Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2379 2 пікір 21 Қараша, 2024 сағат 16:16

Күңзы (Конфуций) және Абай 

Сурет Alten sandek әлеуметтік желісінен алынды.

Күңзының «Құлықты адам» ұғымы - Абайдың «толық адам» ұғымы   

1. Күңзының «Құлықты адам» ұғымы

Күңзы айтады: «Құлықты адам әлемдегі істер жайында, сөз жоқ, осылай істеу керек, сөз жоқ бұлай істемеу керек деп кесіп тастамайды. Әділетке қайсысы сыйса солай істейді».

Күңзыдан біреу:

- Сіздің шәкіртіңіз Янхұй қандай адам, - деп сұрағанда, Күңзы:

- Ол адам, мейірбан адам, мен оған жетпеймін, - деген.

- Зыгұң қандай адам, - деп сұрағанда, Күңзы:

- Ол даукес адам, мен оған жетпеймін, - деген.

- Зылу қандай адам, - деп сұрағанда, Күңзы:

- Ол батыл да түзу адам, мен оған жетпеймін, - дейді.

- Ол үшеуі сізден мықты бола тұра не үшін сіздің сөзіңізден шықпайды, - деп сұрағанда, Күңзы:

- Мен адал, мейірбан болумен бірге, өзімді ұстай білемін. Дау жағында дес бермесемде, айтпауға тиісті сөзді айтпаймын. Батыл болсам да, атүсті істемеймін. Оның үстіне, ол үшеуінің артықшылығын анық көре білемін. Оларды иландыру үшін мен олардың артықшылықтарын бағалай отырып әрі олардың олқылық жерлерін де кешіре білем. Бұл менің адам кемелді болудағы қағидам саналады, - дейді.

2. Абайдың «Толық адам» ұғымы

Абай «Он жетінші қара сөзінде» ақыл, қайрат, жүрек үшеуін өзара айтыстырады. Осы үшеуінің айтыс соңында үшеуіне ғылым төрелік айтады. Ғылым оларға төрелік айтқанда, жай айтпайды. Қайта, ақыл мен қайратта адамның іс-қимылы барысында «әділет, ынсап, рақым» сынды әдептану өлшеміне қайшы келетін ұнамсыз, сыңарезулік кемшіліктерінің бар екендігіне сөгіс айта отырып, оларды жүрекке билетуді құптап төрелік айтады.

Сонда ғылым қайратқа былай айтады: «Ей, қайрат! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Бірақ, қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, залалың да мол. Кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің соның жаман», - дейді.

Одан соң, ақылға былай төрелік айтады: «Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз еш нәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ, соныменен тұрмайсың. Амал да, айла да - бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның - екеуінің де іздегенін тауып беріп жүрсің, соның  жаман...

Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ - менің ісім, сендерге жүрек билеуші, әмірші болса, жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-ділі құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп үйден қуып шығады.

Қайрат сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жүрек жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен.

Егер осы үшеуің бір кісінің бойынан менің айтқанымдай табылсаңдар «табаныңның топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол». Егер, үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», - дейді.

3. Екі данышпанның ахылақ идеясындағы ұқсастық

Күңзы баға берген Янхұй, Зыгұң, Зылу қатарлы үш кейіпкер Абайдың ақыл, қайрат, жүрек сынды үш кейіпкеріне ұқсап кетеді. Ал Абайдың «ғылым» деген кейіпкерінің орнында Күңзының өзі түр. Күңзының үш кейіпкердің ішінде Янхұй жүрегі жылы, мейірбандығы басым адам болғанымен, оның өзін ұстай білмейтіндігі байқалады. Зыгұң дәукестігі басым адам болып, ол ақылын дауға істеткенде алдына жан салмағанымен, айтпауға тиісті сөзді де айта салады. Зылудың батылдығы, түзулігі басым болғанымен, мәселеге үстірт қарайтын көрінеді.

Абайдың үш кейіпкері мен Күңзының үш кейіпкерінің басты әлсіздігі - оларда ғылыми таным кемшіл болған, диалектиканы (маселеге жан-жақты қарау) білмейді, үнемі өздерінің анадай немесе мынадай қасиеттерін өмір сүрудің өлшемі етіп, метафизикалық (мәселеге сыңар жақтылы қарау) идеяның жетегінде жол береді.

Әсілі адамның қимылы белгілі дұрыс идеяның жетегінде болу керек. Дұрыс идеяның өзі - ақиқаттық таным, ақиқаттық танымның өзі - ғылым, ғылыми таным - мәселеге жан-жақты қараудың, диалектикалық ойлаудың нәтижесі.

Абайдың ахылақ көзқарасында «жүрек» ұғымы елжіреген адамдық сезім ретінде қаралады. Онда «ақыл» мен «қайратқа» қарағанда «мейірімділік» қасиет бар: Десе де оған «ғылым» жетекшілік етіп тұр. Сонда ол бейне данышпан Күңзының өзі сияқты.

Екі данышпанның пайымдау әдісі ұқсамағанымен, ой қортындысы ұқсас.

Абай ана үшеуін айтыстырып оның ішінде ғылымға төрелік жасатып, «Толық адам» болмысын жасайды.

Күңзы ана үшеуінің сыңаржақтылықтарын жеңіп, мәселеге диалектикалық ой жүгіртіп, өзінің кемелділігін, данышпандығын, ғылыми танымын көрсетеді.

4. Абайдың «Толық адам» ұғымының поэзиялық формасы былай:

«Әуелде бір суық мұз - ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық ــــ
Бұл қайраттан шығады білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарым есті - жақсы демек».

Бір адамның бойында ақыл-парасат, жігер-қайрат (берік сенім), жылы жүрек (мейір-махаббат) және ғылым болғанда ғана: «Сонда толық боласың елден ерек». Егер бір адамнң бойында бұлардың бірі бар, бірі жоқ болса, ондай адам «Толық адам» санатына қосылмайды, ондай адамға «жол да жоқ жарым есті жақсы демек», - деп баға береді. Өйткені, ондай адам өз бойында бар толық адамдық қасиет мүмкіндіктерін аша алмауынан, өмір жолы былай формаланады:

«Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапахат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа.
Алдың ـــ жалын, артың ـــ құз,
Барар едің қай жаққа?!» ـــ дегендей, бір тежеусіз күй кешіп, өзін-өзі тани алмай бұл дүниеден өтіп кетеді.

Бүл жөнінде Абай тағы айтады: «Адам баласы ақыл, ғылым, ар деген нәрселермен озады, одан басқа нәрселермен озам деудің бәрі ақымақтық», - дейді. Осы қисындарға негізделгенде адам кемелді болу үшін мол білімді, ғылыми танымы жоғары болумен бірге, адам өмір бойы өзінің ахылағын жетілдіру арқылы орындалады екен. Абай оны - «Толық адам» дейді.

«Арқандай бодау беріп жете алмаған биікке, ахылағын жетілдіру арқылы жетуге болады. Шәкарім сөзімен айтқанда: «Біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше», - дейді.

Төңкеріліп құбылған жұрт бірсағым,
Шынға шыдап қоса алмас ынтымағын,
Көптің аузын күзетсек күн көрмейсің,
өзіңді өзің күзет кел шырағым», - дейді.

Абайды ұлы ақын дейді. Менше, ол алдымен ұлы философ, этика ғалымы, психолог. Ол 40 жасқа дейін үйренді, ізденді, дүние таныды, адам таныды, қоғам таныды, ұлт таныды. Сол ғылыми танымын өлеңмен айтпаса халқының бойына дарымағандықтан 40 жастан кейін өлеңге ауысқанда, өлеңдері ылғи да философиялық тереңдіктен, этикалық ізгіліктен, эстетикалық көркемдіктен тұрды.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Шәйітқазы Зейнелғазыұлы

Қытай қазақтарының Alten sandek әлеуметтік желісінен дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1992