Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5756 0 пікір 12 Желтоқсан, 2014 сағат 08:50

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ФИЛАДЕЛЬФИЯ

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238

Бұл сілтемелер арқылы жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазба-кітабының бастапқы бөлімдерін оқи аласыздар. Қызықты әсерге бөлейтін әңгіме әрі жалғасады...

 

Американы – Америка еткен Филадельфия қаласының да биік ғимараттарының сұлбасы алыстан мұнарлана көрінді. Филадельфия!   Филадельфия – Гүлқала, Бақшақала, Гүлшаһар, Махаббат мекені – деген сөз. Неге біз бұл шаһарды көруге ынтық болдық дейсіз бе? О, онсыз, яғни, Филадельфиясыз Американы да, Америка тарихын да, Американың тағдырын да, бүгінгі, ертеңгі америкалықтардың психологиясын да түсіне алмайсыз. «Филадельфияның бір кереметін, жеті ерекшелігін ғана баян етемін» – деген Нэллидің ырқына ердік.

Кереметі – тарихи қасиетінде. Өйткені, АҚШ, яғни, Америка Құрама Штаттары – деген ұлы ұғым осы Филадельфияда дүниеге келген. Фенимор Купердің романдарына желі тартқан апачилердің мекені, Делавер дариясының атырауына орналасқан, «Могииканның соңғы тұяғының» ізі қалған орманды өңір.

Филадельфияның табан тасын 1682 жылы квакерлер – еркін қоныстанушылар, яғни, жерсіз қалған жетімектер қалаған. Оның тарихы үш жүз жылдан асқан. Тура сол кезеңде ұлы қазақ даласына жоңғарлар төніп келе жатқан. Ағылшын дәстүрінде барлық мұра – үлкен ұлға тиесілі. Жер – басыбүтін соның еншілігінде қалады. Сондықтан да үлессіз қалған жүгірмектер сыбаға іздеп, аласұрып жүріп осы құрылыққа ұмтылған. Ал осы кезде мұндай қаңғыбастар ескі Еуропада жетерлік еді. Шамамен тура қазіргі біз кешіп жатқан талан-таражды олар сонау XVII ғасырда өткерген. Ең бірінші, жер жеке меншікке беріліп, жерсіз қалған ақсүйектер кедейдің күнін кешті. Екінші, жерасты кені мен жерүсті игіліктері де сатылып, жалдамалы, ерікті құлдар, яғни, жұмысшы табы пайда болды. Үшінші, барлық шикізат  пен тұтыну бұйымдары (тура қазіргі біздегі сияқты) алпауыттардың қолына өтті де, экономикалық-тұрмыстық тұрғыдан да басыбайлылық орнады. Бағаны да, базарды да өздері биледі. Тесікөкпе, тесік қалталылар көбейді. Осы түсімді екі-ақ мекеме: король мен дінбасылар игерді. Шіркеуге түскен алым арқылы қазынасын қорландырған король құдай атымен пәрмен жүргізді. «Кергі жорығынан» соң «құдай емес, құдайдан былай емес»  шіркеу – адамның қанын да, жанын да қаһарында ұстады.

Құдай атымен істелген әділетсіздікке ойлы, арлы оқымыстылар қарсы болып, Мартин Лютер сияқты күрескер ғұламалар: Шіркеудің әр жан басынан жыл сайын жиятын салығы мен салғырты – құлшылыққа нұқсан келтіретін жемқорлық екенін дәлелдеп, бұдан да басқа теңсіздіктер мен әділетсіздікті көрсетіп, жеке «қарсылық бағытын», яғни, протестанттық бағытты қалыптастырады.

Міне, осы протестанттардың ішінен: «Құдайдан қорықпау керек. Өйткені ол сені жаратқан әкең. Құдаймен қорқытпау керек, өйткені – құдайдың еркі – шіркеудің қолында емес. Құдай атымен салық жимау керек. Өйткені, дүние-мүлікке, алтын-күміске, ақшаға құдай мұқтаж емес. Құдай атымен шіркеу билік жүргізбеу керек. Үстемдік – құдайға жат. Бұл тек корольдің қазынасын толықтыру үшін істелген айла. Құдайға бір-ақ нәрсе: еш риясыз құлшылық керек. Алланың алдында исі адамзат тең,– деген ұстанымды ұстанған еркін ойлылар шығады. Олардың дені әлгі мұрагерлік пен жерден айырылған ақсүйек пен қарасүйектер еді. Бұл қозғалыс өршіп, аз уақытта қазынасы ортайған король мен беделі түскен шіркеу оларды қудалауға  салып, түрмеге қамап, жазаға тартып, жер аударады. Міне, квакерлер дегеніміз – солар екен. Демек, Американы, тура біздегі «басыбайлылықтан» құтылса да, жерсіз қалған қарашекпендердің қазақ даласына ұмтылғаны сияқты, квакерлер де Америкаға ұмтылыпты. Олар өздерінің белгісі етіп ақ, қызыл, сары түсті таңдапты.

Міне, сол квакерлерді, яғни, 99 адамды бастап келген Вильям Пэн Делавер дариясын көмейлете өрлеп, орманы мен шалғыны ұйысқан әрі кеме айлағына қолайлы қазіргі шаһар орынын таңдапты. Келе сала жергілікті тұрғындардың, яғни, апачилердің тілін тауып, бұл атырауды 70 жылға жалға алыпты. Әрине, жер сату, орман сату, су көзін сату, шикізат сату дәстүрі жоқ, барлық табиғи жаратылысты исі адамзатқа ортақ деп түсінетін үндістер (олар өздерін «тұрғылықты американдықтар» деп атауды талап етеді екен. Алайда үйренішті «үндіс» деген сөзді қолдануға мәжбүр болғандықтан да, бұл жазбалармен олар таныспаса да, ғафу өтінемін) Делавер дариясының атырауын сондай бір жомарттықпен квакерлерге сыйлапты. «Тұз өндіріп берем», «Жүн жуатын фабрика салып берем», «Егініңді жыртып берем», «Малыңды саудалап берем» – деп қазақтың жерін бопсалап алған Жәміш, Екібастұз, Қарағанды, Нілді, Көкпекті кеніштері сияқты әуелі жалға алып, соңынан өздерін жалшылыққа жалдаған қарашекпендердің кебін кептіріп, үш-бес жылдың ішінде үндістерді «от судың» құлына айналдырып тынады. Әлгі Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғында» суреттелетін «қызыл терілердің» көсемінің баласы ағылшынша білсе – білетін жөні бар көрінеді. Ұлы жаудың келгенін білмей, өзара қырқысып, бірін-бірі арандатып, «құдайдың сүйікті құлдарына» құлдыққа сатқан баланың бірі сол «Қызыл аяқ» екен. Үндістер мен квакерлердің арасына сатымсақтық қызмет атқарған оның өзі де ақыры оқтан ажалын тауыпты.

Жетпіс жылға жалға алынған жерге Вильиям Пэн: гүл-бақшалы махаббат шаһарын орнатамын – деген арманмен қаланың атын Филадельфия – деп қойыпты. Орман оталып, үйге айналады. Ғимараттар бой созып, еріктілердің қаласы орнықты. Кәсіп қуғандар Делаверді өрлеп, ішке қарай сұғына береді. Басты ұстанымы: құдайдың алдында барлық адам тең, тең мүмкіндікке ие, әйел де, зәңгі де оның тең жаратқан тумысы,– деген тұжырымға көзделгендіктен де, құл мен күңдік жойылыпты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылына дейін Филадельфиядағы ең еңселі үй – қалалық әкімшіліктің ғимараты екен. Мұнараның басына Вильям Пэннің мүсіні орнатылыпты. Аспаннан түсіп келе жатқандай боп түу алыстан мұңартып тұр. Қаланың қай бұрышынан да көрінеді. Кейіннен аулақтау жерге тұрғызылған зәулім ғимараттар да оған таса бола алмапты. Сол мүсінді нысанаға ала отырып Филадельфия шаһарына кірдік.

Көпірдің қақпасына іліне бере Бенджамин Франклиннің есімі әруақтана айтыла бастады. «Бенджамин көпірі», «Бенджамин алаңы», «Бенджамин көшесі», «Бенджамин Франклин үйі», «Франклин институты» деген атаулар ұлы марапатпен аталады. Аталса – аталғандай, мұқым Американың болашағын сызып берген, яғни, күлтөбеден – күмбез, жоқ жұрағаттан – ұлы ел құраған «ұлт атасының» саяси өмірі осы Филадельфияда басталыпты. «Көбікше көпірмей іс бітір» («Делай – дело, а не гони волну») – деген ұранды ұстанып, «махаббат шаһарын» тұрғызған Вильям Пэннен кейін Филадельфияны Американың тұңғыш астанасы дәрежесіне жеткізген осы Бенджамин Франклин екен. Сол ғасырдағы ең ұлы ғалым, ең ұлы саясаткер осы Бенджамин дегдар. Американың тұңғыш Президенттігінен бас тартып, орынына Джордж Вашингтонды ұсынған. Былайша айтқанда, өзі «шымылдық артында» тұрып бүкіл қытайды билеген кешегі Сычи тай ху мен Дың шау пиң сияқты. Оның себептері де бар.

 

 Америка Құрама Штаттары – деген атау   тұңғыш рет мемлекет осы ғимаратта жарияланды.

Жоғарыда айттық, Америка Құрама Штаттары – деген атау осында, тұңғыш рет мемлекет ретінде жарияланды деп. Сол қозғалысты бастаған және ұйымдастырған осы Бенджамин Франклин. Американың бірінші президентінен бұрын Франклиннің аты құрметпен аталады.

АҚШ-тың тарихын түбірлетпей-ақ қояйын. Бірақ көзім көрген тарихи ғимараттарға қатысты оқиғаларды қаперге іле кеткім келеді...

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351