Сейсенбі, 17 Ақпан 2026
Көкмұнар 3242 0 пікір 17 Ақпан, 2026 сағат 13:45

Ұлттық урбанистика мектебін қалыптастыру қажет!

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Тәуелсіздік – тек шекараның шегенделуі ғана емес, сана мен сәулеттің, тіл мен тұрпаттың да азат болуы. Біз азат ел атанғалы ширек ғасырдан асты. Осы уақыт ішінде Сарыарқаның төсінде жаңа шаһар бой көтерді. Кеше ғана қуаң далада желмен жарысқан қаңбақ қана көшіп жүрсе, бүгін зәулім ғимараттар аспанмен тілдеседі. Алайда ел ішінде анда-санда қылаң беретін сауал бар: неге елордамыздың келбеті кей тұста Ресейдің ескі губерниялық қалаларын еске салады? Бұл – сезімге құрылған дақпырт емес, тарихи, демографиялық және мәдени факторлардан туындаған күрделі жағдай.

Алдымен сәулеттен бастайық. Қаланың оң жағалауындағы ескі бөлігіне көз салсаңыз, кеңестік дәуірдің табы анық аңғарылады. Тікбұрышты кварталдар, бір үлгідегі көпқабатты үйлер, әкімшілік ғимараттардың сұсты стилі – мұның бәрі ХХ ғасырдың ортасындағы социалистік реализм мен конструктивизмнің сарқыты. Бұл үрдіс тек біздің шаһарға ғана тән емес. Бүгінгі елорда бұрынғы Ақмола (Целиноград) аталған кезеңде кеңестік жоспарлау жүйесінің бөлшегі еді. Ол уақытта қаланың рухани болмысына көңіл аударылалған жоқ, өндірістік маңызы мен стратегиялық орналасуы алдыңғы орынға қойылды.

Жаңа дәуірде қала бейнесін түбегейлі өзгертуге талпыныс жасалды. Сол ізденістің символына айналған нысандардың негізгісі – Бәйтерек.

Осы монумент – қазақтың көне мифологиясындағы өмір ағашының заманауи көрінісі. Яғни ұлттық кодты сәулет тілімен сөйлетуге жасалған қадам. Сонымен бірге Бейбітшілік және келісім сарайы мен Хан Шатыр сияқты нысандар да шаһарға айрықша сипат берді.

Дегенмен, қаланың жалпы құрылымы мен көше атаулары, әкімшілік басқару жүйесінің сыртқы формасы әлі де болса ресейлік урбанистикалық дәстүрге жақын.

Проблеманың екінші қыры – демография. Кеңес кезеңінде солтүстік өңірлерге славян халқы көптеп қоныстандырылды. Тың игеру жылдары бұл үрдіс күшейді. Нәтижесінде қала халқының этникалық құрамы ұзақ уақыт бойы аралас сипатта болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқының үлесі артқанымен, орыс тілді орта әлі де басым. Қала көшелерінде, қоғамдық көлікте, сауда орындарында орыс тілінің жиірек естілуі – соның айғағы. Тіл – тек қарым-қатынас құралы демесек те, ол – қаланың мінезі. Қай тіл жиірек айтылса, сол тілдің мәдени коды да кеңістікті билейді.

Үшінші фактор – басқару мәдениеті. Біз құқықтық және әкімшілік жүйені қалыптастыруда көп жағдайда Ресей тәжірибесіне сүйендік. Заңнамалық актілердің құрылымы, мемлекеттік қызметтің сатылық моделі, тіпті ресми құжат тілінің стилі – мұның бәрі ортақ тарихи тамырдан нәр алған.

Алайда ұқсастықты тек кемшілік деп қарау біржақты демейік. Қала – тірі организм. Ол бір күнде емес, ондаған жыл бойы қалыптасады. Бүгінгі елорда – өтпелі кезеңнің айнасы. Онда кеңестік мұра да, жаһандық модерн де, ұлттық ізденіс те қатар өріліп жатыр. Проблема ұқсастықтың бар-жоғында емес, болашақта қандай бағыт таңдайтынымызда.

Соңғы жылдары ұлттық нақыштағы элементтерді көбейтуге ұмтылыс байқалады. Қаланың қоғамдық кеңістіктерінде қазақтың ою-өрнегі, тарихи тұлғалардың есімдері, дәстүрлі мерекелердің айшықты көріністері жиілей түсті. Мектептер мен жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған жобалар қолға алынуда. Бұл – қаланың рухани келбетін өзгертуге жасалған нақты қадамдар.

Дегенмен, сыртқы сәннен бұрын ішкі мазмұн маңызды. Егер қалада қазақ тілі ғылым мен бизнестің, технология мен креатив индустриясының тіліне айналмаса, сәулеттік символдар жағдайды толық шеше алмайды. Рухани дербестік – экономикалық және мәдени дербестіктің жемісі. Сондықтан елорданың болмысы ең алдымен оның тұрғындарының санасына байланысты.

Тағы бір назар аударар жайт – ақпараттық кеңістік. Қала тұрғындарының біразы ресейлік медиа өнімді тұтынады. Телехабарлар, интернет контент, мәдени трендтер сол жақтан келеді. Ақпарат қайдан келсе, ойлау жүйесі де сол арнаға бейімделеді. Осы – жаһандану дәуірінің шындығы. Бірақ ұлттық медианың бәсекеге қабілеттілігі артпайынша, ақпараттық тәуелсіздік толық жүзеге аспайды.

Енді қалай істеуіміз керек?

Ең әуелі өзімізге шынайы қарауымыз қажет. Ұқсастық бар ма? Иә. Бірақ ол мәңгілік үкім емес. Қаланың бейнесін өзгертудің жолы – сапалы ұлттық мазмұн қалыптастыру. Қазақ тілі – қаланың күнделікті тіршілігінің табиғи тіліне айналса, кәсіпкерлік ортада, сот жүйесінде, цифрлық сервистерде еркін қолданылса, елорданың мінезі де өзгереді. Сонымен қатар, қаладағы тұрғын үй кешендерін қазақтың асыл сөздермен атау керек еді. Мысалы, Terra, Атмосфера, Майами, Новый мир  тағы сол сияқты толып жатқан атаулардың керегі қанша? Оның орнына Оқжетпес, Бурабай, Қыз Жібек, Көкшетау, Алтай, Алпамыс, Қобыланды, Жеке батыр – деген көптеген әдемі атауларды қоюға болар еді ғой? Бұл сөзді Елорда әкімі Жеңіс Қасымбекке арнаймыз. Егер ол кісі, орыстанып кеткен – қара орыс құрылыс компанияларына сөзін өткізе алса. Біз кейде осыған күмәнданамыз!

Сәулет те солай. Жаңа жобаларда ұлттық урбанистика мектебін қалыптастыру қажет. Көшпелі өркениеттің кеңістік түсінігін, дала философиясын заманауи дизайнмен ұштастыруға болады. Тек эстетикалық қана демесекте, идеологиялық міндет.

Елорда – елдің айнасы. Егер айнадан өз бейнемізді анық көргіміз келсе, ең алдымен ішкі болмысымызды айқындауымыз керек. Ресей губерниясына ұқсастық – тарихи кезеңнің ізі ғана. Уақыт өте ол із көмескіленеді, егер біз ұлттық бағыттан жаңылмасақ. Қаланың келбеті – саясаттың, мәдениеттің, тілдің және экономиканың қосындысы. Осы төрт тірек тең тұрғанда ғана елорда шынайы мағынасында қазақы рухқа ие болады.

Соңында айтарымыз: проблема «кімге ұқсаймыз?» деген сұрақта емес, «кім боламыз?» деген сауалда. Егер болашағымызды айқын елестете алсақ, елордамыз да сол арманның сәулеттік бейнесіне айналады. Ал ұқсастық – өтпелі кезеңнің көлеңкесі ғана. Көлеңке күн барда ғана. Ендеше, күннің көзін көлегейлемей, өз нұрымызды күшейту – басты міндет.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір