Қарқаралы қаласының тарихы
Жанар Тұрлығұлова, №15 мектеп-интернаттың тарих пәні мұғалімі
I. XIX ғ. басында Қарқаралы қаласы мен округінің құрылуының алғышарттары
XIX ғ. алғашқы жартысында Ресей империясының колониялдық саясатының күшейуімен қазақ жерлерін түпкілікті бағындыруға мүмкіндіктер туды. XIX ғ. 20-жылдарында патша өкіметі Қазақстанда хандық билікті біржолата жойып, басқарудың жалпыресейлік тәртібіне жақын, жаңа жүйе орнатуға кірісті. Бұл шараны жүзеге асыру Орта жүзден басталды. Осының негізінде 1822 ж. «Сібір қазақтары туралы ереже» қабылданып, қазақ жерлері округтерге бөлінді. «Ереже» бойынша Орта жүз және Ұлы жүздің біраз «Сібір қазақтарының облысы» деп аталып, жаңадан құрылған Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының құрамына кірді (1).
1822 ж. Ереже жариялана сала Сібір өкіметінің органдары округтерді ашу ісіне кірісті. Ереже бойынша барлығы 8 сыртқы округ ашу белгіленген еді. 1824 ж. Қарқаралы және Құсмұрын округтері ашылды.
Қазақ даласының түпкір-түкпірінде округтік приказдардың ұйымдастырылуымен байланысты Қазақстанда жаңа қалалар - Қарқаралы (1824), Көкшетау (1824), Аякөз (Сергиополь, 1831), Ақмола (1832) және т. б. пайда болды (2).
Жанар Тұрлығұлова, №15 мектеп-интернаттың тарих пәні мұғалімі
I. XIX ғ. басында Қарқаралы қаласы мен округінің құрылуының алғышарттары
XIX ғ. алғашқы жартысында Ресей империясының колониялдық саясатының күшейуімен қазақ жерлерін түпкілікті бағындыруға мүмкіндіктер туды. XIX ғ. 20-жылдарында патша өкіметі Қазақстанда хандық билікті біржолата жойып, басқарудың жалпыресейлік тәртібіне жақын, жаңа жүйе орнатуға кірісті. Бұл шараны жүзеге асыру Орта жүзден басталды. Осының негізінде 1822 ж. «Сібір қазақтары туралы ереже» қабылданып, қазақ жерлері округтерге бөлінді. «Ереже» бойынша Орта жүз және Ұлы жүздің біраз «Сібір қазақтарының облысы» деп аталып, жаңадан құрылған Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының құрамына кірді (1).
1822 ж. Ереже жариялана сала Сібір өкіметінің органдары округтерді ашу ісіне кірісті. Ереже бойынша барлығы 8 сыртқы округ ашу белгіленген еді. 1824 ж. Қарқаралы және Құсмұрын округтері ашылды.
Қазақ даласының түпкір-түкпірінде округтік приказдардың ұйымдастырылуымен байланысты Қазақстанда жаңа қалалар - Қарқаралы (1824), Көкшетау (1824), Аякөз (Сергиополь, 1831), Ақмола (1832) және т. б. пайда болды (2).
1824 ж. 8 сәуірде Қарқаралы округі мен приказының салтанатты ашылу рәсімі болды. Қаланың ашылуы туралы жарлық сол жылы 24-шілдеде бекітіліп, сотник Д. Қарбышев бастаған, құрамында 250 шептік қазақтары бар отряд қаланың алғашқы тастарын қалауға аттанды (3).
Қарқаралы қаласының салынуы туралы Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» еңбегінде былай деп жазады: «Қарқаралы бекінісінің салынуы Бөкей хан немересі Тұрсын Шыңғыс ұлы мен Жамантай хан атымен мағлұм... олар Омскіден шыққан орыс қазақ әскерін губернатордан өтініп, Қарқаралыға бастап әкеліп, олардың ішінде қала салу үшін шыққан жүзге тарта үйлі казак-орыстар мен тілмаштар 1824 ж. көктемінен бастап құрылысқа кірісті. Аз уақыт ішінде 100-ге тарта үй салынып, әскерге баспана, айнала топырақ қорғанмен қамалды бекітіп, бір рота жаяу, бір бөлек атты әскер, бір батарея зеңбірекшілер орналастырылды» (4).
Сібір бекіністері жүйесінде ерекше орын алатын Қарқаралы бекінісі XIX ғ. 1824 ж. округтік қаладан 1868 ж. уездік қалаға дейін даму жолынан өтті. Алғашқы кезде қалада 100-ге тарта үй болса, 1835 ж. 155-ке жетті (5).
Қаланың одан әрі дамуы патшалық өкіметтің қазақ жеріне жүргізген әкімшілік реформасымен байланысты. 1868 ж. «Уақытша жарлығы» бойынша Орынбор мен Сібір қазақтары облысынан Орал, Торғай, Семей және Ақмола облыстары құрылды. Соның ішінде Семей облысы 4 уездге (Семей, Көкпекті, Павлодар, Қарқаралы) бөлінді (6).
Орыстар мен жергілікті қазақтардың саяси және шаруашылық қатынасынадағы орталық ретінде қаланың құрылуы мен дамуы тұрғындарды этно-демографиялық, ұлттық-сословиялық өзгерістерге әкелді. Қарқаралы округі ашылған сәтте 14 болыс енгізіліп, олардың құрамында 20000 шаңырақ немесе 60000 ер азамат болды (7).
1841 ж. мағлұматтарға қарағанда Қарқаралы округіндегі арғындардың 136 ауылында (15023 шаңырақта) 101251 адам болды. Осындай қалың арғындардың ортасында керей тайпасының 4960 адамы бар 10 ауылдан (1143 шаңырақ) тұратын 1 болысы мен 359 адамы бар уақ тайпасының шаңырағы бірге көшіп жүрді (8).
Қарқаралы округінің қазақтары жазда Кіші және Үлкен Нұра, Шідерті, Талды, Өлеңті, Ащысу, т.б. өзендер төңіректерін Батағор, Ерейментау бөктерлерін жайлады. Олар Қазанғап, Түндік өзендерінің бойындағы қаптаған шатқалдарды, Балқаштың солтүстік жағалауларын, Қарқаралы тауларын қыстады.
1860 ж. Қарқаралы округінде 35 өкімет үйі, 31 қоғамдық үйлер, 167 тұрғылықты үй, қазақтардың 87 үйі болды. Округтегі барлық адам саны 58260-қа жетті. Соның 56674-і қазақтар болды (9).
Тұрғылықты халық санының бірде азайып, бірде көбейуінің себебі, сол кездегі жүргізілген реформаларға байланысты болды.
1854 ж. 19 мамырда «Семей облысын басқару туралы ереже» бекітілді. Оның құрамына Аякөз ішкі округі, Жетісу өлкесі, Ертістің оң жағалауы, Семей, Өскемен қалалары, Бұқтырма бекінісі,Қапал станциясы және Іле сыртқы бекінісі енді. Бұрынғы Сібір ведомствосының бес сыртқы округі - Көкшетау, Ақмола, Баянауыл, Қарқаралы, Атбасар, екінші облыс - Сібір қазақтары облысы құрамына енді. Семей облысы мен Сібір қазақтары бұрынғысынша генерал-губернатор басқарған Батыс Сібір Бас Басқармасына бағынды.
1868 ж. жаңа заң бойынша Қараралы уезі Семей облысына кірді. Бұл облыстың жері оңтүстікте Тобыл губерниясының шекарасынан Тарбағатай тауына дейінгі, Алтайдан Мойынтыға дейінгі кең байтақ өлкені алып жатты. Облыс шығыста және солтүстік шығыста Томск губерниясымен, батыста Ақмола облысымен көршілес болды. Оның құрамында 5 уезд: Зайсан, Өскемен, Семей, Қарқаралы және Павлодар уездері енді. 1893 ж. санақ мәліметтері бойынша Семей облысында 602096 тұрғын болған, олардың 82209-ы отырықшы, ал 519887-сі көшпенділікпен өмір сүрген (10).
Қарқаралы уезі облыстың батыс бөлігінде орналасып, Шыңғыс тауларының батыс бөліктерінен әрі қарай, Мойынты өзені мен Ақадыр шептеріне дейінгі, оңтүстікте - Балқаштан әрі қарай, солтүстікте Баянауыл тауларына дейінгі ұлан-байтақ жерлерді алып жатты. 1897 ж. санақ мәліметі бойынша уезде 104509 қазақ өмір сүрген (11).
2. Сауда-саттық пен өнеркәсіп
Қазақ халқының саны қала құрылғаннан бері онда қалыптасқан сауда дамуына байланысты өсті. 1866 ж. Қарқаралы қаласында 155 үй болды. Оның 36-сы көпестік лавка ашты (12). Сонымен бірге 1847 ж. ашылған Ботов-Қоянды жәрменкесі осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен ықпалын тигізді.
Қоянды жәрменкесіне алғашқы кезде көбінесе мал және мал өнімдері тауарларын әкелетін. Малды жәрмеңкеге Қарқаралы, Павлодар, Қапал және Сергиополь уездерінен айдап әкелетін. Мысалға 1891 ж. осы уездерден 1000 бас түйе, 8000 бас жылқы, 10000 бас ірі қара мал, 150000 бас қой жеткізілген. Олардың жалпы сомасы 431440 руб. болған. Ал тері, жүн сияқты шикізат өнімдері 1886 ж. жәрмеңкеде - 90550 руб., 1887 ж. - 72320 руб., 1888 ж. - 94130 руб., 1889 ж. - 103620 руб., 1890 ж. - 91700 руб., 1891 ж. - 189627 руб-ге сатылған (13). Бұл жәрменкенің жылдан жылға өсіп өркендегенін көрсетеді. Айдап әкелінген малдар мен шикізатты жергілікті алыпсатарлар сатып алып жәрменкеде жоғары бағамен сатқан. Осылайша сауда-саттықтың жандануына байланысты қаладағы тұрғылықты тұратын көпестер мен саудагерлер саны да көбейді. Мысалға 1898 ж. дерек бойынша Қарқаралыда көпестер саны 21 ге жеткен, Семейде - 96,Өскеменде - 36 (14).
Қарқаралыда 1866 жылы 611 адам болған. Қала халқының санының өсуіне қазақ қоғамында жүргізілген реформалар әсер етті. Атап айтқанда, ендігі жерде отырықшылыққа көшкен қазақтар қалаларда шоғырланып, қалалы өндірістерден жұмыс іздей бастады. Оларды жатақтар деп атады. Мысалға Қарқаралы қаласының тұрғындары - 205 мещань, 53 көпес пен чиновник және 1693 қазақ жатақтарынан тұрды (15).
Жатақтар негізінен қу тақым кедейлерден жұттан бүкіл малынан айырылған және т. б. себептермен қалада отырықшыланып қалған кедейленген қазақтардан тұрды. Және олар күн көру үшін қаладағы қара жұмыстардың бәрін істеген. Бұл жайлы деректер былай дейді. Қарқаралы уезінің бастығы Карпов Семей облысының әскери губернаторына 1899 ж. 23 наурызда жазған рапортында былай делінген: «...Не могу себе представить как города Каркаралинска так и пригородной станицы без джатаков: кто бы без них возил дрова, косил сено, пахал, служил в работниках и вообще исполнял все то, где требуется рабочая сила. В станице всякий хозяин но не работник, а город, если не считать этих джатаков состоит из нескольких купцов и нескольких чиновников» (16).
Көптеген жұмыс іздеп кеткен қазақтар балық аулау өндірістерінде жұмыс істеді. Тек біраз бөлігі ғана тау кен өндірістерінде, атап айтқанда Баянауыл тас көмір кешенінде және Қарқаралы қорғасын руднигінде еңбек етті. Бұл өнеркәсіптің қожайыны Попов 1843 ж. Талдыкүл кешенінен 12840 пұт тас көмір, ал 1846 ж. Қарқаралы руднигінен 5292 пұт қорғасын рудасын алған (17).
Жалпы алғанда Қазақстандағы өнеркәсіптің даму төменгі сатыда болды. XIX ғ. 60-жылдарынан бастап орыс кәсіпкерлері қазақ өңіріндегі қазба байлығы бар жерлерден өндіріс орындарын аша бастады. XIX ғ. 70-80-жылдарында ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу орындары - май өңдеу, тері өңдеу, ұн тарту орындары ашылды. Қазақстанда 1855-1893 жж. аралығында 151182 пұт қорғасын, 883 пұт күміс, 219186 пұт қара мыс, 484542 таза мыс қорытылған екен (18).
Қарқаралы өңіріндегі өнеркәсіптің дамуына келетін болсақ, негізінен бұл жерде тау кен орындары көп ашылды. Бұл рудниктерді орыс кәсіпкері Попов әулетінен шыққан ағайынды Николай және Александр Поповтар ашты. 1864 ж. олардың Қарқаралы округі бойынша 17 тау кен орындары болған. Бір жылда сол рудниктерден 750 пұт күміс, 9042 пұт мыс қорытылған. Округтағы Поповтар зауытында 1 мастер әйелімен, көшіп келген 5 орыс шаруасы, 25 жалдамалы қазақ, 2 орыс-қазақ командасы қызмет жасады. (19)
Қазақстан жерінде өндірістің қалыптасуы оның жер байлығының ұлан байтақтығына байланысты.Бірақ сол кезеңде, яғни XIX ғ. Қазақстан жер байлығы өндіріс зауыттары мен фабрикалардың аз болуынан, көршілес Ресейге, т.б. шет елдерге шикізат ретінде келіп жатты. Мысалға 1857 ж. Қазақстан территориясының 106 жерінен мыс кені және 44 жерден күміс пен қорғасын кендері табылса, 1888 ж. бір ғана Қарқаралы уезінен 121 жерінен кеннің бай көздері табылған (20).
Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей, сол кезде қазақ жері қандай бай болғанымен, сол байлықты өндіріп, оны өңдейтін зауыттар, ірі өндіріс орындары жеткіліксіз болды. Сол себептен де мұндай байлық шет елдерге ағылып жатты.
«Қазақ тарихы» журналынан