Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3997 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 09:11

«Қара жаңбырдың» кейіпкерлері

Өз дәуірінің шындығын өзі бастан кешкен оқиғалар арқылы өте көркем кестелеп кеткен қаламгерлеріміздің бірі бақи дүниеге асығыс аттанып жүре берген Тобық Жармағамбетов еді.
Тірі болса биыл 75 жасқа толып, бір кезде өзі қызмет еткен «Ақтөбе» газетінің 85 жылдық тойының ортасында жүруге тиіс Тобық аға, бір шүкіршілігі, қазақ әдебиетіне қазақ өміріне де, өз ғұмырбаянына да қатысты кең толғамды туындылар қалдырып кетті. «Қара жаңбыр» повесі, міне, сондай ерекше тынысты туынды еді («Соңғы хат», Повестер мен әңгімелер. «Жазушы» баспасы, Алматы, 1977).
Бір ретте Тобық ағаның туған қарындасы, осы повесте өзінің де есімі кездесіп отыратын Әсем Жармағамбетова апаймен әңгіме барысында осы тақырып тілге ілікті де, повесті қайта сүзіп шыққанды жөн көрдік.
Бала
Басты кейіпкерлердің бірі - Нияз. Ал Нияз - Тобықтың прототипі. Жазушының шын есімі расына келгенде Тобанияз екен, кейін Тобық атанып, төлқұжатқа да солай түскен. Ниязбен повестің алғашқы беттерінде-ақ жүздесеміз.
«Қызыл оюмен өрнектелген, бірақ ескілеу ақ киіздің үстіндегі көрпеде көпшік жастанып, он жасар бала сабаққа дайындалуда. Бұл - немересі. Дәптері жоқ, ескі бір кітаптың бетін шимайлап есеп шығарады. Ортадағы қоламтада қара шойын құман беліне дейін көміліп, шөккен түйедей маңқаюда. Есік жақта сары жез шылапшын күңгірт жылтырайды».
Иә, дәптер қат заман. Сондай-ақ, қарындаш та қат еді.

Өз дәуірінің шындығын өзі бастан кешкен оқиғалар арқылы өте көркем кестелеп кеткен қаламгерлеріміздің бірі бақи дүниеге асығыс аттанып жүре берген Тобық Жармағамбетов еді.
Тірі болса биыл 75 жасқа толып, бір кезде өзі қызмет еткен «Ақтөбе» газетінің 85 жылдық тойының ортасында жүруге тиіс Тобық аға, бір шүкіршілігі, қазақ әдебиетіне қазақ өміріне де, өз ғұмырбаянына да қатысты кең толғамды туындылар қалдырып кетті. «Қара жаңбыр» повесі, міне, сондай ерекше тынысты туынды еді («Соңғы хат», Повестер мен әңгімелер. «Жазушы» баспасы, Алматы, 1977).
Бір ретте Тобық ағаның туған қарындасы, осы повесте өзінің де есімі кездесіп отыратын Әсем Жармағамбетова апаймен әңгіме барысында осы тақырып тілге ілікті де, повесті қайта сүзіп шыққанды жөн көрдік.
Бала
Басты кейіпкерлердің бірі - Нияз. Ал Нияз - Тобықтың прототипі. Жазушының шын есімі расына келгенде Тобанияз екен, кейін Тобық атанып, төлқұжатқа да солай түскен. Ниязбен повестің алғашқы беттерінде-ақ жүздесеміз.
«Қызыл оюмен өрнектелген, бірақ ескілеу ақ киіздің үстіндегі көрпеде көпшік жастанып, он жасар бала сабаққа дайындалуда. Бұл - немересі. Дәптері жоқ, ескі бір кітаптың бетін шимайлап есеп шығарады. Ортадағы қоламтада қара шойын құман беліне дейін көміліп, шөккен түйедей маңқаюда. Есік жақта сары жез шылапшын күңгірт жылтырайды».
Иә, дәптер қат заман. Сондай-ақ, қарындаш та қат еді.
«Бала қолындағы қарындашын лақтырып тастап еді, онысы жерге түспеді. Себебі ол түбінен сәл кетіліп, жіңішке жіппен байланып, көйлектің жоғарғы ілгегіне бекітілген екен. Жарты қарындаш біраз теңселіп, салбаңдап тұрды».
Қарындаш туралы осы сурет кейін Тоқаңмен бір топырақта өскен, жоқшылықты қатар көрген көрнекті қазақ ақыны Өтежан Нұрғалиевтің «Соғыстың соңғы жазы» атты сүбелі балладалар жинағында (1978) тағы бір жарқ ете қалып еді.
…Кертіп түптен байлап қойған қарындаш
Омырауында шошаң-шошаң етеді, -
немесе:
…Ол кездегі қиялшылдың ермегі -
Кере қарыс қарындашты армандау, -
әйтпесе:
…Изел түртсе, қарындаш та түртеді,
Изел үріксе, қарындаш та үркеді…
Енді повеске тағы бір оралайық.
«… - Менің көп қарындашым болса, - деді армандап Нияз. - Аямай-ақ жаза берер едім. Кластағы балалардың бәріне үлестіріп берер едім.
- Әлжанға да бересің бе? - деп шын көңілмен сұрады Амандос. Себебі ол кеше Ниязбен төбелесіп қалған.
- Оған басқа балалардан гөрі азырақ берер едім, - деді Нияз сәл ойланғаннан кейін. - Тіпті, сайдағы қоғалардың бәрі қарындаш болып кетсе».
Ал сөмке ше?
«Мектептен қайтып келе жатқан үш баланың сөмкелері үш түрлі… Үшіншісі - қолға ұстайтын, баулығын сыммен бекіткен, түріне қарағанда «қорлықты» ана екеуінен де гөрі көбірек көрген сөмке, бұл - Нияздікі».
Сол кездің балалары мектептен қайтып келе жатып айтатын әңгімелердің біріне назар аударалық.
«… - Ал мен, - деді Нияз, - ақ құмның арғы бетінен сабан айдап жатқан жерден бір жасқа әлі толмаған Тілекгүлді жалғыз өзім арқалап келдім-ау. Ол ауырып қалғанда.
Солай деп ол солтүстік жақта ағара созылып жатқан үлкен құм жотаны иегімен көрсетті.
- Қасқырдан қорықпадың ба?
- Жоқ. Тіпті қорыққаным жоқ. Доғдырға алып келе жаттым ғой үйткені, қатты
ауырғасын.
- Нұрбикенің өзі неге келмеді?
- Ойбай, жұмыс қиын, жібермеді ғой.
Онысы шын еді. Жалпы, бәрінің айтып келе жатқандары шындық болатын».
Қысқартылып алынған мына жолдар сол заманғы азық-түліктің дәмін татқан ағаларымызға әбден таныс шығар-ақ.
«… - Тілекгүл оянып, жылаған жоқ па?
- Жоқ!
- Собалақ пісіріп берейін бе?
- Иә, иә.
Нияз қуанып кетті.
Собалақ - нан. Оны қолмен сопақтау қылып дөңгелентеді де, екі жағынан қазанның қара күйесін жағып, оттың қоламтасына салады. «Ағынан жарыл», - дейді. Піскен нан ақ жерінен жарылса, қуанысып қалады «Әкең соғыстан аман келеді екен» деп жориды. Нан кейде қарасынан жарылады. Онда - реніш. Сондықтан көбіне  ағынан жарылуы үшін күйені жіңішкелеп қана жағады. Нияз сондай собалақтың талайын жеген… Бірақ ұн жоқ кезде жармақ тарыдан нан жасап жеген күндері де болды. Бәрінен тәттісі - май салған тары палау…
…Шешесі көсеуін шылдырлатып, шоқтың шет жағынан собалақты домалатып шығарып алды да, үргіштеп, көсеумен қысып ұстаған күйі дастарқанның шетіне қойды.
- Ағынан жарылып па? - деді Нияз.
- Иә… - деді шешесі күмілжи.
Сүртініп болып отырған Нияз жылы собалақты қолына алып қарап еді, жарылған жер дәл қара мен ақтың арасынан өткен екен.
- Ақтан жарылған ғой бәрібір, - деді шешесі. Нияз собалақты жей отырып, ақсулауынан құйғызып, үш-төрт кесе шай ішті.
- Айран ішесің бе?
- Иә.
- Түйені біржола жадылатып әкел. Мұндағы жады ескі. Бүгін отын ауыр болады. Және бір арқан ала кел. Жетпей қалар…».
Міне, повестің әр тұсынан алынған осы үзінділер арқылы-ақ Тобықтың зұлмат соғыс жылдарына тап келген балалық дәурені туралы оқырман біршама ой түйетіні анық.
Әке мен шеше
Әсем апай 1909 жылы туған аяулы әкесі Мырзағұлдың соғысқа 32 жасында аттанғанын, бұл кезде Тобық 1-класқа енді бара бастағанын айтады. Өтежан ақынның өлеңінде «Сәлем саған, ер Тобық, Мырзағұлдың баласы» деген жолдар бар. Майданда қаза тапқан Мырзағұл екі жылдық мұғалімдік оқуды, КомВУЗ-ды бітірген, арабша, орысша сауатты жан екен, аудандық партия комитетінде үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімдерін басқарыпты. Мырзағұлдың көзін көргендер Тобықтың байыпты жүріс-тұрысын, еңбекқорлығын әкесіне ұқсатады екен. Повестегі Мырзаш - осы кісі.
Бала Тобық әкесін сағынған шақтардың бірі былай суреттеледі: «Бала бұлттарға қарап тұрып, сонау Алматы, Москва, бүкіл дүние жүзінің үстінен де осы бұлттар өтіп бара жатқан шығар-ау деп ойлады. «Ана бұлтты мен де, менің әкем де - екеуміз бірдей көріп тұрмыз. Екі жақта болсақ та. Мен сені сағындым ғой, әке. Келмейсің бе енді, тез келсейші, әке-екем-ау! Мен сені мазақтайтын едім, мойныңа мініп, есіңді шығаратын едім. Енді келсең, оллаһи, олай етпес едім. Қатты сағындым…».
Бұл сағыныш келер тұстарда ана-жүрек сезімдері арқылы бейнеленеді: «Есік жақта беттері ашылып, бозарып және бір кітап жатыр. «Бота-бұзау басып кетер» деп кемпір кітапты алды да, бетіне біраз қарап отырды… Мырзаш кітапты көп жинап еді. Ол еш бір кітапты, иә оқылмаған газет-журналды жырттырмайтын. Кейде жазатайым Нұрбике әлі оқылмаған газетті қол сүртуге жыртып тастаса, жер-жебіріне жетіп ұрсатын. Оған Нұрбике: «Білмей қалдым», - деп ақтала күле беруші еді. Сонда күйеуі алдында тұрған ақ көңіл жанды көріп, амалсыз дымы құритын. Соғысқа кетерде де: «Кітаптарымды ешкімге тигізбеңдер, қайтып келгенде өзіме керек болады», - деп, буып-түйіп тастап аттанған-ды.
Кемпір мына кітапты да алғашқы кітаптың қасына, уықтың астына тықты».
Бірақ Мырзашқа бұл кітаптарды қайта көру бұйырған жоқ. Қаралы хабар жеткен шақты жазушы былай суреттейді: «Кемпір қолындағы көк қағазды ыссы шоқ ұстаған адамдай еппен үйдегілерге түгел ұсынды. Ауыр, әлемет ауыр заттай немесе түсіріп алам ба деп қорыққандай. Көсеумен ұстаған шоқтай. Үйдегілер бірдеңенің болғанын күнілгері сезгендей, бәрі бозарып үнсіз қалды. Домбыраның соңғы, әлсіз үні ғана бұрышта зыңылдап өліп барады. Кемпір Ақжібекке бұрылды. Қолы әлі сол күйде. Рысекең етік жамап отыр екен, ол да тарамыс, тебен-біздерін алдынан ысырып тастады. Ақжібек үркектеп, кемпірге жақындады да:
- Қане, әже… - деді. Кемпір қағазды берді. Бірақ баласының қолын одан сайын қатты қыса түсті.
Ақжібек орыс сөздерін аздап бұзып оқи жөнелді. Әуелі дауыстап, сосын даусы төмендей берді. Ақырында, ең соңында «погиб» деген сөзді тіпті жай, әрең айтты. Бірақ бұлардың ішінде осы сөздің шын мәнін білетін өзінен бөтен ешкім жоқ еді. Дегенмен беті бозарып, көзіне бір тамшы жас ойнап шыға келді.
- «Бөгіп» деген не? - деді кемпір нағыз ауыр сөздің үстінен дәл түсіп. Ақжібек әуелі әкесіне, сосын шешесіне, сосын кемпірге жаутаң-жаутаң қарап, көзінің жасын тия алмады.
- Айтсайшы, құлыным!
Ернін тістеп алды да, ол:
- Жақсы қағаз… емес, әже,.. - деді де жерге қарады».
Жоғарыда аталған кейіпкер Нұрбике - Тобықтың анасы. Әсем апайдың естелігінен: «Шешеміз Нұрбибі 1914 жылы 5 мамырда дүниеге келіпті. Әкесі болыс болған көрінеді. Бажақы, Ақмәнет, Қаным, Шашақ тәрізді абысын-келіндерінің: «Ой, дүние-ай, келін деп Нұрбибіні айтсайшы, ата-енесіне, ауыл-аймағына жағымды еді. Шыққан тегі жақсы ғой», - деп отырғанын талай естідім. Шешеміздің басқа да оңды қасиеттері көп болыпты. Ескіше оқыған, намазын қаза жібермеген. Бізге де: «Әйтеуір, оқыңдар, таза жүріңдер, таза сөйлеңдер, әкеңнің, тума-туыстарыңның атына кір келтірмеңдер», - деп отыратын. Еңбекқор еді. Күндіз дайындау пунктінде тері, жүн тазалап, түнде жинақ кассасында, кеңседе күзетте тұратын. Таң сәріден тұрып, ылғи шала ұйқылы болып жүретін. Содан ауру тапты. «Жалғыз балам ауырмай аман-жүрсе екен», - деп күбірлеп отыратын. Мен оның мәнісіне түсінбей: «Апам тек жалғыз Тобығым деп күбірлейді де отырады», - деп күлетін едім. Сөйтіп жүргенде аурулы анамыз бір апта қатты дерттеніп, 1965 жылы күзде 51 жасында өмірден өтті».
Енді повесть жолдарына назар аударайық.
«Нұрбике ұбырып-шұбырып, төрт баласын ерте келіп, дастарқан басына жайласқанда үйдің іші толып, жалғыз шамның жарығы жетпей, үй қабырғаларын отырғандардың зор-зор көлеңкелері жауып кетті. Тек дастарқан басы ғана жарық. Нұрбикенің үш қызы - Әдемі, Сұлушаш, Тілекгүл бар. Ұлы - Нияз».
Нұрбикенің енесіне айтқан бір әңгімесі былай баяндалады: «Мен де шағырды мандытып шаба алар емеспін. Қыс болса келіп қалды. Бүгін бір түйедей дүзген шауып едім, соның бір арқасын алып келгенім жақсы болды. Әйтпесе от та жаға алмайды екенбіз. Ертең Нияздан нарды беріп жібер, күн басылса. Екі қатынайын. Дүзгенді бір, сосын бір түйе шағыр шауып… тасиын».
Повесте үнемі қайта оралып кездесіп отыратын Нұрбике ертеңнен кешке дейін әйтеуір не өкіметтің, не өзінің шаруасынан қолы босамай жүретін кейіпкер ретінде есте қалады.
Әже
«Аспаннан найзағай шарт етіп құлап түскендей болды: кемпір итсигек шауып жатқан шотын әнтек қоя беріп, селк етіп еріксіз жоғары қарады.
- Астапыралла!
Көк жүзінде қауырсындай бір бұлт болсайшы. Бұл не шартыл? Әлде солай естілді ме? Немесе мына жүзі көгере жалтыраған темір шоттан туған дыбыс па? Ия итсигектің түбірі күрт етті ме? Бірақ олай дейін десе, қатты шартыл ғой…».
Жазушының «Қара жаңбыр» повесі, міне, осылай басталушы еді. Осылай басталып, жапырласа қонған жартыкеш үйлердің жетім тірліктерін тартымды тілмен әр түрлі штрихтар арқылы баяндайды да,  ең соңында кемпірдің ұлынан қара қағаз алғаннан кейінгі жан арпалысын жүрек сыздата бейнелейтін көріністермен аяқталады. Повестің басты кейіпкері - осы кемпір, Ағлағыл. Бұл -жазушының әжесі Ағлақ.
Әсем апайдың әңгімесінен: «Әжем Ағлақ 1879 жылы туып, 1953 жылы 5 наурызда қайтыс болды. Тобық ағам повесінде әжемнің алтын асықтай балаларынан қалай айрылып қалғанын, сонда да оның боркеміктенбеген қайсарлы мінезін көрсеткен ғой. Расында да әжем қайратты кісі еді. Келіндерін тәртіптеп ұстайтын. Әрқайсысына жұмыс бөліп беретін, бір мал сойса, сол күні бәрін жинап алып, бір қазаннан ас-дәм татқызатын. Ерте тұрып, кеш жататын, айтқаны ауыл-аймаққа заң сөзіндей болатын. Мырзашымнан қалған тұяқтарым деп бізді айналып-толғанатын, әсіресе, Тобықты ерекше сағынып жүретін. Тобықты «Құлыншағым, тұлпардың тұяғы ғой» деп мейірлене сүйетін».
Әуелден-ақ әжесінің бауырында өскен Тоқаңның бас кейіпкер ретінде Ағлағыл кемпірді таңдауы түсінікті де сияқты. Образды жан-жақты ашудың, психологиялық иірімдерді дөп басудың тура жолын осылай іздеген тәрізді. Және мақсатына да қателеспей жеткен.
Есебін шығара алмай жатқан немересіне көмектесудің жөнін таппаған әже бейнесін жазушы былай келтіреді: «Кемпір үй іші жарық, сәске кезі болса да, тарамыс-тарамыс әжім толы оң қолының алақанын кесе ұстап, көзінің алдына апара, алыстан мал қарағандай ойланып қалды. Ол жасы жетпіс екіге келсе де, жүзден аса көп санап көрмеген адам болатын-ды. Мүмкін, санайын десе, мыңға дейін де, одан да әрі санай алар ма еді, бірақ олардың кемпірге қажеті шамалы болды. Өмірінде көп қолданыс таппаған сандар еді ар жағы. Мына есептің оған қиын соққан түрі бар».
Шығарманың бастапқы беттерінде осылайша жайма-шуақ жолдар арқылы таныстырылатын кемпір образы бұдан әрі қарай сомдана түседі. Аз ба, көп пе, жетпіс екі жас ғұмырында тағдырдың сан талқысын көрген, сансыз бейнет арқалаған Ағлақ кемпірдің әлгі алғашқы аңқаулау кейіптегі бейнесі повесті оқып болып, мұқабасын жапқан сәтте тым өзгеріп, тым асқақ биікке шығып кеткеніне таң қалмасқа амал жоқ. Көркемдік мығым ұстын - осы. Жоқтан бар құрап жақ саумай, өзі ортасында өскен тіршіліктің күнделікті суреттерінен тапжылтпай оқытатын туынды жасап шығаратын сирек қаламгерлік дарын Тобық Жармағамбетовке бұйырғаны қандай қуаныш болса, сол таланттан ерте көз жазып қалу соншалықты өкініш болғаны оқырманға және мәлім.
Ал соңына ерген шәкірт інілерінің бірі ақын Есенбай Дүйсенбайұлы туындыларына кейін «прозадаға поэзия іспетті» деп анықтама берген жазушы бұл повесінің кітап болып жарияланғанын көре алған жоқ. 1973 жылдың 1 қазанында 39 жасқа толуына 15 күн қалғанда дүниеден өтіп, өзі прозамен сан жырлаған Жарқамысына мәңгілік орнықты.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ, «Ақтөбе» газеті.
23. 04. 2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5499