ЖИ дәуірі: Қазақстан өндірісті жаңғыртпақ
Жасанды интеллект енді болашақтың технологиясы емес. Ол өндірістің бүгінін өзгертіп, елдің ертеңгі экономикалық мүмкіндігін айқындайтын құралға айналып келеді. Ақордада өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында негізгі әңгіме өнеркәсіпті цифрландыруға, өндіріс өнімділігін арттыруға және ЖИ-ді нақты іске жаратуға ауды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде табиғи ресурс, капитал мен нарық үшін ғана емес, өндіріс тиімділігі үшін де бәсеке күшейіп келе жатқанын айтты. БҰҰ-ның 2026 жылғы Өнеркәсіптің дамуы туралы есебінде жасанды интеллект әлем экономикасын өзгертетін бес трансформациялық мегатрендтің бірі ретінде танылған. Соңғы бес жылда ЖИ-ге қатысты патенттердің үлесі шамамен үш есе өскен.
«Қазақстан осы мүмкіндіктерді қалт жібермеуі қажет. Басты міндет – еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыруды жеделдету және қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейту», – деді Мемлекет басшысы.
Биылғы сегіз айда елдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 46 триллион теңгеге жуықтаған. Өңдеу өнеркәсібі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға өскен. Алайда экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін өндірісті жаңғырту қажет.
Тоқаев ЖИ-дің басты құндылығы адамның орнын басу емес, оның мүмкіндігін күшейтуінде екенін атап өтті. Инженер өндірістегі ақауды ертерек анықтап, жұмыс тиімділігін арттыра алады, ал басшылық нақты дерекке сүйеніп, жедел шешім қабылдайды.
Сонымен бірге Қазақстан өндірісінде цифрландырудың әлі де жүйесіз жүріп жатқанын айтты. Кей кәсіпорындар жекелеген операцияларды автоматтандырғанымен, өндірістің жалпы моделі өзгеріссіз қалып отыр.
«Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста ЖИ көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек. Жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей кірігуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұндай міндеттерді анықтауда өндірістің өз ішіндегі мамандардың тәжірибесі маңызды. Президент инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлар нақты проблемаларды жақсы білетінін атап өтті. Сондықтан ЖИ-ге қатысты зерттеулер өндірістің нақты сұранысына негізделуі керек.
Осы бағытта Qazaq AI Research University-ге де үлкен міндет жүктелмек. Университет тек маман даярлайтын орын емес, экономиканың нақты қажеттілігіне жауап беретін қолданбалы зерттеу орталығына айналуы тиіс.
Жиында өндірістік Deep-Tech жобаларды дамыту және технологиялық командалар қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Мұндай командаларға ғалымдар, технологиялық компаниялар, стартаптар мен талантты жастар тартылуы мүмкін. Президент AI Challenge тетігін пайдаланып, жастарды нақты өндірістік міндеттерді шешуге қатыстыруды ұсынды.
Алайда перспективті жобалардың пилоттық кезеңнен кейін келісулер мен күрделі рәсімдер арасында қалып қоюына жол бермеу керек. Тиімділігі дәлелденген шешімдер тез коммерциялануы тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – дерек. Кәсіпорындарда өндірістік мәлімет көп болғанымен, оның сапасы әркелкі әрі шашыраңқы. Мұндай деректердің бір бөлігі ЖИ жүйелерінде қолдануға жарамайды. Сондықтан салалық өндірістік мәліметтерді бір стандартқа келтіру қажет.
«Бізге бірыңғай сапа стандартына сай, өзара байланысты және қауіпсіз пайдалануға болатын салалық өндірістік мәліметтер қажет. Отандық зерттеушілер мен бағдарлама әзірлеушілер оған кедергісіз қол жеткізуге тиіс», – деді Президент.
Кеңестің келесі отырысында көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылау ұсынылды. Президент бұл бағытты жаңғырту Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін арттыратынын айтты.
Жиында ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту мәселесі де қозғалды. Тоқаев халықаралық деңгейде мемлекеттер мен бизнес қауымдастығының үйлесімді әрекеті қажет екенін айтып, «Вашингтон моделін» әлемдік деңгейде талқылауға болатын бастама ретінде атады.
Осылайша, Қазақстан үшін жасанды интеллект туралы әңгіме біртіндеп жаңа кезеңге өтіп жатыр. Ендігі мәселе ЖИ-дің бар-жоғында емес, оны өндірісте қаншалықты тиімді пайдалана алатынымызда. Өйткені технологияның құны оның атауында емес, нақты нәтиже мен экономикалық пайда әкелуінде.
Abai.kz