5 жылда 100 млрд долларға жеткізе аламыз ба?
Ұлттық қор – ел болашағының қаржылық іргетасы. Былтыр сәуірде Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы жариялап, сол уақытқа дейін Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу мақсатын көздеген болатын. Сол межеге жетуге бес-ақ жыл қалды, ал бүгінгі ахуалдан мұндай биікке көтерілу жолы бұлыңғыр көрінеді.
Былтыр қорға жалпы 8,8 трлн теңге түссе, соның 5,6 трлн теңгесін алып қойдық. Оның 2-еуі кепілдендірілген трансферт ретінде, 3,6 трлн теңгесі мақсатты трансферт ретінде алынған. Басқару мен аудит шығындарына 21,5 млрд теңге жұмсалған. Алғашқыда 2024 жылға арналған бюджетте мақсатты трансферт көлемі 1,6 трлн теңге деп белгіленген еді. Бірақ жыл соңына қарай бюджет тапшылығының артуына байланысты Үкімет қосымша 2 трлн теңге сұрап, трансферт көлемін 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Келер күнге деп жинап жатқан ақшаның жартысынан көбі жаратылып кетті. Сөйтіп, қорымыз бір жылда 3 трлн теңгеге ғана өсті.
Демек былтырғы қаңтарда қоржынымызда 29,8 трлн теңге болса, қазір 33 трлн теңгеден сәл асыңқырап тұр. Бұл ақпаратты Қаржы министрлігінің Ұлттық қор түсімдеріне қатысты есебінен алып отырмыз. 2024 жылы жалпы 8,82 трлн теңге түскен. Оның ішінде 3,8 трлн теңге – мұнай секторының салықтарынан, 4,98 трлн теңге инвестициялық кірістен (қордың активтері әртүрлі құнды қағаздарға және басқа құралдарға инвестицияланған) жиналған.
Үкімет 2025 жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт ретінде, 3,25 трлн теңге мақсатты трансферт алуды жоспарлайды. Тек 2026 жылдан бастап мақсатты трансферттерден бас тарту көзделеді.
Дереккөзі: Мың теңге телеграм арнасы
Abai.kz