Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3288 0 пікір 20 Қыркүйек, 2009 сағат 21:48

Дәурен Қуат. Телпекбастың тілегі орындалды

«Жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге»...
Көне жыраулардан қалған көшелі сөздің бірі екен бұл. Жаманнан туған жақсы ма, әлде жақсыдан туған жаман ба, негізіне түбі бір тартатыны рас та шығар. Оған дауымыз жоқ. Ал адамның өмірге алғаш қадам басқан кезде үйренген кәсібі жанынан еш қалмайды екен. Ол қайда барса да, қандай қызметтің «қыл құйрығын» ерттеп мінсе де аңсары бастапқыдағы ісіне бастап тұратын болса керек. Дегенде, міне, Әділбек Жақсыбеков «Афалинаның қарғуы» атты шытырман фильмнің сценарийін жазып, мұқым жұртты таң қалдырып отыр.

«Жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге»...
Көне жыраулардан қалған көшелі сөздің бірі екен бұл. Жаманнан туған жақсы ма, әлде жақсыдан туған жаман ба, негізіне түбі бір тартатыны рас та шығар. Оған дауымыз жоқ. Ал адамның өмірге алғаш қадам басқан кезде үйренген кәсібі жанынан еш қалмайды екен. Ол қайда барса да, қандай қызметтің «қыл құйрығын» ерттеп мінсе де аңсары бастапқыдағы ісіне бастап тұратын болса керек. Дегенде, міне, Әділбек Жақсыбеков «Афалинаның қарғуы» атты шытырман фильмнің сценарийін жазып, мұқым жұртты таң қалдырып отыр.

Жақсыбеков мырзаның билік дәлізіндегі жанама аты - «Жақсы». Қысқасы, біздің «Жақсымыз» негізіне тартып жатыр. Өйткені, бүгінгі қорғаныс министрі, астанамыз Астана Астана аталған тұстағы (туу, не боп кетті өзі?) алғашқы әкім Әділбек Жақсыбеков еңбек жолын клубта киномеханик болып бастаған кісі. Иә-иә, кәдімгі киномеханик. Өзге киномеханиктерден өте кеткендей өзгешелігі де көзге ілінбепті. Күнқағары бетін жапқан телпегін милықтата киіп, мұрнынан мұржа жасап жүретін еді дейді білетіндер. Тағы да сол білетіндердің сөзіне сенсек, біздің  қазіргі Қорғаныс министріміз киномеханиктің асай-мүсейін  көтеріп жүрген кезінде «отты суды» тәуір-ақ сілтеген көрінеді. Сөйткен телпекбасқа төтеннен бақ келіп қонады да, ел білетін, қара халық ығатын, бойында қазақтың қасықтай қаны қалмаған Әділбек Жақсыбеков дейтін әп-әдемі шенеунік болып шыға келеді.

Жақсыбеков десек, оның Астана әкімі ретінде Елорданы «сити-митиге» толтырған «еңбегі» еске түседі. Ақмоланың төл тумасы. Мамин екеуі жергілікті жігіттердің намысын таптапай атқан мінген азаматтар есебінде деп естиміз. Мұның және өтірігі шамалы. Өйткені аймақтар мен ірі қалаларды билік басындағылар өзара бөлісіп алғаны жұртқа мәлім. Мысалы, Ақтөбе облысы Президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусиндікі. Аслан Мусин Атырауға да өз адамын қалдырғалы бері еліміздің батыс аймағында аса ықпалды тұлғаға айналды. Асекеңнің осындай ірі адымдары батыстың тағы бір қаракөгі Иманғали Тасмағамбетовке ұнамайды.

Оңтүстік Қазақстан облысын Шөкеев-Тұрысбеков тандемі сұрап тұр.

Жетісу - Үмбетов пен Есімовтікі.

Қарағанды мен Жезқазғанға екі егіз (әкім Нығматуллин мен депутат Нығамтуллинді айтамыз) еге.

Ендеше, елдің саяси орталығы еңсе тіктеген өңірдің өрендері неге өгей хал кешсін? Жақсыбеков өзімен кімді болса да санастыратындай беделдің адамы. Әділбектің, әсіресе, Елбасының алдында беделді екені аңғарылып тұрады. Бұл адам беделді ғана емес, Елбасы үшін тіпті сүйкімді жанның бірі сияқты. Ресейдегі Қазақстанның елшісі болған Жақсыбеков Астанада өткен бір ұлық жиынға келе қалғанда оған сағынып, жанарымен аялап жақсы ажармен қараған Назарбаевты мемлекеттік арналар жарыса көрсеткен еді. Тегінде, Президенттің Әділбек Жақсыбековке елжірей қарайтындай жөні де бар екен. «Жақсы» Мәскеуде жай жатпай «Афалинаның қарғуы» атты триллердің сценарийін жазып, ресейлік кинорежиссер Эльдар Оразбаевпен бірігіп кино түсіріп тастапты.

-  Бұл фильм осыдан 5-6 жыл бұрын болған оқиға туралы баяндайды. Фильмде махаббат пен сүйіспеншілік, батырлық пен қайсарлық, ішкі істер саласы қызметкерлерінің өз қызметтеріне деген адалдығы көрініс тапты. Сюжет ойдан шығарылған, кейбір кейіпкерлерді өмірден алдым. Қазақ киносының дамуы үшін өз үлесімді қосқым келгендіктен қолыма қалам ұстап осы туындыға кірістім, - дейді министр Хабар арнасының тілшісіне берген сұхбатында.

Фильмде екі елдің президенттеріне қастандық жасалмақ болғаны баян етіледі. Яғни,   осыдан 5-6 жыл бұрын дегенде, екпіні елді төңкере жаздаған 2005 жылдың  алатасқыны шытырман фильмнің өзегіне айналғанға ұқсайды. Ойыңызға бірден нендей оқиғаның оралғанын түсінемін. Тура сол: Рахат Әлиев. Жақсыбековтың айтуындағы «өмірден алынған кейбір кейпкерлердің» «бас қаһарманы» отанына опасыздық жасамаққа әркеттенген Рахат Әлиев және оның бандасы екі елбасшысына: Қазақстан мен Ресей президенттерінің өміріне қауіп төндіреді. Ресей Президентіне қайдам, Рахаттың Қазақстан Президентін орнынан тайдыруға шындап кіріскені өмір шындығына саяды. Байқайсыз ба, біз қандай керемет қоғамда өмір сүрудеміз! Бастан кешкен тағдырымыз табан астында көркем туындының тақырыбына айналып, көк сандықтан атыс-шабыс іздеп телмеңдеген жұрттың айызын қандыруда. Президентіміз неше жылдан бері ақын-жазушыларға бүгінгі заманның келбеті туралы шығарма жазыңдар деумен келеді. Кеңес өкіметінің көк айранына тойып көкжалқау болып қалған жазушыларымыз алайда, үлкен кісінің айтқан өтінішін орындамай-ақ қойды. Сосын... экс-киномеханик сценарий жазып, кино түсіруге кіріспегенде қайтеді еді? Бұрынғы аспасаз, көпшілік жұрт көзтігіп қарай бастаған «Жетімдер» дейтін заманауи фильмнің режиссері Еркін Рақышевтан қай жері кем оның?

Шытырман оқиғаға толы тұңғыш қазақ триллерінің түсірілуіне қарақшылық әрекеттерімен ықпал еткен Рахатқа «рахмет». Осындай өмір шындығын шынайы бейнелеген фильмнің түсірілуіне ықылас танытқан Елбасына алғысымыз тіпті шексіз. Әйтпесе, елден ұят-ты. Мұндай фильм түсірілмесе, өзге жұрт «бұ Қазақстан қылмыссыз, мафиясыз, коррупсиясыз қалай өмір кешуде өзі?» деп, бізді мүлде қор санар еді ғой. Заманы озған АҚШ сияқты мемлекеттерде Президент, Президенттің жары кез келген фильмнің кейіпкері болып жүре береді. Режиссерлер оларды отанын шын сүйген, әділдікті ту еткен тұлғалар етіп көрсетіп жатады. Ендеше, Назарбаевтың қайраткерлік болмысын кино әлемінде әйгілеудің сөкеттігі жоқ. Сіз келісіңіз, яки келіспеңіз бұл дәуір бәрібір  - Назарбаевтың дәуірі. Нұрсұлтан Әбішұлын алып барып Абылай заманымен немесе Әбілхайыр кезеңімен араластырудың қажеті қанша? Тарихтан білетін тақұл-тұқыл дүниесін анада да, мында да тықпалап тыпырлайтын режиссерлеріміз сахана мен кинода Президент Назарбаевты Хан Абылаймен параллель бейнелеп осы күнге дейін елді ығыр етті емес пе?

Хош, сонымен фильм жайындағы әңгімемізге қайталық.

Киноның режиссері - Эльдар Оразбаев деген ресейлік азамат. Ресейде жүрген Тимур Бекмамбетов сияқты мықтыларымыздың бірі шығар деп топшылаймыз.

Басты рольдердің бірінде Құдайдың қазақ киносына бола бере салған қырғыз актері Бейшенәлиевтің баласы Әзиз Бейшенәлиев ойнайды. Фархат Аманқұлов дейтін алыптың да аты аталып жатыр. Қазақстан Президентінің басына қауіп төндіретін сұмдық оқиғаға құрылған фильмде қазақ актерларынан, әйтеуір, Ерік Жолжақсынов бар көрінеді. Кино сыншылар аталған фильмнің көрермені көп болатынына қазірден сенім білдіруде. Жарыса мақтаудың да «майданы» басталып кеткендей. Хабар арнасының журналисі мысалы, Тимур Бекмамбетовтың аузына «Афалинаның қарғуына» байланысты «ақ көңіл фильм» деген сөз салып жіберді. Бекмамбетов триллердегі оқиғалар турасында  «Она наивная, но хорошие фильмы всегда наивны» деген сияқты еді. Қайран қазақтың тілін орысшаның қотармасы жасап алған біздің тележурналистикадағы ағайындар наивный, яғни аңғал, нанымсыз дегенді «ақ көңіл» деп айдап шықты.

Айтпақшы, «ақ көңіл» фильмдегі афалина деген не пәле? Афалина деген дельфиннің сүйіртұмсық бір түрі екен. Қазақтың теңізі мен көлінде кездеспейтін мақұлық. Үнді мұхитында, Тынық мұхитының солтүстік бөлігінде, Қаратеңізде өмір сүреді дейді балық шаруашылығынан хабардар ететін дерек көздері. Орыстар сүйіртұмсық дельфиннің тұқымын тұздай құртып ала жаздаған соң қызыл кітапқа енгізіп қадыр тұтып жатқан көрінеді. Орысқа қадырлыны қаға берісте қалдырып бізді жын ұрып па? Сөйтіп бауырын жарқыратып су бетінде аспанға қарғитын афалинаны тұңғыш триллерімізде атаққа шығардық. Атаққа шыққан «афалина» Елбасына «өмір бойы елді бір өзіңіз басқара беріңіз» деген бәсеке бәйгенің де алдына шығып кеткен сияқты. Себебі, Назарбаев  әлгіндей ұсыныстарды шынымен қабылдай ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Ал, «афалина» болса, нақты еңбектің нәтижесі ретінде еліміздегі киноклубтардың экрандарында «тулап» жатыр. Бір кездегі телпекбас киномеханиктің тілегі орындалды. Енді оның тілегі тек орындалып қана отыратын болар...

P.S. Әділбек Жақсыбеков сценрийін жазған триллерден кейін біздің бәрімізге тарихта қалудың сәті туған секілді. Неге десеңіз,  бүгіннен бастап әр коррупционер, әр мафиозник өзінің Әділбегін тауып алып кино-сценарий жаздыра берсе де болады. Мырзалар, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар!

 

Фото: rus.azattyq.org

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377