байланысты» - деп мұра қалдырды. Ол өз еңбегінде: «Ілімнің ең соңғы бөлігі – ғылым. Философ пен пайғамбар Тәңірден аян алу жағынан ұқсас» - дейді. Тұрсын дәлел етіп келтірген шығыс ғұламалары Мұхаммед Икбал мен Насыр Хұсырау да ілім құдіретін алға тартқан. Ғайыппен үн қатысқан. Ал біздегі дін туралы сөз сараптап жүрген теологтарымыз Фарабидің Пірлік жолды ұсынғанын, Йәссауий әулиелік жолды тұтынғанын ажырата білер ме екен? Білсе, Йассауий рухпен рухты қондырар үлгіні алғаннан кейін, халық үшін, дін үшін жанын құрабандыққа шалып жер астына кеткенін, өзінің жарық өмірін қараңғы өмірге салғанын ұғынар еді. Ол Алланың разылығы мен ілім үшін, дін өзіне ғана емес өзгеге де керек екендігін ұққасын, Алланың екі дүниеде біздің жанымызда жүргенін дәлелдеу үшін осылай етті. Ол жарты өмірін жер астында Алламен тілдесуге арнады. Арнады дегенмен де – Алла оған оны арнатты. Ол өз Хикметтерін ана дүниеде отырып жазып, осы дүниеге жеткізді. Құрандағы о дүниеде болатын тіршілікті өз Хикметімен сол жақтан жазып жеткізді. Бұл тақуалықтан да биік қасиет! Бұл - әулие тағдырын түсінгенге - өз-өзін өлтіруі емес, өзін дінге садақа еткені.
Йассауий өз ілімін хикмет деді. Неге? «Алла хикметтің иесі». Ілім, хикмет туралы: «Хикмет - Сен естіген, естімеген, сен көрген, көрмеген, сен сезген сезбеген дүниенің иесі» - деп жауап береді. Ол жердің астына барғанда, әлі де адам баласы бұрын қасиетін көрмеген, сезбеген зікірлерді салып, адам көрмеген дүниені көрді де, Алламен сөйлескен кітабын Хикмет атады». Ілім осылай- деп жауап береді. Сен көзіңмен көргеннің де, көрмегеннің де иесі, сен сезіп тұрғанмен сезбей тұрғанның да иесі, сен «болады-ау» - дегеніңді болдыртын да, болдырмайтынның да иесі, бар дүниенің басы» - деген сөз Хикмет. Ілімде Данышпан деп Аллаһтың берген ілімін тазадай аманат етіп қабыл алған адам айтылады. Ал сол аманат - данышпандықты тазалықпен орындаған адам Парасат иесі. Иассауийді Алла парасат иесі атаған. Ал Хаким – Алла. Біздің ғалымдар неге діни ілімге бармайды? Бармайды емес, бара алмай келеді. Ізденуде жалқау. Олар нәпсіден ұзамай ғылыммен шектеліп қалғандар. Дін ішінде жүріп, сырт ғалым болып, бір дәлелді анығымен түсіндірген жан болса, ол соған қатысты дүниеде ғана хакімдікті ұққан жан болады, бірақ оны қабыл алмағанға саналады. Мысалы, қарғыс атқан дінді білді, «Йә Сиинді» оқыды. Ол бәрін сезіп, біліп тұрды. Бірақ ол хакім білер ілімді қабыл алмады да – кәпір болды. Білгені өзіне пайда бермеді. Ғылым деген - ілімнің бір пұшпағы, ілім ерекше ғылым. Шын діндар адам Құран көмегімен Алламен тілдесе алады. Дін – Алла адамды жасамай тұрып соның тірлік етуіне дайындаған имани жолы. Діндар – Алламен тілдесуші. Бұл тұжырым; «Раббыларың бұйырады; Маған дұға етіңдер, жауап берейін» («Ғафыр»,60) - деп Құранда мөрленген. Дұға – Рахметтің кілті. Алла Тағала; «Маған келетін тура жол – дін жолы» («Хыжыр», 41) -деген.
Өмір- ілім. Алла сені о бастан неден жаратты? Ол; «Сол жаратуда ғана сақтаймын» - дейді. Аллам бізді адам қылып жаратқан соң тағдырымыз да, деміміз де топырақ пен тамшы судан екенімізді айтып жаратты. Алла өліні тіріге, тіріні өзіне байлады. Еш қашан да аруақты айтудан қашуға болмайды. Аруақ болмаса – адам жоқ. Адам - аруақ ұрпағы. Адамзаттың Алладан кейінгі ұстазы - аруақ. Аруақ – бар. Рух та – бар. Бірінсіз бірінің тіршілігі көрінбейді, аруақсыз рух қонбайды. Аруақ кім? Кешегі өмірден өткен Иассауий мен әл Фараби сияқты бабаларымыз. Өлі мен тірінің – тамыры бір. Өлі – нәрді тіріден алады. «Құранды оқыма, аруақ жоқ» - дейтін болсаң, көтерілетін аруақ жаман. Аруақ тыныш жатсын десең дініңмен бол. Менің бұл жазуым, Шәкәрімнің; «Ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынауына» ілесу.
Біздің елде: «Елді ел ететін – дін» - екенін түсінетін жандар аз. Өзін: «...Ең соңғы тұяқ сопы менмін-ау...» - деп арамызда өз-өзін де, өзгені де алдап жүрген екі жүзділер жетеді. Ғалым - кім? Ғалым деген Ілімде пайғамбарлар қылығын қаптай алатындар, солардың атынан сөйлей алатындар. Ал Ғұламалар Алланың бар екендігін, мұғжизалармен дәлелдеген жандар. Мұхаммед саллаллаһу ғалеһи уә сәлләм (аударған) тәпсірлеген Құран адамның рухын қанаттандырады. Осы Құран жолымен жүрмегендер жүрегіне имансыз рух орналасады. Хақ Аллам көктен адам баласына аян беріп келген. Аян беру арқылы Құранды да түсірді. Қазір кейбір дінді оқытып жүрген доктор сымақтарымыз: «Құл - Ху Аллаху Ахад - Құл, құлыма…» - деген сөздің мәнін ұқпай, Алла тағаланың дінін қорғауда Алланың өзі ғана жарылқайтынын ұмытып, депутаттарға Хат жазуға дейін түсіп кеткенін көріп отырмыз. Дінді кімнен сұрап, кімге аманаттау керек екенін білмегендер дін ғалымы бола ала ма? Менің бүгінгі пікір қосу ілесуімдегі түпкі мақсатым да осы. Біз дінсіздер азғыруынан - діннен қол үзіп жатырмыз. Осы орайда мықтап ойланып, дінді, Алланы іздеп табуға ел болып бейімделуіміз керек. Адамның үлкен қазынасы - ішіп жегенінде емес, ұстанған дінін терең білуінде. Діннен тыс - дінсіз тіршілік жасаймыз деу жай ғана тәкәппарлық, шолақ ойлылық. Бұл жолда арқа сүйеріміз – Алла! Ей, қазақ, дініңе қара, оған жанашыр бол! Бұл – ұлттық идея!
Құран: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 – 13) - деп ескерткен. Құран бүгінге дейін бір әрпі де өзгермеген және мәңгі өзгермейтін Алланың заңы және оны үнемі өзі ғана бақылып отырады.
Таяуда Президент Қ.Тоқаев Біріккен Ұлттар ұйымы мінбесінен құранды вандализмнен қорғау туралы Үндеу тастады. Құран - Алланың адамға көрсеткен имани жолы. Құранды қорғау - бүкіл әлем мұсылман мемлекеті ретінде танып отырған елімізді қорғау. Елді елдегі жат жұрттық түрлі будандасқан діндерден арылтып, Иассауий егіп кеткен өз дінімізбен болу. Дін - бөтен елден көшеттелмейді, Алла бұйыртқан жерде, өз топырағында, ұлтына, руына, оның дәстүріне қарай өсіп өнеді. Аллаға аманаттасақ, Құдай – өз дінін өзі жолға қояды. Дін - саясат емес, елдің сарқылмас қуаты.
Мен: бұл мақаламда жоғары ақиқатпен байланыс орнатқан кешегі шығыс ілімшілері салып кеткен жолды жаңғыртудың қажеттігі туралы әңгімені емексітіп, ұшын ғана шығарып, ғылым мен ілімді қауыштырар сәт жеткенін жеткізіп отырмын. Бұл ретте қазаққа экзистенциализм ғылымынан гөрі, Ұлттық Ғылым академиясы мен Республика діни басқармасымен келісе отырып, Түркістанда ілім иесі Иассауий шаңырағы жанынан «Даналар Үйін», немесе Ілім академиясын ашу қажет болып отыр. Адам құраннан оқып айтады, ғайып іліммен жеткізеді. Аллаһтың іліміне сан жетпес рух қатысады. Ғалымдар: «Әлем тартылу күшімен тіршілік жасап тұр» - деген тұжырым айтады. Бірақ сол күш құран екенін айтпайды. Әлем құранның күшімен тұр. Құран кетсе жерден қуат кетеді. Ілім - құранның көпшілікке түсініксіз осындай арғы беттерін түсіндіретін дүние...
Соңғы түйін, екі ғалымның шығармасын жариялаумен талқы алаңына мұрындық болған басылымдар, осы жұмысты одан әрі өз бетінде өрістетсе ғылымның дамуы мен елде діннің ұлттық дәстүрде өріс алуына жол ашар еді...
Бақтыбай Айнабеков,
«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің Төрағасы,
Ілімгер-жазушы
Abai.kz