Дабыл: Тарихқа ортақ көзқарас – Ресейдің көзқарасы болмақ!
Қарашаның 11-і күні Abai.kz ақпараттық порталында «Ресейдің «ортақ тарих» оқулығы – идеологиялық диверсия!» атты мақала жарияланды. Онда Ресейдің саяси билігінің бастамасымен ТМД кеңістігіне «Ортақ тарих» пәнін даярлап енгізу жайы егжей-тегжейлі айтылды.
Ресейдің бұл бастамасын – «мемлекеттік фашизм – идеологиялық диверсия» деп атадық, біз. Ғасырдан көп уақыттан бері қазақ тарихын бұрмалап келген, бүгін де қазақ шекарасы мен мемлекетін мансұқтауда алдыға жан салмайтын солтүстіктегі көршілеріміздің саяси тұлғалары: «Қазақта мемлекет те, шекара да болмаған», - деген жалған сөзді ашық айтып жүргені және рас. Ресейдің түрлі саясаткерлерінің қазақ мемлекеттігіне, шекарасына қатысты соңғы жылдары айтылған пікірлердің бірсыпыра тезисы мынау: «Назарбаевқа дейін қазақтарда не шекара болған жоқ, не мемлекет болған жоқ», «Қазақстан – қасиетті орыс жері», «Қазақстан жері – Мәскеудің сыйы» т.б.
Енді міне, «Ортақ тарих» оқулығы дегенді тықпалауда. Осыған байланысты біз ел азаматтарының бұл өзекті мәселеге қатысты пікірлерін сұраған болатынбыз.
ТӘУЕЛСІЗ ТАРИХТЫ ЖАЗУ – САЯСИ ДЕРБЕСТІКТІҢ БАСТЫ ШАРТЫ!
Абзал Құспан,
Мәжіліс депутаты:
– Тәуелсіз тарих – бұл ұлттың сыртқы идеологиялық ықпалдан азат болу жолы, ұлттың өзіндік пікір қалыптастырып, өзінің тарихи жолын анықтауының негізгі кепілі. Тарихты бұрмалау, елдің өткенін өзге күштердің ықпалымен қайта жазу – ұлттық егемендікке төнген басты қауіптердің бірі!
Ұлттың болашағы тек экономикалық даму немесе технологиялық жетістіктер арқылы ғана емес, оның тарихи санасының тәуелсіздігі арқылы қалыптасады. Егер тарих сыртқы күштердің мүддесіне сай өзгертіліп, қайта жазылса, онда ол халықты өзінің шынайы тамырынан ажырату қаупін тудырады. Өткенімізді өзіміздің ұлттық мүдде тұрғысынан түсіндіру – қазіргі билік үшін де, ел үшін де басты міндет.
Тәуелсіз елдің тарихын жазу арқылы біз мемлекеттің идеологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Бұл елдің саяси тұрақтылығының кепілі болып, ұлттық бірегейлікті сақтауға қызмет етеді. Тарихты бұрмалау – тек қана өткенді ұмыту емес, ол қазіргі мемлекетіміздің тұтастығына қауіп төндіру болып табылады. Сондықтан ұлттық тарихты қайта жазып, оны саяси тәуелсіздігіміздің басты тірегі ретінде қарастыру керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тәуелсіз тарихты жазу – саяси дербестіктің басты шарты!
«ОРТАҚ ТАРИХШЫЛАР ТОБЫ» КІМНІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ?
Арман Қабдешұлы,
т.ғ.к.,Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
– «Дәрігердің қателессе бір адамның өмірі қиылады. Тарихшының қателігінен екі ел соғысады» деген қағиданы бір жерден көрген едім. Бүгін сол сөздің рас екенін уақыт көрсетті. Мысалы, 1990-жылдардың аяғында ҚХР 1937 жылғы Нанкин қырғыны оқиғаларын мектеп оқулықтарында толығымен қайта қарастырғаны үшін Жапон елімен дипломатиялық қатынасын үзген болатын. Сол сияқты 2015 жылы «Қазақстанның «Мектеп» баспасынан шыққан орта мектептерге арналған оқулықтарда Қырым Автономиялық Республикасы Ресей Федерациясының субъектісі ретінде көрсетілуіне байланысты Украина елшілігі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдаған. Ал, ІІ Дүниежүзілік соғыстың қанды қасабын бастау үшін нацистік Германия да тарихқа жүгініп, Ұлы Рейхтың адамзат алдындағы «ерекше миссиясын» көтеріп, «қолдан жасалған халықтардың өмір сүруіне құқығы жоқ» деген ұстанымдарын жалаулатқан жоқ па?!
Жалпы, тарих тоталитарлық, диктаторлық елдерде биліктің қолжаулығына айналатыны заңдылық. Оған дәлел патшалық Ресей мен Советтік тоталитарлық жүйе кезінде империяның қол астына қараған халықтардың, соның ішінде қазақ халқының тарихын қасақана бұрмалануы. Тарих бұрмаланып қана қоймай, сол тарихпен айналысқан қаншама тарихшы ғалымдар мен зиялылар бас бостандығынан айырылды.
Ә, дегенде бірден еске түсетіндер: Бек Сүлейменовке – «Кеңес халқының моральдық-саяси бірлігіне, социалистік құрылысқа орны толмас зиян келтірді» деген айып тағылса, Ермұхан Бекмаханов – «буржуазиялық ұлтшыл» деп айыпталды. Белгілі Абайтанушы Қайым Мұқамедханов – «Абайдың ақын шәкірттері» деген ғылыми тақырыбы үшін айыпталып, істі болды. Үшеуіне де бір үкім: 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бүгінгі РФ сол жүйенің мұрагері...
Ал енді мынандай сұрақ туындайды: Бір ғасырдан бері қазақ тарихын бұрмалап келген, бүгін де қазаққа шекараны да, мемлекеттікті де қимай отырған, «Назарбаевқа дейін қазақтарда не шекара болған жоқ, не мемлекет болған жоқ», «Қазақстан қасиетті орыс жері», «Қазақстан Мәскеудің сыйы» деп жар салған елге аяқ астынан Қазақстан тарихшылары не үшін қажет боп қалды екен?
Қазақстанның тарихшы ғалымдары Ресейдегі әріптестерімен онсыз да өз зерттеп жүрген тақырыптары мен жобалары бойынша ғылыми байланыс орнатқан. Керек десеңіз, Ресей тарихшылары «Қазақстан тарихының» жаңа 7 томдық академиялық басылымын дайындауға да белсенді түрде тартылып жатыр. Ал, археология саласында бұл әріптестік 30 жылдан бері үзілмей келеді.
Онсыз да Қазақстан РФ экономикасы мен саясатына тәуелді емес пе?.. Кедендік одақ, ЕАЭО сияқты ұйымдар РФ саяси-экономикалық мүддесінен шыққан және тек РФ үшін қызмет істеп отырғаны мәлім. Сол одақ ҚР ешқандай пайда әкелген жоқ. Қазақстан мен РФ арасында достық, стратегиялық серіктестік туралы қаншама келісімдерге қол қойылса да, ҚР экономикасы РФ тәуелді болып отыр. Өйткені ол келісімдер көп жағынан РФ мүддесі тұрғысынан жасалды. ҚР жерасты, жерүсті байлығы мен кен орындарының бәрі дерлік РФ мен ҚХР меншігіне берілген. Халық жер байлығын игеріп отырған шетелдік компаниялармен жасалған келісім шартты көрсет десе өкімет «ол құпия» деп көрсетпей отыр. Біздің заңдар қаншалықты өз халқына, өз бизнесіне қарсы жұмыс істесе, соншалықты РФ және басқа да шетелдік компаниялардың мүддесі үшін қызмет етіп отыр.
Ал енді бұның бәрі тарихқа қанша қатысы бар деген орынды сауал туады.
Мәселе мынада, С.В. Лавров мырзаның Қазақстан мен Ресей тарихшыларынан ортақ топ ұйымдастырудың артында бір-ақ мақсат тұр. Бүгін Қазақстан экономикасы РФ кіріптар болса да тәуелсіздік жылдары санасы ояу, көкірегі ашық, жүрегі «қазақ» деп соғатын қанша ұрпақ келді! Кеңестік-тоталитарлық жүйеден тәрбие алған аға ұрпақ түбі кетеді. Сонда қазақ қоғамында Ресейді «аға тұтатын» біреу қала ма жоқ па, деген мәселе Ресейді алаңдатып отырған сияқты. Егер Ресей мен Қазақстан тарихшыларынан ортақ топ құрылатын болса, ол қолдан «РФ прогрессивтік рөлін көтергеннен» басқа еш нәрсе тындыра алмайды. Орта ғасыр мен отарлық кезең өз ұстанымдарынан ажырамайды. Ресей империясы Қазақстанды жаулады, қазақ елін отарлады, қазақ ауылдарын қанға бөктірді...
Қарастырылуы мүмкін тағы бір мәселе – РФ 2025 жылы «Ұлы Отан соғысының» 80 жылдығын атап өтпекші. Осы соғысқа қатысты соңғы кезде жаңа фактілер мен ұстанымдар орын алып жатыр. Біз әлі күнге дейін ІІ Дүниежүзілік соғысқа Сталин кезінде қалыптасқан ұстанымдармен қарап келеміз. Осыған байланысты Украинаға қарсы соғыс басталғалы Ресей басшылығының секем алып жатқан бір мәселе – «ІІ Дүниежүзілік соғыс отының өршуіне қай елдердің қатысы бар», деген сауалдың көтерілуі.
Польшаны бөліп алған, Прибалтика елдеріне кірген кім? Ресей мен Қазақстан тарихшылары бұл мәселеге ешкім күмән келтірмейтіндей «нүкте» қоятын шығар. Еуроодақ елдерінде Холокосқа күмән келтіргені үшін жауапкершілікке тарту қалай қаралса, тура солай «ортақ тарихшылар тобы» жасаған қортындыларға да күмәндану қылмыс боп саналатын шығар...
Ресейдің болашағының өзі бұлыңғыр. Түбі Путин де кетер. Сонда РФ тағдыры қандай болмақ? Ресей өз тұтастығын сақтай алама жоқ па? Ресей Федерациясының субъектілері қандай да бір «өнер» шығарып жүре ме?! «Ортақ тарихшылар тобы» бұған да жауап іздейтін шығар.
Бірақ тарихшы болған соң өткен тәжірибеге көз татамаса болмайды. Болашақта құрылатын «ортақ тарихшылар тобына» бір ақыл-кеңес бере кетейік. КСРО-ның бір оқ атылмай ыдырап кеткені бәріміздің есімізде. «Тәуелсiздiк шеруiн» Прибалтика республикалары бастады. Олар КСРО-ның I Жалпыхалықтық сайланған съез жұмысы кезінде мәжіліс залынан үн-түнсіз шығып кетті. Себебі олар ұсынған «Одақтық шартты қайта қарау туралы» ұсынысы күн тәртібіне енбеген. Олар өз республикаларына оралды да, СССР құрамынан шығу мәселесін бүкілхалықтық референдумге қойды. Референдум нәтижесі бойынша, Балтық жағалауының үш республикасы СССР құрамынан шығып кетті. Егер, Ресей сол тағдырды қайталағысы келмесе, федерацияның барлық субъектілерімен федералдық келісімді жаңартып қайта қарау керек. Әйтпесе өз мемлекетіндегі аз ұлттарға ұлттық тілде мектеп түгіл сынып ашпайтын өкімет кімге ақыл айтқандай!
«Бүлінгеннен бүлдіргі алма!», деген атам қазақтың сөзі бар. Сонымен қатар, «сорлыдан аулақ жүр соры жұғар!» деген қағиданы да ұмытпайық.
«ТАРИХҚА ОРТАҚ КӨЗҚАРАС» - РЕСЕЙДІҢ КӨЗҚАРАСЫ!
Дос Көшім,
саясаткер:
– «Тарихқа ортақ көзқарас» - Ресейдің көзқарасы. Ресей мемлекеті өзінің көзқарасын ТМД елдеріне, өзінің қол астында болған, отар болған әр мемлекетке қайталап таңбақшы болып отыр.
Бұл жерде біз де кінәліміз. 1991 жылдан кейін тарихты қайталап қарап шығу керек еді. Себебі, Ресей мемлекеті – метрополия, біздің мемлекет – отар ел болды. Метрополияның жазған тарихы әр уақытта өз әрекеттерін, жұмыстарын жақсы деңгейде көрсету болса, отар елдерді сол мемлекетке өз еркімен қосылды, еш қысымсыз қатарға кірді деген негізде жариялау. Бұл барлық елде ағылшындар, португалдар, испандар болсын кез келген метрополия, империя болған елдердің бірыңғай саясаты. Яғни, Ресей мемлекеті сол саясатты қайта жаңғыртпақ.
Тағы да қайталап айтамын, қазақ тарихшылары 1991 жылдан бастап тарихты қайталап қарау керек еді. Себебі, отар болған елге метрополия өзінің тарихын ұсынады, қазір де ұсынып отырған «Ортақ тарих» идеологиясы соның жалғасы. Әрине, оның ішіне «Ұлы отан соғысы», бірге өмір сүрген кездегі тарихи оқиғаларды кіргізетіні айдан анық. Бірақ «Ұлы отан соғысының» өзінде де көптеген бұрмалаушылық бар екенін көріп отырмыз.
Сондықтан мұндай ақымақ идеяның орынды жауабын беру қажет. Біздің ғылыми топ болсын, тарихшылар тобы болсын, жауап беруі керек. Бұл мәселені жауапсыз қалдыруға болмайды. Біздің үнсіздікті Ресей мемлекеті келісті деп ойлауы әбден мүмкін. Сондықтан менің ойымша, Қазақстан тарихшыларына сын-сағат туып тұр. Себебі, тарихтағы деректер арқылы өзіміздің қазақ елінің тарихын жазып шығу бір бөлек, Ресей мемлекеті ұсынып отырған саяси идеологиялық бағыттағы тарихтың бұрмалануын сақтап қалу бағыты бір бөлек. Осы екі бөлек мәселені ашып айтатын уақыт жетті.
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ӨЗ ТАРИХЫН ӨЗІ ЖАЗУЫ КЕРЕК!
Бейбіт Қойшыбаев,
тарихшы:
– Ана жылы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бағдарламалық мақаласында бөтен идеологияның ықпалына берілмей, өз тарихын әрбір халық өзі жазуға тиіс деген ойды шегелеп Президент Тоқаев та айтқан еді ғой.
Ресейдің «ортақ тарих оқулығын» жасауға құмарлығының астарында Совет Одағының ыдырауымен бірге күрт түсіп кеткен «ағалық» беделін көтеріп алуға тырысу жатқаны түсінікті. Бұрынғы метрополия кезінде өзіне тәуелді болған, қазіргі өзімен терезесі тең демократиялық мемлекеттермен адал да әділ қарым-қатынас жасағысы келсе, сол «аға» мәртебесін аса сездірмегені абзал болар еді ғой.
Алайда, амал не, біздің бұл үлкен көршіміздің саясатшылары түрлі ретпен өз пиғылдарын білдіріп келеді емес пе. Несін жасырамыз, кешегі империя бұрынғы отарына жүргізген үстемдігінен айрылғысы келмей, тарихты, күллі ТМД елдеріне ортақ оқулықты өзіне ыңғайлы, өз тұрғысынан жазуды қалайды.
Сондықтан да Ресей тарихшыларымен бірігіп ортақ тарихымызды жазу деген ұсынысты, әрине, кері қағу керек. Ресей патшалығының кезінде көршілерінің жер-суын жаулап алумен, нағыз басқыншылықпен аумағын кеңейткені мәлім, мұнысын олар патриотизмге балаған, әлі де солай. Олар жаулапалушылығын сол басып алған халқына жақсылық әкелдік деп есептеген, әлемге солай дабыралатқан, барша жұрт санасына солай сіңірген. Бұған біздің көзқарасымыз мүлде керісінше ғой, сондықтан тарихымызды отарлаушымен бірлесіп жазудң қисыны келмес. Бұл тақырып көптен көтеріліп жүр. Әр ұлт өз тарихын өзі жазғаны жөн. Бұл кешегі билеушімен жауласу дегенді білдірмесе керек, бұл – өзіңді-өзің тану, өз болмысыңды түсіну, зерттеу, саралау, бұған дейін бұрмаланып келген қасіретті тарихыңды қалпына келтіру деген сөз.
Ал Ресеймен бірлесе отырып тарихыңды әділ жазу мүмкін емес, себебі бірігіп жазуға кіріссең, Ресей – біздің жарылқаушымыз деген ескі сүрлеуге қайта түсетініңе күмән жоқ. Анығында, әлі де толық құтылып болмаған құлдық санаға одан сайын шырмала бересің. Рас, билік тарапынан бұл мәселеге нақты, мардымды жауап берілмей жүр. Мойындау керек, біздің өкімет көп құбылысқа сақтықпен қарайды. Мұны түсінуге де болар, дегенмен, қайталап айтайын, Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты белгілі мақаласында: «Әр халық өз тарихын ешқандай жат идеологияның ықпалына түспей, өзі жазуы керек», – деп маңызды тұжырым жасағанын ұмытпайық. Осының өзі біз үшін нағыз айқын бағыт-бағдар болуға тиіс. Бұдан жеті-сегіз, әлде он шақты жыл бұрын Ресей тарихшылары ТМД халықтарының тарихын бірге жазуды ұсынған-ды. Бірақ, жаппай қолдау таппады ғой деймін.
Менің ойымша, қазір көтеріліп жатқан осы бір қолайсыз, келеңсіз мәселеге қоғамдық ұйымдар, тарихшылар, жұртшылық батыл тойтарыс берсе, биліктің де құлақ асатыны анық. Ресейдің тұтас тарихы өзгенің елін де, халқының санасын да жаулап алу саясатына құрылғаны, мұны кеңестік билік біржақты интернационализм, патриотизм ұғымдарымен ерекше дамытып, біздің тарихымызды, мәдениетімізді, тілімізді тоқырауға тірегені белгілі. Жаңа тарихта осылардың себеп-салдарлары ашып айтылу керек, ал оны кешегі озбыр билеуші ешқашан әділ таратып айтпайды. Көзқарастарымыздың үйлеспейтіні, айырмашылықтар бары айқын, әйтсе де өз тарихымызды өзіміз жазудың бүгінгі орыспен күресуге, жауласуға апармайтыны анық. Тек үлкен көршіміз демократия құндылықтарын бағалап, сақтап, өзгенің таңдауын құрметтесе болғаны. Ел боламыз десек, алдымен өзіміз жазған тарих арқылы өзімізді танығанымыз жөн.
Мұнымен Ресей тарихшыларының санасқаны, өткен жолдағы астамшылықтар зардабын мойындап, түсінгені жөн, сонда екі ел арасында нағыз татулық, бейбіт келісім, азаматтық әділ қатынас шүбәсіз орнайды.
Кезінде кеңес билігі түркі халықтарының бірлігінен қатты қорыққан. Сондықтан да Мұстафа Шоқай басқарған Түркістан автономиясын 1918 жылы қанға бояды, 1920 жылы Түркі кеңес республикасын құру идеясына қарсы болып, ақыры Түркістан өлкесін, күллі Орта Азияны 1924 жылы ұлттық республикаларға бөлшектеді. Ортаазиялық Федерация құру мәселесі қозғалған кезде де, оларды түркі елдерінің жаңаша бірлігі шошытты, жол бермеді. Сонау өткен тарихтан сабақ алмағандықтан, 1991 жылы славян мемлекеттері одақтасып Кеңес Одағын таратқанда, Орта Азиядағы республикалар (түркілер және олармен тағдырлас тәжік пен Қазақстан) қауымдасып, славян бірлігімен тең дәрежеде достастық құру мәселесін көтермеді. Оның орнына жетекші орында Мәскеу тұрған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы деп аталған бірлестікке бұрынғыша жеке-жеке көгенделгенді қош көрді. Сондықтан да бұл құрылымда бізге қолайсыз тиерін ескерместен, ортақ тарих жазу қажеттігі түрлі жолмен көтеріліп келеді. Шүкір, он бес жылдан бері Түркі мемлекеттерінің ұйымы жұмыс істеуде ғой, бәлкім империядан тартқан азабы, зардабы ұқсас осы елдер ортақ тарих жазамыз десе қолдауға болар, онда да мұны бұрынғы метрополияны араластырмай жүзеге асыруға тырысу керек, өйткені оның мүддесі бұрын отары болған елдердің шынайы тарихымен еш үйлеспейді.
Материалды дайындаған: Аружан Байжан
Abai.kz