Сенбі, 24 Қаңтар 2026
Әдебиет 171 0 пікір 24 Қаңтар, 2026 сағат 13:06

Мен көрген Нұрпейісов (жалғасы)

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

БІРІНШІ БӨЛІМ:  Мен көрген Нұрпейісов

ЕКІНШІ ЖӘНЕ ҮШІНШІ БӨЛІМДЕР: Мен көрген Нұрпейісов

ТӨРТІНШІ БӨЛІММен көрген Нұрепейісов

БЕСІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

ЖЕТІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

СЕГІЗІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

ҚАНДЫ ІШКЕН «ҚАН МЕН ТЕР»

«Қурырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген. Қан ішкеннің көкесін «Қан мен терді» дайындағанда көрдік-ау. Ой, Алла-ай! Мұндай да болады екен. Жиырма жыл бойы кітап шығарып жүріп, мұндайды көрсемші... Қытымыр уақыт қысып тұрғанда екінші томға баратын жалғыз «Ымырттың» соңынан бір ай бойы сандалдық қой. «Ымырт» деген «Қан мен тердің» бірінші кітабы.

Мен мәтінді тазалап алып келем, Әбең шимайлап сызып тастайды. Тағы да түзетіп келем, тағы да шимай. Қайта тазалап әкелем, одан сайын өшіге сызады. Сызғанда да бет-бет қылып бұтарлап, тұтас абзацтарды қысқартып жібереді. Кей беттерді айғыздап қайта жазады. Оған салсаң, жыл бойы алаңсыз сыза беретін түрі бар. Менің шыдамым таусылды.

– Осы сіз беталды шимайлағанды қашан қоясыз?– дедім ренжіген сыңаймен.– Бір емес, он рет түзеттіңіз ғой. Жетер енді! Содан май шықса да... Әр шимайлаған сайын уақыт кетіп жатыр.

– Сен маған уақыт жайлы айтпа! Мүмкін соңғы рет түзетіп жатқан шығармын,– деді ол бетіме ажырая қарап.– Менің әр сөзім балталаса да бөлінбейтін болуы керек. Бұл басқаның емес, Нұрпейісовтің қаламынан шыққан дүние. Түсіндің бе? Нұр-пе-йі-сов-тің! Мен конониальный туынды жасап жатырмын. Артық тұрған нәрсенің бәрін сылып отырамын. Сондықтан сүйегі шыққанша сыза берем.

– Әйтеуір, артық қылам деп, тыртық қылмасаңыз жарар еді. Жона беріп, құрсүйегі қалмасын. Осыны жаза бастағаныңызға алпыс жыл болыпты. Алпыс жылда түпкілікті түзеліп бітпеген қандай роман бұл?

– Ол кезде мен жас едім. Қырыққа да толмағам. Жастық максимализм, жастық эгоизм деген болады. Есейіп, жас ұлғайған сайын алып-ұшып тұрған эмоция басылады. Жазғанымды қайта қарасам, жастықтың қателіктері бадырайып тұрады. Еламанның да, Ақбаланың да, Тәңірбергеннің де, Сүйеу қарттың да сөздері мен мінездерінде артық штрихтар көп. Шлифовка керек. Енді жасым 95-ке келді. Өмірдің ащы-тұщысын көп көрдім. Адамның ішкі психологиясындағы қайшылықтарды түсіндім. Кейіпкер де тірі адам. Оның да өз бойына шақ мінез-құлқы бар. Сол болмысы шынайы болу керек. Мынаған көп фальш араласқан. Мен соны сызамын ғой. Кейіпкерді жасандылықтан арылтамын. Бұрын қанша кіжінгенмен тым жақсы жазылып тұрған соң қысқартуға қимайтын едім. Қазір – жоқ! Мен қазір әбден қаһарға мінгенмін. «Майды» аямай кесіп, тек бұлшық етін қалдырдым. Осы қысқартқаныма өзім риза болып, мақтанып отырмын. Ал, кейінірек оқырман да керемет риза болатынына күмәнім жоқ. Жеңіл, қызғылықты, тез оқылатын болады.

– Сонда, жас кезіңіздегі «фальшивый романды» әлемдік аудитория қалай мойындаған? Фальшты көрмеген бе? Әлде, ол жақта да сыбайластықпен өтіп кетуге бола ма? Атақты Луй Арагонның өзі әбден мақтапты. Бекер мақтамаған шығар?– дедім мен ақсақал қайтер екен деп. Ол жасаураған көздерін беторамалымен сүртіп алды да:

– Оларға соның өзі керемет болып тұр ғой,– деді күліп.– Негізі аудармашыға да көп нәрсе байланысты. Лили Дени деген француз аудармашым болды. Әр сөзді жан-тәнімен аударатын. Арагон соның аудармасынан оқыған. Демек, керемет аударған. «Қан мен тер» отыз алты тілге аударылды. Әр аудармашымен жеке танысып, мүмкіндігін байқаған соң келісім беретінмін. Аудармашыға жарыған адаммын. Бәрі де мықтылар еді. Герольд Бельгер мен Анатолий Кимнің өзі неге тұрады?! Мен кейде кітабымның орысша аудармасын оқып отырамын да осыны мен жаздым ба деп өзім таң қаламын. Қатты ырза болып, рахаттанып отырып, орнымнан атып тұрып, сол жердің қазақшасы қандай екен деп, түпнұсқаны қолыма алып қараймын. Қарап, көңілім орнына түседі…

– Лили Денидің сізге жазған бір хатын оқыдым. Ол: «Шығарма кітап болып басылып шықпайынша аудармаға кіріспеймін. Өйткені автор кітап болып шыққанға дейін көп өзгерістер енгізуі мүмкін» депті. Демек, ол кітап болып шыққан дүние өзгермейді деп сенеді. Ал сіз болсаңыз, баяғыда шығып кеткен кітапты быт-шыт қылып өзгертіп жатырсыз. Бұны Лили көрсе не дер еді? Қайта аударуға келіседі деп ойламаймын. Романның алғашқы нұсқасы дүние жүзіне тарап кеткен. Сондықтан, көңіліңіз қалаған тұсын өзгерте бермесеңізші. Бастапқы желіден бірдеңе қалды ма ішінде?

– Әрине, қалады ғой. Әлім жеткенше әбден шираттым. Өзім де шаршадым. Түнде сағат екіге дейін отырыппын. Есесіне үлкен жұмыс бітті. Енді баса беріңдер. Бойында бір міні жоқ сұлу қыздай болып тұр. Қарасаң қарай бергің келеді. Оқысаң оқи бергің келеді. Классикалық шығарма деген осындай болады,– деді қария өз-өзіне деген ризашылығын жасырмай. Оның жүзінде дүниеге сәби келгендей қуаныштың белгісі бар. Дәл қазір далаға шығып, көрінген жаннан сүйінші сұрап, баладай алақайлап жүгіргісі келетіндей. Шынайы шығармашылықтың қуанышына не жетеді? Жазушының ең бақытты сәті сол ғой. Мен соны сезіндім де оған ренжігенді қойып, елжіреп кеттім.

– Жақсы! Сіз үшін қуаныштымын!– дедім оның қолын қысып,– Бұл томды енді сызбаймын деп уәде беріңіз. Мына шимайдың бәрін орнына қойып, тазалап әкелемін. «Басуға келісім беремін» деп қол қойып беріңіз. Содан соң ғана баспаханаға өткіземін. Баспаханаға өткізгеннен кейін ешқандай түзету болмайды.

– Иә, солай болсын. Келісемін. Енді ештеңе өзгертпеймін. Қол қойып беремін,– деді ол көтеріңкі көңілмен.

Бірақ, қария сөзінде тұрмады. Жанымызды қоймай, баспаханада гранкасы оқылып жатқан «Ымыртты» қайта-қайта алдыртты. «Оу, ақсақал! Бұл енді шектен шыққандық. Басуға арналған пластиналар мен формаларды өзгертуге болмайды. Ол қыруар ақша тұрады. Бәрі жасалып қойды. Енді кеш» дегенімізді тыңдамады. Гранкадан суырып алып, бірнеше бетті қайта шимайлады. Күйінсек те көндік. Көнбегенде қайтесің? Баспахана директорының кабинетіне өз аяғымен барып, діңкілдеп отырып алды. «Аш бәледен қаш бәле» деп, баспахана директоры рұқсат беріпті.

Сол екінші томның соңына «Ымырт» туралы жазылған мақалаларды береміз деп шешкенбіз. Шыңғыс Айтматовтың «Абдижамил Нурпеисов», Леонид Теракопянның «Казахстанское притяжение», Борис Панкиннің «Портрет художника на фоне его страны», Герольд Бельгердің «Высота совершенства», Луи Арагонның «Сумерки» атты мақалалары таңдалды. Бәрі орыс тілінде. Мен мақалаларды орысша беруге қарсы болдым. Біразының қазақшаға аударылған нұсқасын тауып алдым. Мен үшін бір томның біркелкі қазақ тілінде болғаны маңызды еді. Ақсақал үзілді-кесілді таңдау жасады. Орыс тіліндегі «оригиналын» берген дұрыс деді. Осы мақалалар жұмысты күрделендіріп жіберді. Гранкадан көп түзелген де осы мақалалар еді.

Шал басқа авторлардың мақаласын түзеткен сайын менің жыным келетін.

– Мақала сіздің шығармаңыз туралы болғанымен басқа авторлардың жазуын неге түзетесіз? Оған сіздің қандай қақыңыз бар?– дедім бірде.– Әркім өзі туралы жазылған нәрсені қалағанынша өзгерте берсе қалай болады? Онда тұтас мақаланы өзгенің атынан жазып, арманыңыз біткенше өзіңізді мақтай бермейсіз бе? Бұл әдебиет үшін ұят. Олай жасамаңыз.

Ол менің сөздеріме тіксініп қалды. Борис Панкиннің мақаласын түзетіп жатыр еді. Онысын тоқтатқан жоқ. Ары қарай түзете берді. Әлден соң маған бұрылып біртүрлі жымиды да:

– Сен қалай ойласаң өз еркің. Мен мына күйінде жібере алмаймын. Бұл кітап соңғы рет шыққалы тұр. Соңғы рет түзетілуде. Бұдан кейін мұндай мүмкіндік болмайды,– деді.

– Бәрібір. Біреудің сөзін түзетуге сіздің қақыңыз жоқ,– дедім қитығып. Ол да қайтпайды:

– Әй, бұл менің кітабым ғой. Өзім білемін. Сен оған басыңды қатырма. Басқа жұмысыңмен айналыса берсеңші бар. Мен бәрі өз ойымдағыдай болса деп жатырмын. Өзгертем бе, өзгертпеймін бе өзімнің шаруам. Бұл мақалалар жазылғалы талай заман өтіп кетті. Уақыттың талабы да өзгерді. Баяғы социалистік реализм рухында жазылған сөздердің қазір не қажеті бар? Солардың мұртын басып жатырмын мен. Кезінде өзекті болғанмен кейін күлкі шақыратын ойлар болады. Идеологияның ығына қарай жазылған дүниелер уақыт өте келе заманға ілесе алмай қалады. Өйткені саясат та, идеология да үнемі өзгеріп отырады.

– Не десеңіз де, бұл ісіңізді мен қолдай алмаймын. Өзге жұрттың мақаласын түзетемін деп қаншама уақытты алдыңыз. Сізден басқа адамның гранканы өзгерткенін көрген емеспін. Доғарыңыз енді. Баспаханаға өткізгенге дейін соның бәрін неге түзетіп жібермейсіз?

– Асықтырып жатқан өзің емес пе? Жау қуғандай жұмыс істеп жатырмын. Маған енді не дейсін? Өл деймісің? Онсыз да соңғы күндері түнімен отыратын болдым. Осыған разы бол.

– Сіз құсап шұқылай берсе бұл жұмыс ешқашан бітпейді. Бітіп кеткен нәрсені қайтарып алып, шимайлап жатқан өзіңіз емес пе? Бір жұмысты екі қылып... Қазір тып-тыныш басылып жатар еді. Жоқ. Әлі сіздің қолыңызда тұр. Мына қарқынмен биылдыққа бітпейді. Бізде үш ай ғана уақыт бар. Мына екінші томға бір ай уақыт жібердік. Әр томға осылай айналсақ жыл бітеді ғой. Оны да ойлансаңызшы.

Менің күйіне сөйлегенімді жақтырмады білем, ол қолын бірнеше рет сілтеп, «тоқта» деген ишара жасады. Сосын байсалды қалыпта, асықпай сөйледі:

– Әй, Темір! Сен большевиктен де жамансын. Коммунистер: «Жоспар! Жоспар!» деп өлтіретін еді. Не көрінді, сонша?! «Үш ай! Үш ай!» деп өліп кетемісіңдер?! Бітпесе бітпей кетсін, әкесін... Менің туған күніме дейін бітсе болды. Тойға дейін әлі бес ай бар. Үлгіресің!

– Қайдам... Мына түрімен тойға дейін де бітпейтін шығар? Менікі жауапкершілікті сезіну. Уәде бердім бе, қалайда уақытында орындауым керек,– дедім мен сабама түсіп.

– Уайымдама! Бәрін де уақытында бітіреміз,– деді Әбең менің арқамнан мейірлене қағып.

«Сергелдең» мен «Күйреудің» («Қан мен тердің» екінші және үшінші кітаптары) күйі де осылай болды. Баспахана мен Нұрпейісовтің үйінің арасын күнделікті шапқылайтын жол қылдым. Бұл кезде баспахана директоры маған «Гранканы өзгерткендерің үшін формалардың ақшасын қайта төлеңдер» деп шот қойған. Оған қарап жатқан автор жоқ. Гранкаларды қайта-қайта алдыртты. Қанша айтсақ та қойдыра алмадық. Қыруар қаржы қалтадан кетті. Ол жағы ақсақалдың ойына кіріп те шықпады. Сөйтіп жүргенде жаздың басы да болды.

Үшінші томға берілген «Сергелдеңнің» сергелдеңі аз болмады. Кітаптың көлемі шағын болғандықтан жоспарлы межеге жүз отыз бет жетпей тұрды. Енді қайтеміз дегенде, екінші томдағы әдіс ойымызға орала кетті. Әбенің шығармашылығы туралы мақалалар мен сұхбаттарды қосатын болып келістік.

Герольд Бельгердің «Бремя долга», Любовь Шашкованың «Зима патриарха», Валерий Михайловтың «Образ его существования...», Сейдахмет Куттыкадамның «Судьба – как роман, роман – как судьба», Георгий Пряхиннің «Посреди текущего времени», Людмила Варшавскаяның «Встреча в литературном братстве» атты мақалалары мен Л. Герцийдің Нұрпейісовтен жазған «Пусть говорит язык, дабы нож мог покоиться в ножнах», Сауытбек Абдрахмановтың Николай Анастасьевтен алған: «Қазақ әдебиетінің батыл сілкінісі» атты сұхбаттары берілді.

Әсіресе «Қан мен тердің» соңғы кітабы «Күйреу» қатты өзгеріске ұшырады. Бұл төртінші томның сия тимеген беті қалмады десем де болады. Армансыз шимайланды. Жойдасыз сызылды. «Күйреуге» келгенде бір айдан астам уақыт Әбеңнің қасында отырып, жұмыс істедім. Өзгерген көптеген беттерді ілесе оқып, бірге түзеттік. Жаңа түзетулерді енгізетін беттеуші қыз Бәтима Малаеваның «Осы томды он рет түзеттім ғой» дегені есімде қалыпты.

Бір күні «Күйреудің» соңғы бөлімін шимайлап отырған Әбең қатты қиналды. Романның ақырғы бетіне келгенде толығымен қайта жазды. Соңғы түйін. Соңғы абзац. Қайта-қайта шимайлады. Көңілінен шықпады.

«Тәңірберген әлсіреді. Аяғын сүйретіп басқалы қашан. Енді сүрініп-жығыла бастады. Тамағы құрғады. Тілі аузына сыймай алқынып, ырсылдап тұрады да, қайта жүреді. Солдаттардың тірі қалғандары бар ма, жоқ па, білмеді. Бұл жүрген жердің бәрі бей-берекет шашылып жатқан қару-жарақ. Аттың, адамдардың өлігі. Айнала төңірек құзғындар. Қан-жынға керелеп алған. Бірақ... тойым жоқ. Өлікке таласып, қиғылық ұрып жатыр. Тәңірберген қарамауға, көрмеуге тырысты да, басын бауырына тартып бұғып алды. Аяғын аттап бір басты да, құлай жаздап теңселіп тұра қап еді. Әлдебір аш түлкінің шақылдаған даусынан шошып кетті. Көзін ашып алғанын біледі. Жүзін шырамытқан әлдебіреудің өлігіне жабылып жан-жағынан жұлмалап жатқан құзғындарды көрді де... жаны түршігіп... жерге сыймай кетті де-е... Басын көтеріп көкке қарап еді; кәдір таңын көргендей, көзін ала алмай арбалды да қалды. «Піссіміллә рахман рахим.» Жаңа ғана шайып жуғандай көгілдір аспан иманы бетінде мөлдіреп тұр екен».

Әбеңнің қаламсабы қолында. Енді төрт жолдан тұратын соңғы түйін сөз қалды. Олай-былай жазып көріп еді, иіні қанбағандай. Тағы да жазып жатты да ойдан қалжырағандай маңдайын алдындағы параққа қойып, бүкшие қалды.

– Қалай? Болмай жатыр ма?– дедім жүзіне қарап. Ол көздерін тарс жұмып алыпты.

– Атасына нәлет! Бұл романның соңғы қазығы ғой. Еш болмайды,– деді көзін ашпаған күйі. Оған жаным ашып кетті.

– Былай етейікші,– дедім білегімді сыбанып,– Соңғы бетті маған беріңіз.

– Не істейсін?– деп ол басын көтерді.

– Мен түзетемін. Кімнің классик екенін қазір көресіз. Сіздің алпыс жылдан бері жаза алмай жатқаныңызды алты минутта жазып беремін. Әкеліңіз бері.

Ол маған таңырқай қарап, қаламсабын бергісі келмеді. Тартып алғандай қылып, қаламсапты қолыма алдым. Шимайланған соңғы беттің астына:

«Жаратушы Ие-ау, ендігі ақиқат та, адалдық та аспанда қалған ба? Мырза Тәңірберген «Аспан әділ! Әділ!» деп, осынау опасыз сұм жалғаннан кеш байқаған бір шындықты жаһаннамға жар салғысы келіп еді. Әт-тең дүние, үні шықпады...» деп түзеттім де өзіне оқып бердім. Ол мәтінді қайта-қайта оқып:

– Ғажап болды! Дәл осы ғой керегі! Әй, сен мықты екенсің! Мынау енді жөнге келді,– деп балаша қуанды. Ертесіне сол күйінде апарып баспаханаға тапсырдым.

(Жалғасы бар)

Темірғали Көпбай

Abai.kz

0 пікір