Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2917 0 пікір 22 Қыркүйек, 2009 сағат 05:31

Салтан Сәкен. ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСІРЕТІ

2006 жылы 24 тамызда Украинаның тәуелсіздік күнінде президент Виктор Ющенко: «Алдымыздағы айларда Жоғарғы Рада украин халқының алдындағы парызын өтеп, Украинада болған аштықты (1932-1933 жылдардағы - авт.) ұлтымызға қарсы жасалған геноцидтік акт деп заң жүзінде мойындайды», - деп мәлімдеді. Президенттің айтқаны орындалды. Аштық - ұлтты жою мақсатында жасалған әрекет деп танылды. Маңыздысы, президент Виктор Ющенко бұл міндетті «билік өкілдерінің халық алдындағы парызы» деп бағалады. Бұл мәселе бізде көтерілгені қа-ш-а-ан. Бірақ, дәл осындай шешімнің сәулесін әлі күнге дейін көре алмай келеміз. Оған не себеп? Не кедергі? Ал қолдан жасалған аштыққа кімдерді кінәлап, кімдерді жазалаймыз? Дәл осы мәселе өткен аптада «Аманат» пікір-сайыс клубында қазақ зиялылары арасында көтерілген еді.

ҮШБУ ХАТ ЖОЛДАНДЫ

2006 жылы 24 тамызда Украинаның тәуелсіздік күнінде президент Виктор Ющенко: «Алдымыздағы айларда Жоғарғы Рада украин халқының алдындағы парызын өтеп, Украинада болған аштықты (1932-1933 жылдардағы - авт.) ұлтымызға қарсы жасалған геноцидтік акт деп заң жүзінде мойындайды», - деп мәлімдеді. Президенттің айтқаны орындалды. Аштық - ұлтты жою мақсатында жасалған әрекет деп танылды. Маңыздысы, президент Виктор Ющенко бұл міндетті «билік өкілдерінің халық алдындағы парызы» деп бағалады. Бұл мәселе бізде көтерілгені қа-ш-а-ан. Бірақ, дәл осындай шешімнің сәулесін әлі күнге дейін көре алмай келеміз. Оған не себеп? Не кедергі? Ал қолдан жасалған аштыққа кімдерді кінәлап, кімдерді жазалаймыз? Дәл осы мәселе өткен аптада «Аманат» пікір-сайыс клубында қазақ зиялылары арасында көтерілген еді.

ҮШБУ ХАТ ЖОЛДАНДЫ

1988 жылдан бері көтеріліп келген осынау қасіретке саяси баға берілетін уақыт баяғыда жеткен болатын. «Ештен кеш жақсы» демекші, осыған байланысты Жазушылар одағының мүшелері мен бірқатар саяси қайраткерлер мемлекеттік құзырлы органдарға ашық хат жазды. «Бұл ұлттық апатқа саяси баға беретін мезгіл жетті» деген шешімге келіп, ашық хат жаздық. Хат басылымдарға шыға бастады. Сонымен қатар, хатты Парламент депутаттарының әрқайсына жеке-жеке жіберетін боламыз. Үкіметке де жіберілмек. Яғни, сұраусыз кеткен, жоқтаусыз сүйегі шашылып қалған 4 миллиондай халықтың құнын сұрайтындай уақыт болды. Кімнен сұрау керек, қалай сұрау керек жайын сол хатқа түсірдік», - деді Алматыдан Астанаға арнайы келген жазушы Смағұл Елубай.

 

КІМДІ КІНӘЛАЙМЫЗ?

1916 жылы 6 миллионға жеткен қазақтың 1933 жылы 2 миллиондайы ғана қалғаны белгілі. «Қолдан жасалған ашаршылық болғандықтан, бүгінгі таңда бұған кімді айыптап, жазалаймыз?» деген заңды сұрақ туады осы жерде. Бұл сұрақтың арты мәселені тіптен қозғаусыз қалдырып, істі жауып тастауға да кесірін тигізуі мүмкін. Өйткені, солтүстіктегі көршімізбен дипломатиялық қарым-қатынасқа сызат түседі деген құлдық психология әр жақтан қылаң береді. Десек те, кінәлі біреу болуы керек. Қазақ зиялылары қазақты қынадай қырған большевиктер партиясын, яғни коммунистік партияны кінәлі деп тауып отыр. Өзінің қылмысы үшін кештетіп болса да заң алдында жауапқа тартылуы тиіс дейді олар өздерінің жазған ашық хатында.

Бұл мәселеге келгенде тарихшы Бүркіт Аяған коммунистік партия тек желеу ғана болды дегенді алға тартады. «Біз бұған коммунистік партия кінәлі деп ойлаймыз. Коммунистік партия тек құрал ғана болды. Әр жағында үлкен бір топтың өзіндік ойлары, жекелеген адамдардың пиғылы жатыр», - дейді ол. Яғни, қасіретке кінәлілердің тамыры тұңғиықта, оны әріден іздеу керек дегенге меңзейді. Алайда, Смағұл Елубай сол кездегі тереңде жатқан пиғылдарды: ұлы державалық шовинизм, империялық саясат дейміз бе, осы мәселелерді көтеруге қазақтың қолы қысқа екенін айтады. «Біз әзірше сол кезде ағаш атқа мінгізілген коммунистік партияны айыптап алуымыз керек. Оның әр жағында тұрған мәселемен күресіп, ешқашан жеңіске жете алмаймыз. Сондықтан, бер жағындағы орыстардың өзін қан қақсатқан компартияны айыптай бергеніміз дұрыс деп ойлаймын. Оның әр жағында қандай күш жатқанын бәріміз де білеміз. Оны көтерсек, қазір шешімін таба алмай келе жатқан мәселеміз жабылып қалуы да мүмкін. Сол себепті, бізге бұл мәселені осы күйінде өткізіп алсақ та жаман болмас. Өйткені, қазір бір-екі коммунист шығып, қарсы айқай салса, Парламентте отырған бұрынғы коммунизмнің сойылын соққандар қол көтеріп, оларды қолпаштай салуы мүмкін», - дейді Смағұл Елубай. Яғни, әлі де болса, аштық мәселесі өзінің саяси бағасын алу үшін тәуекелге бел буып, жел қайықта отыр деген сөз.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин тәуелсіздікті алғанымызға 20 жылдай уақыт болса да, 90 жылдардың басында айтылған тарихтағы ақтаңдақ беттердің сол күйінде қалғанына өкініш білдірді. Бізде әлі де болса «Ресей бұған қалай қарайды екен» деген құлдық психология арылмағанын айтады ол. «Өткен жылы Қырғызстанда парламент деңгейінде 1916 жылғы көтеріліс оқиғасына «қырғыз ұлтына қарсы жасалған геноцид» деген баға беріліп, ашық шешім қабылданды. Күні Ресейге қарап қалған, экономиалық, саяси, әскери жағдай тұрғысынан осы елге байланған кішкентай мемлекет қорықпай, осындай батыл шешім қабылдады. Ресейдің сыртқы істер министрлігі екі елдің арасына нұсқан келеді деген мағынада қарсы нота жіберсе де осындай ерлікке барды. Тәжікстан да жалғыз ғана тіл мемлекеттік болады деп орыс тілін ысырып тастады. Міне, осындай батыл шешімдермен Мәскеу амалсыз санасты, сонымен есептесті. Бұны айтып отырған себебім, біздің Қазақстанда аштықтан өлген адамдардың саны туралы әлі күнге дейін нақты мәлімет жоқ. Біреулер 30 пайыз, енді біреулер 37-40 пайыз деген мәліметтерін алға тартады. Бұның өзі осы тақырыптың толық ашылмай отырғандығының, көршіміздің жүзіне әлі де жалтақтайтынымыздың көрінісі», - дейді Ерлан Қарин.

 

ГЕНОЦИДТІ АСЫРА СІЛТЕУ ДЕП ЖАСЫРАТЫНЫМЫЗ НЕ?

«Біздің тарих - бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деген ақын Қадыр Мырза-Әлінің сөзінің жаны бар. Осы оқиға мектеп оқулықтарында қалай жазылған? Бұған қатысты да Ерлан Қарин мектеп оқулықтарынан жақсы мысал келтірді. «Ең қызығы, біздің кейбір мектеп оқулықтарында ақиқатты айтатын мәліметтер жоқ. Мәселен, 11 сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығында ашаршылықтан 300 мың адам өлді деген дерек көрсетілген. Сондай-ақ, орыс сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында (11-сынып) үлкен бір қасірет, қаншама миллион халқымызды жойған оқиға бір кішкентай ғана абзацпен берілген. Оның өзінде «Перегиб и произвол Советской власти» деген тақырыппен ғана берген. Яғни, Кеңес үкіметінің басымызға көрсеткен осынау қасіретін тек «асыра сілтеушілік» (перегиб) деп баға беру әлі де кеңес үкіметінің трактовкасымен отырғанымызды көрсететіндей. Бұл біздің осынау тарихи оқиғаны «геноцид» деп ашық айта алмай, оқушыларымызға ақиқатты айқара ете алмай отырғандығымыз. Сондықтан, мемлекет деңгейінде тарихи қасіретімізге саяси баға беру - ұлттық сананы қалыптастыру үшін, келешек ұрпағымызға дұрыс мәлімет қалдыру үшін қажет», - дейді ол.

 

P.S.

«1990 жылдары ақсақал жазушылармен Президентке кірдік. Арасындағы ең жасы мен болдым. Әңгіме арасында Елбасымыз «енді жастарды тыңдайық» деп маған бұрылды. Мен осы мәселені Нұрекеңнің алдына қойып қалдым. Отырғандарға бұл күтпеген, тосын мәселе боп шықты. Сонда Нұрекең былай деді: «Бұл ұсыныс - дұрыс. Енді бұл мәселенің жүйесін табу керек. Жүйесін тапса, болатын нәрсе», - деді», - деп Смағұл Елубай бұл мәселенің Президенттің  алдынан өткенін айтты. Президенттің өзі араласпаса, ешбір іс аяғына жетпейтінін бірталай көрдік. Алайда, бұл мәселе неге әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқаны бізді таңғалдырады. Мәселенің жүйесі осы уақытқа дейін табылмаған ба? Содан бері 20 жылдай уақыт өтті. Әлде темірді қызған кезде соғпағандықтың сыбағасы ма бұл?

 

"Абай-акпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377