Араб лигасы жиын өткізді: Газаны кім басқарады?

Араб лигасына мүше мемлекеттер сейсенбі күні Мысыр астанасы Кайрде бас қосып, Газаны қайта құру, Израильдың соққысынан қанжылаған палестиналықтардың тағдырына байланысты жиналыс өткізді.
Ақ үй қожайыны Трамп президентікке кірісе сала алғашқы шетелдік қонақ ретінде Нетанияхуды шақырып, жаһан жұртына: "Газаны Дубай сияқты "жер жаннатына" айналдыру жоспарым бар", - деп желпінген еді. Көктен тілегені жерден табылған еврей басшысы оны: "Тарихи шешім", - деп, Трекеңе көпшік қоя сөйлеген. Екі одақтастың бауырластарының сыртынан шешім шығаруы Араб елдеріне ұнамаған. Трамптың екі жарым миллион палестиналықты Газадан көшіру бастамасы олардың ашуын тудырған. Мысыр мен Иордания басшылары палестиналықтарды қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Араб лигасы елдері Трамптың "Газа арманына" балама ретінде, плестиналықтардың, жүйеден өздерінің мүддесіне сәйкес келетін мәселені реттеу жолын қарастыра бастады. Кешегі кездесуде Мысыр тарабы ұсынған "Газаны қайта құру жобасы" талқыланды.
Араб лигасы елдері ортақ мәлімдемелерінде палестиналықтарды мекенінен кешіруді қатаң айыптап, талапайға түскен палестина жеріне көз алартудың жаң қақтығыстарға алып келетінін, жүйеден орта шығыстың бейбітшілігін бұзатынын атап өтті.
Бәрі келіскен жоба мазмұны мыналарды қамтиды: "Араб лигасы елдері бірлесіп Газаны қайта құру қорын құрады. Оның қаржысы 50 миллиард доллар. Бұл қаржыны 5 жылда толық игеру көзделеді. Бірінші басқышында жарты жылда Газа аймағы қоқыстан, минадан тазартылып, 1,5 миллион адамға арналған уақытша баспана тұрғызылады. Екінші басқышта қоғамдық-әлеуметтік нысандар мен ұзақ мерзімдік тұрғын әйлер салынады". Сондай-ақ бір порт пен әуежай салуда бекітілген.
Мысыр ұсынған жобаны мақұлдаған Араб лигасы елдері палестиналықтарды "Палестинаны азат ету ұйымының" қол астына топтасуға шақырып отыр.
Газа Палестина әкімшілігіне өтуден бұрын, оны автономияның арнаулы өкілдері басқара тұрады. Бұл шешім Израиль мен ХАМАС-тың қарсылығына тап болуы мүмкін.
ХАМАС 2007 жылы Палестина әкімшілігінен Газаны басқару құқығын тартып алған еді. Кешегі жиында сөз сөйлеген 89 жастағы Палестина жетекшісі Аббас Газаны басқару жауапкершілігін мойнына алуға дайын екенін жеткізді. Егер бәрі сәтті болса, Палестина территориясында қайтадан президент және парламент сайлауын өткізуге уәде берді. Бірақ уақытын нақтыламады.
ХАМАС пен Израиль Қаңтардың 19-нан бастап қақтығысты тоқтатып, тұтқын алмасқанымен, әлі де ортақ бітімге келген жоқ. Израиль Газаның қарусызданғанын, ХАМАС-тың шығып кетуін қалайды. Ал ол талапқа ХАМАС келіспейді. Израиль Газаны Аббастың басқаруына беруге де түбегейлі қарсы.
Біріккен қлттар ұйымы басшысы да Араб лигасы елдері қабылдаған шешімді бір ауыздан қолдайтынын жеткізді.
ХАМАС Араб лигасының Газаны қайта құру, уақытша басқару өкілдігін құру жоспарын қарсы алатынын мәлімдеді.
Abai.kz