Сенбі, 23 Қараша 2024
Рух 9756 6 пікір 6 Желтоқсан, 2016 сағат 11:06

«ЖЕЛТОҚСАН -86» - БҮКІЛӘЛЕМДІК ТАРИХИ МАҢЫЗҒА ИЕ БОЛҒАН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ КӨТЕРІЛІСІ

 

«Қазақстандағы Желтоқсан (1986 жылғы) көтерілісінің

тарихи және халықаралық маңызы» атты

халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның

ҚАРАРЫ

 

2016 жылғы 25 қазанда Астана қаласындағы «Radisson» отелінің конференц-залында «Қазақстандағы Желтоқсан (1986 жылғы) (бұдан әрі –Желтоқсан-86) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды, бұл шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мемлекеттік іс-шаралар шеңберінде өткізіліп, көтерілістің 30 жылдығына орайластырылды.

10 елден келген, әрқилы тарихи-философиялық, социологиялық, саяси мектептердің өкілдері болып табылатын ғалымдар, оның ішінде ҚР ҰҒА-ның 2 академигі, 3 корреспондент-мүшесі, 21 ғылым докторы, 20-дан астам ғылым кандидаты – қазақстандық және шетелдік жетекші қоғамтанушылар, сондай-ақ жас зерттеушілер өздерінің ғылыми баяндамаларында өз аясына бұрынғы Кеңес Одағының, басқа да елдердің жүздеген мың және миллиондаған адамын қамтыған «Желтоқсан-86»-ның тарихи және халықаралық маңызына алғаш рет жан-жақты әрі терең баға берді.

Әртүрлі елдердің зерттеушілері бұл көтеріліс әлемдік алдыңғы қатарлы жұртшылық үшін өктемдікке, мызғымас болып көрінген тоталитаризмге, совет империясына қарсы халықтың жаппай қарсылығының жарқын мысалы болды деп бірауыздан атап көрсетті. Польшадан, Түркиядан, Ресейден, Мажарстаннан, Моңғолиядан және басқа да елдерден келген ғалымдар көтерілістің совет империясы мен «социалистік лагерь» дейтіннің ыдырауына, демократиялық және ұлт-азаттық процестердің туындап, пайда болуына тікелей ықпалы болғанына шынайы дәлелдер келтіре отырып, оның халықаралық маңызына егжей-тегжейлі талдау жасады. Көтеріліс кеңес ғылымы мен идеологиясының соғыстан кейінгі кезеңде орнықтырылған Кеңес Одағында ұлттық мәселеде «проблема жоқтығы», оның толық әрі түпкілікті шешілгені туралы аңыз бен жалған қағиданы толықтай талқандап, жоққа шығарды.

Мәртебелі ғылыми форумға қатысқан ғалымдар дәл осы «Желтоқсан-86» Кеңес империясының ыдырауына жол ашты және бұл ретте көтеріліске қатысушылар қазақ халқының Азаттық пен Тәуелсіздікке деген біртұтас ерік-жігері мен ұмтылысын білдіріп, жаппай батырлық танытты, халықты топтастырып, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғады деп есептейді.

Жиында     сөз     сөйлегендер    Қазақстан президенті Назарбаевтың: «Желтоқсан оқиғасына қатысушылар әлем алдында туған халқының ар-намысын қорлауға, ұлттық құқықтарын аяққа таптауға бұдан әрі жол бермейміз деп ашық түрде мәлімдеді. Көтеріліс Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне жол ашты», -  деген тұжырымымен толықтай келісті.

Сапер күректерімен және сойылдармен қаруланған арнайы мақсаттағы әскер солдаттарының, әскери училищелер мен КСРО ІІМ оқу орындары курсанттарының, милицияның жаппай күш қолданғанына, ұрып-соққанына, сондай-ақ қала зауыттарында арнайы дайындалған темір шыбықтармен, болат құбырлардың кесінділерімен және арматурлармен қаруланған, «жасақшылар» деп аталатындардың бүкіл Алматы қаласында қудалап, соққыға жыққанына, өздеріне қарсы иттердің, БТР-лардың, милицияның ерекше отрядтарының пайдаланылғанына, 20 градустық аязда суық су шашқанына, жаппай ұстау мен қамауға алуға қарамастан, көтерілісшілер батырлықпен, халықтың ерік-жігері мен арман-тілегін білдіріп, бостандық, демократия және Қазақстанның егемендігі идеялары жолында 3 күн бойы өз күресін жалғастыра берді.

КСРО ОК Саяси бюросы мен КСРО ҰҚК басшылығының тікелей нұсқауы бойынша көтерілістің шынайы бет-бейнесін жасырып қалу, одақ ішіндегі және әлемдегі жұртшылықты алжастыру мақсатында, сондай-ақ өздерінің саяси қателіктері мен көтерілісшілерге қатысты жазалау шараларын ақтап алу үшін көтерілістің ауқымы мен салдарын сипаттайтын мән-жайлар, ресми бағалар мен хабарлар толықтай бұрмаланды, негізгі деректер мен цифрлар қолдан жасалды.

Ғалымдар және халықаралық конференцияға қатысушылар «желтоқсаншылар» Отанды қорғау жолында жаппай патриотизм мен батырлық көрсетудің көзі тірі әрі жарқын өнегесі болып табылады, сондықтан олар мемлекеттік және қоғамдық өмірден шетқақпай қалмауға тиіс деп санайды. Олардың ерлігі қазақстандықтардың бүгінгі және болашақ ұрпағын тәрбиелеуге лайықты.

Халықаралық форумға қатысушылар «Желтоқсан-86»-ға байланысты мәселелерді жан-жақты талқылай келіп, өздерінің «желтоқсаншылар» ерлігі алдындағы жауапкершілігін ұғынып, Қазақстанның өркениетті әрі демократиялық мемлекет ретіндегі имиджіне мүдделі бола отырып, саяси құбылыстарға халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде баға беруде қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастырудың маңызы мен қажеттілігін атап көрсете отырып, мынандай

ҚАРАР қабылдады:

 

1. 1986 жылғы 17-19 желтоқсанда Қазақ КСР-інде болған, КСРО ОК басшылығының ұлттық саясаты мен шешімдеріне қарсы бағытталып, Қазақстанның азаттығы мен егемендігін қорғауды мақсат тұтқан саяси бой көрсетулер көтеріліс деп танылсын.

2. Кең ауқымды ғылыми және қоғамдық айналымға «Желтоқсан-86» ұлт-азаттық, демократиялық күштердің жандануына үлкен ықпалын тигізіп, басқа процестермен қатар Кеңес Одағының ыдырауына және Қазақстанның тәуелсіздігін қалпына келтіруге алып келген, сондай-ақ КСРО орнында тәуелсіз ұлттық мемлекеттердің құрылуына белгілі бір дәрежеде өз әсерін тигізіп, қоғамдық-саяси жүйелердің тайталасындағы теңгерімнің демократиялық күштер пайдасына өзгеруіне жол ашқан, сол арқылы бүкіләлемдік тарихи маңызға ие болған қазақ халқының көтерілісі» деген тезис енгізілсін.

3. «Желтоқсан-86» – бұл егемен Қазақстанның мүдделері мен болашағы жолында жастардың жаппай патриотизм мен батырлық таныту актісі.

4.  1986 жылғы желтоқсан көтерілісі туралы бұрын берілген ғылыми бағалар мен тұжырымдар, оның ішінде 1987 жылғы мамырда Қазақ КСР ҒА-да өткізілген ғылыми конференция түсіндірмелері конъюнктуралық, саяси және идеологиялық көзқарастардың жетегінде кеткен, ғылымға жат және объективті емес деп танылсын.

5. Желтоқсанның барлық белсенді қатысушылары халқының мүддесі мен Отанының егемендігі үшін өз бостандығын, денсаулығын, тағдырын сарп еткен, ал кейбірі, тіпті, өз өмірін қиған, Қазақстанның азаттығы мен егемендігі жолындағы күрескерлер деп саналсын.

6. Ғалымдардың халықаралық форумы біздің халқымыз үшін ауыр болған күндерде Қазақстандағы желтоқсан (1986 жылғы) көтерілісіне қатысушыларға қолдау көрсетіп, ынтымақтастық танытқаны үшін Польшаның, Түркияның, Германияның, Мажарстанның, Чехияның және басқа да мемлекеттердің прогрессивті және демократиялық жұртшылығына, бұрынғы барша кеңестік республикалардың, қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің прогрессивті жұртшылығына, шетелдік ғалымдарға, ақындарға, жазушыларға, қоғам қайраткерлеріне шынайы алғыс сөздерін айтады.

7. ҚР Үкіметіне, Президент Әкімшілігіне, Парламентіне «Желтоқсан (1986 жылғы) көтерілісіне қатысушылардың мәртебесі және биліктің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен барлық құрбандарды ақтау туралы» заң қабылдау ұсынылсын.

8. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар қазақ жұртшылығының біздің халқымыздан «ұлтшыл халық» таңбасын алып тастау, желтоқсан көтерілісіне (1986 жылғы) қатысушыларды ақтау туралы талабына қолдау білдіріп, ашық әрі батыл әрекет жасаған ресейлік шығармашылық, ғылыми және қоғам қайраткерлеріне, либералдар мен демократтарға, депутаттарға, «Желтоқсан-86» азаттық сүйгіш идеясына, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне белсене қолдау білдірген Ресейдің тұңғыш Президенті Б.Н. Ельциннен бастап жаңа демократиялық Ресейдің басшыларына алғысын білдіреді. Біздің халқымыз осы қайраткерлердің есімдерін қазақ және орыс халықтарының шынайы достығының жарқын айғағы ретінде әрдайым ризашылықпен есте сақтайды.

9. Ғылыми форумға қатысушылар не ҚР Үкіметі, не тиісті министрліктер мен ведомстволар, не барлық деңгейдегі әкімдіктер жұртшылықтың талабына қарамастан,   халқымыздың тарихындағы тағдыршешті құбылыс «Желтоқсан-86»-ның 30 жылдығын лайықты түрде қарсы алу жөнінде «Арнаулы іс-шаралар жоспарларын» қабылдамағанын өкінішпен атап өтеді.

10. Халықаралық ғылыми форум Үкіметке және Астана Әкіміне тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасында «Желтоқсан-86»-ның қаһармандарына» монументтік кешенінтұрғызу туралы (демеушілік көмек есебінен жасауға да болады) шешім қабылдауды ұсынады.

11. ҚР Президентінің Әкімшілігіне, Мемлекеттік комиссияға Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен «Желтоқсан-86»-ның 30 жылдығы құрметіне наградалар беру кезінде наградаға ұсынылған көтеріліске қатысушылар мен оның құрбандарына қолдау білдіру ұсынылсын.

12. ҚР Парламентіне, ҚР Білім және ғылым министрлігіне ел бюджетінде «1986 жылғы Желтоқсан» көтерілісін жан-жақты зерделеу жөніндегі ғылыми зерттеулердің арнайы бағдарламасын жеке жолмен көрсету ұсынылсын.

13. Үкіметке және «Желтоқсан-86»-ның бесігі – Алматы қаласының Әкіміне көтеріліске 30 жыл толып отырған жылы оңтүстік елордада архивтік, фото-құжаттық, ұлттық-руханилық, имандылық-патриоттық және басқа да залдар мен сақтау орындарын қамтитын «Желтоқсан-86» тарихи мемориалдық орталығының» іргетасын қалап, құрылысын бастау (демеушілік көмек есебінен де жасауға болады) ұсынылсын.

14. Қазақстан Республикасының Үкіметіне «Желтоқсан-86» қатысушыларының жаппай батырлығы мен патриотизмін мәңгі есте қалдыру: қалалардың көшелеріне есімдерін беру; ескерткіштер орнату; кітаптар мен естеліктер сериясын шығару; маркалар шығару; монеталар соғу және т.б. бойынша жеке Қаулы қабылдау ұсынылсын.

15. ҚР Білім және ғылым министрлігіне, ҚР Ғылым академиясына, ғалымдарға, тарихшыларға мектептің, колледждің және жоғары оқу орнының оқулықтарын шығарған кезде «Желтоқсан-86» көтерілісіне жеке параграфтар арнау қажет деп есептеу жөнінде өтініш жасалсын.

16. Ғалымдардың халықаралық форумы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевқа 18 желтоқсанды (басқа күнді белгілеуге де болады) өз батыр-қорғаушыларына алғыс білдіру және тағзым ету белгісі ретінде көптеген шет елдерде жасалғандай, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен күрескерлерді (қаһармандарды) жалпыұлттық құрметтеу күні деп жариялау жөнінде өтініш жасайды.

17. ҚР Білім және ғылым министрлігіне, жоғары оқу орындарының ректорларына, гуманитарлық бейіндегі ғылыми-зерттеу институттарының директорларына, ғылыми және шығармашылық жұртшылыққа жыл сайын Халықаралық «Желтоқсан оқуларын» өткізу жөнінде өтініш жасалсын.

18. Ғалымдардың халықаралық форумы ҚР Білім және ғылым министрлігіне, жоғары оқу орындарының ректорларына, докторанттар мен магистранттардың ғылыми жетекшілеріне ізденушілерге осы көтеріліске байланысты диссертациялық зерттеулер тақырыптарын таңдауды ұсынуға кеңес береді.

19. Конференцияның материалдарын мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде жеке жинақ етіп шығару және оқу, ғылым мекемелеріне, еліміз бен шет мемлекеттердің кітапханаларына тарату қажет деп саналсын. Қазақстанның қалалары мен әлемнің бірқатар мемлекеттерінің астаналарында ресми тұсаукесерлер өткізілсін.

20. Конференцияның ұйымдастыру комитетіне таңдаулы сөздер мен баяндамаларды Қазақстан мен басқа да елдердің неғұрлым танымал бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-сайттарына орналастыру ұсынылсын.

21. Ғалымдардың халықаралық форумы ҚР Президентінің Әкімшілігіне (жетекші ретінде), ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым академиясына бұрынғы басқа да Одақтас Республикалардың үлгісімен елдің қоғамдық ғылымын декоммунизациялау және отарсыздандыру процесін күшейтуді ұсынады.

22. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне және ҚР Мемлекеттік архивіне «Желтоқсан-86» энциклопедиясын шығаруды ұсынады.

23. Форумға қатысушылар «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорына» және басқа да мүдделі қоғамдық ұйымдарға «Желтоқсан-86» сайтын ашып, оны көтеріліс жөніндегі толық және жан-жақты ақпаратпен толықтыруды ұсынады.

Abai.kz

 

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417