Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
667 0 пікір 26 Маусым, 2024 сағат 16:52

Сауалнама: Еліміз үшін сайлаудың маңызы қандай?

Коллаж: Abai.kz

Елімізде 2022 жылы 20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауы өткен болатын. Одан бері 2023 жылдың 19 наурызында Қазақстанда кезектен тыс Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтті, оның нәтижесінде Мәжілістің 8-сайланым депутаттары сайланды. Бұл сайлаумен қатар барлық деңгейдегі (аудандық, қалалық, облыстық) мәслихаттар депутаттарының сайлануы өткен еді. Сайлау нәтижесінде ресми тіркелген жеті партияның алтауы мандат алды. Бұл сайлау — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тоғызыншы парламент сайлауы. Ал кезектен тыс Президент сайлауы халықты біріктіруге бағытталғаны анық. Әр азамат қазіргі әлемдік ахуалды ескере отырып, елдің болашақтағы бағыты мен нақты жоспарын анық түсінуі қажет. Ал Мемлекет басшысын бір реттік мерзімге сайлау – барлық саладағы реформаларды жүзеге асыруға қажетті уақыт пен сенім мандаты, – дейді қоғам белсенділері. Ал еліміздегі сайлау жүйесі жайында тұрғындар қандай пікірде? Бұған қатысты халық ойын біліп көрген едік.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Ақбота Құсайынова, мұғалім Алматы облысының тұрғыны:

Сайлаудың халқымыз үшін маңызы зор

Еліміздегі сайлау жүйесі бір ізге қойылған. Біздегі сайлаудың өзінің нормативтік нормалары бар. Кезектен тыс сайлау өтіп Президентімізге сенім арттық. Мемлекет басшысы да өзінің стратегиясын ұсынды. Бұл – өте батыл қадам. Неге десеңіз, еліміздің болашағы балаларымыз бен немерелеріміз үшін мемлекетте тұрақтылық орнағанын қалаймыз. Президент Жаңа Қазақстан деп үлкен өзгерістерді, ауқымды жұмыстарды бастап жатыр. Бұл үрдістердің барлығы еліміздің жаңа даму жолының бастамасы. Ең бастысы халыққа жағдай жасалып, әл-ауқаты көтерілсе екен деймін.  Бұл жолғы сайлаудың еліміз үшін мәні де, маңызы да зор болғанын бүкіл халық болып сезіндік.  Себебі отыз жылда өзгеріс келгенін қарапайым халық та білді, қазіргі Президентімізге сенім артты. Мен әр адам сайлауға дауыс беруге баруы керек деп есептеймін. Ал кім кімге дауыс береді – ол әр азаматтың жеке таңдауы, конституциялық құқығы. Мен ешқашан сайлаудан қалып көрген емеспін, үнемі өз учаскеме барып, өзім таңдаған үміткерге дауыс беремін. Ең бастысы еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан қадамдарға аса жауапкершілікпен қарағанымыз дұрыс.  Одан бөлек бүкіл ел болып Мәжіліс депутаттарын сайлауға қатыстық. Әрбір тұрғын өзі сенім артқан қалаулы азаматтарын сайлады. Парламент төрінен көргісі келген, елінің болашағына алаңдайтын азаматтар сайланды деп сенемін.  Қазір байқағаным халық сайлаған азаматтарымыз халықтың мұң-мұқтажымен танысып,  мәселелерді дөп басып айтып мінберден өзекті  мәселелерді көтеріп жүр. Шынтуайтына келгенде, халық та оларға үмітпен қарап, сенім арта бастады. Сайлау науқанына бұрынғыдай емес, аса жауапкершілікпен қарайтын азаматтарымыз көбейді.  Қазір «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының да жемісін көріп отырмыз. Бір жағы әлеуметтік желінің де ықпалы болу керек, шешімі табылуы тиіс проблемалармен жоғары биліктегілер де бірден хабардар. Сұраудардың барлығы ашық түрде сұралса, оған тиісті жауап та ашық түрде берілуде. Мемлекет пен халық арасында байланыс орнады. Сондықтан алдағы уақытта сайлау, референдум өтетін болса, халқымыз белсенділік танытатынына сенімдімін.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Берік Ағыбаев, ЖСДП Алматы қалалық филиалының төрағасы:

Халық өзгерісті қалайды

Алматы қаласы №5 сайлау округі бойынша ЖСДП атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат болдым. Елімізде сайлау жүйесінің қалай өтетіндігіне куә болдым. Дегенмен де бізде сайлауға сенім білдірмейтін адамдар да бар екен. Одан бөлек біраз әділетсіздіктерді көрдім. Оның барлығы сайлау өткеннен кейін белгілі болып, талқыға да түскенін білесіздер.  Өз кандитатурамды ұсынып, халықпен тығыз байланыс орнатып, ашық диалогтар болған кезде біраз нәрсені байқадым. Халықтың сайлауға, өз кандидатына деген қолдауы  байқалады.  Қазір халық сауатты. Өздерін мазалаған сұрақтарды қойып, сайлау кезінде белсенділік танытқандары да болды. Одан бөлек, өздеріңіз білесіздер ауылдық елді мекендердің әкімдері сайланды.  Сондағы халықтың өз кандитатына деген қолдауы, сенімі ерекше байқалды. Біз еліміздегі сайлау жүйесін әлі де жетілдіре түсуіміз керек. Қазір халық сайлауға қатысуға өте белсенді. Өйткені байқағаным, әрбір адам еліне сенім артып болашағының жарқын болғанын қалайды. Халық өзгерісті қалайды. Ал осы өзгерісті өздері сенім артқан депутаттардан күтеді.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Руфина Иманбакиева, көп балалы ана:

Сайлау - үлкен өзгерістің бастауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен тыс сайланды. Бірақ Президент өз өкілеттілігін ұзартты. Бұл – үлкен өзгеріс. Ол осы жолда мемлекетті дамытуға, алға жылжытуға арналған жоспарын іске асыруға кірісіп кетті. Сайлау туралы өз ойымды айтатын болсам еліміздегі көп балалы отбасы ретінде менде өз жасаған таңдауыма үлкен сенім арттым. Өйткені сайлауда әрбір адамның даусы маңызды. Оны көзі ашық, көкірегі ояу саналы адамдар жақсы біледі. Сол үшін еліміздегі саяси науқандарға белсенді атсалысамын. Өйткені еліміздің ертеңі, болашағы  біз таңдау жасаған азаматтардың қолында. Өткен сайлауға өзім де жұбайыммен бірге ұл-қыздарымызды ертіп сайлау учаскесіне барамыз. Ұл-қыздарым көрсін, ата-анасы қалай дауыс беріп жатқанын, жастайынан сайлау өз еркін білдірудің маңызды жолы екенін сезіне берсін деген оймен апарамын. Әр адам сайлауға дауыс беруге баруы керек деп есептеймін. Өйткені сайлау біз сайлап жатқан кандидаттарға емес, еліміздің ертеңіне керек.  Ал таңдау  жасау – ол әр бір азаматтың конституциялық құқығы. Өз басым еліміздегі барлық жағдайды бақылап, саралап, таңдау жасаймын. Үміткерлер арасынан таңдау жасау және соған дауыс берудің маңызы мен мәнін жіті сезініп, оның қажеттігін жақсы білетін барлық азаматтардың  сайлауға белсене қатысады деген үміттемін. Әрине еліміз үшін сайлаудың мәні зор. Одан саяси астар іздеп керек емес. Тек сайлау ол өзіңнің азаматтық борышың екенін сезінуің керек. Мен балаларымының болашағына бей-жай қарап отыра алмаймын. Біздің еліміздің жағдайы, кез келген маңызды мәселелері менің назарымда. Елімнің азаматы ретінде мен де өз елімнің  әрбір аттаған қадамын бақылауда ұстауым керек. Біз қазір қайда бағыт аламыз, елімізді маңызды шешімдер қалай қабылданады? Осылардың барлығына алаңдап отырамын.   Ал сайлауға баршамыз белсенді қатысуымыз керек дегенді айтқым келеді.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Жеңісбек Әлиасқаров, Алматы облысы Тұйық ауылының әкімі:

Саяси науқан жан-жақты насихатталды

Бізде сайлау десе бұрын халық сенім білдіре қоймайын. Күмән болғанын да білеміз. Өйткені халық пен биліктің арасы алшақ еді. Халықтың ойы біз сайлауға бармасақ та, біздің дауысымыз беріледі деген сенімде болды. Сөйтіп жұрт саяси науқандардан тыс қалып жататын. Мұндағы жылдарға дейін көпшілігнің ойы осылай болды-ау. Бірақ біз жан-жақты халықтың сенімін оятуға белсенділік таныттық. Оған БАҚ өкілдерінің де үлесі бар. Күнделікті сайлауды насихаттап, қайда барып дауыс беретіндігіне дейін әрбір азамат бір түймені басып ақ ақпаратпен қамтылды. Саяси науқан жан-жақты насихатталды. Телеарна, радио, ақпараттьық порталдар да сайлау науқанын барынша насихаттады. Халыққа ой салатын дүниелерді көрсетті. Міне, содан бері халықтың билікке деген сенімі пайда болды. Жұрт сайлау туралы бір-бірімен әңгімелесіп, ортақ талқыға айналдыра бастады. Президент сайлауы, Парламент депутаттарының сайлауы, ауылдық округтер мен аудан әкімдерін сайлауда да халық белсенді бола бастады.  Мен де өз округім бойынша халықтың сенімімен әкім болып сайландым. Саяси доданың қақ ортасында жүрдім деп айта аламын. Байқағаным халықтың өтініші орынды, сұраулары ойланарға тұрарлық. Өйткені қала болсын, мейлі ауыл болсын сол аймақтың проблемасын сол жердің тұрғыны ғана жіті біледі. Солар ғана нақты сұрақ қойып, проблеманы шешу жолдарын бірге іздейді. Сондықтан сайлау болғаны дұрыс. Ал сайланған адам өзіне үлкен жауапкершілік алады. Ол да халық қолдап тұрғаннан кейін, халқы үшін барын салып жұмыс істеуге кіріседі.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Кәмшат Кеңесқызы, дәрігер:

Сайлау арқылы-жауапкершілік жүктейміз

Өткен жылғы сайлау науқаны менің ерекше есімде қалыпты. Учаскеме келсем, сән салтанатпен бауырсақпен әсерлі әуенмен сайлауға келушілерді күтіп алып жатыр екен. Таңғы уақыт болса да жұрт бірді екіден келіп, өз таңдауларын жасап кетіп жатыр. Міне осы көрініс көз алдыма қайта келді. Бұл да сайлауға жұрттың назарын аударту үшін жасалған қадам болар. Дегенмен сайлауға қатысты өз ойымды білдіретін болсам, сайлауға қатысқан дұрыс. Меніңше әр адамның өзінің  жеке принциптері болуы керек. Ол дегеніміз әр адамның озінің ойы, көзқарасы қоғамдық талқыға түскен мәселеге немқұрайлы қарамауы. Сайлау кезінде жағымды да жағымсыз да ақпараттар тарады. Дегенмен ресми ақпарттар да болды. Сайлау  ол біздің еліміздегі саяси бір белес дер едім. Сайлау арқылы біз депутат болсын, әкім болсын тіпті Президентімізге де үлкен сенім артамыз. Оларға кәдімгідей жауапкершілік жүктейміз. Ал жауапкершіліктің жүгі ауыр. Қазір біз сенім артқан азаматтар өздерінің бар күшін салып еліміздің өркендеуі үшін жұмыс істеп жатыр.  Сайлау өткелі бері елімізде не өзгерді? Өзім түйген біраз жағдайларды атап кетейін. Президент көтерген банкроттық мәселесі, біраз азаматтық несиесі кешірілді. Одан бөлек несие берудің бірқатар үрдістеріне өзгеріс енгізілді. Мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметкерлердің айлығы өсті. Білім саласына да былтыр мемлекеттік грант көп бөлінді. Денсаулық саласына да баса назар аударылуда. Мейірбике, мейіргер сынды маман иелерінің де айлығы көтерілді, еңбектері ескерілді. Экологиямызға да назар аударылып, бүкілхалықтық сенбіліктер әлі күнге дейін ұйымдастырылуда. Айта кететіні еліміздегі баспана алу мәселесі де үкіметтің басты назарына ілінді. Президентіміз халықты баспанамен қамтуға арналған тиімді мемлекеттік бағдарламалар керек екенін айтып, ұкіметке тапсырма берді.  Халыққа тиімді пайызбен жаңа бағдарламалар пайда болды. Бұл да үлкен үміт сыйлайды. Яғни саралай келе барлық салада ілгерлеушілік бар.  Ұлттық қордан балаларымыздың болашағына қаржы түсе бастады. Депутаттар халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап проблемалар ашық талқылануда. Осының барлығына мен сайлаудың тікелей қатысы бар дер едім. Себебі халық сайлау арқылы Президентімізді таңдадық. Сайлау арқылы ауыл, аудан, әкімдері мен халық қалаулылары сайланды. Енді олар да халық тың сенімінен шығуы үшін барын салатын болады деп ойлаймын.

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Ғани Бейқұтбай, журналист:

Сайлау арқылы ел тағдыры шешіледі

Еліміздегі сайлау жүйесіне жауапты Орталық сайлау қызметі бар. Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы - Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы бар делінген. Сондықтан сайлау-ол саяси маңызды, еліміздің ертеңіне бағытталған науқан. Біз бұқаралақы ақпарат құралының өкілі ретінде сайлаудың маңыздылығын, қажеттілігін жан-жақты насихаттадық. Еліміз үшін ең маңызды, ең батыл шешімнің бірі дер едім. Сайлау арқылы ел тағдыры, ел ертеңі мен болашағы шешіледі. Маңызды қадамдар жасалады. Сайлау елімізге тұрақтылық, конституциялық реформаларды іске асырып, саяси жаңғыруды әкеледі. Бұл – еліміздегі маңызды өзгеріс. Кезектен тыс сайлау әр отбасыға, еліміздегі әр азаматқа, келешекке нық қадам жасауға бағыт-бағдар береді. Сайлауға бір кісідей атсалысып, қатысып, азаматтық борышымызды өтегенімізді дұрыс қадам деп санаймын. Елінің ертеңі үшін алаңдаған әр азаматтың парызы- сайлауға қатысып, таңдауын жасау. Сондықтан алдағы уақытта еліміздің келешегі үшін маңызды реформаларды көргіміз келсе, елімізбен бірге дамиық дегім келеді.  Еліміздегі әрбір азамат ел болашағына немқұрайлы қарамаса екен деймін. Бастысы алда өтетін сайлау болсын, референдум болсын халықтың сенімі пайда болып, осы науқандарға белсене атсалысады деген сенімдемін.

Әлима Әлмерек

Abai.kz

0 пікір