Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 8496 0 пікір 21 Ақпан, 2015 сағат 13:26

БОЛАТХАН-БОЛМЫС

Қоғам қайраткері, дипломат Болатхан Тайжан мырзаның өнегелі өмір жолына қараған сайын Баянауыл көзімізге елестейді. Бауырынан талай марғасқаларды түлеткен қасиетті өлке өзінің маңғаз ұлын жастайынан ұлттық рухты ту етуге тәрбиелегендей көрінеді. Егер адалдық деген не десеңіз, өзіңіздің қарақан басыңызды ұлт мүддесінен жоғары қоймау деп қысқаша тұжыруға болар. Болатхан Тайжан - дәл осы адалдық туын құлатпай өткен шын қайраткердің бірі.

Қайраткердің өмір жолы тек күреспен, ішкі рухани һәм сыртқы саяси тығырықтарға өзіндік жауап іздеумен өтті. Ол - Мәскеуде оқып жүріп «Жас тұлпар» ұйымын құрғандардың бірі. Бұл ұйым ұлттық болмысты, тарихты, өткен шуақты кезеңі мен қасіретті жылдарын білуге ұмтылған, бостандық пен ұлттық теңдікті ту еткен қазақ жастарының ортасы болды. Мәскеуде құрылған осы ұйымның айналасына кілең жас интеллигенттер топтасып, кеңестік тепкінің күшімен қалғып кеткен қазақ рухын оятуға бар күштерін салды. Сол топтың ішіндегі ең белсендісі әрі табандысы – Болатхан Тайжан болғанын бірге жүрген, сол ұйымды құрған азаматтардың бәрі мойындайды. Осы Мәскеуде жүріп ол өзінің туған тілі – ана тілін аз уақыт ішінде меңгерген намысты жастың бірі. Қазақ басылымдарын үзбей оқып, туған тарихының сан қатпар тұңғиығымен танысты. Оған бұл ұлтшылдық қанмен келген, әке тәрбиесімен дарыған деуге болады. Өзі бір сұхбатында: «Мен алтыншы класта КСРО тарихын оқудан бас тарттым. Мұғалімдерге: «Неге орыстан басқа ұлттың тарихы жарты беттен аспайды? Басқа ұлттардың тарихы неге тым аз? Біздің төл тарихымыз туралы мағлұмат неге жоқ?» деген сұрақ қоятынмын», – депті. Демек, «Жас тұлпар» ұйымына белсене қатысқан болашақ қайраткер сонау бала шағының өзінде қиянаттар мен теңсіздікке төзбейтін өжет болғаны білінеді. Тағы бір еңбегінде қазақ тілін үйрену үшін өздігінен орысша-қазақша сөздікті жата-жастана оқып, туған тілін білмегені үшін іштей өзін қатты жазғырғаны жайында да айтады. Мұндай намысқойлық барша қазаққа тән қасиет болса, бүгінгі халіміз басқаша болатыны анық еді.

Ол саналы өмірінде негізінен дипломатиялық қызметті атқарды. Студент кезінің өзінде шетелді шарлап, араб әлеміне аудармашы болып барған жас маман бірте-бірте біліктілігімен көзге түсті. Кеңес кезінде Йемендегі бас консул болған ол - қазақтан алып империяның атынан елші болған санаулы тұлғалардың бірі. Тәуелсіздік алған жылдары Сыртқы экономика министрінің орынбасары, одан кейін Египет, Марокко, Тунис, Алжир, Иордания, Сирия, Ливия елдеріндегі Төтенше және өкілетті елші, бұдан соң Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елші қызметтерін атқарды.

Біз өмір дерегіне қысқаша ғана тоқталғанымызбен, Болатқан Құлжанұлының атқарған істері ұшан-теңіз. Тәуелсіздіктің алғашқы таңы атқанда сыртқы байланысқа барынша ықпал етуге тырысып, күн-түн демей еңбек еткен оның қазақ елінің қалыптасуына қосқан үлесі зор. Әсіресе, қазақтың ерен байлығы өзгенің қолында кетпеуін қадағалап, өзгенің ығына жығылған, өзгені байытуға бағдарланған талай келісімдерге қол қоймай, қазақтың мүддесін қасқая қорғады. Министрдің орынбасары ретінде оның қолынсыз ешқандай құжат қабылданбайтын еді. Шетелдік алпауыттар мұнайдан түсетін пайданың 80 пайызын өздеріне, тек 20 пайызын Қазақстанға қалдырғысы келетінін айтқанда, Болатхан Тайжан оларға, керісінше, талап қойғанын жұрттың бірі білсе, екіншісі білмейді. Сонда ол: «Керісінше, сендерге пайданың 20 пайызы, қазаққа 80 пайызы қалуы керек» деп қатаң шарт қойып және сол шартынан айнымаған. Қайраткердің бұл ұсынысына келіспеген шетелдік алпауыттар белгілі адамдарға ықпал етіп, оны Египетке елшілікке аттандырады. Содан кейін барып алып мұнай компаниялары қазақ жеріне емін-еркін аттайды. Егер сол жылдары келісім дәл Болатхан Тайжан ойлағандай жүзеге асатын болса, онда қазақтың қара алтыны, қазба байлығы бүгінгідей талан-таражға түспеген болар еді. Әлі күнге дейін шетелдік алпауыт компаниялар қазақ байлығын өз білгендерінше пайдаланып, қазаққа қаспағын жалатып отырғанын жұртшылық жақсы біледі. Демек, сол кезден бастап билік басында қазақ мүддесін қорғайтын, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын азаматтардың азайғанын, тіпті Тайжандай ерлік көрсетер тегеурінді ешкімнің қалмағанын байқайсыз.

Бұдан кейінгі қызмет жолы жоғарыда айтқанымыздай дипломатиялық салаға арналды. Қай елде Бас елші болса да, ол  Қазақ елінің мүддесі тұрғысынан жұмыс істеді. Сол жылдары барлық келісімдер мен қажетті құжаттарды тек қана қазақ тілінде жүргізетін бірден-бір елші болғанын әріптестері ешуақыт ұмытпайды. Тіпті, мемлекеттік құпияны елімізге орыс елшілігі арқылы жөнелту керектігін еш түсінбей, мұндай елде қандай құпиялық болады деп таңданған әрі сол шеңберді бұзуға күш салған тұлғаның бірі де бірегейі осы – Болатхан мырза.

Елшілік қызметтен елге оралған соң түрлі қоғамдық қызметтер атқарды. Әр ісінде жанымен, жүрегімен сөйлейтін, қазақ тағдыры үшін қамығып, қайтсек ел боламыз деген сұраққа толғамды, байламды ойларын айтатын батыл бейнесі жұрт жадында. Әсіресе, оның қабырғасына қазақ тілінің мәселесі қатты бататын. Өз тілімізді төрге оздырмайынша, қазақ тілін ғылым мен білім, технология мен техника тіліне айналдырмайынша, басқа жұрттан оза алмаймыз дегенді жиі айтушы еді. Телеарнадағы бір бағдарламада: «Егер Президент Нұрсұлтан Назарбаев таңертең тек қана қазақша сөйлесе, онда барлық министр түстен кейін қазақша сайрап кетер еді», – дегені есімізде. Дипломатиялық қызметте жүріп, Тәуелсіз елдің сыртқы байланысын нығайтуға ерен еңбек еткен ол Ислам әлемі мен Қазақстанның қарым-қатынасын күшейтуге аса мән берді. Ол жылдары еліміздің өркендеуіне араб әлемінен едәуір қаржы тартылғаны баршаға мәлім. Бүгінгі күн үшін аз сияқты көрінгенімен, 90-жылдар үшін бұл көп ақша еді. Әсіресе, сол шақта аса қажетті қаржы көзі мұсылман елдерінен бізге жетті. Мұнан сырт, Ислам әлемінен жырақтап кеткен қазақ қоғамын өткен тарихымыздағы шуақты дәуірлермен таныстыруға да мұрындық болды.

Ол өзінің тағы бір сұхбатында: «Мен өз мүддемді ойласам, шалқып, байып өмір сүрер едім. Оған мүмкіндігім көп болды. Бірақ уақыт алдында, ұрпақ алдында жүзіме қара күйе жаққым келмеді», – депті. «Жүзі жарық» деп осы Болатхандай тұлғаларды айтса керек.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.

Абай. kz

Дереккөз: www.dalanews.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059