Өлең «көлденең көк аттының» ермегі емес
Қазақ тіліндегі аударма мәселесі зиялы қауым, жұртшылық тарапынан жиі талқыланып, кеңінен сөз болып келеді. Менің білуімше, аударма тіл білімінің ең бір күрделі саласы. Оның шебері болу үшін аудармашы маман екі тілдің заңдылықтарын бірдей білуі тиіс. Олай болмаған жағдайда, аудармадағы біліксіздік бірден байқалып қалады. Мұндай мысалдар күнделікті өмірде аз кездеспейді. Құжат мәтіндерінде немесе теледидардағы жарнамаларда, кинофильмдерде, т.б. салалық мәтіндерге назар аударсаңыз, аударма сапасында қандай да бір шикіліктің байқалып қалатыны құпия емес.
Орысшасы түсінікті, анық болып жазылып тұрса, қазақша жазылған мәтін ойдағыдай болмай шығатыны қалай? Неліктен? Мәселе тілде ме? Жоқ, мәселе тілде емес. Қазақ тілінің мүмкіндігі, сөздік қоры әлемдік классикаға жататын әдеби-көркем туындыларды аударуға жеткенде, жарнама немесе киносценарий мәтіндерін талапқа сай аударуға жетпейді деп айта алмас едік. Енді аударма мәтіндеріне қатысты айтқандарымызға нақты дәлелдер келтірсек.
Мәселен, қазақ тіліне аударылған бір кинофильмде «ты задержан» немесе «ты арестован» деген сөйлем «сен тұтқындалдың» деп аударылыпты. Шын мәнісінде «ты задержан» мен «ты арестован» қазақшаға «сен тұтқындалдың» деп емес, «сен ұсталдың», «сен қамалдың» деп аударылады ғой. «Тұтқындалдың» дегенді орысшаға нақпа-нақ аударсақ, «взят в плен», одан қалса, «пленный» болып шығады. «Плен», «пленник»-ті қазақша «тұтқын» деп соғыс жағдайында қолға түскен жау жақтың адамдарын атайды. Былайша айтқанда, бұл соғыс термині. Мәселен, орыстар бейбіт кезеңде қылмыс жасап қамалған адамды еш уақытта «ты взят в плен» демейді және киноларында да, кітаптарында да бұлай жазбайды. Сонда біздің аудармашылар немесе киносценарий авторлары «тұтқынның» қандай мағына беретінін білмегені ме? Оны айтасыз, «Я тебя ревную к нему» деген әлдебір кинодағы сөйлемді сөзбе-сөз келтіріп, «Мен сені оған қызғанамын» деп аударыпты. Қазақ оған емес, одан қызғанатын сияқты еді…Міне, айтып тізе берсек осындай мысалдар шыға береді.
Жалпы айтқанда орыс тілінің қазақшаға аударғанда әртүрлі мағына беретін сөздері көп. Атап айтсақ, «срочное» мен «свежее» қазақшаға сан түрлі мағынада аударылатын сөздерге жатады. Бірде бір фотосалонның маңдайшасында «срочное фотоны» «жүрдек фото» деп жарнамалап қойғанын көзім шалды. Сірә, аудармашы ол сөзді «скорый» пойызбен, яғни жүрдек пойызбен жаңылыстырып алса керек. Дұрысы, ол «шұғыл фото» боп аударылуға тиіс еді. Ал енді қандай аудармашыдан алынған нұсқа екенін білмеймін, «свежее» сөзі «балғын» болып аударылып жүр. Оны қазақ ұғымына қалыптастырмақ ниетпен осындай сөзі бар жарнамаларды барлық телеарналар күндіз-түні көрсетіп жатады. Соның арқасында, кока-кола да – балғын, фанта да – балғын, балық та – балғын, жеміс-жидек те балғын… әйтеуір «свежеенің» бәрі балғын. Бірақ қазақтың күнделікті тіршілігінде жаңа ауланған балық ешқашан «балғын балық» деп айтылмайтынын, жаңа піскен өрік пен алманың еш уақытта «балғын» деген атауға ие болмайтынын аудармашылар мен жарнама берушілер неге білмейді? «Балғын» сөзіне байланысты қазақта «балғын балалық шақ», «балғын сезім», т.б. сөздер кездеседі, ал оларды орысшаға «свежее детство», «свежее чувство» деп қалай аударасыз? Әсілі, «свежее» ас-суға қатысты болса «жаңа дайындалған», ал жеміс-жидекке қатысты болса «жаңа піскен, жаңа үзілген» болып аударылуы тиіс емес пе?
Менің тағы бір байқағаным, телефон атауына байланысты аударылған «сымтетік» сөзі де сәтсіз аударылған. Сымтетікті орысшаға тікелей аударсақ – «проволочная деталь» боп шығады. Ал телефон – деталь, яғни тетік емес, байланыс құралы ғой. Ақиқатында телефон атауы – әлемдік термин. Оған қазақша атау берудің көп қажеті жоқ сияқты.
Сонымен қатар күллі халықтарға ортақ болып айтылып жүрген «прогресс» сөзін кейбір аудармашылар үдеріс деп аударып жүр. «Үдеріс» сөзімен «процесс» термині де аударылып жүргені белгілі. Қазақ «үдеріс» деп – елдің жаудан немесе аса үлкен бір қауіптен бас сауғалап қашқан, алды-артына қарамай жөңкіген, көшкен, аласапыранға түскен кезін айтады. Демек, қазақтың «үдеріс» сөзі жақсылықтың нышанын білдірмейді. Сонда білім мен ғылымның, өркениет пен техниканың дамығанын, алға жылжығанын білдіретін «прогрестің» аудармасы қалайша «үдеріс» ұғымына сай болмақ? Кейбір ғалымдар, аудармашылар мұны «үрдіс» деп те жазып жүр.
Жұртшылық арасында кең таралып, қала атауларының ішінде кең қолданылып жүрген сөздің бірі – мөлтекаудан. Орыс тіліндегі «микрорайон» деген сөзді «мөлтекаудан» деп айтып та, жазып та жүрміз. Негізі «микро» да орысша емес, ол «прогресс», «телефон» сияқты халықаралық терминге жатады. Бірқатар баспасөздер мен жарнама берушілер оны «шағынаудан», «ықшамаудан» деп тәржімалайды. Жалпы алғанда осылай атағанымыз дұрыс. Бірақ «мөлтектің» мағынасы тым басқа. Ол – адамның көңіл-кеудесіндегі мұңлы да жасырын сырдың (мөлтек сыр) сипаты. Аударма барысында осыны қаперде ұстағанымыз жөн.
Бірде газет бетінен бір журналистің футбол тақырыбына жазған мақаласын оқып отырып, онда былай деп жазылған сөйлем кездестірдім: «Атақты Месси ойын барысында қарсыластар қақпасына бірнеше мәрте шіреніп тұрып доп соққанымен, гол кіргізе алмады…». «Шіренді» деп біз көкірегі аспан тіреп, маңғаз қалыпта тұрған адамды айтамыз. Сонда алаңда алашапқын боп, жанұшырып жүрген футболшы қалай шіреніп тұрып доп тебеді? Осындай шала жазылған, жазу мәдениеті мен формасы, стильдік қалпы сын көтермейтін мақалаларды оқығанда сан түрлі ойға қаласың.
Қазір көптеген газет-журналдар «қателікке бой алдырды», «көп ізденуге бой алдырды» деген сыңайдағы жаңа тіркестерді көп пайдаланатын болып жүр. «Қателік», «көп іздену» дегендер адамның іс-әрекетін білдіреді. Адам іс-әрекетке емес, сезімге бой алдырады. Ашуға, мұңға батуға, қызғаншақтыққа бой алдырды десек жарасады.
Мақаламызды осы күні көп сыналып жүрген ән шумақтарын алға тарта отырып сабақтасақ, мұнда да сөздерді қалай болса солай қолдану жағдайлары көп кездеседі.
Мәселен, «Жігіттер» тобының «Бірімізге келіппіз, бір көруге жерікпіз…» деп басталатын бір әні бар. Біріншіден, қазақтың не өлеңінде, не қара сөзінде «бірімізге келіппіз» деген жарымжан тіркес қолданылмайды. Екіншіден, біреуді көруге жерік болған адамды «Жігіттер» тобындағы жігіттер мен оны жазған ақын көрмесе, басқа адамның көрмек түгілі, олай ойламайтынына да бәс тігемін. Өйткені «жерік» деген нәрсе – тек екіқабат әйелдерге ғана тән әрі басқа ешқандай балама атауға жатпайтын сөз.
Газеттер мен телеарналарға сұхбат бергенде әніміздің сөзіне қатты мән береміз дейтін танымал әншілердің өздері, мәтінінде тіркестері баянсыз, мағынасы болымсыз, өлеңдері тек ойсыз ұйқастармен өрілген әндерді шырқап жүргендерін байқай бермейді. Көпке танымал әнші М.Сәдуақасованың көңіліне келмесін, оның, қайырмасы: «Қараңғы түнде шаттанамын, Қайтейін тебіреніп жатса жаным. Ағарып атса, таңға қимаймын, Жалғанға жалғыз сыймаймын» деп келетін бір әні бар. Бұның өлеңін кім жазғанын білмеймін, бірақ бір білетінім, осы шумақта ешқандай мән-мағына жоқ. Шаттану – аса қуанғаннан туындайтын сезім. Ал тебірену – әлдеқандай сыртқы күштің ықпалынан, яғни біреу өзіңді қатты мақтағанда немесе естіген жақсы ән-жырдың әсерінен ой-санаң арман-қиялдың бесігіне бөленіп, жүрегің аса толқыған шақта, соның негізінде жаның аса құйынды сезімге батқан сәтте пайда болатын нәрсе. Әлбетте, тебіренуге ықпал ететін басқа себептер де жоқ емес. Бірақ шаттанған адам, шаттанумен бірге тебіренбейтіні хақ. Одан соң Мәдинаның әлгі әніндегі өлеңде шаттанып, болмаса тебіреніп тұрған адам – ағарып атқан таңға кімді, нені қимай жатыр? Жалғанға неліктен сыймай жатыр? Осылардың себебі алдыңғы екі жолда айтылуы керек еді ғой. Оларда мұны түсіндіретін сөздер жоқ. Демек, бұл өлең емес, тек болымсыз ұйқас қуалаған шалдыр-бұлдыр бірдеңе.
Не болса соны өлең қып құрап алып, ән шығаратындар, ән салатындар бүкіл елдің көз алдындағы теледидардың төріне қалай ұялмай шығады, дискілерін қалай ұялмай таратады? Ондайлар жоғарыда мен атағандармен ғана шектелмейді. Тізе берсең, мұндайлардан жүздеген мысал келтіруге болады.
Сонымен болымсыз теңеулер, жарымжан сөйлемдер күн өткен сайын көбеймесе, азаймай тұр. Оларды оқыған жас талап не болмақ? Көп ізденіп, көп оқудың, жазу мәнерін үйренудің орнына «әй, жазу деген оңай екен ғой» деген түсінік қалыптаспай ма? Тілді халық емес, жазу деген киелі өнерді бағаламай жүргендер бұзады. Жарықтық Асқар Сүлейменовтың «Бейталанттан кемталант жаман» деген сөзіне назар аудармай, жазу атты киелі өнерді, әннің ажарын ашатын әулие өлеңді «көлденең көк аттылардың» нұқсан келтіруіне жол бермеуіміз қажет. Бәлкім Астана мен Алматыдан бастап әр облыс орталықтарында кітаптарға, газеттерге жазылатын мақалаларды, сондай-ақ әндерге арналған мәтіндерді қадағалап отыратын, тек сауатты кісілерден тұратын арнайы бір мемлекеттік ұйым ашу керек шығар. Бұған не дейсіздер?
Момбек Әбдәкімұлы,
жазушы
Шымкент
"Ана тілі" газеті