Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 1893 0 пікір 10 Маусым, 2024 сағат 17:01

Х чемпионат. 1996. Футбол өз үйіне оралды

Сурет: архивтен алынды

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

Жалғасы: V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир

Жалғасы: VІ чемпионат. 1980. Немістердің екінші алтыны

Жалғасы: VІІ чемпионат. 1984. Мишель Платини фестивалі

Жалғасы: VІІІ чемпионат. 1988. «Ғасыр голы» және ғаламат футбол

Жалғасы: ІХ чемпионат. 1992. «Дат динамитінің» дүмпуі

Қарт құрлықтың кезекті доп додасы тұңғыш рет футболды ойлап тапқан елде – Англияда өткізілді.

Орта толсын, Еуропа!

Қым-қиғаш оқиғаға толы 90-жылдар Еуропаның саяси картасын едәуір өзгеріске ұшыратты. Федерациялар мен империялар ыдырап, жаңа мемлекеттер дүниеге келді, олармен бірге жаңа спорттық ұйымдар пайда болды.

Швецияда өткен алдыңғы құрлық додасы кезінде-ақ Балтық жағалауындағы үш ел – Литва, Латвия және Эстония Еуропа футбол қауымдастықтары одағының толыққанды мүшесі атанды. Сол 1992 жылдың қара күзінде Әзербайжан мен Молдова да УЕФА құрамына кірді. 1956 жылдан бері Азия аймағында сынға түсіп келген Израиль де саяси себептерге байланысты ФИФА-мен келісе отырып, еуропалық футбол шаңырағына келіп қосылды. Ал 1993 жылдың 17 маусымы күні Қарт құрлықтың футбол ұйымы Армения, Беларусь, Грузия, Ресей, Словакия, Словения, Украина, Хорватия, Чехия секілді жаңа мүшелермен толықты.

Жалпы осы оныншы чемпионат өн бойына өзгерістер көп енгізілуімен тарихқа енді десек, артық болмас. Тұңғыш рет құрлық додасында жеңіс үшін 3 ұпай берілетін болды. Мұнымен қатар, осы жарыстан бастап командаларға ойын барысында үш ойыншы алмастыруға рұқсат етілді. Плей-офф сатысында қосымша уақытта соғылған гол «алтын гол» деп есептеліп, ойын тоқтатылатыны туралы да шешім қабылданды. Сосын кезінде төрт команда, кейін келе сегіз құрама қатысқан Еуропа чемпионаттарының финалдық турнирі тағы да кеңейтілді. Қарт құрлықтағы мемлекеттер санының күрт көбеюіне (олардың ұзын саны 49-ға жетті) байланысты турнирдің шешуші кезеңіне енді 16 команда қатысатын болды. Іріктеу сынында бұлардың 47-сі өзара күш сынасты (Англия чемпионатты ұйымдастырушы ел ретінде финалдық турнирге бірден жолдама алды, ал БҰҰ-ның 1992 жылы Югославияға қарсы қабылдаған санкциясының күші әлі жойылмағандықтан, ол елдің құрамасын бұл додаға да қатыстыру мүмкін болмады).

Іріктеу кезеңінде бұрынғыдай 7 емес, 8 топ құрылып, олардың жеңімпаздары финалдық сынға жолдама алды (қатысушылар көбейген соң, топтардың басым көпшілігі 6 командадан құралды). Екінші орын алған командалардың ең үздік алтауы да осы жетістікке ие болды, ал қалған екеуі бейтарап алаңда тұманды Альбионға берілер соңғы 16-жолдаманы сарапқа салды.

Таңдаулылар тізімінде – Түркия мен Хорватия

Бұрынғы чемпионаттармен салыстырғанда, 1996 жылғы доп додасының іріктеуінде оқыс оқиғалар онша бола қойған жоқ. Мұнда мамандардың үмітін ақтамаған бір-ақ команда болды, ол – АҚШ-тағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Швеция құрамасы еді. Олар күтпеген жерден түріктерге жол берді. Жанкүйер қауымды тек Палермода Италияны тізе бүктірген хорваттар ғана таң қалдырды. Дегенмен оның да өзіндік себептері жоқ емес-ті: Мирослав Блажевич баптаған Хорватия құрамасының негізгі футболшылары – Звонимир Бобан, Давор Шукер (іріктеу турнирінің сұрмергені, 12 доп), Роберт Просинечки, Роберт Ярни және тағы басқалар кезінде күллі құрлықты дүрілдеткен, бірақ саяси себептерге байланысты біраз жыл ешқандай жарысқа қатыса алмай қалған Югославия командасында жарқылдаған еді. Қалған топтардың бәрінде де айдарынан жел ескен мықты ұжымдар жеңіп шықты.

Сакки қалайша сақтықты ұмытты?

Ағылшындар чемпионаттың ұранын «Футбол өз үйіне оралады!» деп қойыпты. Олардың өз еліндегі жауапты жарысқа тыңғылықты дайындалғаны да анық еді. Бірақ топтық турнирдің алғашқы екі ойынында бас бапкер Терри Венэйблстің шәкірттері өз деңгейінде өнер көрсете алмады. «А» тобының ғана емес, тұтас доданың тұсаукесер матчында олар Швейцарияны ұта алмады (1:1). Келесі ойында «ежелгі дұшпаны» – Шотландияны әупіріммен әрең ұтты (2:0, шотланд шабуылшысы Гари Макалистер пенальти соға алмады). Тек үшінші ойында ғана алаң иелерінің адымы ашылды. Әдетте өздеріне өте қолайсыз қарсылас саналатын голландықтарды олар 4:1 есебімен «шашып» тастады. Дәл сол уақытта Шотландия Швейцарияны 1:0 есебімен ұтып жатқан болатын (бұл матч сол күйі аяқталды). Егер шотландықтар екінші голды енгізгенде, «қызғалдақтар елінің» командасы ширек финалға да шыға алмас еді...

«В» тобында румындардың жолы болмады. Үш ойында да қарсыластарымен тең дәрежеде сілкілескен олар соған қарамастан бірде-бір ұпай ала алған жоқ. Оның үстіне, дат төрешісі Миккельсен өрескел қателік жіберіп, румын жартылай қорғаушысы Доринел Мунтянудың болгарлардың қақпасына соққан таза голын есептемей тастады. Бұл топтан Франция мен Испания озып шықты. Алғашқысы 27, кейінгісі 24 ойын бойына жеңілмей келе жатқан аталған командалардың өзара кездесуі 1:1 есебімен тең аяқталды.

«С» тобын жұрттың бәрі «өлім тобы» деп атады. Мамандар да, жанкүйерлер де «бұл топтан азуы алты қарыс Германия мен Италия «тірі» шығатын болар» деп топшылаған болатын. Немістер ол үмітті ақтап, бірінші орын алды. Ал «скуадра адзурраның» бас бапкері Арриго Сакки Ресейді жеңген соң (2:1, Италияның бірінші голы Қазақстан құрамасының қазіргі «су жаңа» бапкері Станислав Черчесовтің өрескел қателігінен соң соғылды), негізгі құрамдағы 6 жігітін ауыстырып, Чехиямен кездесуге тым немқұрайды қарады. Керісінше, соның алдында ғана немістерден оңбай «таяқ жеген» шығысеуропалықтар италиялықтарға қарсы ойында жанкештіліктің керемет үлгісін көрсетті (2:1). Өзара жекпе-жекте таразы басын өзіне қарай аударып алған чехтардың жағдайы енді біршама тәуір еді, өйткені олар соңғы турда орыстармен, ал Италия немістермен ойнайтын. Нәтижеде екі матч та тең аяқталып, ширек финалға шыға алмаған Саккидің басы бәлеге қалды.

«D» тобына өзара деңгейлес командалар түскен болатын. Сондықтан да, ойындардың көпшілігі тартысты өтті. Құрлықтық додаға тұңғыш қосылған Түркия футболшылары бірде-бір доп соға алмағанымен, оңтүстік командаларына тән шебер техникасымен есте қалды. Әйтсе де, допты нағыз ұршықша үйірушілер – португалдықтар еді. Мұндай ірі жарысқа он жылдық үзілістен соң келіп отырған олар бірден жанкүйер қауымның сүйіктісіне айналды. Хорватия командасы да оларға лайықты қарсылас бола білді. Ал Еуропа чемпионы – Дания құрамасының топтық турнирде-ақ «тоңқалаң асуы» ешкімді таң қалдырған жоқ, өйткені бұл кезде командада буын алмасу процесі жүріп жатқан-ды. Сол себепті, ағайынды Лаудруптардың біріге тізе қосқан әрекетінен де ештеңе шықпады.

«Сиырлар емес, журналистер де құтырыпты»

Ширек финалдық ойындар үлкен жанжалмен басталды. Англия – Испания матчының алдында Лондонның бейпіл ауыз таблоидтары басқа тақырып құрып қалғандай, «испан ұлты әлемдік өркениетке не қосты?» деген мәселені қозғады. Қарсыластарын барынша мұқатуды мақсат тұтқан олардың пікірінше, «испандықтардың адамзатқа бергені – коррида, фламинко, гитара, жүгері және... сифилис» екен (Христофор Колумб Американы ашқан кезде, бұл ауруды үндістерден жұқтырып алған испандықтар оны Еуропаға жайды дегенді меңзегені ғой).

Пиреней түбегінен келген қонақтар мұны оқыған соң, ашуға булықты. Тап осы кезде Ұлыбритания сиырларынан құтырған ауру шығып, әлем дүрлігіп жатқан болатын. Шабуылшы Хулио Салинас баспасөз мәслихатында: «Сіздерде сиырлар ғана емес, журналистер де құтыра бастапты ғой», – деп бір түйреп өтті. Ақырында: «Бүгінгі ойында сіздерді стадионнан 2-ақ мың жанкүйер қолдайды емес пе?» – деген кезекті кекесін-сауалға әншейінде үнемі жымиып жүретін испандық бапкер Хавьер Клементенің өзі: «Есесіне, сіздердің тілеулеріңізді 75 мың алқаш тілейді!» – деп салды.

Бұдан соң ойынның да кескілескен жағдайда өткені түсінікті болар. Негізгі уақытта таразы басы тең болғанымен, француз төрешісі Батта жаңағы Салинастың таза голын есептемей қойды, оған қоса ағылшындардың қақпасына екі рет таза 11 метрлік белгілемеді. Қосымша 30 минутта тіпті алаң иелері өз қақпасынан алысқа ұзай алмай қалды. Алайда матчтан соңғы пенальти сериясында 4:2 есебімен Венэйблстің жігіттері басым түсті.

Бұл сатының басқа кездесулерінде де жеңімпаздар айқын басымдық көрсете алмады. Француздар голландықтарды пенальти арқылы тізе бүктірсе, чехтар португалдықтардан тек Карел Поборскидің теңдесі жоқ шедевр-голының арқасында ғана басым түсті (чех футболшысы допты алдынан андыздап шыға келген қақпашының үстінен асыра соққан-ды). Ал Германия Хорватияны швед төрешісі Лейф Сунделлдің көмегімен сүріндірді десек, артық кетпеспіз. Шешуші гол соғылар алдында Маркус Баббель хорват қорғаушысын көпе-көрнеу итеріп жығып, өз капитаны Маттиас Заммерге пас шығарып берді.

Бір қызығы, жартылай финал кезеңінде де жеңімпаздар (немістер мен чехтар) пенальти арқылы анықталды. Қосымша уақыт финалдық кездесуде де қажет болды. Бірақ бұл жолы неміс бапкері Берти Фогтс ойыншыларды сәтті алмастыра білді: Марко Боде ортаңғы шептің ойынын жандандырса, Оливер Бирхофф қос доп соғып, матчтың басты қаһарманына айналды. Оның екінші голы Еуропа чемпионаттары тарихындағы тұңғыш «алтын гол» еді.

Германия құрамасы үшінші рет алтыннан алқа тақты.

Х ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(1996 жыл, Англия)

Финалдық турнирде 31 матч өткізіліп, 64 доп соғылды (бір ойында орта есеппен 2,06).

Мерген футболшы: Ширер (Англия) 5 доп. 

«А» тобы

Англия – Швейцария – 1:1, Голландия – Шотландия – 0:0, Швейцария – Голландия – 0:2, Англия – Шотландия – 2:0, Шотландия – Швейцария – 1:0, Англия – Голландия – 4:1.

  1. Англия 3 7:2    7
  2. Голландия 3 3:4    4
  3. Шотландия 3 1:2    4
  4. Швейцария 3 1:4    1 

«В» тобы

Испания – Болгария – 1:1, Франция – Румыния – 1:0, Болгария – Румыния – 1:0, Испания – Франция – 1:1, Франция – Болгария – 3:1, Испания – Румыния – 2:1.

  1. Франция 3 5:2    7
  2. Испания 3 4:3    5
  3. Болгария 3 3:4    4
  4. Румыния 3 1:4    0

«С» тобы

Германия – Чехия – 2:0, Италия – Ресей – 2:1, Чехия – Италия – 2:1, Германия – Ресей – 3:0, Ресей – Чехия – 3:3, Германия – Италия – 0:0.

  1. Германия 3 5:0    7
  2. Чехия 3 5:6    4
  3. Италия 3 3:3    4
  4. Ресей 3 4:8    1

«D» тобы

Дания – Португалия – 1:1, Түркия – Хорватия – 0:1, Португалия – Түркия – 1:0, Дания – Хорватия – 0:3, Португалия – Хорватия – 3:0, Дания – Түркия – 3:0.

  1. Португалия 3 5:1    7
  2. Хорватия 3 4:3    6
  3. Дания 3 4:4    4
  4. Түркия 3 0:5    0

Ширек финал

Англия – Испания – 0:0 (пенальтиден 4:2), Франция – Голландия – 0:0 (пенальтиден 5:4), Германия – Хорватия – 2:1, Португалия – Чехия –0:1.

Жартылай финал

Франция – Чехия – 0:0 (пенальтиден 5:6), Англия – Германия – 1:1 (пенальтиден 5:6).

ФИНАЛ

ГЕРМАНИЯ ЧЕХИЯ 2:1 (қосымша уақытта)

30 маусым. Лондон. «Уэмбли» стадионы. 73 611 көрермен. Төреші Пайретто (Италия).

Германия: Кепке, Штрунц, Заммер, Баббель, Хелмер, Циге, Айльтц (Боде, 46), Шолль (Бирхофф, 70), Хесслер, Кунц, Клинсманн.

Чехия: Коуба, Рада, Кадлец, Сухопарек, Хорняк, Немец, Недвед, Бейбл, Бергер, Поборски (Шмицер, 87), Кука.

Голдар: Бергер, 60, пенальтиден (0:1), Бирхофф, 73 (1:1), Бирхофф, 95 (2:1).

Ескерту алғандар: Циге, Хорняк, Заммер, Хелмер.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048