АҒЫМҒА АРБАЛҒАН ОҚУШЫ
Таяуда өткен білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясында Ақтөбе қаласының «бас педагогы» – қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева 87 мектеп оқушысының дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргенін мәлімдеп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл мәліметті «бас ұстаз» тарқатып та айтпады, себебін де тәптіштеп жатпады.
Көп жылдан бері «облыста діни ахуал тұрақты» деп келген жергілікті атқамінерлер елді дүрліктірген атыс-шабыстардан кейін жұмған ауызын ашпай, өзге қызметтерге ауысып кете барды. Сол кездері халықты шошындырған жайттар жылдар өте басылып жатқан сияқты көрініп еді, алайда жаңа оқу жылы алдында Ләззат Оразбаева ханым күмәнді ағымдар туралы сөз қозғады. 87 оқушыға қатысты тілге тиек еткен педагог ханымның не айтпағын білмек болып, қоңырау да шалған едік. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз арнайы қабылдау күні алдын ала жазылып, кезекпен кіруге ұсыныс жасады. Амалын тауып, ұялы телефонына шықтық. Біздің аты-жөнімізді тәптіштеп сұраған Оразбаева ханым газеттен екенімізді түсінді ме, жиналыста отырғанын алға тартып, тұтқаны қоя салды. Содан қайтып ұялы телефонын көтермеді...
Ол өзі бастаған істі әрі қарай жалғастырғысы келмеді ме, әлде шынымен жиналыстан қолы босамады ма? Облыстағы дін саласындағы азаматтарды сөзге тартқымыз келген.
«Аңсар» қоғамдық бірлестігінің өкілі Асқар Сәбдин білім бөлімі басшысының мәліметінен хабардар екенін жасырмады. «Бұл мәселе бойынша «Аңсар» бірлестігі зерттеу жүргізді. Тіпті біздің сауалымызға жауап береді-ау деп теолог Төлеген Талдыбаевқа жөн сілтеп, телефонын да тауып берді. Кімнің өтірік айтатынын бір құдайдың өзі білсін, алайда тұтқаны көтерген Талдыбаев мырза ешқандай зерттеудің жоқтығын айтып, ант-су ішіп жатты.
«Тізімді (ағымға еріп кеткен оқушылардың тізімі – авт.) мен қайдан білемін, оны айтқан адамның өзінен сұрарсың. Сол кісінің өзі жауап берсін», – деп ат-тонын ала қашты Талдыбаев мырза. Жә, «ахуал тұрақты» деп есеп-қисабын жүргізе берсін, жоспарлы істерін (құр отырыс пен нәтижесіз басқосу) діндар азаматтар жүргізе берсін делік! Ең болмағанда өз ой-пікірін айтуға дәті жетпеген дін саласы қызметкерлерінен іс өнбейтінін түсінген соң, тәртіп сақшыларына жолығуға тура келді.
Полиция капитаны, жасөспірімдерді тәрбиелеуде едәуір жұмыс тындырып, облыста көпке таныла білген азамат Серік Сағиевті сөзге тарттық:
– 87 оқушы дәстүрлі емес діни ағымға кіріп кетті деп сенімді түрде, нақты айтуға болмас. Олар шариғат ережелерімен жүрген шығар. Ата-анасы талап етіп отырған шығар. Діни әдебиеттерде тәртіпке бағыну керектігі анық айтылған. Мемлекеттің заңнамасын сақтау керек. Мектепке киетін киімдерге қатысты да заң талаптары орындалуы керек. Мектеп жасындағы балалар діни ағымға ақыл-парасаты толысып, өз еркімен кіріп кете қоймас. Мұхаммедтің (с.а.у.) өзіне пайғамбарлық 40 жасында қонбап па еді?! Егер бала өз еркімен, ақыл-санасымен діни ағымға кірер болса, түсінуге болады. Алайда бұғанасы қатып үлгермеген оқушыны ағымға тарту дұрыс емес. Зайырлы мемлекет заңдарына сәйкес, дін мен білім жүйесі екі бөлек әлем. Егер мектепте арнайы киім үлгісі қарастырылса, оқушы сондай киіммен жүруге тиіс, – дейді құзырлы орган қызметкері Сағиев мырза.
Полиция капитанының пайымынша, өкінішке қарай, бүгінде қала көшелерінде араб ұлтының киім үлгісін жиі ұшырастыруға болады. Ал қазақ халқының ұлттық киімін тек той-томалақ, ұлттық мерекеде ғана көруге болады. Осы мәселені о баста сөз еткен білім бөлімі басшысы, бюджеттен қаражат алып, діни ахуалды егжей-тегжей сараптап отыратын діндар сарапшыларымыз да жөні дұрыс әңгіме айтудан қашқалақтайды. Әлде «сақалды» әңгіме қылса, ізінен біреулер шам алып түседі дей ме екен? Жоқ, әлде «қысқа балақтыны» сөз қылсақ, құзырлы орындардың қыспағына ұшыраймыз деп қорқа ма? Тым болмағанда, өз пікірін білдіруге болатын еді ғой.
P.S. Ақтөбе облысында 1200 сәбидің вакцина жасаудан «бас тартқаны» анықталды. Діни көзқарасы бөлек ата-аналардың кесірлерінен сәбилерге бірде-бір рет вакцина егілмепті.