Жексенбі, 13 Қазан 2024
Білгенге маржан 3732 2 пікір 25 Қыркүйек, 2024 сағат 14:01

«Өтейбойдақты әлі әлем мойындайтын болады!»

Коллаж: Abai.kz

Қарт педагог, Өтейбойдақтанушы Әрін Саржанұлының сұхбатын Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық...


– Әрін аға, «Шипагерлік баянның» анық-қанығын айтыңызшы?

– «Шипагерлік баян» XV ғасырда қараүзген шипагер ғалым, жиһанкез Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1390-1474 ж.) 70 жыл бойы тексеріп-зерттеген еңбегі. Ол елден жинау, тікелей қолданылмалы тәжірибе жасау арқылы «алдымен өзім ішіп, өзім жеп, шипа ем дарым зәруаттарынан талай уландым. Ақыры көптеген дарым зәруаттарының ішінде, әкем айтқандай олпы-солпы жадағай емес, не қилы кереметтердің барлығын аяндадым» дегеніндей, нақты тәжірибе негізінде ой елегінен өткізіп тұжырымдаған, ұлытымыз тарихында сирек кездесетін, ұлы медициналық еңбек әрі ғылымнама. Бұл кітаптың шипагерлік жағынан емес, халқымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, физика, этнография, метеорология, әскери ғылым, этика, эстетика тағы басқа жақтардан да қыруар білім, мәлімет береді. Мен осы арада «Өтейбойдақ бабамыздың физика ғылымына қосқан үлесін мақтанышпен айта кеткен болар едім. Ол «Нұр ғылымын», «Күндеме, түндеме, міндеме» нұрларына бөлген. Сол сықылды әлемдік тартылыс заңының негізгі бейнеленуін «Әлемдік сайыс заңы» деп жариялаған. Мұнда жершары бетіндегі алуан түрлі сайыстар «алтылық орта сайысы» деп түсіндірген. Мәселен, «қараңғы мен жарық, ыстық пен суық, кеңестік пен тұрақ сайыстарының ең кескін сайысы екі сағат шамасында жалғасады» делінген.

– Ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баянын» өмірінің соңғы кезінде Хан ордасында жазуының сыры неде деп ойлайсыз?

– Мұнда тұрған пәлендей құпия сыр жоқ. Өзінің айтуына қарағанда сол кездегі қоғамдық орта мен дін бұл кітапты ашық жазуға, тіпті зерттеу жүргізуге жол бермеді. Бірауыз сөзбен айтқанда дінмен шығыса алмады. Өтейбойдақ бабамыз бірде: «Ақыл-парасат иесі адамзатты пендешілік тұлғалық жаралыстық бітісін Құдай өзі тіке меңгере ме? Әлде жаратқан пенде мүшесінің бірі меңгере ме? Алла тіке меңгерерлік болса, неліктен періште Калиман, Катиман екі иықта күнә-күнәсыздықты шижаламағыштап тұрғылығы шарт. Алла осы жағын қалай жаратқан? Әдетте елді қойып, бір топ қазда да бір басшы бар. Сонда адам бітісінде басшы жоқ десек, пенделік ақыл-парасат, қимыл-қарекет қалай, қайдан шығып жатыр? Шешен тіл, шежірелі ніл, әрбір пенде өзін қалай меңгеріп алып жүр? Бәрі де Алла ісі. Бірақ, жалғыз Алла адамзатты және 18 мың ғалам бәрі-бәріне қалай жетіспек? Бұл мүмкін де шығар. Өйткені Алла құдіреті күшті. Алайда, Алланың адамзатты жаратудағы күштілігі дербес пенделік толғамды, толжанды (жан бағу), қимыл-қарекеттенбекті, сөйлемекті, ұға алмақты, жақсы-жаманды сезе алмақты, келер-кетерді біле алмақты, қойшы әйтеуір бәрі қолынан келетін ғып жаратқаны хақ. Осылай болса тұрғылық пенделік тұлғалық бітісінде қай мүше билік жүргізуі шарттығы ізденгілік толғамдық болып отырғылық. Біреу бір істі ойдағыдай істей алмаса, «ми жо» деулік сөйлемелікшықпақ. Бұған дәлелім десек, мүше миақ меңгермек. Шошысақ жүрегіміз қағады да шошынуды білгізеді және қаһарқақ тұтас тұлғалық бітіспен жалғасым тапқандығы айқындық. Сайып келгенде, осы екі мүшенің бірі тұтас тұлғаға билік жүргізбегі шарт. Ойлам, сезім, миақта ма?» деген сұраққа жауап іздеп жүріп ауылына барғанда оған қой союды бұйырады. Қойды оймай тұрып миын, жүрегін тексеремін деп жұдырықтай таспен бір қойдың басына періп қалып, екінші қойдың төсін жарып, жүрегін жұлып алып өлтіргені үшін, «кәпір» деген атпен өлімге бұйырылғанда өтірік «нақұрыс» болып құтылады. Ол туралы Өтекең: «– Кәпір неме, – деп аямай ұрып, янаттағанына өкпелеп ашуланғанның, зарланғанның орнына олардың ой түбінде түйірдей түк жоқтығына күлдім-ай кеп… Жарты күн күлдім. Содан соң олар мені «Нағыз нақұрыс» екен деді де байлаудан босатып, – сабауды тоқтатыңдар! Жындымен жынды болатын  емес, оқу соққан ғой бұны, – деп қоя берді» деп жазады. Содан бастап Өтейбойдақ бабамыз бүкіл қазақ даласын кезіп, зерттеумен айналысып кетеді. Талай рет соғыс майдандарына барып шалажансар болған жауынгерлерге жарғышақ (ота жасау) жасап емдейді. Кейде ру-тайпалардың елге белгілі адамдарынемдеп жазып жүріп, Ақ орда ханы Жәнібектің назарына ілінеді. Хан жарлығымен ордадан оңаша силасырдан жайлы орын берілген соң Өтейбойдақ 78 жасынан бастап жаза бастайды.

– Ақ орда ханы Жәнібек өзі тапсырыс беріп жаздырса да бұл ұлы еңбектің 600 жыл құпия сақталып келгені өкінішті-ақ! Бұған да дін себепкер болғаны ма?

– Әсілі Жәнібек хан Өтейбойдаққа тапсырыс бергенде Өтей бабамыз бұл міндеттен бас тартады. Сонда Жәнібек хан: «Шипагерлік баян» сарай сандығында сақталады» деп серт бергенен кейін барып жазуға кіріскен болатын. Өтейбойдақ 1474 жылы 85 жасында «Шипагерлік баянды» жазып болып алғашқы нұсқасын Ханға енді тапсырамын деп жүргенде, жаудың ордаға жасаған тұтқиыл шабуылынан Жәнібек хан қаза тауып, шипагер ғалым Ақ ордадан қашыл шығып, туған мекеніне келіп табан тірейді. Бұл туралы Өтейбойдақ:

«Ой дүние-ай!

Іске аспады, арманым қаран қалды,

Шың басына шығарда арандалды.

Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем,

Жаман ат, жаман ырым мазамды алды.

Қалмады ұрпақ Өтейбойдақ аяндалды,

Мені өшірмес «Шипагерлік баян» қалды.

Қағазбен жалғасқан аян қалды,

Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге,

Қағазбен жалғасқан аян қалды».

Құлазыған ішкі көңіл күйін осылай бейнелеген Өтекең: «Сыр сақтау алтын сандығым енді ашылмақ емес. Оған білім толтыруымның шарты тура жолын тапқан, ел қамын жеген, мендей бір ғылым жолын қуған Албанның андалық бір ғана ұрпағына тән екендігін танып, қанып, біліп жеттім… Енді оны кіндіктес інім Топайға тапсырамын… Баяны Топайдан соңғылыққа жалғаспақ» деп тұжырымдайды.

Бұл кітап 293 жылдан кейін барып Шалкөде де Бұршақ би жағынан көшірілген бесінші реткі көшірме нұсқасынан 186 жылдан соң яғни 1952 жылы Қытайдың Текес ауданы, Шилыөзек ауылында Түменбай Ыстанбайұлы жағынан алтыншы рет қазіргі қазақ тіліне жақындастырып аударылып, Текестің Секі тасына көмілген нұсқасынан 1992 жылы Нұртай Түменбайұлы арқылы біздің қолымызға жетіп отыр.

– «Шипагерлік баянның» ара-арасында жоғалған беттер бар екен. Мұны қалай түсінуге болады?

– Бұл кітаптан ешқандай бет жоғалған да, өртелген де емес. Әңгіме кітапты баспаға ұсынушы да болып отыр. Бірінші себеп, өкіметтің беремін деген ақшасы қолына тимей қалуы болса, екінші себеп, басқалар біліп қалады деген жерлерін әдейі алып қалған. Үшіншіден жазуы өшкіндеп тану қиын болған жерлері көшірілмеген.

– «Шипагерлік баяндағы» емдік қасиеті бар дәрілер қанша?

– Ғұлама ғалымның «Шипагерлік баяннан» шипагерлік қасиеті бар емдік дәрілер шұбыртқысының өзі 1108 түрден (оның 60 неше түрі металл-металлойд, 728 түрі өсімдік, 318 түрі жан-жануар) асады. Осы арада айта кетейін, шешек суын тапқырлап, ел арасына 6 түрлі жұқпалы ауру тарағанда «шешек суын» егу арқылы ем жүргізген осы Өтейбойдақ бабамыз болатын. Ал, шешек суы екпесін еуропалықтар 1772 жылдары барлыққа келтірген. Аржағын өзіңіз ойлай беріңіз.

– Соңғы кездерде «Шипагерлік баянға» күмәнмен қарайтындар бар. Бұған ғалым ретінде қандай жауап береген болар едіңіз?

– Ол сөзіңнің жаны бар. Менің байқауымша бұған үш түрлі себеп бар. Біріншіден, бұл кітап тосын жарыққа шыққан соң, адамдар бірден дұрыс қабылдамай отыр. Екіншіден, көп жұр бұл кітаппен толық таныса қойған жоқ. Үшіншіден, бұл кітап ескі қазақ тілінде жазылғандықтан оқып-түсіну ауырлау. Жалпы «Шипагерлік баянға» үгіт-насихат және зерттеу жетіспей тұр. Танысып шыққан қазақ зиялылар арасында «Шипагерлік баян» қолдан жасалған кітап» деушілер де жоқ емес. Ал, кейбіреулер беті-жүзі қызармай «Ибн Синадан көшірді» деп айтып жүр. Егер осылай деушілер салыстырып көрсін. Дәріген Ибн Сина (980-1037 ж.) он жасында «Құранды» жаттап алған. Оның «Емшілік ережесі», «Шөп дәрілері», «Ауру және оны емдеу» қатарлы 20-дан артық кітабы бар. Алды  161 рет қайта басылған дүниеге әйгілі сан-саналы ғылым иесі. Бірақ, Ибн Синаны Өтейбойдақты салыстыру тіпті қиын. Мысалы Ибн Сина күн нұрынан пайдананды десек Өтей бабамыз күн нұрынан пайдаланудың сыртында «күн нұры адам мінезін белгілейді, күн әрекет өзгерісі 12 жыл, адам мінезі де 12 түрлі» дейді. Өтей бүркенгілік қуат ғылымын ортаға қойып қызылша, шешек ауруын қараңғы нұрда жел тигізбей бүркеп қойып емдеу тәсілін істетті. Екеуінің ауру сипаттарын (харектерін) айруы да ұқсамайды. Өтей бабабыз ауру сипатын бірінші қадамда төртке айырды. Екінші қадамдағы тексеруінде төртті екіге көбейтіп сегізге, үшінші қадамда сегізді екіге көбейтіп он алтыға айырады. Сонда ауру сипатын 28-ге бөледі. Ал аурудың салмағын 12 деп мөлшерлеп, біртүрлі ауруда 336 түрлі сипаттық түрі болғандықтан шипашақ (рецепт) бір адамға ғана жазылады. «Бірақ шипашақ кейінгіге мұра болып қалдырылмайды» деді. Ал Ибн Синада оның бірі жоқ. Өзі де жақсы емдей алмай 57 жасында қайтыс болған. Керек десең «Шипагерлік баян» жазылған кезде дүниеде оның алдына түсетін ғалым болған да емес. Ал, Өтейбойдақтың кейбір көзқарастарын қазіргі ғылыммен салыстыратын болсақ асып түседі. Мысалы біз жағырапиялық орта төртеу деп жүрміз. Ол – ауа, су, топырақ және азықтық заттар. Ал, Өтейбойдақ болса бұлардан сырт кеңестік, тұрақ, ыстық суық және қараңғы-жарық деп 6 ортаға бөледі. Қазіргі кітаптарда «орта ғылымы» толық бөлініп бір жүйеге түскен жоқ. Бірақ, 600 жыл бұрын мұны Өтейбойдақ жүйеге түсіріп кеткен. Қазір біз экология Өтей бабамыз «орта ғылымы» деп атап, ортада 22 таяныш болмаса адамзаттың өмір сүруі мүмкін емес, адамзат сол ортаның туындысы» деген.

Сізге бір қызықты айтайын. Қытайда орта мектепке арнап ХІ тараулық «Жағырапия» оқулығы құрастырылды. Бұл кітаптың әр тарауына 3-4 ғалым және жүздеген мамандар тартылып жазылған. Осы екі кітапқа енген мазмұн Өтейбойдақтың «Өзге тұғыр» деген бір тарауында айтылған. Сондықтан Өтейбойдақтың білімі шексіз. Оның байыбына бармай жатып байбалам салудың еш негізі жоқ деп есептеймін.

Қытай үкіметі «Шипагерлік баянның» құндылығын бағалап «Мемлекеттік бірінші кітап» деген сыйлық берді. Қытай мойындаған кітапты өзіміздің қазақ толық мойындамай отырғаны менің қарнымды ашырады. Осы райымыздан қайтпасақ «Менен ұрпақ қалмаса да күндердің күнінде мені дүниеге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артыма қалмақ. Бұл – соңғылықтар қадірін ұстана білсе қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ» деп айтқан Өтей бабамыздың соңғы сөзі келетіні хақ. Бірақ кітапқа күмәнмен қарайтындардың беті аулақ болса екен деп тілеймін!

– Әрін аға, «Шипагерлік баян» туралы әңгіме бір сұхбатпен бітпейтіні анық. Сондықтан өзіңіз зерттеп жасаған кітаптар жайлы айта кетсеңіз?

– Мен, «Шипагерлік баянға» шын беріліп, зерттеу жасап жүрген Қытайдағы қазақтың бірімін. Қазір бұл туралы 6 бөлімді зерттеу кітабым жазылып болды. Бұл еңбектерімнің түйіні Өтейбойдақ баба ғылымын зерттеу, тану, талдау, түсіндіру. Бұл кітаптар өз ішіне Өтейбойдақтың «Адам мүрдесін боршалау» (анатомия) ғылымы, «Әлемдік сайыс пен тартылыс», «18 мың ғалам», «Өзегі тоғырлар мен райлар», «Адамның 72 түрлі тамыр аңғақ соғу мен  нақтамалар (диагноз)», «Шипагер гылымының үш шыңы мен алты белесі туралы», «Қуаттар (иммунитет) туралы» және «Сөлдер (гормондар) қатарлы ондаған ғылыми көзқарастары жүйелі талданды және зерттелді.

Өтейбойдақтың «Мүрде боршалау ғылымы» деген бірінші кітабы 2002 жылы қарашада Шыңжаң Ауылшаруашылық академиясы баспаханасында басылып шықты, таралымы 2000 дана. «Ал Өтейбойдақтың «Орта туралы ғылым» деген екінші кітабы шығу алдында тұр.

–  Кітаптарыңызды Қазақстанда бастыру ойыңызда бар ма?

–  Әрине, бар. Бірақ бастыру жағы қиын болып тұр. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев мырзаға айтып едім, ол кісі: «Бізге айтқаның дұрыс қой, Бірақ, қолдаушылар жоқ болып тұр ғой», –  деді.

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

2 пікір