Шымкентте консервіде бұқтырылған ет шығарылуда
Елімізде отандық өнімдердің қатары жылдан жылға толығып артып келеді. Солардың бірі де бірегейі шымкенттік кәсіпорын сиыр етін бұқтырып, консервіленген тамақ өнімін шығаруда. Бүгінде нарықта сұранысқа ие азық-түліктің бұл түрін шығаруды Монғолиядан қоныс аударған қандасымыз Жәнібек Қанағат Бурятияға арнайы барып қыр-сырын үйреніп қайтқан.
О баста мамандығы тіс дәрігері болған ол бүгінде тамақ өнеркәсібі технологы мамандығын игеріп, нәтижесінде үлгі тұтарлық бірегей кәсіпорын иесі. Аталмыш кәсіпорын қолжетімді бағада бұқтырылған сиыр етінің үш түрін шығаруда.
Жәнібек Қанағат, кәсіпкер: «Сұранысқа сай өнімнің түрін көбейттік. Қазіргі таңда бұқтырылған еттен бөлек сиыр етімен бұқтырылған күріш, арпа ботқасын дайындап шығарамыз. Балық етін де бұқтыру технологиясын игердік. Экологиялық таза өнім шығару үшін барлық талап толық орындалуы тиіс. Тамақ өнеркәсібі болғандықтан біз малды бордақылаудан бастап оны консервілеуге дейінгі процессті мұқият қадағалаймыз. Сондықтан өз өнімімізге кепілдік береміз.»
Мемлекет тарапынан несие, субсидия алмай, өз кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер бүгінде 100-ге жуық жерлесімізді тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айта кететін жайт, 30 жастағы кәсіпкер кәсіпорынды жеткілікті шикізатпен қамту жағын алдын ала ойластырған. Экологиялық таза ет мұнда Төлеби ауданындағы «Төребек» шаруашылығынан жеткізіледі. Бүгінде серіктестік жылқы етін де бұқтырып, консервілеуде.
Кәсіпкердің айтуынша бұқтырылған жылқы етіне сұраныс, әсіресе, Оңтүстік өңірінде жоғары. Оның технологиясы күрделірек. Қазыны жасап алғаннан кейін оларды 0 градуста кептіріп, сақтайды. Содан кейін бұқтырып, құтыларға салынады.
Серіктестікте тәулігіне бес мың құтыға жуық ет бұқтырылады. Ең бастысы, кәсіпорын қалдықтарды да кәдеге жаратуды қолға алған. Тағам қалдығының өзінен де ит пен мысықтарға арналған консервіленген өнім шығарылады. Еш қоспасыз таза өнімге сұраныс бүгінде жоғары.
Оңтүстікте шығарылып жатқан консервілерді еліміздің нарығынан бөлек көрші Өзбекстанға да экспорттауда. Өнімнің өзіндік құнын төмендету бағытында жұмыстар жоспарланған. Яғни, алдағы уақытта кәсіпорын өз бордақылау алаңын ашпақ. Әрине, бұл тиімді жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет етеді. Алайда, жұмысыңды бастамас бұрын нарықты талдап, әрекет етсең, алынбайтын қамал жоқ дейді іскер кәсіпкер.
Abai.kz