Жұма, 17 Шілде 2026
Анық-қанығы 146 0 пікір 17 Шілде, 2026 сағат 12:31

Еліміздің транзиттік әлеуеті

Сурет: BAQ.kz сайтынан алынды

Теңіз жолдары арқылы тауар тасу арзанға түседі. Әрі жылдам. Бірақ оның өз тәуекелдері бар. Соңғы жылдары әлемдегі су жолдары саяси бопса құралына айналып кетті. Ормуз бұғазы бір ашылып, бір жабылуда. Баб әл-Мәндеб маңы да тыныш емес. Оның тынысын хуситтер тарылтуда. Қара теңіз бен Азов теңізінде де жағдай мәз емес. Украина жүздеген ресейлік кемені атқылап тастады, ал Ресей Одессаға бағыт алған кемелерді соққылауда. Осылайша бұл теңіздердегі сауда жолдары тұралап тұр. Осындай сәтте құрлық жолдарының маңызы арта түседі.

Қазақстанның аумағы үлкен. Жеріміз Еуразияның қақ жүрегінде орналасқан.  Географиялық орналасуымыз ең үлкен артықшылықтарымыздың біріне айналып келеді. Біз Қытай мен Еуропаны жалғайтын негізгі жол, негізгі қақпамыз. Теңіз жолдарына ғана сенім арту қауіпті. Осы сәтте біздің аймақ арқылы тауар тасудың маңызы тағы артты.

Әсіресе Қытай, Еуропа үшін. Қытай үшін балама бағыттардың болғаны маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның транзиттік әлеуеті «іздегенге сұраған».

Президент Қытайда жүр. Бүгін Қытайдағы бизнес өкілдерімен кездесуде ерекше тоқталған мәселелерінің бірі де осы тақырып болды. Қазақстанның Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабына айналуы стратегиялық мақсат екенін айтты. Қазірдің өзінде еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Ал Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асады. 85 пайыз деген әжептәуір көрсеткіш.

Соңғы 15 жылда елімізде көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салыныпты. Жаңа теміржолдар салынып, Орта дәліздің мүмкіндігі кеңейіп келеді. Бірақ бүгінгі әлемде тек жол салу жеткіліксіз. Оны одан әрі тиімді ете түсу үшін цифрлық технологиялар енгізу маңызды. Себебі әлем тұтастай цифрлық кеңістікке еніп барады.

Президент қытайлық инвесторларға бірге цифрлық логистикаға, көлік дәліздерін цифрландырсақ және халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйені дамытсақ деп отыр. Мысалы, Smart Cargo платформасы. Ол кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтердің бәрін бір цифрлық жүйеге біріктіреді. Нәтижесінде тауарлардың шекарадан өтуі әлдеқайда жылдам әрі ашық бола түседі дейді сарапшылар.

 

Қазақстан тек транзиттік ел ғана емес, сонымен бірге логистиканы тұтас цифрландырған және жоғары технологиялық өндірістің өңірлік орталығына айналған ел болуға тырысады. Ал Қытай осы бағыттағы мақсатқа жетудің маңызды елдерінің бірі саналады.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір