Орыстардың Қара теңізге шығуы
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/1200_0_dd2af7b904f2a71a39e88fa5ce30a8e6.jpg)
…Смирись, Кавказ: идёт Ермолов!
( А.С.Пушкин)
Он сегізінші ғасырдан бастап қанатын кеңге жая бастаған орыс империясына Қара теңіздің жағасына қалайда шығу, сол бір тұста стратегиялық межеге алынды. Қырым түбегін жаулап алумен қатар, қазіргі Кабардино – Балкар және Карачай-Черкес автономиялық республикаларының орналасқан аумақтарын, сол секілді Ресейдің құрамындағы Ставрополь, Краснодар өлкесін (бұл аймақтар сол заманда Черкес (Адыгей) деп аталатын халықтың атамекен жерлері болатын) ұзақ жылдар бойы соғысып, ақырында толық жаулап алды.
Имам Шәміл бастаған қарсыласу соғысын араға талай жыл салып, империя әскері әрең басты. Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Қажымұрат» шығармасында да осы Кавказ соғысы өте жақсы баяндалып, әсерлі көрсетілген. Дегенмен, Ресей империясының Қара теңіз жағалауына шығуы сол аумақта тұрмыс кешіп жатқан халықтардың кейбірін түбегейлі жойып жібере жаздады. Атамекенінен айырылып қалмау үшін қатты қарсыласқан Черкес халқының тоқсан пайыздан аса тұрғыны осы соғыста қырғын тапты. «Их, как и Ногайскую Орду, полностью уничтожили». Аман қалғандарын сол тұстағы (түріктердің ол кезде Кавказ жеріне қатты ықпалы болды) Осман империясының кемелеріне тиеп, түрік жеріне қарай жіберіп тұрды. Қазіргі күндері түрік халқының құрамында үш миллионға жуық черкестер бар деп айтылады. Сол сияқты бірнеше миллион ноғайлар да бар көрінеді. Үстем елдің агрессиясы, айналасындағы шағын елдерге жасаған зобалаңы осылай болды.
Кейбір деректерде осы Кавказ жерінен құрамында Черкесі мен Адыгейі бар, Кабардин мен Балкар, сондай-ақ Карачайы бар, төрт миллионға жуық адам қаза тапқан көрінеді. Жергілікті тұрғындармен ешқандай мәмілеге келмей, аяусыз талқандаған ғой. Империяның негізгі мақсаты, стратегиялық маңызы бар Қара теңіздің жағасын кавказдықтардан босату, әрі тартып алу болды. Әрине, бұл істі қанқасап жорықпен іске асырды. Сол кездегі Ресейдің империялық жауыздығын (қазір де оңып тұрғаны шамалы) В.В.Жириновский өзінің бір сөзінде жуып-шайып: «Ана түріктер Орталық Азиядан көшіп барып, жайбарақат тұрмыс кешіп жатқан Күрд елінің, сонымен қатар Армяндардың, Гректердің және Византиялықтардың біраз жерін жаулап алып, түріктерге ешқандай қатысы жоқ, бөгде елдердің атамекенінде мемлекет құрып алды. Оған қарағанда Ресей мемлекеті әлде қайда оңтайлы, жұмсақ саясат жүргізді», – дегені бар. Әрине, ақтағаны ғой.
Екінші Екатеринаның жарлығы, Суворовтың қырғыны
Кезінде Алтын Орда империясының негізгі құрамында болған және осы Еуразиялық құрылымның қанат жайуына, дамуына айтарлықтай үлесін қосқан, дақпырты алысқа кеткен, бір кездегі қалың Ноғай ордасынан қазіргі күндері не қалды?! Тұрақты ата қонысы, мемлекеті бар ма?!
Міне мен, осы тұрғыда жауап іздеп, өз уақытындағы Ноғай ордасының өткен-кеткен тарихын біраз жылдар зерттеп-зерделеп, қарап шықтым. Олардың сөйлеу мәнерін, өлең-әндерін, жырларын тыңдап, біздің қазақтан ешқандай айырмашылығы жоқтығын анық аңғардым. Тіпті, Ноғайлы болып саналатын Қазтуған жыраудың шығармаларын да бастан-аяқ қарап, оқып шықтым. Осыдан кейін барып, өзім көп уақыт өзге ұлт па деп ойлап келген ноғайлардың қазақ екендігіне, тек қана, сонау бір заманда, басшысы Ноғай батырдың атын иеленгендігі және Қазақ ордасынан бөлініп кеткендігі ғана себеп болғанын түсіндім.
Кезіндегі күндей күркіреген Алтын Орданың ыдырауы тұсында пайда болған мемлекеттік бірлестіктердің негізгісінің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІV-ХV ғасырда қазіргі Батыс Қазақстанның көпшілік бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы осы Алтын Орда әскерінің қолбасшы, Жошы ханның немересі болып саналатын Ноғай есімімен байланысты. Кейіннен, Берке хан өлгеннен кейін Доннан (Дөң) Дунайға дейінгі аумақ Ноғайдың бақылауына енеді. Бірлестіктің құрамындағы рулар, біртіндеп Каспий маңына қоныс аударып, әскер жетекшісі Ноғайдың есімімен аталады.
Дегенмен, Ноғай Ордасының негізін салушы – әмір Едіге болған. Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп, «Ұлы әмір» атанған адам. Сол бір кезеңде, Шыңғыс әулетінен хан сайлау Едігенің қолында еді. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің тұсында бөлек шыға бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддинның уақытында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХV ғасырдың ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Ноғай Ордасы тұтасымен, Еділ мен Жайық арасын қоныс етті. ХІV ғасырдың екінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге: Үлкен Ноғайлы Еділдің шығысына қоныстанып, сондай-ақ Кіші Ноғайлы Еділдің батысына тұрақтады. Міне, осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Ноғайлардың құрамындағы халық негізінен: маңғыт, әлім, қыпшақ, қоңырат, арғын, жалайыр, қарлұқ, алшын, тама және тағы басқа түркі тайпаларынан тұрды. Осыларға қарап, Ноғай Ордасын, ешқандай өзге ұлтқа телімей, (қазірде кейбіреулер айтып жүргендей) бүгінгі қазақ ұлтының төл бөлігі деуге әбден болады.
Геноцид
1783-жылы Ресей патшайымы Екінші Екатеринаның жарлығы бойынша, ноғайларды өз ата қонысынан ығыстырып, Орал тауларының маңайына шоғырландыру керек болды. Шығарылған жарлық, талай ғасыр өзінің білгенінше өмір сүріп келген Ноғай Ордасының тәуелсіздігін жоғалту деген сөз еді. Шындығын айтқанда, Ресей патшалығына Еуразия кеңістігін түркі халықтарынан босатып, ішкі жақтан келетін орыстар мен немістерге жер беру және орналастыру жоспары тұрды. Сондықтан қалайда түркі жұртын қырғанынша қырып, қалған қалдықтарын бір түкпірге, өздерінің жаулау мақсаттарына кедергі келтірмейтіндей етіп, депортациялау еді. Сөйтіп, жоғарыда көрсетілген жылы Ресейдің оңтүстігіндегі патшайым билеушісінің өкілі болып саналатын князь Потемкин, бұл жарлықты жүзеге асыруды Суворовқа тапсырады. Алайда, бұған ноғайлар қарсы тұрып, көтеріліске шығады. Сол тұстағы орда билеушісі Қонақай мырзаның бастауымен, Ресейдің өктем саясатына қарсы екі арада қақтығыс басталады. Әрине, орыс армисының оқ-дәрімен атылатын қаруы мен зеңбірегіне, ноғай сарбаздарының жалаң қылышы мен садағының шамасы келуші ме еді?..
Суворовтың Ноғай ордасына қарсы жүргізген астыртын әрекеті, іс жүзіне асты. Көтерілісші ноғайлар таңертеңгілік намазға жығылған кезде, осыны пайдаланып, орыс әскерлері шабуылға шықты. Суворовтың белгісімен Нижегородтық, Владимирлік және Доннан келген казактар ешқандай оқ шығармай, ноғай сарбаздарын қоршап алды. Шайқас өте қатты болды. Қанқасап бұл майданда орда жағынан адам шығыны көп болды. Кешке жақын ноғайлардың селдіреген әскері қоршауда қалды. Орыстар ешқандай аяушылық білдірмеді. Мың-сан сарбаз түгелімен қырылды. Қорғаусыз қалған Еділ мен Жайық арасындағы қалың ноғай ауылдары Суворовтың жетекшілігіндегі армияның кескілеуіне түсті. Кәрісі де жасы да, әйелі де баласы да оңбай қырғын тапты. Бұл соғыста, кезінде Поволжье мен Солтүстік Кавказды ұстап тұрған Ноғай Ордасының бес жүз мыңнан аса тұрғыны қаза тапқан екен. Жалпы айтқанда, барлығы деген сөз. Қалған-құтқан ноғайлардың кейбір мырзалары өз ауылдарын алып, Кавказ арқылы, Түркияға ауды. Тарихта шамамен жүз мыңдай дейді.
Орыс империясын жалтақтаумен күн кешірген, заманында төрт жүз мыңдай қол шығара алатын қайран Ноғай ордасы, Қазтуған жыраудың елі, тұтасымен жойылып кетті деуге болады. Қазіргі күндері, Ресейде қалғаны жүз мыңнан сәл ғана асады. Не ұйысатын кішігірім болса да атамекен – мемлекеті (Татарстан, Башқұртстан, Хакастар секілді), не тілі, не дәстүрі қалмады. Дегенмен де, ноғайлар – ол, қазақтар ғой. Орыс империясының өзге ұлттарға жасаған, тарихтан өшпейтін – геноциді осы ғой.
Ресейдің агрессиялық саясаты соноу Иван Грозныйдан басталады. Осы патшаның тұсында Астрахан, сондай-ақ, Қазан хандықтары талқандалып, жауланып алынды.
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz