ОҚО. Биоэтанол өндірісі қолға алынып, тәлімбағы іске қосылды
Отырарда биоэтанол өндірісін қолға алу көзделуде
Шетелдік кәсіпкерлер Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында биоэтанол өндірісін қолға алуға қызығушылық танытуда деп хабарлайды Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі. Негізгі шикізаты өсімдіктен алынатын биоэтанол өндірісі үшін аталған аудан таптырмайтын қолайлы аймақ болып отыр. Өйткені, бүгінгі таңда әлемде биоэтанол өндірісінің өрісі кеңіп, пайдаланушылар қатары көбейіп келеді.
Кеңестік кезеңде 20 мың гектар алқапқа жүгері егіп, одан 50 мың тонна дән өткізген топырағы құнарлы отырарлықтар бүгінгі таңда жаңа технологиялармен және ғылымды ұштастыра отырып жүгері өндірісін қайта қолға алуда.
Аптаның басында француздық экономика ісінің докторы, профессор Жан-Поль Ж.Дельхольм мен елімізге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты С.Сейітжанов ауданымызда болып, тартылатын инвестиция мөлшері, өндірістік база мен өнімді өткізу жайы турасында әңгіме қозғады.
Жаңа ғасыр жаңа технологияларды талап етіп, өркениет пен ғылым егіз ұғымға айналған бүгінгі күні қаншама ғылыми жаңалықтар дүниеге келіп жатыр. Қоршаған ортаны ластамау үшін әлемдік маңызға ие биоэтанол өндірісі Отырарда қолға алынса, ауданда экологиялық таза өнімнің бренді қалыптаспақ.
Шардарада балық өсіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Шардарада біраз жылдан бері жұмысын тоқтатып тұрған балық өсіру тәлімбағы биылдан бастап қайта іске қосылды деп хабарлайды Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауданда балық шаруашылығын дамыту мақсатында ашылған «Шардара балық питомнигі» ЖШС-інде биылғы жылдың сәуір айынан бастап шабақтар жіберіле бастады.
Дәлірек айтатын болсақ, бүгінде жалпы аумағы 68,2 гектарды құрайтын тоған іске қосылып, 15,7 млн. дана балық балаңқұрттары (личинка) өсірілуде.
Бұдан бөлек, аудандағы «Тұран» шаруа қожалығы арнайы балық өсіретін орынның құрылысын дайындау үстінде. Қазіргі таңда онда орындарды қазу, құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге, ауданнан жеке кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен пилоттық жоба ретінде Шардара су қоймасы аумағынан балықты торлы шарбақта өсіру шаруашылығын (садковое выращивание) қолға алу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. 2014 жылы осынау торлы шарбақта сынақ ретінде 15 тонна балық өсірілсе, былтырғы жылы жыл 300 тонна шабақ өсірілді. Су қоймасындағы торлы шарбақта келешекте 3000-4000 тонна көлемінде балық өндіру жоспарланып отыр.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Шардара ауданында екі балық өңдеу зауыты жұмыс істеп келеді. Соның бірі – жылына 2500 тонна балық өңдеумен айналысатын «Хамит» СТК балық өңдеу зауыты. Аталмыш кәсіпорын базасында филе, кептірілген, тұздалған балықты өңдеу және дайындау, қалдықсыз өндірісті қолға алу мақсатында балық сүйегінен ұнтақталған жем дайындау цехтары жұмыс жасауда.
Жылына 1000 тонна мұздатылған және ысталған балық, филе өнімдерін шығаратын «Шардара – Балық-1» балық өңдеу зауытында 70 адам жұмыс жасайды.
Мұнан бөлек, жыл соңына дейін Шардарада тағы да жаңадан екі балық зауыты іске қосылмақ. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында салынып жатқан жеке кәсіпкер «Жалғасбаев Т» және «Саодат» ЖШС-і жылына әрқайсысы 600 тонна балық өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.
Абай-ақпарат