Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1940 3 пікір 26 Тамыз, 2024 сағат 14:41

Бейбіт Қойшыбаев: Маңызды күн

Сурет Бейбіт Қойшыбаевтың жеке мұрағатынан алынды.

Алматы облысының Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасына қарасты «Алматы облысы музейлер бірлестігінің» филиалы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде «АЗАТ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТАУЫ» атты дөңгелек үстел болады. Дөңгелек үстел Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы құрылған күннің құрметіне өткізіледі.

Бұдан 104 жыл бұрын, 1920 жылғы 26 тамызда қазақ мемлекеттігінің өмірге келгенін шегелеп көрсеткен тарихи құжат шыққан еді. Ол – Автономиялы Киргиз (яғни Қазақ) Социалистік Советтік Республикасын құру туралы совет өкіметінің басты басшы органдары Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті пен Халық Комиссарлары Кеңесінің Декреті болатын. Содан бергі 71  жыл бойы біздің ел таптық негізде құрылған Советтер билігінің қоластында болды. Осы таптық мемлекеттік бірлікке 1917 жылы патшалық империя құлағаннан соң туған саяси мүмкіндік арайында 12 (25) желтоқсанда құрылған Алаш автономиясының қайраткерлері де қызмет етті. «Алаш-Орда» ұлттық үкіметі күштінің құқымен тарих сахнасынан ығыстырылғаннан кейін олар қазақтың елдік мүддесін қазақ коммунистерімен бірге совет платформасында қорғауға ұмтылған-тын.

Әуелде, 1918 жылғы наурызда, Жанша Досмұхамедов бастаған Алаш-Орда делегациясы Совет үкіметі басшыларымен жүргізген алғашқы келіссөзде жақсы нәтижеге қол жеткізген-ді. Ленин мен Сталин Екінші Жалпықазақ съезінің хаттамасымен танысып, құрылған қазақ автономиясын мойындағаннан кейін Кіші Совнаркомда жұмыс істеп, Алаш құрылымдарын советтік платформаға аудару жобасын жасаған. Советтік билік  өз тарапынан қазақ істерімен шұғылданатын арнайы комиссариат ашуға және таяу мезгілде қазақ автономиясын жария етуге уәде берген. Мұны төте желі арқылы  Семейдегі Алашорда басшыларына да айтқан. Бірақ артынша, Семейден жолданған Алашорда шарттарын алған бетте, алғашқы уәдеден тайқып кетті. Бұған, әрине, сол шақта Ташкентте советтік негіздегі Түркістан автономиясы жарияланғалы жатқаны, сондай-ақ орталыққа кей аймақтан, әйгілі «Тар жол, тайғақ» кешуден білетініміздей, Алаш автономиясына қарсы пікірлер түсіп жатқаны әсер етсе керек.

Баршаға мәлім, революцияшыл қазақтардың көрнекті өкілі Әліби Жангелдин болған-ды.  Ол Қазан төңкерісінен кейін Торғай облысының комиссары ретінде 1918 жылғы наурызда Орынборда Торғай облысы Кеңестерінің съезін өткізген. Бұл жайында Мәскеуге барып баяндағанында, үкімет басшылары Торғай Советтері съезінің қаулыларын түгелдей мақұлдап, ақылдаса келе, Алашорда делегациясына уағда етілген қазақ комиссариаты орнына Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының жанынан Қазақ бөлімін ашуды ұйғарған-ды. Сол жылғы мамырда тиісті қаулы шықты, бөлім бастығы лауазымына совет идеяларын бірден қабыл алған, Жангелдиннің сенімді көмекшісіне айналған, Торғай съезінде облаткомдағы жауапты қызметке сайланған ескі режим интеллигенттерінің бірі Мұхамедияр Тұнғашин тағайындалды.

Комиссариаттың Тұнғашин басқарған Қазақ бөлімі ақтардан азат етілген батыс аудандарда жергілікті советтерді ұйымдастыру, Қазан төңкерісінің идеяларын үгітшілер мен баспасөз арқылы насихаттау, шаруашылық мәселелерін шешу және ұлттық әскери бөлімдер құрумен шұғылданды. 1919 жылдың басынан Бүкілқазақ съезін шақыру және Қазақ даласының Советтік автономиясын жариялау ісіне дайындық жасауға кірісті. Дайындық жұмыстары азамат соғысы уақытындағы күрделі жағдайда ерекше тиянақтылықпен жүргізілгеніне қарамастан, майдандарда туған жаңа қиындықтарға байланысты, съезді шақыру уақыты созылып кетті.

1919 жылғы мамырда Дала өлкесінің Төтенше комиссары Әліби Жангелдин Қазақ Совет автономиясын құру мәселесі бойынша В.И. Ленин мен И.В. Сталиннің   қабылдауына кіріп, ағымдағы жағдайдан туындаған мәселелерді  шешу жолдары жөнінде ақылдасты. Сосын Ұлт істері халкоматының отырысы өтті. Сол мәжілісте өлкені басқаратын әскери-революциялық комитет құру және оның ережесін жасау жайында маңызды шешім қабылданды. Мамыр–маусым айларында Қазақ революциялық комитетін құрудың әртүрлі қырларын пысықтауды көздеген бірқатар комиссия жұмыс істеді. Құрылмақ Қазревкомның Ережесін жасауға Наркомнацтың Қазақ бөлімі тікелей қатысты. Ұлт істері жөніндегі халкомат комиссиясы жасаған жоба 1919 жылғы 25 маусымда Ұлт істері, Ішкі істер, Жер-су, Сыртқы істер халкоматтарының, Бүкілресей Бас штабы мен Түркістан Республикасының өкілдерінен  құралған ведомствоаралық комиссияда қазақ делегациясының (Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұнғашин, Құсайын Бекентаев, Байқадам Қаралдин) қатысуымен қаралды. Қазақ өлкесін басқаратын Революциялық комитет туралы уақытша ереже 1919 жылғы 10 шілдеде РСФСР Халкомкеңесінің  қаулысымен бекітілді де, сол күні Ленин Қазревкомды құру туралы Декретке қол қойды.  Бұл  құжат  советтік Қазақ Республикасын ұйымдастырудағы алғашқы қадам еді.

Өлкені басқарудағы жоғарғы әскери-азаматтық билік осы Комитеттің қолына шоғырландырылды. Ресей республикасының орталық өкіметі Ревкомның алғашқы  құрамына  жеті адамды  бекітті. Қазревком төрағасы – Станислав Пестковский, мүшелері – Әліби Жангелдин, Бақытжан Қаратаев, Сейітқали Меңдешев, Ахмет Байтұрсынов, Әбдірахман Әйтиев болды.  Ережеде Қазақ өлкесінің территориясы Түркістан республикасының, Қазақ съезінің және орталық Совет өкіметінің келісімімен анықталатыны айтылып, қазіргі таңда Ревкомның қарауына Астрахан губерниясындағы қазақ   территориясы, Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары кіретіні атап көрсетілді.  Наркомнацтың Қазақ бөлімі таратылып, оның орнына ВЦИК жанынан Қазақ өлкесінің үш адамнан тұратын өкілдігі  құрылды. Қазақ өлкесінің жалпы съезін шақыру үшін Қазақ бөлімі құрған Бөкей ордасындағы Комиссияның орнына Қазревкомның жанынан сол міндеттерді атқаратын бөлім ашылатын болды. Барлық атқарылуға тиіс мәселе 19 тармаққа бөлініп, нақты тұжырымдалды.

Қазревкомның тұрақты жұмыс орны Орынборда болады деп белгіленді.   РК(б)П Орынбор губерниялық комитеті қаладағы жақсы ғимараттардың бірін (Совет көшесі, 10) Қазревкомға арнап босатып, ревкомның ұйымдық тұрғыда қысқа мерзім ішінде қалыптасуына көмек көрсетті. Ережеге сай қызмет жүргізуге қабілетті аппарат жасақталды. Ревком төрағасының орынбасары, әскери комиссар, ішкі істер, қаржы-шаруашылық, халық ағарту, азық-түлік және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің меңгерушілері сайланып, заң, жер өңдеу, денсаулық сақтау, еңбек, совнархоз (кеңестік халық шаруашылығы), ақпарат, полиграфия бөлімдері, жалпы кеңсе, тергеу комиссиясы, өлкелік әскери трибунал, жұмысшы-шаруа инспекциясының өлкелік комиссариаты құрылды. Қазревком аппаратына кіретін осы мекемелердің барлығында 1919 жылдың соңына қарай 138 қызметкер істеді.

Ревкомның бірден қолға алған шаруасы – Наркомнацтың Қазақ бөлімі жүргізген жұмыстарды  жалғастырып, Бүкілқазақ съезін шақыру мәселесін тиянақтау болатын. 1919 жылғы 15 қыркүйекте құрылған Ерекше комиссия съезді шақыру жөнінде нұсқаулық әзірледі. Кеңестердің Бүкілқазақтық съезіне делегаттар сайлау тәртібін жасаумен шұғылданды. Қазревком Ресейдің көрші облыстарының қарауындағы қазақ жерлерін біріктіру жөнінде елеулі жұмыстар атқарды. Үйездерде Совет өкіметін құратын уақытша ревкомдар тағайындауға өкілеттілік беріп, өкілдерін жер-жерге іссапарға аттандырды. 1919 жылғы 17 желтоқсаннан «Ұшқын» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетін шығара бастады. Қазревкомның хабаршысын («Известия Киргизского военревкома»), қазақ тілінде түрлі саяси-көпшілік әдебиетті, оқу құралдарын, парақшалар мен үндеулер шығаруды жолға қойды. Республикалық режимде жұмыс істеп, әлі де тарамай тұрған Батыс Алашордамен келіссөздер жүргізді. Бөлімше күллі  әскерімен, қару-жарағымен, мүлкімен кеңес өкіметі жағына шыққаннан соң, жалпы Алашорданы 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен мемлекеттік орган ретінде мүлдем жойды.

1919 жылғы желтоқсанда ВЦИК Башқұртстан, Татарстан, Қазақстан істері бойынша мәжіліс өткізген-ді. Онда Қазақ өлкесінің шекарасы туралы да мәселе қаралып, оның түбегейлі шешімін табу ВЦИК-тің Әкімшілік комиссиясына тапсырылды. Әкімшілік комиссиядағы даулы талқылауларға қатыса келе, Қазревком 1920 жылғы 16 мамырда «Қазақ республикасының шекарасын айқындау жөніндегі комиссия туралы» арнайы мәселе қарады. Комиссияның құрамын бекітіп, оның Қазақ республикасы аумағына кіргізілуі тиіс аумақтарды айқындау; болашақ республиканың шекараларын дәл белгілеу және РСФСР Халкомкеңесіне ұсыныс, Кеңестердің Бүкілқазақтық съезіне баяндама беру үшін жоба әзірлеу; Қазақ өлкесінің шекараларына байланысты туындайтын барлық даулы сұрақтар бойынша қорытындылар әзірлеу; республиканың  ішкі әкімшілік бөлінісінің жобасын жасау сынды шешуге тиіс міндеттерін белгіледі. 20 мамырда «Жалпықазақ съезі туралы» мәселені талқылай келе, «Алашорданың бұрынғы қызметкерлерін пайдалану жөнінде» ұсыныс әзірлеуді, «өлке шекарасын белгілеу жайындағы комиссияның»  жұмысын ұйымдастыруды нақты мүшелеріне тапсырды.

Қазақ жерлерін біртұтас республика шаңырағы астына жинауда Қазақ революциялық комитеті елеулі рөл атқарды. 1920 жылғы маусымда Қазревком Ұлт істері жөніндегі халкоматқа «Қазақ өлкесінің аумағы мен шекаралары туралы»  деген атпен Қазақ Совет автономиясын құру туралы жобаны әзірлеу алдындағы құжатын ұсынды. Онда республиканың құрылу шарттарын айта келе, «өлкенің өз экономикалық, өнеркәсіптік және мәдени орталықтары мүлдем жоқ» екенін, «оларсыз қалыпты өмір сүру мен дамудың мүмкін болмайтынын» айтып, «Қазақ өлкесінің саяси және өнеркәсіп орталықтары (Астрахан, Орал, Орынбор, Қостанай, Омбы, Семей, Ташкент) шет аймақтарда жатқандықтан» туатын қиындықтарды тізбеледі. «Шекараларды белгілеп, даулы үйездер туралы мәселені шешу кезінде» аймақтарда қалыптасқан байланыстарды үзбеу керектігін, сондай-ақ кезекте «Қазақстандағы күрделі жер мәселесін шешу» тосып тұрғанын нақты бағыттарымен атап көрсетті.

ВЦИК Төралқасы  «Қазақ өлкесін басқаруға байланысты мәселелерді  талқылау үшін» 1920 жылғы 1 тамызға мәжіліс шақырды. Осы тамыз мәжілісіне Сталиннен шақыру алған бойда Қазревком Айрықша комиссия құрып, оған Орталықта талқыланбақ мәселелерге байланысты қажет материалдар  жинақтау міндетін жүктеді. Сонымен бірге ВЦИК-тің жанындағы Қазревком өкілдігі 22 адамнан тұратын «Мамандар комиссиясын» құрды. Комиссияға шұғыл түрде «өлкенің тарихи, этнографиялық, табиғи және экономикалық жағдайы туралы деректерге» сүйене отырып, Қазақ республикасы шекарасының жобасын және ықтимал шектерінің картасын жасау міндетін артты. Қазревком тамыз мәжілісіне баратын өлкелік делегацияның құрамын 1920 жылғы 8 және 20 шілдедегі шешімдерімен бекітті.

Мәжіліс Мәскеуде 9 және 10 тамызда болып, екі күн бойы болашақ қазақ автономиясы аумағын айқындауға байланысты мәселелер мұқият талқыланды. Мәжілістің қорытындысы және талқылау кезінде  бой көрсеткен келіспеушіліктер 12 тамызда Ленин төрағалық еткен үшінші мәжілісте қаралды. Ленин мәселеге маңызды саяси мән берді, алауыздық туғызған күрделі мәселелердің бірқатарына өз пікірін білдіріп, дұрыс шешіп берді. 14 тамызда Наркомнац алқасы Казақтың Советтік Республикасын құру туралы Декреттің жобасын бекіту туралы шешім қабылдады. Қазақ өлкесінің шектерін ресми рәсімдеу мәселесі  осылай жұмысшы және ведомствоаралық комиссияларда  келісілгеннан соң, оны 17 тамызда ВЦИК Төралқасы жанындағы Әкімшілік комиссия қарады. Наркомнацтың ұсынған  жобасы бірлі-жарым елеусіздеу өзгерістер жасалып бекітілді. Әкімшілік комиссия бекіткен осы жоба алғаш рет сол күні, 17 тамызда, екінші мәрте 24 тамызда Халкомкеңестің Ленин төрағалық еткен отырыстарында  талқыланды. Құжат жобасы мақұлданып, ВЦИК-тің қарауына жіберілді.

Халкомкеңестің Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитет құру туралы 1919 жылғы 10 шілдеде шығарған Декретін одан бергі оқиғалармен астастыра қарай отырып, ревком ұйысқалы бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көзделген мақсатқа жеткендіктің көрінісі ретінде, 1920 жылғы 26 тамызда ВЦИК пен Совнарком Қазақ Республикасы құрылсын деп шешті. Қазақ халқының мемлекеттілігін жасауды әзірлеу жолындағы бір жыл бір жарым айға созылған ізденіске толы үдеріс күтулі нәтижеге қол жеткізді: тарихи Декрет дүниеге келді.

Сөйтіп автономиялы қазақ мемлекеттігінің құрамына Семей облысы Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы үйездерімен, Ақмола облысы Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл үйездерімен және Омбы үйезінің қазақтар тұратын бір бөлігі берілді. Қазревком мен Сібревкомға өзара келісіп, Омбы үйезінің Қазақ және Сібір бөліктерін дәл межелеу міндеттелді.   Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай үйездері кіретін Торғай,    Орал, Ілбішін, Темір, Гурьев үйездері бар Орал облыстары, Закаспий облысының Маңғыстау үйезі, осы облыстағы Красноводск үйезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губерниясының Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Теңіз жағалауы округтеріне жапсарлас бұрынғы қазыналық оброк жерлерінің аумағы республика құрамына қосылды. Қазревкомға Теңіз жағалауы жолағы және Сафронов, Ганюшкин, Николаев болыстары қаратылды. Астрахан атқару комитеті жанынан  Қазревком мен Астрахан аткомының өкілдері кіретін комиссия құрып, халқы аралас облыстардағы өзара қарым-қатынастарды мұқият ретке келтіру көзделді. Ал Түркреспублика құрамындағы қазақ территорияларын Қазреспублика құрамына қосу сонда тұратын жұрттың ерік-жігеріне байланысты шешіледі деп көрсетілді.

26 тамыз Декреті бойынша «жергілікті Совдептер, Қазақ Социалистік Советтік Республикасының Орталық Атқару Комитеті және Совнаркомы» Қазақ Республикасының басқару органдары болып табылатын. Осындай құрылымды толық заңдастыру мақсатымен Қазревком 1920 жылғы 4–12 қазанда Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезін өткізді де, Автономиялы Қазақ Республикасы жарияланған соң, өкілеттігін тоқтатты.

Съезд Қазақ Республикасы еңбекшілері құқтарының декларациясын қабылдады. Республика азаматтарының негізгі құқтары мен міндеттері, мемлекеттік билік органдары, сайлау жүйесі мен оның принциптері,  жер саясаты, соттың ұйымдастырылуы мен қызметінің жүйесі белгіленді. Республиканың жоғарғы билік органдары – Орталық Атқару Комитеті (Қазатком) мен Халық Комиссарлары Кеңесі (Халкомкеңес) сайланды. Мұның бәрі отарлық қапастан шыққан халықтың ұлттық жаңғыру жолындағы алғашқы қадамы еді.

Төрт ғасыр дербес өмір сүргеннен кейін отар қамытын киюге мәжбүр болған, тиісінше ХІХ ғасырда мүлдем ұмыттырылған қазақ мемлекеттігін ХХ ғасырда тұңғыш рет Алаш (Қазақ) Ордасы жаңғыртуға тырысқанмен, әрекеті баянды болмады да, кеудесінде біртұтас Алаштың ұлттық идеясы жалындаған азаматтар кеңестік платформада социалистік республика тұғырын елдік мүддеге сәйкес сомдауға атсалысты. Орта Азиядағы 1924 жылғы ұлттық межелеу нәтижесінде жер-суы мен халқын бір шаңырақ астына жинады, 1925 жылы өткен біріккен Қазақ елі Советтерінің алғашқы құрылтайында байырғы «қазақ» атын өзіне ресми түрде қайтара отырып, даму, өркендеу бағыттарын белгіледі.

Бірақ іргесін кеңейтсе де, Қазақ Республикасы сол қалыпта бейбіт өркендеу жолына түсе алмады. Мәскеу жіберген эмиссар-басшының жетегімен ауылдарда «шағын Қазан революциясы» жасалды. Таптық сына қағу арқылы ішкі әлеуметтік араздықтар қолдап өршітілді. Көп ұзамай, 30-шы жылдары, орталық өңірлердегі революциялық өзгерістерден қалмауға тырысып, қуыршақ республикаға тән құлдық санамен солақай реформалар жүргізілді. Қуыршақ  республикадағы әскери күштер келеңсіз тәркілеу мен жүйесіз салықтарға қарсылық білдірген көтерілісшілерді жуасытып, бағындырды. Қуыршақ  республика қайраткерлері Орталыққа көзсіз емінуі салдарынан ел ішінде іс жүзінде жасанды ашаршылық орын алды. Республика басшылығы жер-жерден түскен аштықтың алғашқы дабылдарына көз жұма қарады. Содан халқының жартысына жуығы қырылған ұлттық апатты бастан кешті. Ел аумағында  концентрациялық лагерьлер ашылды, оларда жан-жақтан тоғытылған тұтқындардың күшімен казармалық социализм тәжірибелері жасалды.

Ақыры қасіретті кезең де артта қалып, Қазақ Республикасының жаңа басшылығы өлкедегі халықтың ашаршылықтан аман қалған бөлігін мәдениет революциясын жасаумен серпілтті. Кеңестік құрылыс аясында мектептер көбейді, жоғары оқу орындары ашылды, өнерпаздарға көңіл бөлінді, байқаулар өткізілді. Мәдени революция штабының жетекшісі, ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің басшылығымен күрт жанданған ұлттық өнер құдіреті әдебиет пен өнердің 1936 жылғы алғашқы декадасы барысында Мәскеуді дүр сілкіндірді. Биік басшылық назарын аударып, республикамыздың автономиялық мәртебеден одаққұрушы «тәуелсіз мемлекеттер» қатарына жоғарылауын мүмкін етті.  Болашақ тәуелсіздікке апарар қақпаны ашқан осы ұлы оқиғаның артынша Үлкен террор басталды. Жұрт жаппай саяси қуғын-сүргінге түсірілді. Одан халқымыз ортақ отан болып тұрған советтік империяның екінші дүниежүзілік соғыста шеккен қасіретін бірге бастан кешіп, қаһармандықтың үздік үлгілерін көрсетті.

Республика мал-жанын «қоңыр індетке»  қарсы майданға жұмылдырды, соғысқа жұртының бір ширегіне жуық азаматын аттандырды. Оның төрттен үш бөлігі Еуропаны  азат ету және басқыншылар ордасын алу жолында құрбан болды. Жеңіске тәубе етіп, соғыс ауыртпалықтарынан халық енді еңсе көтере бергенде, 50-ші жылдары, қазақ жеріне «тың көтереміз» деген тәтті ұранмен империяның еуропалық бөлігінен бақ іздеушілер нөпірі төгілді. Соның салдарынан Ұлы Дала жаңаша отарланды. Қазақ өз Республикасында елін мекен етуге келгендер есебінен жаңаша құралған  халықтың үштен біріне де жетпейтін, бар болғаны 29 пайызын құраған ұлттық азшылыққа айналды.

Алайда ұлттық рух қуаты жұртымызды алға жетелей берді. 60-шы, 70-ші жылдарғы бейбіт өмірде демографиялық дүмпу үдерісі орын алды. Сан жағынан да, сапа жағынан да өсті.  Оқыды, жетілді. Бірақ ұлттық мүдделері толық қанағаттандырылмай, шектеу көріп тұрды. Мұны алдымен жастар өткір сезініп, наразылық танытты. Орталықтың өктем озбырлығы мүлдем шектен шыққанда, бейбіт ереуілді саяси көтеріліске ұластырды. Қатаң тоталитарлық құрсау осылай шытынап, кеңестік империяның өзге өңірлерінде де туған бұлқыныстар нәтижесінде мүлдем қаусады. Сөйтіп халқымыздың алты мүшелге жуық бұралаңды жолы, ақыры, аңсаулы егемен елдікке алып келді...

Демек қызыл империя ішінде қайғы-қасіреті де, бақыт-шаттығы да мол болған жетпіс бір жылдық ұзақ  жол бойы туын жықпаған біздің кеңестік республика шын егемендіктің, мемлекеттік тәуелсіздіктің ізашары болды. Сондықтан  да  оның туған күнін – 26 тамызды – айрықша еске алып тұрғанымыз орынды. Өткен жолымызды саралап, аға ұрпақтың  әр кезеңдегі даму сатыларында атқарған істерін таразылап, әділ бағалап тұру біздің парызымыз.

Бейбіт Қойшыбаев,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары,              жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

24.08.2024

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970