Сейсенбі, 27 Қаңтар 2026
Әдебиет 277 0 пікір 27 Қаңтар, 2026 сағат 14:32

Мен көрген Нұрпейісов (соңы)

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

БІРІНШІ БӨЛІМ:  Мен көрген Нұрпейісов

ЕКІНШІ ЖӘНЕ ҮШІНШІ БӨЛІМДЕР: Мен көрген Нұрпейісов

ТӨРТІНШІ БӨЛІММен көрген Нұрепейісов

БЕСІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

ЖЕТІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

СЕГІЗІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

ТОҒЫЗЫНШЫ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

ОНЫНШЫ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

ТҮЙІН

Айтып-айтпай не керек, тартысып-шарпысып жүріп, жеті томдық жинақты өз мерзімінде бітірдік. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей соңғы жетінші томды құрастыру аса ауыр жұмыс болды. Бұл том Әбеңнің мақалалары мен баяндамаларынан, хаттарынан тұратын. Әр жерде қалған мақалалар мен баяндамаларды іздеп табу қиынға соқты. Нағима апай екеуміз үйдегі шаң басқан архивті түгел қопардық. Ескі газеттер мен журналдардың қуыс-қуыста жатқан бумаларын біртіндеп ақтарып, өзімізге керек деген материалды табу үшін мая ішінен ине іздегендей еңбектендік. Ол үшін Нағима апайға шексіз алғыс айтамын. Ауылдағы барлық тірлігін тастап келіп, үлкен іске өлшеусіз көмек көрсетті. Бұл Әбеңе деген шексіз құрметтің көрінісі еді.

Әбең негізі әдебиеттің ірі өкілдері туралы көп жазған қаламгер. Оның ішінде арғы ғасырдың аса талантты тұлғаларынан тартып, өз замандастары мен кейінгі буын інілері туралы толғаныстары да бар. Абай, Лев Толстой, Иван Тургенев, Федор Достоевский, Иван Гончаров, Максим Горький, Расул Ғамзатов, Давид Кугультинов, Қайсын Кулиев, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов, Юрий Казаков, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсрепов, Ілияс Омаров, Салық Зиманов, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Дулат Исабеков т.б. Өз заманының ақтаңгері болған осы қайраткер-жазушылардың әрқайсысы туралы терең толғаған көлемді мақалалары жетінші томнан орын алды.

Әсіресе, томдардың соңына берілетін фотосуреттерді іріктеу кезінде Әбең іске белсене кірісетін. Әр томның соңына 15-16 сурет беріледі деп келіскенбіз. Сол суреттердің бәрі түгелдей автордың өз қолынан өтті. Әр суретті ұсынарда он ойланып, жүз толғанып, біресе анау дұрыс деп, біресе мынау дұрыс деп, кейде тіпті ешбірін ұнатпай, күні бойы таңдау жасай алмай қиналған кездері де бар. Николай Анастасьевпен, Борис Панкинмен бірге түскен бір фотоны үш күн іздеді. 1964 жылдың қазан айында Юрий Казаковпен бірге Орталық Комитеттің демалыс үйінде түскен суретті апта бойы таба алмай жүрді. Ақыр соңы қолда бар барлық суретті едендегі кілемнің үстіне жайып тастап қарадық. Таба алмадық. Әбең екеуміз шаршаған соң еденге түгел жайылған мыңнан астам суреттің үстінде шалқалай демалып жатыр едік, жазушы Смағұл Елубай кіріп келді.

– О-о, жатыстарыңызға береке берсін! Бұл не жатыс?– деді Смағұл аға амандасып. Жүзінде үлкен таңданыс бар.

– Казаковтың суретін таба алмай жатырмыз. Осы суреттердің ішінен көргем. Енді жоқ. Бір апта болды. Жер жұтқандай,– деп Әбең оған қолын берді. Мен де орнымнан тұрып амандастым.

– Ә-ә, табылып қалар,– деді Смағұл аға қашанғы байсалды мінезімен.

– Смағұл, сен Казаковты танитын адамсың ғой. Кел, көмектесші! Мына бопыр суреттің арасынан қарашы,– деп өтінді Әбең.

– Жақсы,– деп Смағұл аға жан-жағында шашылып жатқан суреттерді қарай бастады да аз ғана сәттен соң: – Іздеп жатқаныңыз мына сурет емес пе?– деп кілемнің шетінде қалған бір суретті көрсетті.

– Дәл өзі! Осыны іздеп жатырмын. Сені маған құдай айдап келген екен! Осы! Осы сурет!– Әбең жүрегі жарылардай қуанды. Сөйтіп, Смағұл ағаның жеті томды жасауға бір жәрдемі тиді. Жұмысты ары қарай қозғадық.

Баяндамаларды түгендеп жатқанда тағы бір қызықты оқиға орын алды. Қайраткер Әбеңнің үлкен мінберлерден сөз сөйлеп, елдің жоғын жоқтаған кезі көп. Мысалы, 1989 жылы 17 қаңтарда Мәскеуде өткен КСРО Жазушылар одағының пленумында 20 минут сөйлеп, Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Г.В.Колбиннің атына республикада қалыптасқан келеңсіз ахуал туралы ашық та батыл сын айтқан.

Пленумда Украина Жазушылар одағының төрағасы Олесь Гончардан кейін екінші болып жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов сөз сөйледі. Пленумның регламентіне сәйкес баяндамашыларға он минут уақыт берілген болатын. Төрағалық етіп отырған КСРО Жазушылар одағының бірінші хатшысы Г. М. Марков Ә. Нұрпейісовке уақыттың аяқталғанын ескертті. Бұған жауап ретінде жазушы былай деді:

– Георгий Мокеевич, өтінемін, менің сөзімді бөлмеңіз. Мен Пленумдарда сирек сөйлеймін. Бірақ бұл жолы ойымды соңына дейін айтуға рұқсат етіңіз.

– Сөйлесін! Сөйлесін! – деп Прибалтика мен Кавказ өкілдері оны қызу қолдады.

Жиырма минутқа созылған сөзінде Ә. Нұрпейісов республикадағы экология, ұлттық тіл, ұлттық тарих және кадр саясаты мәселелері бойынша қалыптасқан жағдайды өткір сынға алды.

Сол сияқты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М. С. Горбачевтің келуіне орай 1991 жылғы 28 мамырда Алматы қаласының партия-кеңес активі мен зиялы қауым өкілдері алдында сөйлеген сөзі бар. Әбең үшін де, ел үшін де зор маңызы бар осы баяндаманы еш жерден таба алмай жүрдік. Көп іздедік. «Ол баяндама табылмаса ары қарай жылжымаймыз» деген әңгіме де айтылды. Бір күні Әбең:

– Мен ақыры таптым,– деді қуанып,– Горбачевқа айтқан сөзімді таптым.

– Қайдан таптыңыз?– дедім мен де қуанып.

– Орталық архивтен шықты.Ол жерде менің қолжазбаларым бар. Гуля деген келіншек тауып берді.

– Сол келіншектен алып беріңіз. Біз тездетіп теріп тастайық. Жетінші том беттеліп жатыр. Қосып жіберейік.

– Жоқ. Ол өзі теріп беремін деді. Жүз жетпіс мың теңге төлеймін деп келістім.

– Әбе, неге жүз жетпіс мың төлейсіз? Баяндаманың көлемі қанша бет?

– Бес-алты бет бар ғой.

– Онда неге шашыласыз? Біз не үшін жұмыс істеп жатырмыз. Баспа тұрғанда басқаға неге тергізесіз? Өзіміз тегін-ақ тереміз. Бізге алып беріңіз.

– Мен келісіп қойдым. Болды!

– Ақшаңыз тасып жатыр ма? Бес бет үшін неге сонша құн төлейсіз? Абсурд қой мынау!

– Енді оған тиіспеңдер. Өзі теріп беремін деді.

– Қашан теріп бітіреді екен? Тез бола ма?

– Ол жағын білмедім. Анық айтпады.

– Бізге бүгін-ертең біткені керек. Телефон соғып, сұрап көріңізші. Нақты уақытын айтсын.

– Өй, сен де тықылдап болмадың ғой,– деп кейігендей болды да Әбең Гуляның телефонын тере бастады. Арғы жақтан жауап берген келіншек: «Келесі аптада бітіріп беремін» деді.

– Келесі аптада аласыз деді,– деп Әбең телефонын үстелге қойды. Ашық тұрған телефоннан соңғы терілген нөмірді шырт еткізіп өз телефоныма суретке түсіріп алдым.

– Бес бетті бір апта бойы термекші ме? Бір сағатта бітетін нәрсе ғой. Не болды сонша? Бізге алып берсеңізші.

Қанша қиылсам да Әбең өз дегенінен қайтпай қойды. Мен қоштасып үйден шықтым да архивтегі Гуляға телефон соқтым. Мінезі ашық, қарапайым адам екен. Мен оған жағдайды түсіндіріп айтып, уақыт қысып тұрғандықтан «баяндаманың қолжазбасын бізге беріңіз, өзіміз тереміз» дедім. Ол келісе қойды. Машинаммен тура зымырап бардым да сұраған затымды алып кеттім. Сол зымырағаннан зымырап отырып, өзіміздің терімші қыз Бәтимаға жеткіздім. «Мына баяндаманы тез теріп, жетінші томға қосып қой» деп тапсырдым. Арада бір сағат өткенде телефоным шырылдады. Әбең екен. Дүрсе қоя берді:

– Әй, Темір! Сен не бүлдіріп жүрсін, а? Қолжазбаны неге алып кетесін? Қайта апарып бер ана Гуляға!– деп ақырды.

– Апармаймын. Болды. Теріліп жатыр.

– Мен кәзір баспаңа өзім барамын. Қайда екенін, кім теріп жатқанын айт.

– Барып әуре болмаңыз. Лифт жоқ. Бесінші қабатқа жаяу көтеріліп, шаршап қаласыз,– деп телефонды жауып қойдым. Телефоным қата-қайта безілдеді. Әбең. Көтермей қойдым. Әлден соң Әбеңнің шопыры Біржан звондады.

– Ата баспаға апар деп жатыр. Адресін айтыңызшы,– деді ол.

– Ақыр баратын болды ма? Бәтима деген қыз үйінде теріп жатыр. Ол «Орбитада» тұрады,– деп нақты адресін айттым. Артынша Бәтимаға хабарласып:

– Атаң саған бара жатыр. Теріп болдың ба?– деп сұрадым.

– Келе берсін. Теріп, кітапқа қосып қойдым.

– Келсе, соны айтарсың.

Жарты сағат шамасында Бәтима қайта телефон соқты.

– Ата келді. Бесінші қабатқа жаяу шықты. Шалыңыз әлі мықты екен. Бірақ жаным ашып кетті,– деді ол күлкі аралас.

– Соған біреу бар деп пе? Өзі ғой жүз жетпіс мың теңге төлеймін деп жанығып жүрген. Сонымен не болды? Не деді?

– Айттым. «Теріп, кітапқа қосып қойдым» дедім. Қолжазбасын алып кетті.

– Жақсы. Бір жұмысты бітірдік. Рақмет! Енді қайда апарса да өзі білсін.

Әбеңнің үйіне келесі жолы барғанымда бұл мәселе туралы мүлде сөз қозғамады. Мен де түк болмағандай, ол туралы жақ ашпадым. Ары қарай жұмысымызды істей бердік.

Қыркүйек айының басында отыз бес мың кітапты министрліктің жіктемесіне сәйкес республиканың кітапханаларына таратып жібердік. Жеті мың кітапты Бекет ағаның айтуымен автордың үйіне апарып бердік. Министрлік есебімізді қабылдап, төлем жасаған соң Әбеңнің есеп-шотына жеті миллион қаламақысын аударып бердім. Бәрі заңға сәйкес жасалды.

Жеті том қолына толық тигенде Әбеңнің қуанышында шек болмады. Қайта-қайта ақтарып қарап, маған алғысын жаудырды. Қайтар кезімде қақпаға дейін шығарып салып:

– Темірғали, я тебя люблю,– деді орысшалап,– Сенің іскерлігің мен өжет мінезің болмағанда бұл жұмыс ешқашан бітпейтін еді. Саған разымын!

– Я вас тоже люблю, Әбе! Жұмыс барысында артық ауыс кеткен жеріміз болса айып етпеңіз. Осымен жұмыс бітті! Сіз нағыз классик жазушысыз! Нағыз суреткерсіз! Сізбен жолықтырған тағдырыма разымын! Баспаға байланысты шаруаңыз болса айтып тұрарсыз. Көмектесуге дайынбыз!– дедім оның қолын қысып.

Одан кейін де Әбең маған жиі хабарласып тұрды. 95 жылдық тойының қарсаңында үлкен өтініш айтты. «Слово совести» атты брошюра-кітап шығармақ ойы бар екен. Мәскеуде өткен КСРО Жазушылар одағының Пленумында сөйлеген сөзі мен М. С. Горбачевтің келуіне орай 1991 жылғы 28 мамырда Алматы қаласының партия-кеңес активі мен зиялы қауым өкілдері алдында сөйлеген сөзін және Александр Солженицынның «Как нам обустроить Россию» деген керіауыз брошюрасына қарсы 1990 жылғы 1 қарашада «Известия» газетінде жарияланған «Своя чужая боль» атты мақаласын қосып шығарып, тойда таратсам деген ойын айтты. Мен сөзге келмей сол брошюраның бір мың данасын өз қаражатыма шығарып беріп, тойына тарту жасадым. Әбең маған тойдың төрінен орын берді.

Артынша менің де Әбеңді тойға шақырған ретім болды. Ортаншы қызым Қымбаттың тойында төрде отырып, жастарға ақсақалдық батасын берді.

Той өткен соң тағы бір жаңа бастамаға кірістік. Бекет Тұрғараев ағамыз Әбеңді «Нобель» сыйлығына ұсынуға әрекет жасады. Ол үшін «Последний долг» романының екі кітабын қосып, бір кітап етіп шығару керек деді. Аталған сыйлықтың комиссиясына бес данасын тапсыру міндетті екен. Мен он данасын шығарып бердім. Бекет аға Мәскеуге апарып, тапсырып келді. Бірінші турға 135 автор қатысып, соның бесеуі ғана екінші турға өтіпті. Сол бесеудің ішінде Әбең де бар екен. Ол ешкімге ештеңе айтпағанмен тағатсыздана күтіп жүрді. Бірақ Мәскеудегі ескі «таныстары» оны ары қарай өткізбеді.

Сол жылдың 31- желтоқсанында көрнекті қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин қайтыс болды. Мен оның қазасына арнап «Ақиқатты жерлеу» деген өлең жаздым. Өткір ойлар ашық айтылған өлең еді. Өлеңім Әбеңе де жетіпті. Ол маған телефон соғып, қатты уайымдап жатқанын айтты. Күштік құрылымдар тарапынан маған жамандық жасала ма деп алаңдайтынын жеткізді. Қарияның мені ойлап, уайымдап жатқан жанашырлығына шын жүректен разы болдым.

***

Мәртебелі оқырман!

Әбең жайлы жазбаларымды осы бөліммен аяқтамақпын. Қариямен тығыз байланыста болған бір жылға жуық уақыт ішінде өз көзіммен көрген оқиғалардың аз ғана бөлігін сіздерге боямасыз баяндадым. Әр күнгі ұсақ-түйекті тере берсек, Әбеңнің бір жылдық өмірі көлемді романға жүк болар еді. Мен баспагер ретінде тек кітап шығару процесіне қатысты жайттарды тілге тиек еттім. Осыған разы болыңыздар!

Темірғали Көпбай

Abai.kz

0 пікір