Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Зұлмат 2402 3 пікір 31 Мамыр, 2024 сағат 00:11

Қуғын-сүргіннің тауқыметін тартқан Жамансары әулеті

Коллаж: Abai.kz

Райымхан Ыбрайұлы Жамансары немересі 1880 жылы Тарбағатайдың Маңырақ болысының Құсты деген атақонысында Ыбрай Жамансарыұлының отбасында дүниеге келіп, бай-бақуатты ғұмыр кешкен.

Кеңес үкіметті орнаған соң, бай тап өкілі ретінде қуғындала бастайды, мал-мүлкі тәркілеуге ұшырайды, ұжымдастыру күшпен жүргізіледі. Десе де Жамансары әулеті жаңа құрылған Кеңес үкіметіне жылы шырай танытып, жаңа өмірге үмітпен қарайды. Райымханның туған інісі Бабахан жалынды да жігерлі, өжет мінезімен, ұйымдастырушылық іскерлігімен жұрт назарына ілігіп, Тарбағатай ауданында 1930 жылы құрылған «Теңдік» колхозының алғашқы  төрағасы болып сайланады.

Жамансары әулеті түгел колхоз құрамына кіріп, ұжымдық шаруашылықпен айналысады. Алайда көп ұзамай қызыл көз, қаратаяқ белсенділер Бабахан Ыбрайұлы «халықты Қытайға көшіргелі жатыр» деген жала жауып, қастандық жасайды. Аудандық милиция бастығы бір күні түн ішінде келіп: «Бабаханды ұйқыдан оятып, «сені ауданға жиналысқа шақырып жатыр» дейді де, үйінен алып шығады. Ауылдың шетіне шыққанда ол Бабаханды атып  өлтіреді. Бабахан Ыбрайұлының жазықсыз өлтірілуі бүкіл Тарбағатай өңіріндегі халықтың ашу-ызасын қозғап, көзі ашық, көкірегі ояу  ел ағалары мен жақсы-жайсаңдар үкіметке наразылық танытады. Сенімдеріне селкеу түседі. Бұл наразылыққа  пысқырмаған Кеңес үкіметінің жандайшаптары халыққа онан арман құрсау салып, тізесін батырады.

Жазықсыз халықты үрей торлап, ел іші толқиды. Елдің бетке ұстар игі-жақсылары, болыстары, қажылары, мерген батырлары, ауқатты адамдары жаппай қуғындала бастайды. Біреулерін тұтқындап, түрмеге жапса, енді біреулерін ит жеккенге айдайды. Тағы біреулерін еш сұрақсыз атып, көзін жойды. Нәубетке ұшыраған халық зар еңіреп, тұңғиық үрей құшағында қалды.

Осындай қиын сәтте, көкірегін кек кернеген Есенгелді Қадыр батыр, Дәулетбай Абылқас батырлар атой салып, алға шығып, халқын аман алып қалудың қамын жасайды. Ел ішіндегі мергендер  мен аңшылардың,  намысқой жастардың басын қосып, қарулы жасақтар ұйымдастырып, жазықсыз жапа шеккен халықты топ-тобымен Тарбағатайдың күнгей  бетіне - Қытайға көшіріп апарып, жансауғалатады. Қызыл үкіметтің шекарашыларымен небір қиян-кескі қарулы қақтығыстарды бастан кешеді. Талай бейкүнә пенделер құрбандыққа ұшырайды. Соның бір ғана мысалын айтайын:

1930 жылы қарашада Қадыр батыр бастаған жасақтар бір түнде 70 отбасын көшіріп, шекарадағы Күзуін заставасынан  асырып бара жатқанда, қуғыншы шекарашылардың аяусыз атқылауына тап болады. Сол шайқаста Есенгелді Меңіс, Барсаяқтан тарайтын Жүніс Жақашқанұлына оқ тиіп, опат болады. Және үш жастағы қыз бала оққа ұшады. Қаншама адамдар оқ тиіп жараланды. Алайда аты аңызға айналған, ерлігіне айласы сай Қадыр батыр бастаған қарулы мергендер аса ерлікпен шайқаса жүріп, бірде-бір адамды жау қолына қалдырмай, 70 отбасын түгел арғы бетке аман-есен жеткізеді.

Қадыр батырдың сол зұлмат жылдарда халқы үшін жасаған жанкешті ерлігі халық жадында күні бүгінге дейін сақталып, жыр болып айтылады. Сол аңыз адам - Қадыр батыр Райымханұлы Ыбырайдың немересі Жамансарының шөбересі еді. Бабахан жазықсыз атылған соң, көп ұзамай Жамансарының Кеңесбегінен тарайтын Нұртаза қажы діншіл адам ретінде қуғынға ұшырайды, түрмеге жабылады. Екі бірдей ұлы Қабдылқазез бен Ихсан да түрмеге жабылып, жазықсыз атылады. Жамасарының Батайынан тарайтын Кадиманға да, Жамансарының Кеңесбайынан тарайтын Қамзаға да аңдушылар түсіп, «бандының туысы», «дінді насихаттаушы» деген жалалар жабылып, қыр соңына түседі.

Осылайша тек бір ғана Жамансарыдан тарайтын төрт отбасының бәріне қатігез қауіп төніп келе жатты. Жүрегіне кек қатқан Көкарлан - Қадыр батыр қолына қару алып, қорғанысқа көшеді. Айласын асырып, түндерді жастанып, Жамансарыдан тарайтын ұрпақты түгелге жуық Қытайға көшіріп әкетеді. Дегенмен өзекті өртейтін өкінішке толы өмір ғой. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады дегендей, олар Қытайға ауып, жансауғалады дегенмен, жат ел, жат жерде босқындықтың небір тауқыметін тартады. Қытайда да «дүнген төңкерісі», «Гоминдаң езгісі», жергілікті шонжарлар мен қалмақтардың алым-салығы т.б  аумалы-төкпелі, аласапыранға толы өмірді бастан кешіреді. Сондай бір кездейсоқ кесір - Сауыр тауын қоныстанып отырған Қожандармен Есенгелді ауылдарына да кез болады. Яғни 1944 жылдың қараша-желтоқсан айдарында Торғауыттар мен Құйыршықтар орыс елінен ауып барған халықтың мал-жанын тонап, қарақшылық жасайды. Қарапайым халық тағы да дүрбелеңге түседі.

Сонан бір топ отбасы Зайсан шекарасын бұзып өтіп, байырғы мекендері - Маңыраққа қайта босып келуге мәжбүр болады. Олардың арасында Райымхан Ыбрайұлының, Нұртаза қажы Кеңесбекұлының да отбасы бар  болатын. Кеңес үкіметі оларды босқын ретінде уақытша қабылдап, бақылауда ұстайды. Адамдар мен мал-мүлкін бүге-шігесіне дейін тіркеуге алып, байырғы тұрғындармен туыс-туған, жегжаттарымен араласуға қатаң тыйым салады. Сонымен не керек көп ұзамай, Шығыс Түркістандағы ұлт азаттық күрестің соңы, Кеңес үкіметінің ықпалы мен жеңіске жеткен Шығыс Түркістан Республикасының құрулына алып келді. Енді Қазақстанға босып келген халықты Кеңес үкіметі Шығыс Түркістан азаматтары ретінде қайтаруды шешеді. Сауысқаннан сақ Кеңес үкіметінің КГБ-сы шекарадан өтіп бара жатқан кісілерді аты-жөнімен түгендеп отырып, Кеңес үкіметінің бұрынғы қас жаулары саналатын қауіпті адамдарды сүзіп алып, тұтқындап отырған. Кезек Райымхан отбасына келгенде «банды Қадыр қайда» деп сұрайды. «Қадыр бұл жаққа келген жоқ, білмейміз» деп жауап береді. «Ендеше, Райымхан сіз тұтқындалдыңыз» деп, қолына көзір салып, үш әріп сол жерде алып қалады. Қолынан келер қайран жоқ, бала-шағасы, қоштасуға да мұршасы болмай, жылап-сықтап шекарадан асып кете беруден басқа амалы болмайды.

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды

Нұрғиза Райымханқызы «әкем  Райымханнан сол беті еш хабар болған емес» деп, еңіреумен 85 жасында өмірден өтті. Содан 80 жыл өткенде, жақында ғана Президент архивінен табылған «Райымхан Ыбрайұлының  Қылмыстық ісі» деп аталатын шағын папка құжатпен танысу мүмкіндігі менің пешенеме жазылыпты. Сол құжат бойынша Райымхан Ыбрайұлы 1880 жылы Тарбағатайдың Маңырақта туылған, бай тап өкілі, 1931 жылы Қытайға көшіп кеткен. 1945 жылы июнь айында Тарбағатай ауданына қайта көшіп келген. 1945 жылы 15 тамыз күні шекарада тұтқындалып, «Кеңестер одағының шекарасын бұзғаны үшін» деген қылмыс тағылып, ҚК 84 бабына сай Тарбағатай аудандық соты үш күнде үкім шығарып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, әйгілі Қарағанды Лагеріне азапты еңбекпен өтеуге жіберіледі. Сол тозақ лагерде мерзімі бітуге 25 күн қалғанда, яғни 1948 жылы, 21 тамызда Райымхан Ыбрайұлы бұл дүниеден өтіпті. Міне, қандай қасірет десеңізші?!

Ал Қадыр Райымханұлы Шығыс Түркістан жерінде жүргенімен, ғұмыры қауіп-қатер көлеңкесінде өтті. Кеңестер одағының жансыздары, ол жаққа да суық қолдарын созып, ізіне түскендерін алып кетіп отырған. Қадыр Райымханұлы өте сақ, қырағы, кәнігі батыр болғандықтан, 1962 жылы Қытай мен Кеңестер одағының шекарасы  тарыс жабылғанға дейін тау сағалап, орқашар тауының қойнауларында, жәй кісінің аяғы жете бермейтін шатқалдарда, Майлы жәйірде, Еренқабырға жақтарда жасырынып ғұмыр кешті. Қандыкөйлек досы Абылқас батыр  Еренқабырға кетіп, сол жақты мекендейді. Өле-өлгенше Қадырмен барыс-келісі үзілмейді.

Қадыр атам орта бойлы, шымыр денелі, сіріңке қара, көзі жанары өте өткір, жәй кісі беттеп қарауға батылы жете бермейтін, жүзі сұсты кісі болатын. Бәйбішесін, бала-шағасын алып, біздікіне келіп, апталап жатып қайтатын еді. Ес біліп, етек жапқан кезіміз, біраз әңгімелері құлағымда қалыпты. Әкеміз бен шешеміз бізді де Дөрбілжін қаласының кіре берісіндеті Қадыр атамыздың үйіне жиі апарып тұратын. Бірнеше күндеп жатып, қаланы аралап, қыдырып мәз болып қайтатын едік. Қадыр атамыздың бәйбішесі Гүлбарам анамыз асты өте дәмді дайындайтын. Келесі барғанға  дейін сол апамыздың тағамдары  сағынып жүретінбіз.

Қадыр Райымханұлы 1972 жылы тамыз айының орта шенінде қан қысымынан ми қантамырлары жарылып, инсульттан құлап түсті. Үш күн сұлық жатты да, бақиға аттанып кетті. Сүйегі Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданындағы мұсылмандар зиратына жерленді. Әділет үшін, қазақтың елі мен жері үшін арпалысып, қасіретті ғұмыр кешкен қайран Қадыр батыр өмірден осылай өтті. Қадыр Райымханұлы, Нұрғиза Райымханқызы, Мамыр Кадиманұлы ауызекі айтып, жадымызда сақталған сол нәубет жылдардың қасіреті таяуда ҚР президенті архивінен табылған құжат деректерімен толық дәлелденді. Бұл күнде Тарбағатай ауданы, Жаңалық ауылына жақын маңдағы Қасқақ деген жерде «Бабахан моласы» деп аталатын көне зират 95 жылдың алдындағы сол әділетсіздік пен қасіреттің айғағымын деп мұңая сыр шертіп тұрғандай әсерге жетелейді.

Талғат Мамырұлы Кадимани

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068