Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Билік 2539 4 пікір 31 Мамыр, 2024 сағат 19:37

Президент жасанды интеллектінің экожүйесін жасауды тездетіп қолға алуды тапсырды

Коллаж: Abai.kz / суреттер Ақорда баспасөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті. Биыл туғанына 125 жыл толған академик Қаныш Сәтбаевтан қалған шаңырақтың қайта ірге көтерумен жиналған қауымды: «Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді», - деп құттықтаған Мемлекет басшысы екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма беріп, соның нәтижесінің қалай болғанына өз ойын білдірді.

Президент қазір – ғылым мен білімнің заманы екенін алға тартып: «Егер Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы аталған екі саланы дамытуымыз керек», - деп қадап айтты.  Өйткені, «бұдан басқа жол жоқ».

Мемлекет басшысының басты ойы да «Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек.

Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр.

«Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда», - дей келе, қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатқанын айтты.

Аймақтарымыз бойынша технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізе бастайтыны даусыз.

«Стратегиялық бағдарымыз Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар мұны жақсы түсінуі керек және реформалардан шет қалмағаны абзал.

Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет. Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші», - дегені ел болашағының жарқын екенін танытады.

Бұл арада ескеретін бір дүние «Жасанды интеллектіні» дамыту ісінде оза шапқан ел ғана жер бетіндегі жұмақта өмір сүретіндігін заманның әлпеті танып отыр. Міне, осы бір заманауи мәселе Президент назарынан тыс қалған жоқ:

«Жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан білікті мамандардың қатарын көбейту керек. Жоғары оқу орындары бұл жұмыспен мықтап айналысуы қажет. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінің білім беру үдерісінде практикаға басымдық беріледі және студенттердің жаңашылдыққа ұмтылып, стартаптар әзірлеуіне жағдай жасалған. Еліміздің оқу орындары осындай әдістен үлгі алуы керек деп ойлаймын.

Машиналық үйретуді дамыту маңызды. Бұл сараптама жасау және мұқият пысықталған шаралар қабылдау үшін озық тәсілдерді игеруге ықпал етеді. Бірақ аталған технологияны кең көлемде енгізумен қатар мұқият зерделеуді және жауапкершілікті қажет ететін жаңа сын-қатерлер де пайда болады. Ең алдымен, жасанды интеллектіні дамыту, қолдану ісінде ашықтық пен этикаға сай болу мәселелеріне баса мән берген жөн», - деді Президент.

Сонымен ұлттық біргейімізді сақтап, әлемдік ғылымен бірге қалай адымдау керектігінің кілтін ғалымдарымыз қолына ұстатқан Мемлекет басшысының ғибаратты сөзі қазақ ғылымының қарыштай дамуына зор серпін берді десек артық айтпаймыз.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068