Жұма, 16 Мамыр 2025
Білгенге маржан 362 0 пікір 16 Мамыр, 2025 сағат 11:48

Шығыс Түркістан (соңы)

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Басы: Шығыс Түркістан 

Жалғасы: Шығыс Түркістан

Тарбағатай аймақтық әкімшілік құрлымы

Тарбағатай аймағына Басбай Шолақұлы (қазақ) аймақ әкімі әрі Құлжадағы үкімет мүшесі, Қасымахун Смайылов (ұйғыр) орынбасар әкім, қосымша Мәнсур Розиев ақылшы, Әбілимит Қажиев хатшы (өзбек) болды.

Тамыз айының басынан бастап аудандық үкіметтер құрылды, Өмәрахұн (ұйғыр) Шәуешек әкімі, Қалдыбай Қанапия (қазақ) Шағантоғай әкімі, Нұрсапа Сейтжанұлы (қазақ), Дөрбілжін әкімі, Нәсіридин (ұйғыр) Шиху әкімі, Сауан әкімі Қалибек Райымбекұлы (қазақ, Қалибек Райымбекұлы 1947 жылдың аяғында басым көп Сауан елі Манасқа өткен соң, иен қалған ауданға Сәбит Буақажы деген ұйғыр әкім болған) Сауан әкімі болды, Гүңчың лама (моңғол) Қобықсары әкімі болды (86), (87).

Тарбағатай аймағының басшылық құрлымында да Кеңестік адамдар, мысалы, орынбасар аймақ әкімі Әлімжан, хатшы Әблимит, Өмәрахұн  Смайыловтар болды. Қазақ саны басым Шиху мен Шәуешекке ұйғырдан әкім қойылды, бұл да қазақ басым аймақта әкімшілікте қазақтардың ықпалын шектеу үшін болды. Тарбағатай аймағының Толы, Шағантоғай, Сауан  - үш ауданының көп жерін жерлік қазақ партизандар алғанымен, Шихуды алуға Кеңестер одағынан көп әскер қатысты. Шәуешек пен Дөрбілжінді алуға да Кеңсай атты полк негізгі күш ретінде үлес қосты, сол үшін де Тарбағатай жерінде Кеңестіктер немесе коммунистік идеияға бейім адамдар нақты құқықтарды иелеп кетті.

Осы Тарбағатай аймағының партизандық қозғалыстары, әкімшілік құрлымы, ұлттары туралы да тарихты бұрмалап жүрген адамдар мен топтар негізі ауыз ашпайды.

Алтай аймақтық әкімшілігі

Алтай толық азат болғаннан кейін Оспан Сіләмұлы Алтай аймағының әкімі, Шәмси Мәмиұлы мен Әріпбай орынбасар әкім, Дәлелқан Алтай өңіріндегі солтүстік әскери бригада командирі, болды. Оспан, Дәлелқан, Зәкихан Әленұлы Құлжадағы үкімет мүшесі болды. Құмар Жәкей хатшы болды. Молла Сіләм (ұйғыр) Сарсүмбе ауданының әкімі болды. Келесі жылы Қажынәби Досқайұлы оның орынына әкім болды. Салық тәйжі Көктоғай ауданының әкімі (1947 жылы Қалман Ақытұлы болды), Нәзір Жапарұлы Шіңгіл ауданының әкімі,  Мәлік Мұхамеджан Бурылтоғай ауданының әкімі (Пәтіқан Сүгірбаев Нәсіпқазы әкім болған дейді), Рашат Әбілмәжін Буыршын ауданының әкімі, Көкенай Дабықлы Қаба ауданының әкімі, Мәнкен Қабылұлы Жеменей ауданының әкімі болды (88), (89).

Алтайдағы әкімшілікте тек Сарсүмбе әкімдігін бір жыл атқарған Молла Исламды қоспағанда, негізі қазақтар еді. Алайда әр әкімге бір-бірден Кеңестік кеңесші қосып белгіленді. Бұрынғы  «Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі» таратылып, 4500 қарулы күштің қарулары жиып алынды да, орынына ШТР ұлттық армиясы үлгісіндегі Алтай атты полкі құрылды. Аймақтың бір орынбасары Әріпбай да Кеңестік адам болды. Пәтіқан Сүгірбаевтың айтуынша, Оспан Алтай әкімшілігіндегі басшылық құрамда санаулы ғана бұрынғы Алтай үкіметі мүшелері (Оспан, Дәлелқан, Ләтіп) болғанын, жарымынан көбінің өзге ұлыттар мен Кеңестік адамдар болғанына үлкен пікір де болды. Бірталайының орынына өз адамдарын, әсіресе, аймақтық полция, Алтай атты полк, қазына мекемелеріне өз адамдарын қойуды ұсынды, бірақ ШТР жақ бұны қабыл алмады, осылайша қайшылық басталды дейді (90).

1946 жылғы келісімнен кейінгі ұлттық армия

1946 жылғы Совет-Қытай келісімнен кейінгі ұлттық армия саны 14 мыңға қысқартылып, полк саны 6-ға азайтылды. Жоғарыда аты аталған Кеңестер одағынан келген қолбасшылар, полковниктер бұйрық бойы еліне қайытты (91). Қытай үкіметі Моңғолияның тәуелсіздігін мойындады, Кеңестер одағы ойлағанына жетті. Енді «Шығыс Түркістан үкіметі» керек болмай қалды. Бұл кезде Шығыс Түркістан атауы күшін жойып, «үш аймақ төңкерісі» деген атау қолданыла бастады. Шыңжаң біріккен үкіметі құрылып, ұлттық армия сөз жүзінде сол үкіметтік шекараны қорғайтын амандық сақтау бөлімдері ретінде қаралды. «Үш аймақ үкіметі» деп өзгертілген үкіметке Ахыметжан Қасыми басшылықы етті.

Ахеметжан ​​Қасыми Іледе туылғанымен, бала кезінде шешесіне еріп, Қазақстанның Шонжы ауданындағы нағашыларына кеткен. 1937 жылы Мәскеу Шығыс университетіне қабылданды. 1942 жылы университетті бітіргеннен кейін біраз уақыт кеңестік білім беру саласында қызмет етті. Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының қатарына өтіп, Коммунистік Интернационалға қызмет етті (92). Бұған қарағанда оның Кеңестер одағына адал коммунист әрі агент екенінде дау жоқ.

Ахыметжан Қасыми.

Үш аймақ ұлттық армиясына бас қолбасшы Ысқақбек Мононов (қырғыз, ол Кеңестер одағының азаматы болса да, осы Қызылсудың қырғызы деп әдейі қолбасшы етіп қойған), орынбасар бас қолбасшы Дәлелқан Сүгірбаев (қазақ) болды. Саяси комиссар Қасенов (ұйғыр), штаб бастығы Мажаров (орыс, Кеңестер одағынан), саяси бөлім меңгерушісі Нұрсадыров кейін, Зәйір Сауданов (ұйғыр) болды. Армия бас штабы Құлжа қаласында тұрды, ондағы орган қызметкерлері саны 246 адам болды (93).

Штабқа төте қарайтын бөлімдер:

(1) Сібе скадроны, 106 адам.

(2) Қарауыл ротасы, командирі - Мәтсопы Селбеуұлы (қазақ), орыны Құлжа, 280 адам.

(3) Артқы шеп қамдау бөлімі, бастығы – Расулов (өзбек, Кеңестер одағынан).

(4) Әскери дохтырхана, 119 адам.

(5) Қарауыл батальон, командирі – Уалинов (орыс, Кеңестер одағынан), 498 адам.

(6) Артқы шеп полкі, командирі - Әбдірейім Самсақ (ұйғыр), саяси комиссар - Садыков, штаб бастығы - Баукей (қазақ), саяси бөлім меңгерушісі - Тоқты Ибырайым (ұйғыр), саны 1359 адам.

(7) Қарауыл рота, командирі - Нұртай ажы.

(8) Әскери мектеп, бастығы - Нұрдиев, орынбасары - Әсен Жүнісұлы (қазақ), генерал штабына қарасты осы бөлімдердің жалпы адам саны 3401 адам (94).

Өзге полктер:

1. Шиху жаяу әскер полкң. Командирі - Марғұп Ысхақов (татар, Кеңестер одағынан), саяси комиссары - Қайым Мұса (ұлты анық емес), штаб бастығы – Рамазан (қазақ), орыны Шиху, 1837 адам.

2. Құлжа жаяу 2-ші полкі. Командирі – Айтуған (қазақ), орыны Анжыхай, саны 1989 адам.

3. Қобық атты 2-ші полкі. Командирі – Нүсіпқан Конбайұлы (қазақ), орынбасары - Жағыда Бабалықұлы, саяси комиссары – Қазықан Манасбаев, штаб бастығы – Рамазан Оспанұлы (қазақ), Қобықта тұрған.

4. Сауан атты полкі. Орны Сауан, командирі – Маметимин Еменов, саяси комиссары – Әбілез Рахыманов (кеңестік), штаб бастығы – Мәлік Гемадиев (татар, Кеңестер одағынан), саяси бөлім меңгерушісі –Қайдар (қазақ), 1108 адам.

5. Зеңбірекші бөлім. Командирі – Асхат Тейіпов (татар, Кеңестер одағынан), орыны – Анжыхай, саяси комиссары – Мұсаев, штаб бастығы –Сұлтанғали (қазақ), саяси бөлім меңгерушісі – Самсақ, 323 адам.

6. Мотоцикил зводы. Командирі – Порбиев (орыс, Кеңестер одағынан), 216 адам.

7. Шиху әскери дохтырханасы. Бастығы – Рашат Қайбуллин (татар, Кеңестер одағынан), 27 адам.

8. Текес атты полкі. Командирі – Мәуленов (қырғыз, Кеңестер одағынан), кейін орынына Хамит Әлиев (татар, Кеңестер одағынан) болған, саяси комиссары – Құрбанов, штаб бастығы –Аманов, саяси бөлім бастығы – Құрбан Мамытов (ұйғыр), 1037 адам, орыны Жұлдыз.

9. Шаты 1-ші полкі. Командирі – Біләл Естемесұлы (қазақ), адам саны аз.

10. Сарсүмбе (Алтай) атты 3-ші полкі. Командирі – Бәделқан Сүгірбаев, саяси комиссары – Кәкім (қазақ), штаб бастығы – Сыдық Салахидин (ұйғыр), орынбасар штаб бастығы – Әсен Жүнісұлы (қазақ), саяси бөлім бастығы – Әбдуали (қазақ), 1225 адам, орыны Алтай аймағы.

11. Тарбағатай 4-ші атты полкі. Командирі – Стадинков (орыс, Кеңестер одағынан), саяси комиссары – Балқаш Бапин (қазақ), штаб бастығы –Нүкішов (қазақ, Кеңестер одағынан), 1315 адам.

1949 жыл. Шәуешек, Тарбағатай полк жауынгерлерімен офицерлері.

Сарсүмбеде солтүстік әскери штаб орналасып, оған Дәлелқан Сүгірбаев тіке басшылық етті. Оған қарасты бөлімдер Сарсүмбе 3-ші атты полкі, Қобық 2-ші атты полкі, Тарбағатай 4-ші атты полкі қараған. Қосымша Сарсүмбе қарауыл 6-шы скадроны қарап, командирі Әбілахат Қасымов, саяси комиссары Тоқты, штаб бастығы Нұрахымет болып, 296 адам болған. Сарсүмбе әскери дохтырханасында 30 адам болып, бастығы Ахат (татар) еді. Тағы солтүстік штабқа моңғол атты батальоны қарап, командирі Ерде (моңғол), саяси комиссары Тоқты Еменов болған (95).

Қытаймен арадағы келісімнен соң, Кеңестер одағының азаматтары көбі қайтып кеткенімен, бір бөлімі Шыңжаңның жергілікті адамы деп, туған жерлері өзгертіліп, баяғысынша армияда Кеңестер одағының ықпалы сақталды. Үш аймақ ерекше район ретінде Гомин әскері кіре алмайтын жер болып қала берді.

Осы мезгілде ұлттық армия негізінен соғысқа араласқан жоқ, тек Алтайдағы Оспан батырдың қайта ұйымдастырған қарулы күштерімен 1946-1947 жылдары соғысты, Сауандағы Қалибектің мың әскерімен соғысты.  Бұнда да негізінен қазақ пен қазақ соғысты.

1947 жылы 1 шілдеде Шыңжаң өлкелік біріккен үкіметі құрылды. Одан кейін «American Life» журналының журналистері Истунис Барбара мен Фаг Фалкор Құлжаға барып, уақытша үкімет төрағасының бұрынғы орынбасары және Іле аймағының комиссары Акімбек Қожадан, Қаржы департаментінің бұрынғы директоры және Іле префектурасы комиссарының орынбасары Әнуар Мусабаевпен, қолбасшы Ысқақбек Мононов, әскери сот бастығы Ғанидан сұхбат алды. Сол арқылы Кеңес Одағының үш аймақты қолдауы туралы білмек болды (96).

1949 жылдан кейін

1949 жылы қазанда үш аймақ коммунистік қытай үкіметіне өз еріктерімен бағынып, халық азаттық армиясының 5-ші корпусына өзгертілді (Кеңестер одағының бұйрығымен болғаны анық). Корпус командирі Лескин, орынбасары Марғұп Ысхақов болды. Саяси комиссары Дүң Шииұң, саяси бассқарма бастығы Ли Иүйхуа, орынбасары Зәйір Сауданов, штаб бастығы Марғұп Ысхақов болды. Бұл корпус 13-ші, 14-щі двизияларға бөлінді.

13-ші  дивизия (ұйғырды негіз еткен) штабы Қашқарға орналасып, командирі Мәметимин Еменов, саяси комиссары Ма Хұңшан болды. Бұл дивизияға 3 полк қараған, 37-ші плок Ақсуда тұрған. Командирі Амантұр Байзақов (қырғыз), саяси комиссары Уаң Гаугың болды. 38-ші полк Қашқарда тұрды да, командирі Құрбан Мамытов болды. 39-шы полк Хотанда тұрды да, командирі Әбдірейім Самсақ, саяси комиссары Уаң Уей болды.

14-ші дивизия(қазақты негіз еткен) штабы Шихуда орналасып, командирі Ыбырайымбай (қазақ, Қорғастық), саяси комиссары Хуаң Жұң болды. 40-шы полк Үрімжіде тұрды, командирі Юсуфов Мәметжан, саяси комиссары Дұң Шансың болды. 41- полк Шәуешекте тұрды, командирі Алексеніски (орыс, Кеңестер одағынан), саяси комиссары Жаң Шыфың болды. 42-ші полк Құлжада тұрды, командирі Рамазан Оспанұлы (қазақ), саяси комиссары Жың Баушан болды.

Екі двизиядан өзге, ұлттық армияның тағы екі полкі болды. Сарсүмбе 1-ші атты полк (Алтайда тұрған), командирі Бәделқан Сүгірбаев болды. Кеңсай атты 2-ші полк, командирі Сопахұн, саяси комиссары Шүй Маужың еді.

Қарап отырсақ, басшылық құрамға қытайлар араластырып, бақылау рөлін атқарған. 1950-1953 жылдары осы ұлттық армия бөлімдері қызыл қытай билігіне қарсы ашық соғысқа шыққан Оспан батыр, Оразбайлардың неше мыңдаған қарулы күштеріне қарсы соғыста алдыға салынды.

1950 жылы 13-ші қыркүйектегі мәлімет (әскери архивке түскен) бойынша, азаттық армияға қосылған ұлттық армия саны мынадай болған:

  1. Қазақ 6866 адам (46,2%)
  2. Ұйғыр 5567 (37,5 %)
  3. Моңғол 731
  4. Орыс 487
  5. Дұңған 229
  6. Қырғыз 206
  7. Татар 185
  8. Өзбек 183
  9. Сібе 159
  10. Қытай 92
  11. Дағұр 21
  12. Тәжік 8

Армияның жалпы саны 14 840 адам болған. Осы әскери мәліметті 5-ші корпус қолбасшысының орынбасары Марғұп Ысхақов пен құрлыс бөлімінің бастығы Сыдық Салахидин 1950 жылы 23-ші қыркүйекте қол қойып жолдаған екен (97).

Кей адамдар ойлауы мүмкін, бәрі Кеңестер одағының көмегімен жүзеге асыпты деп, бірақ Моңғолияның мемлекет ретінде құрылуы мен социялизмге өтуі, Кеңестер одағының көмегімен болған жоқ па? Тіпті, қазіргі Қытай халық республикасының коммунистік жүйе болып орнауына да Кеңестер одағы зор көмек берді емес пе? Көмектің бәрі тегін бола бермеген, алғашқыда қару саудасында бір мылтыққа бір жылқы айырбастап отырған. Майтау кені, әсіресе Көктоғай уран кенін Кеңестер одағы қалағанынша пайдаланды. Әрине қытай армиясымен соғысып, 20-25 мың әскерін жою үшін, бекіністерді бұзу үшін ауыр қарулар керек, 30 мың, 15 мың әскерді асырауға да, соғысқа да қыруар қаражат керек. Оған әрине Кеңестер одағы көмектесті, бірақ жерлік қазақ, ұйғыр, өзбек, татар байлар да көп көмек берген. Солардың бірі - Тарбағатай әкімі Басбай еді, енді бірі - Құлжадағы Мұсабаевтар әулеті болды.

Кеңестер одағының, әсіресе, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикалары  экономикалық жақтан «Шығыс Түркістанға көмек берген, мысалы: 1946 жылы Берияның қолдауымен Өзбекстаннан көмекке Шығыс Түркістанға 5 миллион рубль берген» (98).

Ұлттық армияның біржола жойылуы да 1958 жылдан бастап Кеңестер одағымен Қытай ара қарым-қатынастың ушығуымен қатысты болды. Армия таратылып, көптеген әскер, іскери басшылар тобымен Кеңестер одағына өтіп кетті.

Бұл деректер 1945-1949 арасында Кеңестер одағының Қытайда коммунистік жүйені орнатуға бар күшін салып көмектескенін, өздері 1933 жылдан бері ықпалында, кейін тіке меңгеріп отырған үш аймақты Қытайға сыйға бергенін көруге болады. Ал осы үш аймақ төңкерісі барысында қытай армиясы мен халқынан мөлшерімен 30 мыңнан аса адам қаза тапты. Жәй халықты оққа ұстау көбінде ұшқары діншіл адамдар жағынан болды. Ал қазақ халқы ол кезде ұшқары діншіл емес еді, тіпті «Шығыс Түркістан»,«пантүркизм» (түрікшілдік) идеясы да болмаған еді.

1944-1946 жылғы әскери операция Кеңестер одағының көмегімен жане ондағы қазақтардың негізі күш ретінде қатысуы арқылы жүзеге асқан болатын. Соның нәижесінде Совет бермеген теңдікті Қытай үкіметі беріп, осы үш аймақ - «Іле қазақ автономиялы облысы» болып құрылып, Пәтіқан Сүгірбаев тұңғыш облыс әкімі болды.

Бүгінгі қытай мемлекеті үшін де бұл қозғалыс пайдалы болған, өйткені осы үш аймақтан олар Гомин қытай билігін жойды. Шыңжаңға 100 мың әскерді әкеп орналастыруына тура келді. Бұл коммунистік қытай армиясының жүгін сәлде болса жеңілдетті. Әрі Шыңжаң өлкесіне 100 мың коммунистік қытай армиясы бір оқ атпай иелік етті. Үш аймақ армиясы да оларды қарсы алып алдарынан шықты.

Үш аймақ армиясы қытай халық азаттық армиясын қарсы алуда. 1949 жылы қазан айы.

1950 жылы бағынған Гомин әскерлері қайта бүлік шығарған кезде, Оспан батыр мен Оразбай әкім қызыл қытайға қарсы соғысты. Ал үш аймақ армиясы осы көтерілген қазақтарға қарсы соғысып, коммунистік жүйенің құрылуына көмектесті. Сондықтан бұндағы мемлекет аты «Шығыс Түркістан» ол ешқандайда үш аймақтағы қазақ халқы өздері таңдаған атау емес екенін түсіну керек!

Әдебиеттер:

  1. Үш аймақ төңкерісі тарихы, 141 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  2. Үш аймақ төңкерісі тарихы. 147 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  3. Пәтіқан Сүгірбаев. Алтай арпалыстары. 14 бет. Шыңжаң халық баспасы.
  4. Фэн Руи. Қазақ ұлтының қалыптасу процесі туралы зерттеулер. «Ұлттар» баспасы. 2004 ж.
  5. Уаң Хы. Шығыс Түркістан дербестікке ұмтылу құзғалысы. 303 бет.
  6. Үш аймақ төңкерісі тарихы. 69 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  7. Үш аймақ төңкерісі тарихы. 58 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  8. https://www.gov.cn.
  9. Қожай Доқасұлы. Отқа оранған жылдар. 1 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2001).
  10. Тарихи дерек, келелі кеңес. Асқар Татанайұлы. Шыңжаң халық баспасы, 1989 ж. Үрімжі.
  11. Алтай арпалыстары. Пәтіқан Сүгірбаев. 10-11 беттер. Шыңжаң халық баспасы. Үрімжі.
  12. Алтай арпалыстары. Пәтіқан Сүгірбаев. 5-10 беттер. Шыңжаң халық баспасы. Үрімжі.
  13. Тарихи дерек, келелі кеңес. Асқар Татанайұлы. 77 бет. Шыңжаң халық баспасы, 1989 ж. Үрімжі.
  14. Шыңжаңның жергілікті тарихы. 664 бет. Шыңжаң университеті баспасы. 1989ж. Үрімжі.
  15. Алтай арпалыстары. Пәтіқан Сүгірбаев. 16-31 беттер. Шыңжаң халық баспасы. Үрімжі.
  16. Тарихи дерек, келелі кеңес. Асқар Татанайұлы. 73-95 беттер. Шыңжаң халық баспасы, 1989 ж. Үрімжі.
  17. Алтай арпалыстары. Пәтіқан Сүгірбаев 35-39 беттер.
  18. Асқар Татанай. Тарихи дерек, келелі келес. 98-103 беттер. Шыңжаң халық баспасы, 1989 ж. Үрімжі.
  19. Алтай арпалыстары. Пәтіқан Сүгірбаев. 40-51 беттер. Шыңжаң халық баспасы. Үрімжі.
  20. Шыңжаңның жергілікті тарихы. 665 бет, Шыңжаң университеті баспасы. 1989ж. Үрімжі.
  21. Уаң Хы, Шығыс Түркістан Тәуелсіздік қозғалысы. Қытай университетінің баспасы, 2013, isbn: 978-962-996-500-6, 212-218 бет.
  22. Чианг Кай-шимен сегіз жыл - Хатшылықтың аға қызметкері Тан Цзунның күнделігі, Массс баспасы (Пекин), 1991 ж., желтоқсан. 422 б.
  23. Үш аймақ төңкерісі тарихы . 43-48 беттер. Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  24. Пәтіқан Сүгірбаев. Алтай арпалыстары. 104 бет. Шыңжаң халық баспасы.
  25. Қожай Доқасұлы. Отқа оранған жылдар. 7 бет. Қлттар баспасы, Пекин. 2001.
  26. Үш аймақ төңкерісі тарихы . 47 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  27. Алтай арпалыстары. Пәтіқан Сүгірбаев. 64-65 беттер. Шыңжаң халық баспасы.
  28. Асқар Татанай. Тарихи дерек, келелі кеңес. 130-134 беттер.
  29. Ду Жункун, Цзи Дачун, Рен Ифэй, Лю Вэньюань, Шыңжаңның үш аймағындағы революция тарихы, Қоғамдық ғылымдар академиялық баспасы, 1 бет. 45.
  30. Алтай арпалыстары. Пәтіқан Сүгірбаев 71-72 беттер. Шыңжаң халық баспасы. Үрімжі.
  31. Үш аймақ төңкерісі тарихы . 47 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  32. Асқар Татанай. Тарихи дерек, келелі кеңес. 138-139 бет. Шыңжаң халық баспасы. Үрімжі. 1989.
  33. Уаң Хы, Шығыс Түркістан Тәуелсіздік қозғалысы, Қытай университетінің баспасы, 2013. 217-218.
  34. Қожай Доқасұлы. Отқа оранған жылдар. 8 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  35. Шыңжаң жергілікті тарихы. Шыңжаң университет баспасы. 665 бет.
  36. Гао Венде, ред., Қытайдың этникалық азшылықтар тарихының энциклопедиясы: Цзилинь білім баспасы, 1995 ж., желтоқсан. 676.
  37. Лю Сюецяо (2013), 188-189 беттер.
  38. Үш аймақ төңкерісі тарихы . 53 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  39. Әділ Жұма Тұрды. Қытай халқының толық кітабы: Қытайдағы қырғыз ұлты. Инчуань: Ниншя халық баспасы. 2012.
  40. Оспан батыр. Жәди Шәкенұлы. Тұран баспасы. Алматы.
  41. Үш аймақ төңкерісі тарихы . 73 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  42. «Шыңжаң ұлттар сөздігі», «Шыңжаң халық баспасы», 1995 ж.
  43. Цзи Дачун, «Шыңжаң тарихы сөздігі» Шыңжаң халық баспасы, 1994 ж.
  44. Жаң Дажүн. Шыңжаңда дауылда өткен 70 жыл. 62-69, 62-70 б.
  45. 揭秘中亞「東突」頭目新疆「建國」夢碎之路. 环球时报. 2012-11-01 [2014-09-23].
  46. Еркін Экрем, Қытай-Кеңес қатынастарындағы «Шығыс Түркістан» мәселесі (1944-1945), бұғаз аралық даму тарихы зерттеулері, т. 6, 109-213 беттер.
  47. Еркін Экрем, Қытай-Кеңес қатынастарындағы «Шығыс Түркістан» мәселесі (1944-1945), бұғаз аралық даму тарихы зерттеулері, т. 6, 109-213 беттер.
  48. Чжоу Цзинхон, Абдукерім Аббасов: Марксизммен қаруланған пролетариат күрескері, Қытай ұлттары мен діндері желісі, 2009-07-24 Түпнұсқадан мұрағатталған 05.06.2014 ж. Wayback Machine сайтында.
  49. Тимур Даваматтың редакциясымен, Қытай этникалық азшылық мәдениетінің сөздігі: Солтүстік-Батыс аймақ томы, Ұлттар баспасы, 1999 ж.
  50. Еркін Экрем, Қытай-Кеңес қатынастарындағы «Шығыс Түркістан» мәселесі (1944-1945), бұғаз аралық даму тарихы зерттеулері, т. 6, 109-213 беттер.
  51. Үш аймақ төңкерісі  тарихы.  78-85 беттер.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  52. Оспан. Жәди Шәкенұлы.
  53. Үш аймақ төңкерісі тарихы. 74 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  54. Үш аймақ төңкерісі тарихы , 75 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  55. Чжан Дацзюнь: «Жетпіс жыл Шыңжаң дауылы», 48-65 бет.
  56. Үш аймақ төңкерісі  тарихы.  97 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  57. Дил·Жума Тұрды. Қытай ұлттарының толық кітабы·Қытайдағы қырғыз ұлты. Инчуань: Ниншя халық баспасы. 2012.
  58. Үш аймақ төңкерісі тарихы. 108 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  59. Уаң Хы, Шығыс Түркістан Тәуелсіздік қозғалысы, Қытай университетінің баспасы, 2013, 207 бет.
  60. Революция (жалғасы), Іле білім институты журналы, 16-том, 14 бет.
  61. Лубянка. ВЧК-ОГПУ-КВД-НКГБ-МГБ-МВД-КГБ. 1917—1960. Справочник. Сост. А. И. Кокурин, Н. В. Петров. М.: 1997. Дата обращения: 27 декабря 2013. Архивировано 27 декабря 2013 года.
  62. Алексеев М. А., Колпакиди А. И., Кочик В. Я. Энциклопедия военной разведки. 1918—1945 гг. М., 2012, с. 303. Дата обращения: 27 декабря 2013. Архивировано 28 декабря 2013 года.
  63. Ли Шэн: «Қытайдың жаңа тарихы мен қазіргі жағдайы» .Үрімші: Шыңжаң халық баспасы, 2006, 149 бет.
  64. Үш аймақ төңкерісі тарихы . 102 бет.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  65. Үшаймақ төңкерісі тарихы. 126-127 беттер.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  66. А. П. Паршев, В. Н. Степаков. Когда началась и когда закончилась Вторая мировая. — М.: Яуза, 2007. — С. 373.
  67. Үш аймақ төңкерісі тарихы . 128-129.Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  68. Үш аймақ төңкерісі тарихы . 55-56 .Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  69. Үш аймақ төңкерісі тарихы.142-143 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж.
  70. «Отқа оранған жылдар». Қожай Доқас ұлы. 6-8 беттер.Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  71. Оспан. Жәди Шәкенұлы.
  72. Үш аймақ төңкерісі тарихы. 144 бет.  Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  73. «Үш аймақ төңкерісі тарихы» 145-146 беттер. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж.
  74. «Отқа оранған жылдар». Қожай Доқас ұлы. 10-11 беттер. Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  75. «Үш аймақ төңкерісі тарихы». 147 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж.
  76. Қожай Доқасұлы. «Отқа оранған жылдар». 10-11 беттер. Ұлттар баспасы. Пекин.  2001.
  77. Қожай Доқасұлы. «Отқа оранған жылдар». 10-11 беттер. Ұлттар баспасы. Пекин.  2001.
  78. Қожай Доқасұлы. «Отқа оранған жылдар». 10-11 беттер. Ұлттар баспасы. Пекин.  2001.
  79. Қожай Доқасұлы. «Отқа оранған жылдар». 8-12 беттер. Ұлттар баспасы. Пекин.  2001.
  80. Қожай Доқасұлы. «Отқа оранған жылдар». 12 бет. Ұлттар баспасы. Пекин.  2001.
  81. Қожай Доқасұлы. «Отқа оранған жылдар». 10-12 беттер. Ұлттар баспасы. Пекин.  2001.
  82. Үш аймақ төңкерісі тарихы. 172-173. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  83. Қожай Доқасұлы. «Отқа оранған жылдар». 10-11 беттер . Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  84. Үш аймақ төңкерісі тарихы. . 173 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  85. Қожай Доқасұлы. «Отқа оранған жылдар». 14-15 беттер . Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  86. «Үш аймақ төңкерісі тарихы». 169 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж.
  87. Елім-Айлап өткен өмір. Қасен Өралтай.
  88. Үш аймақ. 170 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.
  89. Алтай арпалыстары .Пәтіқан Сүгірбев. 116 бет.
  90. Пәтіқан Сүгірбаев. Алтай арпалыстары . 115-118 беттер.
  91. Қожай Доқас. Отқа оарнған жылдар. 5 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  92. Обухов В.Г.. Уран для Берии. Восточный Туркестан в атомном проекте Кремля. Москва: Вече. 2010.
  93. Қожай Доқас. Отқа оарнған жылдар. 13 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  94. Қожай Доқас. Отқа оарнған жылдар. 13 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  95. Қожай Доқас. Отқа оранған жылдар. 13-14 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  96. Сюй Цзяньин, 1940 жылдардағы Қытайдағы Шыңжаңға қатысты АҚШ саясаты туралы зерттеу, Юньнань қалыпты университетінің журналы (философия және әлеуметтік ғылымдар), № 4, 2011. [2015-03-12].
  97. Қожай Доқас. Отқа оранған жылдар. 15-19 беттер. Ұлттар баспасы. Пекин. 2001.
  98. Жұңго Шыңжаңының тарихи жане қазіргі жағыдайы. 285 бет. Шыңжаң халық баспасы. Үрімжі. 2006).

Ерзат Кәрібай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2672
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4366