Ерлан Қарин: Жаңа буын қаламгерлер - «Жаңа дәуір жүйріктері!»
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Жазушылар Одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысып, қаламгерлер алдында сөз сөйледі.
Мемлекеттік кеңесші ұлт руханиятын дамытуға қатысты ойын ортаға салып, ақын-жазушылардың жаңа толқыны туралы пікірін білдірді.
«Тәуелсіздік рухымен қанаттанған ақын-жазушылар азаттықтың үніне айналды. «Алтын көпірліктер» деген атпен танылған топ та күрделі кезеңде әдебиет туын биік ұстады. Екі мыңыншы жылдардан кейін Тәуелсіздік кезеңінде қаламгер ретінде таныла бастаған жастар жарқырай көрінді. Қазір шығармашылық қуаты зор тағы бір буын осы топтың ізін басып келеді. Алдыңғы толқын ағалары сияқты оларды «Жаңа дәуір жүйріктері» деп атауға болады», - деді Ерлан Қарин.
Қазақстан Жазушылар одағының негізі 1934 жылдың 12-18 маусым аралығында Алматыда өткен Қазақстан Жазушыларының I съезінде қаланды.
Жазушылар одағын әр жылдары көрнекі тұлғалар басқарған. Одақтың негізін қалаған Ілияс Жансүгіров (1932-1935), одан әрі Ғаббас Тоғжанов (1935 - 1936), Сәбит Мұқанов (1936 - 1937; 1943 - 1951), Тоқтарбек Дүрімбетов (1939 - 1940, 1944 - 1977), Мұхамеджан Қаратаев (1937 - 1938), Дихан Әбілев (1938 - 1939), Әбділда Тәжібаев (1939 - 1943), Әбдірахим Жаймурзин (1951 - 1953), Ғабиден Мұстафин (1953 - 1956; 1962 - 1964), Ғабит Мүсірепов (1956 - 1962; 1964 - 1966), Әди Шәріпов (1966 - 1971), Әнуар Әлімжанов (1971 - 1979), Жұбан Молдағалиев (1979 - 1983), Олжас Сүлейменов (1983 - 1991), Қалдарбек Найманбаев (1991 - 1996), Нұрлан Оразалин (1996 - 2018), Ұлықбек Есдәулетов (2018-2023), басқарса, соңғы жылдары Мереке Құлкенов (2023 бастап) жетекшілік етуде.
Мемлекеттік кеңесші Одақтың қазіргі және бұрынғы басшылары Мереке Құлкенов, Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулетке сый-құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Мемлекеттік кеңесшінің үш төрағаны бөле-жармай бірдей құрмет көрсетіп, шапан жабуы - қаламгерлер арасындағы бірліктің символы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жазушылар одағы – ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ» деп осынау тарихы терең ұйымға жоғары баға берген.
Қазіргі таңда Жазушылар одағы – 1015 мүшесі бар еліміздегі ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одаққа қарайтын «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор», «Жалын» журналдары өнер мен әдебиеттің жаршысына айналды.
Тәуелсіздік жылдарында түрлі экономикалық дағдарыстарға қарамастан мемлекет ұлттық әдебиетті қолдау мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес.
Жас қаламгерлерді қолдау, олардың шеберлігін арттыру, жазушылар мен ақындардың тәжірибелерімен бөлісуі, ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстарын жүргізу сияқты жобалар іске асырылды.
2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайтарылды.
«Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», - деп атап өтті Президент.
Одақтың еліміздің барлық өңірлерінде өкілдіктері бар. Мәдениет және ақпарат министрлігімен, облыстардың әкімдіктерімен тығыз байланыс орнатып, түрлі жобаларды іске асырып, әдебиет саласындағы маңызды іс-шаралар мен мерейтойларды өткізуде.
Заман талабына сәйкес Жазушылар одағы әлеуметтік желілерде де жұмыс жүргізіп отыр. Кітаптардың электрондық нұсқаларын шығаруға, автор мен оқырман арасында тікелей байланыс орнатуға күш салуда.
Abai.kz