Сенбі, 23 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 6792 0 пікір 10 Қараша, 2014 сағат 09:51

Мұнай секторы басшылары Президентке неге қарсы?

Өмірде ақылға қонымсыз кереғарлықтар көп қой. Соның бірі мұнайдың үстінде шалжиып жатып, жылына 85 млн. тонна мұнай өндіріп отырған Қазақстанның аяқ астынан бензинге жарымай қалатындығы. Биылғы күзде де солай болды. Қай ЖЖС-ке барсаң да «бензин жоқ» деген сөзге тап боласың.  Одан сапасыз бензин қаптады-ай келіп, қаншама адамның нәпақасын айырып отырған мәшинелері солардың кесірінен жарамсыз болып қалды.

 Осында қолдан жасалған қастықтың құлағы қылтиып тұрғаны шындық. Көрші елдердің бірінде (қайсы екені белгілі ғой) сапасыз бензин шығып, «оларды сатқызбаймыз» деген дабыл қағылып еді, бір ай өтпей жатып бізде бензин тапшы болды да кетті. Одан әлгі сапасыз бензин бізге жетіп, оны «алсаң да аласың, алмасаң да аласыңға» салып қойды...

Бензин неге жетпей жатыр дегенге өкіметтегі өкілетті орган басшыларының берген жауабын естігенде не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Олар аузы –мұрындары қисаймай бәріне кінәлі біздегі бензиннің арзан екенін айтады. Сондағы салыстыратындары жылына 80 мың тонна ғана мұнай өндіретін Қырғызстан мен Ресей.

 Осы мәселеге байланысты жуырда Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың атына сауал жолдады. Міне, осы сауалда депутат біздегі бензин ресейліктерден арзан, сондықтан жетпей жатыр дегенді сылтауратып оның бағасын көтергісі келетін монополистерді қатты сынады. Осы мырзалар Ресейдегі орташа еңбекақы біздікінен 22 пайызға, ал өмір сүру деңгейінің ең төменгі көрсеткіші 100 пайызға жоғары екенін неге ескермейді дейді депутат.

 Сонымен бірге ол монополистердің төртінші мұнай өңдеу зауытын салудан неге қашқалақтайтынын түсінбейтінін айтқан еді. Төртінші зауытты салғанша қолдағы үш зауытты модернизациялаймыз деп жариялаған мұнай секторы басшыларының жауабын ол дұрысқа санамайтынын айтты. Өйткені, модернизациялау деген істеп тұрған зауытты бәлен айға тоқтатып қою деген сөз, ал бұл халықты әлеуметтік жағынан онсыз да ширықтырып отырған мәселені мүлде күрделендіріп жібермей ме, дейді депутат. Оның үстіне модернизациялаймыз деген сөзді осы зауыттың қожайындары жылда айтады, бірақ соны әлі күнге орындамай келе жатқаны да түсініксіз. 

Президент Н.Назарбаев үстіміздегі жылғы Жолдауында 2015 жылдан бастап төртінші мұнай-өңдеу зауытын салуға кірісетінімізді жариялаған болатын, ал мұнай секторының өкілетті орган басшыларының сөзі әлгідей. Сонда бұлар Президентке қарсы ма деген сөзді нақты айтпаса да депутат осы сауалды Премьерге жұқартып қойып отыр.

Жөн. Алайда мұнайдың үстінде отырып оның өніміне тапшы болып қалуымыздың күрделі сыры бар екені анық. Сол сырды ашып, мәселені Президенттің өзі түбегейлі шешпесе Премьердің қолынан бұл іс келмейді-ау деген біздің күмәніміз бар.    

Серік ЕЛЕУ, сарапшы

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5348