Марат есiмi естелiктерде ғана қалмаса екен…
Осыдан ондаған жылдар бұрын қара ниет қаскөйлер қазақтың даңқты спорт жұлдызы Марат Жексенбеков пен жары Зарифа Исмайылқызын қанға бөктiрiп, Маратқа – 16, Зарифаға 8 жерден пышақ салып, адам айтқысыз айуандықпен азаптап, қинап өлтiрiп кеткен-дi...
Осыдан ондаған жылдар бұрын қара ниет қаскөйлер қазақтың даңқты спорт жұлдызы Марат Жексенбеков пен жары Зарифа Исмайылқызын қанға бөктiрiп, Маратқа – 16, Зарифаға 8 жерден пышақ салып, адам айтқысыз айуандықпен азаптап, қинап өлтiрiп кеткен-дi...
Ол кезде Марат небары 44 жаста едi. Хоккей дейтiн құдiреттi де сиқырлы ойынның падишаһы Маратта ешкiмнiң де ұзында өшi, қысқада кегi жоқ едi ғой. Ендеше неге? Бұл қылмыс сол жасалған күннен берi ашылған жоқ. «Жабулы қазан жабулы күйiнде» қалып қойды. Ал бiздiң қолымыздан келерi – спорт жұлдызының атын өшiрмей, көмескiлендiрмей, насихаттап жаза беру.
Марат Жекпекұлы 1951 жылы 12 қазанда Семей қаласындағы қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдi. Ол 7 сыныптан соң №74 кәсiптiк-техникалық училищеге түседi. Содан балаң жiгiттi Алматы дәмi тартып, «Динамо» облыстық кеңесiнде спорт нұсқаушысы болады. Сол жылдың күзiнде бозбала жiгiт әскер қатарына алынады. 1972 жылы желтоқсанда әскери борышын өтеп болған Марат қайыра «Динамоға» қызметке тұрады. Бұдан соң Iшкi iстер басқармасында спорт нұсқаушысы болады.
1972 жылы Зарифа Исмайылқызымен отбасын құрады. Өмiрге перзенттерi Данияр мен Гүлнәр келедi. Марат 1984 жылы қазақтың дене тәрбиесi институтына түседi, көгалдағы хоккей жаттықтырушысы мамандығын таңдайды. Содан ол 15 жыл бойы үзiлiссiз «Динамо» командасының капитаны болады.
КСРО-ның еңбек сiңiрген спорт шеберi Марат Жекпекұлы сондығынан да қайталанбас тұлға.
Ол – КСРО-ның 18 дүркiн чемпионы.
Ол – КСРО Кубогының 5 мәрте жүлдегерi.
Ол – КСРО халықтары жазғы спартакиадасының 2 дүркiн чемпионы (1979, 1983).
Ол – Еуропа чемпионатының екi мәрте жеңiмпазы (1982 ж. Франция, 1983 ж. Голландия).
Ол – Еуропа кубогының қола жүлдегерi.
Мараттың басқалардан бiр ерекшелiгi – жазда көгалдағы хоккейде тер төксе, қыс маусымында допты хоккейдi еркiн меңгерген саңлақ ойыншы болатын. КСРО құрамасының аға жаттықтырушысы Эдуард Айрихтың қырағы көзi Маратты шалады. Көгалдағы хоккейдiң болашақ сұрмергенi Мараттың жолы қате баспас, жаңылыспас жаттықтырушының көзiне шалынуы арқылы ашылған едi.
«Спорттағы жол даңғыл» деп ешкiм айта алмас. Бастапқыда бұл жол Маратқа тұп-тура солай болды. Ата-анасы, туған-туыстары тепсе темiр үзетiн жiгiттiң «доп қуамын» дегенiне әу бастан-ақ қарсы болған. Айрих Семейге ат терiн құрғатпай, алтын уақытын сарп етiп, ақыр соңында Маратты өзiнiң «Динамо» командасына алып кеткенiн бүгiнде бiреу бiлер, бiреу бiлмес.
– 1970 жылдар менiң қос хоккей түрiнен тер төккен қайталанбас жылдарым, – деп еске алыпты бiр газетке берген сұхбатында Марат Жекпекұлы. – Қос командамыз 1977 жылы ресми түрде екiге бөлiндi. Мен көгалдағы хоккейдi, ұстазым Э.Айрихтың қол астында қалуды қаладым. Өйткенi, қандай биiкке қол жеткiзсем, онда, сөз жоқ, Эдуард Фердинандұлының үлесi зор. Ол бiздiң әрқайсымыздың ұстазымыз, әрi «әкемiз» саналатын. Ол бiздi берiктiк пен темiрдей қатал тәртiпке баулыды. Осының арқасында «Динамоның» әр ойыны жеңiспен өрнектелiп жатты. 1977жылы КСРО чемпионатында допты хоккейден Яков Апельганец, Юрий Варзин, Игорь Хандаевтар атой салса, жазда сол Апельганец, Варзин, Хандаевтардың көгалдағы хоккейде де ақ алмастай жарқылдағанынан қайтып ұмытарсың.
«Ең есте қалған сәттi маусым – 1972 жыл. «Динамолықтардың» кеуделерiне алтын медаль тағып, спорт шеберi атанғаны сол жылы едi ғой» дептi тағы да Марат.
Марат – таяқты солақай ұстаған ойыншы. Ал бiрақ оңтайына келсе оңқайға да бейiмделiп кететiн қасиетi болатын. «Мен допты хоккейде таяқты солақай ұстап-ақ қарсыластар қақпасына талай доп топырлаттым. Сол солақайлық машығымды көгалдағы хоккейге де алып келдiм» дептi Мараттың өзi.
Мараттың қанатты армандары да көп едi. Соның ең бастысы – өз ұлы Даниярмен бiр командада ойнау едi. Сол арманына Марат жете бiлдi.
«Әйгiлi канадалық хоккейшi Гарди Хоуға қатты қызығатынмын. Ол өзiнiң екi ұлымен бiр командада тiзе қосып ойнау бақытына ие болған. Мен де өз ұлымның менiмен иық тiрестiре алаңда жүргенiн нағыз бақыт деп есептеймiн» деген-дi Жексенбеков.
– Менiң спорттағы жеткен жетiстiктерiмде, алған атақтарымда, таққан алтын алқаларымда жан жарым Зарифаның да өлшеусiз үлесi жатыр десем, тым асыра мақтағаным емес. Олай дейтiнiм, жылдың 12 айы iшiнде мен үйде санаулы күндер ғана болады екенмiн. Сонда деймiн-ау, Зарифаның шыдамдылығына қайранмын. Бiрде-бiр рет әйел баласы болып: «Марат-ау, өмiр бойы өстiп көгалдағы допты қуып жүре бересiң бе? Сен жалыққан жоқпысың?» – деп айтып көрмептi. Бәлкiм, менiң көгалдағы хоккейден алар асуларымның, биiктерiмнiң зор екенiн жанымен ұққандығы шығар. Болмаса 44 жасқа шектi көгалда бала құсап доп қуған маған «тоқтал, жарқыным, басқа да тiрлiк бар емес пе?» деуi әбден мүмкiн едi ғой.
Бұл жолдар Мараттың қойын кiтапшасындағы жазбалардан алынды.
1991 жылы 2 тамызда Марат Жекпекұлына «КСРО-ның еңбек сiңiрген спорт шеберi» атағы берiлдi. 1979 жылы 19 қазанда Қазақ КСР Жоғары кеңесiнiң Құрмет грамотасымен марапатталады. 1989 жылы Қазақ КСР спорт және дене тәрбиесi мемлекеттiк комитетiнiң Құрмет грамотасын иеленедi. 1990 жылы 20 желтоқсанда ол осы аталмыш грамотаны екiншi мәрте алады. 1983 жылы 29 сәуiрде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесi президиумының жарлығымен Марат Жексенбековке «Еңбек даңқы» медалi берiлдi. 1983 жылы 14 қазанда КСРО Iшкi iстер министрiнiң бұйрығымен Марат Жекпекұлына III дәрежелi «Мүлтiксiз қызметi үшiн» медалi табысталды. 1984 жылы 22 ақпанда КСРО IIМ-нiң, Қазақ және Қырғыз КСР-ның I дәрежелi «Қызметтегi айрықша еңбегi үшiн» медалiн алады. 1984 жылы екiншi қайтара осындай белгiнiң II дәрежелiсi тиедi. 1989 жылы 13 қарашада БЛКЖО-ның «Алтын қолды шебер» белгiсiмен марапатталады.
Түрлi сауалдарға Мараттың қойын кiтапшасынан көп жауаптар таптық.
– Алматының «Динамо» командасының Бүкiлодақтық аренадағы даңқты жылдарындағы жеңiс жолын немен түсiндiре аласыз?
– Бiздiң жаттықтырушымыз Э.Айрих және Қ.Байболов команда жеңiсi үшiн барлық жағдайды жасап отырды. Бiз тек қана «Алтын сәулесi алыстан жарқырайды» ұранымен алаңға шығып, бiр мақсат жолында ойнадық.
– Кей адамдар өмiрдi қайта бастауға мүмкiндiк туса, өзi жүрiп өткен жолды қайталамайтынын айтып жатады. Сiз ше?
– Мен спорттағы жолымды көп ойланбастан тұп-тура осылай жүрiп өтуге тырысар едiм.
– Сiздер өнер көрсеткен жылдары ойындар астыртын сатылушы ма едi?
– Иә, әрине, ондай ұсыныстар аракiдiк, оқта-текте болмай тұрмайды. Бiздiң жаттықтырушыларымыз өздерiн де, бiздi де мұндай жолдан аулақ ұстауға тырысатын.
– Аса сәттi ойын мезеттерi, қуанышты, жеңiстi шақтарыңыз көп болды ма?
– Алғашқы алтын медаль мен спорт шеберi деген атақты тұңғыш иеленген сәт есiмнен кетпейдi. Рас, мен үшiн 1972 жылдың күзi аса сәттi маусым бола қойған жоқ. Сол күзде мен кезектi жаттығуда қолымды сындырып алып, алаңға шыға алғаным жоқ. Ал оның есесiне 1983 жылғы маусым даңқ баспалдақтарын аттаудан басталғандығында дау жоқ. Одақтық ойындарда жеңiске жеттiк. Сондай-ақ КСРО халықтары спартакиадасынан қоржынымыз тоқ қайтты. Еуропа кубогын қанжығаға байлап қайтқан да бiз едiк.
– Әрбiр үлкен жеңiстерден соң даңқтан бас айналу деген «аурудан» қалай құтыла алдыңыздар?
– Бiз басқа алаңдарда қанша мәрте жеңiске жетсек те, алкогольдi iшiмдiктен татып алмайтынбыз. Мұндай әрекетке бой алдырған ойыншымен жаттықтырушымыз Айрих ат құйрығын бiрден кесiсетiн.
– Сiздi көп реттерде әрiптестерiңiз «Марат Васильевич» деп атап жатады. Мұнда қандай гәп бар?
– Менi ұстазым Айрихтың осылай атап кеткенi рас-ты. Мен аттас ойыншы Айрихтың қол астында бұрын да болыпты. Ал жаттықтырушы солай деген соң, команданың барлық мүшелерi, үлкен-кiшiсiне қарамастан менi дәл солай атайтын болды...
Марат Жекпекұлының қойын дәптерi осылай сыр шертедi. Өкiнiшке қарай, күнi кеше әкесiмен бiрге жасыл алаңда атой салған оның ұлы Данияр бұл күнде жұмыссыз. Келiнi Анна Жексенбекова ғана әйелдер командасында ойнайды.
Мараттың Семейде тұратын туған әпкесi Шолпан Жекпекқызынан Марат жайлы жазуға материал мен сурет сұрағанымда аса бiр қиналысты жүзбен: «Тiлеген, мен саған Марат бауырым жайлы сұрағаныңды түп-түгел берермiн-ақ, сен жазарсың-ақ. Бiрақ одан не шығады? Менiң Маратты жарыққа шығарам деген үмiтiм күн өткен сайын қоламта шоқтай сөнiп барады», – деп едi. Қазiр саңлақ Маратты қазақтың спорт әлемi мүлде есiнен шығарып алғандай. «Өз ерiн, өз мықтысын ескермесе, ел тегi қайдан алсын кемеңгердi?» деген Iлияс ақын даналығы қазiр де өмiршең.
Жүнiс Аждаров,
боксшы, спорт ардагерi:
– Мен боксшымын. Талай мәрте шаршы алаңға шығып, жеңiс-жеңiлiс дегеннiң не екенiн бiлген жанмын. Семейдiң спорт жұлдыздарын да бiлемiн. Солардың iшiнде Марат турасында жап-жақсы бiлемiн десем артық емес.
Хоккей – ұжымдық ойын. Жеңiске жету үшiн командадағы бар ойыншы бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарып ойнау қажет. Хоккей таяғын сол жағына ұстап алып, қай ойында болсын жасыл алаңда жасындай жарқылдаған Марат ойынын елти тамашалағанымыз күнi кеше ғана емес пе едi?.. Мен хоккейдiң жанкүйерi едiм. Мараттың қақпа торын қақырата соққан доптары бүкiл көгалдағы хоккей жанкүйерлерiн тәнтi ететiн. Ол нағыз хоккей үшiн жаралған дара тұлға едi.
Қазақ хоккейiнiң қайта туар тумас жарық жұлдызы Марат көзден кеткелi көңiлден де тасаланып өшiп барады. Рас, талантты кезiнде құрметтей алмадық, бағалай алмадық. Туған жерiнде, туған қаласында оны еске түсiрiп тұратын бiр көше атын неге бермеске, неге ескерткiш тұрғызбасқа? Менiң бiлуiмше, Мараттың бизнесмен, кәсiпкер достары осы Семей қаласында жетiп артылады. Солардың құлағына алтын сырға. Жiгiттер,, алтын-күмiс тас екенiн ұмытпаңдар. Сол Мараттан бiр қоржын алтын мен күмiс медаль қалмады ма? Оны Маратты қаскөйлiкпен өлтiрген қаражүрек қанiшерлер де алмай кеткен ғой...
Марат Ширяев,
Мараттың бала күнгi досы:
– Марат Жекпекұлы, сөз жоқ, спорттағы, әсiресе көгалдағы хоккейдегi айтулы, теңдесi жоқ тұлға. Марат досымыздың аты дүркiреп Кеңестер одағына шыға бастағанда бiз де жанкүйер болып, оның әр жеңiстi ойынына алақан соққан күндер қазiр сағыныш.
Марат спорт әлемiнде жарқырап тұрған жарық жұлдыз едi. Ол қандықол қарақшылар қолынан қаза тапса да, артында ұмытылмас даңқы қалды. Өзiңiз ойлап қараңызшы, 18 мәрте одақ чемпионы атану деген ғажап дүние емес пе?! Бүгiнде Марат ойнаған Семейдегi «Динамо» стадионының жұрнағы да қалған жоқ... Бiрақ бiр қуанатынымыз, оның орнына спорт кешенi тұрғызылуда. Бiрақ сол ғимарат бұл күнде « сақалды құрылыс» саналады. Алла жазса, сол кешен аяқталып, пайдалануға берiлер күн туса, оған Марат Жекпекұлының атын берсе еш артық болмас едi.
Тiлеген АХМЕТҰЛЫ,
Семей қаласы
Сөз соңы. «Бiр кезде КСРО құрама командасында жерлесiмiз Марат Жексенбеков ойнаған» деген мақтаныш әншейiн бе деймiн... Өйткенi, кезiнде атақ-даңқы алысқа кеткен жерлесiмiздi еске түсiретiн не көше аты, не спорт сарайы, не клуб жоқ. Қаламыздағы бiр көшенi Мараттың атына берсек, кiмнiң тақиясына тар келер едi? Әлi де кеш емес. «Ештен кеш жақсы». «Марқұмның әруағы разы болсын» десек, ол тұрған үйге ескерткiш тақта қойсақ та артық етпейдi.
«Жас қазақ», №6, 2008 жыл