ҰЛТТЫҚ ӨНЕРГЕ СЕЛТ ЕТПЕЙТIНДЕР МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛIГIНДЕ ОТЫР
Мәдениет министрлiгiнде отыр
«Қасиеттi шығарма - қасiреттен ғана туады». Жетi айлығында тiл бiтiп, он бiр айында қаз басқан қос қызы Анар мен Жанарынан айырылған әке осылай дейдi. Қайғы жеген көңiлдi демейтiн «Көңiлдiң толқыны» осындай қасiреттен туыпты. Күйге құмар жұрт «Ақжауындай» жаңа толғауды да сағынып жүр. Иә, тылсым дүниенiң табиғатын қос iшекте тербете бiлген Секен Тұрысбеков қайда жүр екен? Iздеген күйшiмiздi көлiн сағынған «Қоңыр қаздай» Алматысына ат басын бұра келген жерде жолықтырдық.
- Секен мырза, «Ақжауынның» астындағы қызғалдақ гүлiндей күй кешкен қара халықтың «көңiлiн толқытып», жүрек қылын шертiп, жұбата бiлген күйдiң шеберiсiз. Азаматтары - қыршын, тiршiлiктерi - тылсым болып, жұбаныш таба алмай жүрген қоғамда көрiнбей кеткен сияқтысыз...
Мәдениет министрлiгiнде отыр
«Қасиеттi шығарма - қасiреттен ғана туады». Жетi айлығында тiл бiтiп, он бiр айында қаз басқан қос қызы Анар мен Жанарынан айырылған әке осылай дейдi. Қайғы жеген көңiлдi демейтiн «Көңiлдiң толқыны» осындай қасiреттен туыпты. Күйге құмар жұрт «Ақжауындай» жаңа толғауды да сағынып жүр. Иә, тылсым дүниенiң табиғатын қос iшекте тербете бiлген Секен Тұрысбеков қайда жүр екен? Iздеген күйшiмiздi көлiн сағынған «Қоңыр қаздай» Алматысына ат басын бұра келген жерде жолықтырдық.
- Секен мырза, «Ақжауынның» астындағы қызғалдақ гүлiндей күй кешкен қара халықтың «көңiлiн толқытып», жүрек қылын шертiп, жұбата бiлген күйдiң шеберiсiз. Азаматтары - қыршын, тiршiлiктерi - тылсым болып, жұбаныш таба алмай жүрген қоғамда көрiнбей кеткен сияқтысыз...
- Алғашқы кезде концерттерге жеке шығып жүрдiм. Тек тоқсан төртiншi жылдан бастап, жиыны жиырма сегiз адамнан тұратын «Сәкеннiң саз отауы» деген мақсатпен «Ақжауын» атты жеке оркестрiмдi құрған болатынмын. Содан кейiн 2001 жылдан бастап, ел президентi жеке жүрiп қиналасың деп, Астанаға шақыртып алды. Бара салысымен уақытша Евразия университетiнде тұрақтадым.. Ұжымым 2003 жылы «Ақжауын» мемлекеттiк камералы ұлт-аспаптар оркестрi деңгейiне көтерiлдi. Қазiр осы құрамда әкiмшiлiк жұмысшыларын қосып есептегенде, жалпы саны қырық бiр адам қызмет етудемiз. Мәдениет күндерiне орай концерттер берiп жүремiз, шетелдерге шығып тұрамыз дегендей...
- Десе де, өнердiң қайнаған ортасы Алматыда емес пе? Тапсырыспен концерт қоюдан шаршаған жоқсыз ба?..
- Шүкiр... Президенттiң мәдениет орталығынан бастап, «Конгресс холл», «Жастар сарайы», «Пирамида» сынды орталықтарда концерт қоямыз. Шүкiр деймiн, Астана анағұрлым қазақыланып келе жатыр. Ұлттық өнерге деген қызығушылық артып келедi.
- Оркестрiңiздiң мемлекеттiк деңгейге ауысқанын айттыңыз. Сарай жыршы-күйшiлерiнiң қатарына енгеннен берi шығармашылық еркiндiктен қол үзiп қалған жоқсыз ба?
- Жоқ. Себебi - оркестрiмнiң жоспарын түгелдей өзiм бекiтемiн. Оған Мәдениет министрлiгiнен ешкiм де келiп қол сұқпайды. Сол министрлiктен әртiстердiң киiмi, отырған ғимаратымыз, пайдаланатын аспаптарымызға там-тұмдап қана қаржы аламын. Ауыз толтыратындай мардымды қаржының көзiн көре алмай отырмын.
- Президентке жақын жүрген оркестр ретiнде жеңiлдiк жасалмай ма?
-Жоқ, өйткенi оркестрлiк шығармаларға аранжировка жасауға келгенде, қаржыны өз қалтамнан шығаруыма тура келедi. Бiр күйдi таспаға басудың өзi 400 мың теңгенi қажет етедi. Ал оған клип түсiрiп, тележәшiктен көрсетуге кететiн соманы мүлде айтпай-ақ қойыңыз. Астанаға барғалы «Күлтегiн», «Көк бөрiнiң жортуы», «Жазғы қар», «Ақжүнiс» атты төрт күйдi жарыққа шығардым. Сонымен қатар екi-үш әннiң де тұсауын кескен жайым бар. Сегiз жылда бұл да аз жетiстiк емес. Өйткенi мен саннан гөрi сапаға мән беретiн адаммын. Осы уақытқа дейiн он екi күйiм өмiрге келсе, соның он бiрiн оркестр орындайды. Халық композиторларынан бастап, Батыс композиторларының да еңбектерiн жоспарымыздан тыс қалдырып отырған жоқпыз.
- Ауыл-аймақтағы клубтардың аузына қара құлып iлiнгеннен берi, өнердiң ортасы теледидар болып, өнер иелерi халықтан анағұрлым алыстап кеттi. Астанада отырып, беттерiн әжiм басқан ақылгөй аталар мен тiлекшi әжелердi сағынбайсыз ба?
- Әрине, сағынамын. Бiрақ халықтың ортасына шығуды қойып, теледидарға шығудың өзi мұң болып кеттi. Себебi, бiр концертiмiздi көгiлдiр экраннан көрсету үшiн телевидениеге 1 миллион теңгеге жуық қаржы төлеуiң керек. Сондықтан концертiмiз қойған жерiнде қалып жатыр.
- Секен мырзаның көрiнбей кеткенi де осыдан ба, сонда?
- Әрине. Бұрын авторды керек адам өзi iздейтiн. Қазiр бәрi саудаға түсiп кеткен. Сонда бұл телевидение ұлт үшiн жұмыс iстей ме, жоқ па? Радиода да осы үрдiс. Әйтпесе мақтан тұтарлық «Отырар сазы» мен «Құрманғазыдан» бастап, облыстық оркестрлер жетiп артылады ғой. Солардың шығармаларын неге халыққа ұсынбасқа? Ал ауылға шығу мәселесiне келсек, оркестрдегi бес-алты адамның өзiн алып жүру мен үшiн оңайға түспей отыр. Жатын орын мен жол ақысы, iшетiн тамақтары бар дегендей. Билеттi сатудан түсетiн қаржы осының бәрiн ақтай алмайды. Алыс аймаққа шыға алмай жүргендiгiмнiң себебi - осы. Бiз билетiмiздi екi жүз теңгеге әрең өткiземiз. Ал орыстар Пугачеваның жүз мың теңгелiк концертiне қарыз алса да барып жатады.
- «Шыдамаған буаз итiн жүгiртедiнiң» кебiн кигендiктен бе, қазақтың күйiн эстрадаға қосу әдетi шықты. Бұл бара-бара баба күйдiң тамырына балта шаппай ма?
- Бастабында бұған мен де қарсы болғанмын. Өзiңнiң төл шығармаң болса, қалай илектесең де болады. Ал халық композиторларының күйлерiн тәлкекке айналдырып тастау - жөн емес. Құрманғазы мен Тәттiмбет тiрiлiп келсе, төбемiздi ойып алар ма едi деп үрейленемiн. Бiрақ олардың iшiнде де ара-тұра сәттi шыққандары бар. Сондықтан күйдi эстрадаға салғанда, әуездiлiгiнiң жоғалмау жағын ойластырып алу керек. Халық әндерiнiң әуенiн әркiм өзiнiң ыңғайына негiздеп жаздыртады. Шәкәрiм атамыз:
«Ән өлшеуiш, өлең күмiс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу, не кем салу,
Қапы қалу жарамас», -
деп бекер айтты дейсiз бе. Сондықтан әннiң иiрiмiн бұзу - кешiрiлмейтiн күнә. Қазiргi таңда ән жазатындар көп. Бiрақ солардың көбiнiң әсерi жоқ.
- Күй өнерi - қазақтан басқа ұлтта жоқ қасиет. Әлемде бар саз аспаптарының үнiн қазақтың қара домбырасына салып әуелеткен осы бiр ұлттың үнi қоғамның бүгiнгi күйiмен бiрге көмескi тартып бара жатқан жоқ па?
- Күй шығару жоқтың қасына айналып кеттi десем де болады. Әуезов атамыз айтқандай, қазақ өнерiнiң iшiндегi ең толғаулысы әрi сырлысы - күй өнерi. Бұл - қазаққа ғана тән өнер. Батыстың симфониясы отыз минут уақытты алса, қазақтың кез келген күйiн төрт-бес минутқа сыйғызуға болады. Бiрақ күй жазу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Кейiнгi он бес жылда күй өнерiнде тоқырау бар. Кезiнде «Отырар сазы» оркестрi өмiрге келгенде, жұрт елең ете түстi. Жаппай фольклорға деген сұраныс көбейiп, оркестр құруға талпыныс артты. Қазiргi кезде ұлттық өнердi аңсап, шөлiркегендi байқамадым. Берерi де шамалы жеңiл жанрларға қарай ойысып барамыз. Сондықтан ұлттық құндылықтарды бесiктегi баланың құлағына құюды әдетке айналдыру қажет. Мысалы, мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орындарының үзiлiске шығу уақытында күмбiрлеген күйдi ойнатып қойса, қандай тамаша болар едi. Бүгiн бесiк жырын айтатын әжелердi де кездестiрмейтiн болдық қой.
- Баттитып бағдарлама жасап, ара-тұра концерт бердi деген аты болмаса, оркестрлер мен филармониялар, концерт бiрлестiгi сынды мекемелердiң әртiстерiн асырап отырған қазақтың тойы болып тұрған сияқты...
- Табыстары мардымсыз болса қайтедi. Iшер тамағынан бастап, киер киiмi мен салатын әнiне жаздыратын аранжировканың шығынын қайдан табады? Бiрақ көп әншi халықтың жағдайымен санаспай, ән айту бағасын өсiрiп жiберген сыңайлы. Қарызданып-қауғаланып той жасап отырған халықтың қалтасы олардың құлқынына жұқ болмайды. Сөйтiп, арада делдалдық келiсiм жүредi. Өнердi саудаға салды деген - осы. Өз басым, тойға барып күй тартқан емеспiн. Оркестрiмнен де бiр адамды тойға шығартпаймын. Күйдiң киесi қатты болғандықтан, арақ-шарап болған жерге жолатқым келмейдi.
- Бұрындары атақ дегеннiң абыройы мығым едi. Қазiр құны арзымайтын болып қалғандай. Сонда кiмнiң қадiрi кеттi екен: өнердiң бе, өнерпаздың ба?..
- Екi жақтан да бар. Себебi, кейбiреулер сол атақты тамыр-таныстықпен алып жатыр. Бiр жылдары 160 адамға бiрдей «Қазақстанға еңбек сiңiрген әртiсi» атағы берiлдi. Содан берi атақ дегендi мойындамаймын. Өз басым, жиырма сегiз жасымда комсомолдар сыйлығын, отыздан асқанымда «Республикаға еңбегi сiңген әртiс» атағын алдым. Кезiнде мұның өзiн ерте берiлген атақ деген әңгiме тарады. Содан болар, атақ дегенге құлшынысым азайды. Адал еңбек етсең, iздеушiнiң табылатынына көзiм жеттi.
- Бiрақ шынайы таланттарды елеп-ескерiп, iздеп жатқан үкiмет бар ма, өзi?
- Әркiм өз қотырын өзi қасып кеткен заман болды. Мәдениет министрлiгiнде өнерге деген бетбұрыс жоқ. Басшылықта ұлттық өнердi сезiнбек түгiлi, селт етпейтiн адамдар отыр. Қайда бара жатырмыз, қалай дамимыз, мақсатымыз не деген сұрақтардың тамырына балта шабылған.
-Жалпы, өнер адамы қоғамның еңсе түсiрер тұстарын жанымен түсiнедi. Сол тұста саясат деген жарықтық өнердi айналып өтпейтiнi хақ. Тiптi үлкен саясаттағы өзгерiстердiң өзi осы мәдениет пен өнердегi тұлғалардың араласуымен жасалады. Мәселен, мәңгi президент деген бастама көтерiлiп жатыр. Тiрi адамға ескерткiш орнатылып, қазақ хандарына қойылатын ескерткiштер айдалаға тасталды. Осындай саясаттың соңы қайда апарады деп ойлайсыз?
- Саясатқа менi араластырмай-ақ қойсаңыз қайтедi...
- Сiз сияқты азамат жауап бередi-ау деп қойған сауалым едi, мейлi, еркiңiз бiлсiн... Ендеше, бүгiнгi күнi сiздi нендей ойлар мазалайды?
- Өткен жылдармен салыстырғанда, қазiргi жағдайымызға тәуба деймiн.
- Қазақстан монархияланып кеткен жоқ па? Барша қазақ бай-кедей болып бөлiнiп, бiр-бiрiнен алшақтап кеткен тәрiздi...
- Оны растаймын. Сондықтан рухымыз күштi болуы қажет. «Сөзiңнiң сиқы түзелмей, көзiңнiң жасы құрғай ма?» дегендей, тiл мен мәдениетiмiздi егiз көруiмiз қажет. Ал оны сезiнбеген адам кез келген уақытта отанын сатып кете бередi.
- «Малдан бұрын жан қайғы» болып тұрған заманда рухтың да кәдеге жарамай қалатын түрi бар. Оны қайда қоясыз?
- Бiзден кеткен бiр қателiк - ауылды таратып, тоздырып тастау болды. Кезiндегi колхоз, совхоз деген бiрлестiк қалуы керек едi. Жеке меншiк деген дүние бiзге жақсылық әкелмедi. Өйткенi бәрi қаржыға келiп тiреледi. Еккен егiндерiн орайын десе, жанармайдың бағасы ұшып тұр. «Былай тартса өгiз өлiп, былай тартса арба сынадының» кебi. Бұл - жоғарыда отырған шенеунiктердiң салғырттығынан туған күйзелiс. Айналып келгенде, ауыл судан шығып қалған балықтың күйiн кешiп қалды. Жолын тапқандар ғана тығырықтан шығып жатыр.
Қай заманда да, қоғамда әдiлеттiлiктiң болмайтыны, шындықтың түбiне жетпейтiнi рас. Шетiнен қудалап, одан қалса абақтыға жауып жатыр. Бәрi жүгенсiз кеттi. Айналып келгенде зардабын халық көруде.
- Бәлкiм, осының бәрi жүгендi ұстап отырған басшының қарашаның жай-күйiмен санаспай отырғандығында болар?
- Патшамыз қай облысқа барса да, әкiмдер жақсы жерлерiн ғана көрсетедi. Қалайда көзiн алдап, тезiрек аттандырып жiберуге тырысады. Ал кеткен соң, күнделiктi тiрлiктерiн жалғастыра бередi. Өз басым еңбегiн мойындайтын үш-төрт-ақ әкiм бар. Қалғандарының бәрi - қатардағы жауынгерлер.
- Бүгiнгi күнi ұрпақ тәрбиесi туралы көп айтылатын болды. Азаматтардың ары тапталып жатқан кереғар заманда, баласын асыраймын деп базар жағалап кеткен әйел затына сөгiс айтудың өзi артық секiлдi.
- Ешқайсысы қорықпастан халықтың ақшасына қол салып жатыр. Аспаннан түссе де, әркiмнiң артында қалар ұрпағы бар емес пе? Соны неге ойламаймыз? Кейде қарап отырсаң, көп мәселе қолдан жасалатын тәрiздi. Кiнәлiлердiң орнына жазықсыздар кетiп жатыр. Нақақ көзден жас ағуда. Ақ пен қараның аражiгiн ажыратып отыратын ақсақалдарымыз болушы едi, оған да зар болдық.
- Билiкте де ақсақалдарымыз жоқ емес қой. «Сақалын сатқан кәрiден - еңбегiн сатқан бала артық» деушi едiк. Қазiр керiсiнше ақсақалдардан да кемеңгерлiк кетiп қалды дегенiңiз бе?
- Әрине. Баласымен бiрге отырып арақ iшiп, бизнесiн бiрге әңгiмелейтiн қариялар осыған дәлелi емей немене?.. Немерелерi үйiрiлiп жанында жүретiн аталарды сағынамын. Лауазымды ортада отырған адамдардың балалары бiрiншi боп тәртiпсiздiкке бой алдырады. Осының бәрi дуалы ауыз ақсақалдарымыздың қадiр-қасиетiнiң кеткендiгiнде.
- Ендi әңгiме құлағын басқаға бұралық. Секен мырзаның сандығында жатқан қанша күй бар екен? Ел еңсесiн көтерiп, сiркiреген «Ақжауыннан» алып шығар әуендi қашан естимiз?
- Осы уақытқа дейiн он екi күйiм жарыққа шығыпты. Келесi жылы «Ақжауын» мен «Көңiл толқынына» 25 жыл толады. Соған орай бiрнеше күйлерiмдi таспаға жаздырмақ жоспарым бар. Шетелден келген қонақтарға ұлттық брендiмiз деп ұялмай көрсететiн дүние жоқ. Сол себептi Қазақстанның көрiктi жерлерiнiң көрiнiсiмен бiрнешеуiне клип түсiрсем деген ойдамын. Оларға жапқан шапанымыз бен ойыншық киiз үйiмiз iшкен-жеген жерлерiнде қалып қояды. Ал жаңа шығар күйге келер болсам, ол болашақтың еншiсiнде. Жас ұлғайған сайын күйге де үлкен салмақпен қарайды екенсiң. Қасиеттi шығарма қасiретпен ғана келетiн көрiнедi маған. Сiрә, бұл да күйдiң қасиетiнен болар.
- Ол күйге қандай қасiрет түрткi болар екен?
- Қоғамның кейбiр қайшылықтары көңiл-күйiме қатты әсер етедi. Сондықтан болар, көбiне адамдардан аулақ жүргендi ұнатамын. Кейбiр келеңсiз жайттарға тап болғанымда, аңға шығып, бассейнге суға түсiп, шаңғы теуiп, бильярдқа барып дегендей өзiмдi жұбатамын. Сондағы сан саққа жүгiретiн ойлар домбырама күмбiрлеген күй болып оралады.
Динар
КАМИЛОВА,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 8 (33) от 25 ноября 2009 г.