Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2206 0 пікір 14 Қараша, 2010 сағат 21:03

Ғалым Бақыткерейұлы: Дін, саясат, және ел тағдыры

Аса қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Алла кімді тура жолға салуды қаласа, оның көңілін Ислам үшін кеңітеді.

Құран Кәрім 6:125.

Аса қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Алла кімді тура жолға салуды қаласа, оның көңілін Ислам үшін кеңітеді.

Құран Кәрім 6:125.

Аллаға сансыз мадақ! Осы аятта айтылғандай Алла Тағала халқымызды тура жолға салуды қалап, оның жүрегін Ислам үшін аша бастады. Соның нәтижесінде жылдан -жылға құлшылық етушілердің қатары өсіп, жер-жерлерде жаңа мешіттер ашылып, дініміз кеңінен қанат жайып келеді. Бірақ, осы жетістіктерімізбен қатар оған көлеңке түсіріп, көңілде бір мазасыздық тудырған қауіпті бір үрдіс те бой көтере бастады. Бұл намазхандар арасындағы бөлінушілік. Алла Тағала өзара бөлініп , үздіксіз ыдырау үстіндегі Кітап иелерін мысал ете отырып аяттар арқылы бөлінбеуді нұсқау етсе де, себеп тауып топ құрап алушылықтың зардабын мұсылмандар да тартумен келеді. Міне, осындай жікшілдердің біздің өңірімізге тән емес қатқыл түрлері де еліміздегі діни бостандықты пайдаланып арамызға дендеп ене бастады. Халқымыздың жаңа атаулыны жатырқамай талғаусыз қабылдай беретін ашықтығы мен аңғалдығы осы бір қауіпті үрдіске кеңінен жол ашып беруде. Және, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы дін мәселесінің көптеген қиындықтардың тасасында қалып қоюы, әрі жетпіс жыл дінсіздіктің тәрбиесінен өткен халқымыздың діни сауатсыздығы да осындай дін таратушылар үшін өте қолайлы жағдай тудырғанын да айта кеткен жөн. Осыдай  ұрымтал сәтті тиімді пайдалана білген ондай діни топтар өз әрекеттерін емін-еркін, әрі белсенді түрде өрістетіп, олардың ең өтімділері бүгінгі күні тамырларын тереңге жайып, орнығып та үлгерді. Ең қиыны, олардың ықпалдарына түсіп, олардың насихаттарын саналарына сіңіріп алған өз қандастарымыз олардың іріткі істерін өз қолдарына қабылдап алып, бұл істі өздерінің бар қабілет- қажырларын жұмсай отырып, жаңа қарқынмен жүргізе бастады. Олар тіпті, өздерінің құлшыныстары мен қарымдылықтары жағынан өз ұстаздарынан да асып түсіп, олардың істерінің нәтижесі күн санап одан әрі еселене түсуде. Егер осындай жамағатты да,  халқын да жіктеуге құлшынып, іріткі істерге белсене кірісіп жүрген  қандастарымыз кең ауқымда ойлап, мәселеге тереңірек бойлап көрсе, онда олар өздерінің қандай қауіпті ойын ойнап жүргендерін түсінген болар еді.

Қазіргі кезеңде діннің мәселелері тек қана діннің мәселелері болудан қалғаны рас. Өйткені, оған саясат, саясат болғанда да үлкен саясат араласып кетті. Сол себепті де қазіргі кезеңде туындап жатқан діннің мәселелерін шешу үшін тек қана діни сауатты болу мүлде жеткіліксіз. Ол үшін әрбір мұсылманға саяси сауаты болу да ауадай қажет. Бұл оларға дінді саяси мүдделері үшін пайдалануға тырысатын кейбір саясаткерлердің лас ойындарының құрбаны болып кетуден сақтанулары үшін қажет. Сонымен қатар әрбір мұсылман тар ауқымдағы топтық мүдде тұрғысынан ғана емес, жалпы Исламдық тұрғыдан, және мемлекеттік тұрғыдан да ойлап үйреуге тиісті. Бұл оларды көптеген қателіктерден сақтандыратыны сөзсіз.

Дүние жүзінде қанша ел болса, олардың бәрі де өз шама - шарықтарынша жағдайларын жақсартып, өзгелерді өзімен санастыра алатын іргелі мемлекет болудың қамын жасайды. Осы бағытта олар бір - бірімен бәсекеге түсе отырып, өз еселерін жібермеу үшін бір - бірімен ашық та астыртын күрес жүргізумен де болады. Осы жолда олар өз мүдделері үйлесетін одақтастар іздей отырып, оңтайы келсе кейбір әлсіз елдерді өздеріне тәуелді етіп алуға да тырысады.

Осындай қатаң мүдделер қақтығысы жүріп жатқан жағдайда тұрақсыздық қауіпі бар мемлекет үшін жергілікті ұлт өкілдерінің әр - түрлі дін ұстанып , бір дін ішінде де түрлі топтарға жіктелгені мүлде тиімсіз. Мұндай мемлекеттегі жергілікті ұлт азаматтарының бір дін, бір мазхабқа біріккені оның ішкі тұрақтылығының басты бір кепілі болып табылады.

Әрбір дін мен оның тармақтарының тарихи тамыр жайған мемлекеттері бар екені белгілі. Және, ол мемлекеттер өзге мемлекеттермен жақындасудың, немесе оларға ықпал жүргізудің бар мүмкін тетіктерін пайдалануға тырысып бағады. Осындай маңызды  тетіктердің бірі өзге елдердегі өз діндестері екені даусыз.

Егер ел ішіндегі өзге ұлт өкілдері өзге діндерді ұстанып жүрсе, бұл ешқандай да түсінбестік тудырмайтын қалыпты  жай. Мұндай  жағдайда түрлі дін өкілдері бір - біріне құрметпен қарап, өзара татулықты сақтауға тырысады. Сондықтан да мұндай қарым - қатынас мемлекеттердің де бір - бірімен жақындасуларына оңды ықпал етеді. Ал, егер жергілікті ұлт өкілдері өзге діндерге көптеп өте бастаса, онда бұған ұлт тарапынан да, мемлекет тарапынан да түсіністіктің табылуы қиын. Өйткені, мұндай жағдайда ұлттық мүдде, ұлттық қауіпсіздік жөнінде алаңдауға тура келеді. Себебі, діннің табиғаты сондай, сенімі күшті діндар адам өзінің туыстары мен ұлтына, еліне көп алаң болмай, рухани бірліктегі өзінің діндес бауырларын жақын тұтып, соларға жәрдем етуге бейім болады. Және, қажет болған кезде солардан қолдау күтіп, көмек сұрауға да дайын тұрады. Бұған дәлел болатын мысалды алыстан іздемей -ақ басқа діндер мен діни топтарға өтіп жатқан өз қандастарымыздан да көріп жүрміз.

Мұндай қандастарымыз шетелдерде орналасқан діни орталықтарының нұсқаулары бойынша өз әрекеттерін жоспарлап, сол орталықтардан қаржылай көмек алып, насихаттық бағыттағы құралдармен де қамтамассыз етілуде. Және олар өз әрекеттеріне шектеу қойдырмау үшін шетелдік ұйымдарға дейін жағалай арызданып, соларға арқа сүйеп өз елінің үкіметіне қыр көрсетуде. Егер ұлт азаматтары осылай топ - топқа бөлініп алып, әрқайсысы шетелдік өз басшыларына бой ұсынып, өзге мемлекеттердің мүдделеріне қызмет етіп жүрсе, және солардың қолдауларына арқа сүйеп өз елінің басшыларына талап қойып, қысым жасайтын болса, мұндай жағдайда ұлттық қауіпсіздік жөнінде қандай сөз болуы мүмкін?

Ел мүддесін, ұлттық мүддені аяқ асты етіп жүрген осындай жандардың басқалар емес өз ұлтымыздан шыққан, өзіміздің қандас бауырларымыз екеніне сену қиын. Мұндай қандастарымыз өздері сенімдерін қабылдаған ұлттардың тілдері мен мәдениеттеріне ден қойып, жағдай мүмкіндік берсе көп қиналмастан өз ұлтынан да қол үзіп кетуден тайынбауда. Жағдай осылай бетімен кете беретін болса, болашақта ұлтының қамын ойлайтын, елінің мүддесін қорғайтын , отансүйгіштік қасиеті жоғары ел азаматтарынан тапшылық көруіміз ғажап емес.

Адамның табиғаты сондай, кім оның санасын жаулап, жүрегін иемденсе, ол соның көзсіз құлы болуға дайын тұрады. Ал, дін болса сананы жаулап, жүректі билеудің ең төте жолдарының бірі. Сондықтан да дінді саяси құрал ретінде өз мүдделеріне пайдаланатын көптеген елдер өздеріне тән дін мен діни ағымды өзге елдерге де таратып, өз діндестерін көбейтуге мейлінше тырысып бағуда.

Өз мүдделерін күйіттеу барысында кейбір елдердің шектен шығып, небір зымиян тәсілерге жүгінетіндері де жасырын емес. Оның сыннан өткен бір түрі ел азаматтарын  топтарға бөліп мейлінше жіктеу. Түрлі діни топтар мен партияларға бөлінген, және ұлттық, тайпалық, жершілдік белгілері бойынша да жіктеліп жатқан ел азаматтарын бір - біріне қарсы қойып, бір - біріне айдап салу айтарлықтай қиын емес. Бұл тәсіл «бөліп ал да билей бер» - деп аталады. Бір - бірімен жағаласып жатқан топтар қашанда сырттағы жақтастарына арқа сүйеп, олардан түрлі бағыттардағы көмектер ала бастайды. Және, сол көмектері мен жан - жақты қолдаулары үшін олар өз қамқоршыларына құлдық ұра отырып, олардың бар қалауларын орындауға әзір тұрады. Осылайша үстемдікті, билікті аңсаған мұндай топтағы ел азаматтары өз халқын  өз қолдарымен жатқа тәуелді етіп, табаны астына салып беретін болады.

Осындай жолмен үстемдік етуші елге айналған шет мемлекет өзіне арқа сүйейтін осындай топты одан әрі қолдай отырып, солар арқылы ол елді билеп - төстеп, оны өз мүддесі үшін жан - жақты пайдалана бастайды.

Сөз жоқ, патшалар қашан бір мемлекетке кірсе, ол жерді бұзып, елінің құрметтілері қор етеді. Осылайша істейді.

Құран Кәрім 27:34.

Осы аятта айтылғандай үстемдік етуші ел қашанда өзіне тәуелді елдің өз игілігіне бағытталған барлық заңдары мен тәртіптерін бұзып, ол жерге өзіне ғана пайдалы өз заңдары мен тәртіптерін орнатады. Сол арқылы осы елдің есесінен өз қиындықтарын шешіп, осы халықтың есесінен өз халқының әл - ауқатын көтеретін болады. Сол үшін де өз елінің қамын ойлап, халқының жоғын жоқтайтын бетке ұстар азаматтарды өздеріне бағынышты билік иелерінің қолдарымен қудалап, үндерін өшіріп, көздерін жоя бастайды. Ал, бас көтеріп, жөн айтатын нағыз басшылары қалмаған қара халық болса жел сөзге алданып, сүйек - саяққа ғана қанағат етіп, өз елінде байғұстың күнін кешумен болады. Бұл жағдайдың біздің басымыздан өткеніне көп бола қойған жоқ, сондықтан да осы айтылған жайлар бізге ертегі тәрізді естілмеуі тиіс.

Тәуелді елдің өз ықпалынан мүлдем шықпағанын қалайтын үстем ел міндетті түрде оған өзінің діні мен тілін, салт - дәстүрлері мен мәдениетін сіңіре отырып, оны өзі тектес етіп алуға барын салады. Бұл өте зымиян саясат. Ал, осындай әрекеттерді дін арқылы,  діннің игілігі үшін қажетті шаралар ретінде жүргізу мүлде шектен шығу болып табылады. Бұлай өткінші, дүниелік саяси мүдделер үшін діндарлардың иманын пайдаланып, олардың өте қасиетті сезімдерін пенде көңілдеріне ойыншық ету ақиретке иман келтірген әрбір саясаткер үшін лайықты іс емес.

Мемлекеттердің арасында орын алып жатқан осындай мүдделердің арбасуынан басқа діндер мен мәдениеттердің, және идеялардың да арасында да тайталас жүріп жатыр. Кейбір тараптар мемлекеттердің  діндері мен олардың ұлттық ерекшеліктерін жоюға тырысып жатса, керісінше, дін үстемдігін орнатуға, және ұлттық сана сезімдерін нығайтуға ұмтылып жатқандар да бар. Осындай жағдайда , әсіресе, дін мен ұлт мәселелерінде іргелерін қымтай алмаған кейбір мемлекеттердің осындай тараптардың мүдделері айрықша түйіскен нүктелерге айналып, қақтығыстар ошағына айналу қауіпі зор. Діни тұрғыдан , тіпті отбасы деңгейіне дейін жік салып жатқан мұндай тараптар қажет болса ел азаматтарын қантөгіске итермелеуден тайынбайды. Өйткені, олар өз мақсаттарына қол жеткізу үшін қомақты қаржыларын шығарып, көп күш - жігерлерін де жұмсауда. Сондықтан да олар міндетті түрде шығарған шығындары мен жұмсаған күш - жігерлерінің қайтарымы болғанын қалайды. Сол үшін де олар бар мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысады. Және ештеңеден де аянып қалмайды. Олардың кейбіреулері үшін «пұл болмайтын нәрсенің күл болып» кеткені жақсы.

Жағдайдың бұлай ушығуы мұндай тараптардың додасына түсетін ел үшін мүлде тиімсіз екені анық. Өйткені, халқы түрлі топтарға бөлініп , бірін - бірі аяқтан шалып, өзара қырылысып жатқан ел қанша жерден табиғи ресурстарға бай болса да, оның экономикасы күйзеліп, халқы тұрмыстың қайыршылық деңгейінен шыға алмай қалатын болады. Соның нәтижесінде осы елмен мүдделері қайшы келіп жүрген көптеген елдер ұтып, олар өз экономикаларын қарыштата дамытып, өз халқын тұрмыстың жоғары деңгейімен қамтамассыз етуге қол жеткізеді. Олар тіпті, өзара қырқысып, іштей бүлініп жатқан елді өз ықпалдарына түсіріп, оның байлығынан мол үлес алып қалуға да тырысатын  болады.

Қазіргі кезеңде небір ізгі мақсаттарды бетке ұстаған түрлі халықаралық ұйымдар мен қозғалыстар да әртүрлі бағыттардағы іріткі істермен жүйелі түрде айналысуда. Олар жекелеген мемлекеттердің ғана емес, тұтас қоғамдардың мүдделері үшін арнайы тапсырыспен жұмыс жасауда. Тиісті идеялық тұғыры жүйеленіп, қажетті қаржымен қамтамасыз етіліп, насихаталуы да жақсы жолға қойылған кез келген ұйымдар мен қозғалыстар, және діни топтар да халық арасынан міндетті түрде өз жақтастарын табатын болады. Ниет пен істің қайдан бастау алып жатқанын түсіне бермейтін кейбір белсенді жандар мақсаттың ізгілігіне шын сеніп ел үшін  зиянды, тіпті өте  қауіпті небір бастамаларды жүзеге асыруға құлшына кірісетін болады. Ал, осындай жігерлі жандардың шын көңілден шыққан ықыластары мен құлшыныстары баураған, белсенді түрде жүргізілген үгіт-насихатқа арбалған  көптеген жандар олардың қатарларына үсті - үстіне қосылып, мұндай іріткі шараның ауқымы кеңи беретін болады.

Осындай жолмен ел тұрғындарынан белгілі бір үлес алып, өз жақтастарын көбейтіп алған соң сыртқы күштер солар арқылы елдің дінін, мәдениетін, саясатын, тіпті қоғамдық құрылысын да өзгерту үшін батыл әрекеттерге кірісетін болады. Олардың дегеніне көніп, қалаған бағытына жүргісі келмеген жағдайда ел басшылығы сыртқы күштердің жетегімен жүретін ел азаматтарының елеулі қарсылығына ұшырап, зор қиындықтарға тап бола бастайды. Өйткені, олар ел басшылығының қызметтен кетуін талап етіп, қарсылықтың қатаң түрлеріне  жүгініп, саяси күрестің майданын қыздыратын болады. Соның салдарынан ел басшылығы өз елінің мүддесін тиісінше қорғай алмай, сыртқы күштердің ығына жығылып, солардың пайдасына қызмет етуге мәжбүр болады. Соның нәтижесінде елдің дамуы тежеліп, халықтың әл-ауқаты нашарлап,  өз басшыларын аяқтан шалып белсеніп жүрген ел азаматтары «сақал сұрап жүріп мүйізден айырылған» тоқал ешкінің кебін киетін болады.

Егер ел азаматтары өздерінің тұтастығын сақтай отырып, өз басшыларының айналасына тығыз топтасатын болса, онда сыртқы күштердің ел басшылығына қысым жасап, мемлекеттің ішкі де сыртқы істеріне араласу мүмкіндігі әлдеқайда шектеліп қалған болар еді. Мұндай жағдайда ел басшылығы да өз елінің мүддесін батылырақ қорғап, мемлекеттің экономикасын да, тәуелсіздігін де нығайта түсетін болады.

Кезінде Советтер Одағы деп аталған алып империяның бір бүйірінде бұйығы ғана тірлік кешіп, қамсыз жатқан қазақ жұрты тәуелсіздік алар - алмастан-ақ өз ықпалдарын таратушылардың қою тасқынының астында қалып қойды. Олардың бәрі де өздерінің ізгі ниетпен келгендеріне сендіруге тырысқанмен, көпшілігінің көкейлерінде өз елдері мен өз қоғамдарының ғана мүдделері тұрғаны анық еді. Оларды бұл елдің тағдыры, халқының қамы ешқандай да толғандырмайды десе де болады. Оларды толғандыратын ең басты нәрсе, ол өз елдері мен қоғамдарының болашағы, соларға келетін зияндар мен төнетін қауіптердің алдын алу. Және, тек солардың өркендеуі мен солардың ғана үстемдігін қамтамасыз ету. Шындығына келгенде , әрбір тиынына дейін есеппен жұмсайтын, пайдаларына жетік шетелдік ұйымдар мен үкіметтердің біздің елімізді күшейтіп, көркейту үшін ғана қомақты қаржыларын жұмсап жатыр дегенге сену қиын. Амал не, соған шын сенетін аңқау қандастарымызда көп болып тұр.

Шетелдіктер арасында ел іргесін бекітіп, ұлтымызды ұйыстыратын төл мазхабымыз бен төл мәдениетімізді  өркендетуге жәрдем етіп, осы бағытта нақты істер атқарған  жандардың да бар екенін жоққа шығаруға болмас. Бірақ, ондай тілекшілеріміздің көп болғанын тілегеннен басқа амал жоқ. Керісінше, өз жоспарларын іске асыруға қажетті үлкен топ жасақтап алуға асығып, бір - бірімен жарыса қимылдап, жанталаса әрекет жасап жатқан небір «қамқоршылардан» аяқ алып жүре алмайсың. Осындай жағдайда біртұтас ұлт болып ұйысып,  ел мүддесін қорғап жүрген өз басшыларымыздың айналасына тығыз топтасу біз үшін талапайға түсіп өркениет көшінен қалып қоймаудың басты бір кепілі болып табылады.

Өткен замандарда тайпалар мен руларға бөлініп, кең даласын еркін жайлап, көшіп - қонып жүрген ата - бабларымыз қанша рет осынау жікшілдіктің құрбаны болып, сан соғып, қан жылады. Енді, міне, егемен ел болып, еңсемізді тіктеп, өскелең ұлтқа айналып келе жатқанымызда тағы да қапыда қалудан бізді Алла Тағаланың Өзі сақтасын!

Егер әрбір жылы сөйлеп, «жол»  нұсқаған жандарға еріп қырыққа бөлініп, соның салдарынан қырық пышақ болып қырқысып отырсақ, онда одан кімге пайда да, кімге зиян? Алла сақтасын! Егер алауыздықтың кесірінен өзара қақтығысып қалсақ, онда күйік шалып күйзелген жерімізде, күл үстінде күңіреніп өзіміз ғана отыратын боламыз. Ал, ақыл айтқыш, жол нұсқағыш «бауырларымыз» болса өз елдерінде, жайлы орындарында бізді сырттай бақылап отырып- ақ басымызға ноқта сала бастайды. Осының бәрін түсіну үшін осының бәрін бастан кешу міндет пе? Ақылды адам өзінің емес, өзгелердің қателіктерінен сабақ алады.

«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» -деген мақалда өзара алауыздықтың кесірінен ғасырлар бойына өзгелерге есесі кетіп келе жатқан ата - бабаларымыздың іштегі күйініші мен көкейдегі арманы көрініс тапқан. Қашанға дейін осылай күйініп, қашанға дейін осылай армандай береміз? Бізде де даналық, бізде де қабілет бар екенін дәлелдеп, өзіміз де өзгелерге үлгі болатын кез келген жоқ па? Біз болсақ «кім ақыл айтып, жөн үйретер екен?»-деп әркімге бір жалтақтап, көрінгеннің көлеңкесінде көрінбей жүре бергіміз келеді.

Егер біз сеніп жүрген сол қамқоршыларымыз өздеріне пайдалы жолдарды нұсқап, дінді де өз мүдделері үшін пайдаланбайтын болса еді..., бірақ олар үшін өз пайдалары мен өз мүдделері бәрінен де жоғары. Сондықтан да бізге өз жөнімізді өзіміз іздеп, өз қамымымызды өзіміз қамдамасақ болмайды. Сырттан қамқор біреулер келіп жоғымызды түгендеп, қолымызды жылы суға малып қояды деп сенетін аңқаулықтан арылатын кез жетті.

Біз қазір мұсылман қазақ болайық, немесе серік қосушы мүшірік, не  болмаса жаратушыға сенбейтін дінсіз, тіпті, мейлі Аллаға қарсы шыққан қыңыр қазақ та болайық. Және христиан, кришнайт, буддист тәрізді өзге де қазақ болайық, бірақ, қайсымыз кім болғанда да бәрімізге ортақ ұлттық мүдде деген бар емес пе? Ел біздікі, жер де біздікі. Бізде басқа ел де жоқ, көсіле жайлар жер де жоқ. Біздің өзіміз үшін де, болашақ ұрпағымыз үшін де бұл ыстық ұя, құтты мекен. Олай болса, еліміздің амандығы, жеріміздің тұтастығы, тәуелсіздігіміз ең әуелі біздің өзіміз үшін қажет емес пе? Біз, мейлі, бір- бірімізді жақтырмайық, тіптібір -бірімізді өлердей жек көрейік, бірақ, кең жерімізге сиысып, сыртқа сыр алдырмай, әрқайсымыздың да ел игілігі үшін тырысқанымыз жөн емес пе? Мүмкін, біз қату болсақ та ұрпағымыз тату болар, біз ала болсақ та олар бізден асып дана болар, тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, бір сәттік бықсықтарымызбен болашағымызды тұншықтырудың қажеті қанша?

Біздің әрқайсымыздың да өмірге деген өз көзқарасымыз бен таңдаған түрлі жолдарымыз бар. Және, шындықты іздеуге бәріміздің де тең мүмкіндігіміз бар. Және, ақиқатқа жүгінуге де өз еркіміз өзімізде. Мұндай жағдайда күшке жүгіну ақылдылықты көрсетпейді.

Сен оларды зорлаушы емессің, кім азаптан қорықса Құранмен үгіт бер.

Құран Кәрім 50:45.

Бұл аятта Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қандай да болмасын зорлық әрекеттерден тартынып, тек Алланың азабын ескерте отырып қана адамдарды дінге шақыру нұсқау етілген. Бұл Алланың аяты, және содан туындайтын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Қазір елімізде өзге діндерді ұстанушылармен қатар мұсылман қауымына да өз дінін насихаттап, бейбіт түрде дін таратуға мол мүмкіндік берілген. Мұндай жағдайда күшке жүгіну шектен шығушылық болып табылады.

 

Кім Алланың шектерінен шықса, расында ол өзіне қастық қылған болады.

Құран Кәрім 65:1.

Елімізді , халқымызды қандай үлкен істер, алынбаған биіктер күтіп тұр. Ал, елімізге Алла Тағаланың нығметін әкелуге тиісті мұсылман бауырларымыз болса өз алдарына топ құрып алып «сендердің ақидаларың дұрыс емес, сендер сүннетпен жүрмейсіңдер, сендер бидғатшысыңдар» дейтін қозғала-қозғала әбден жауыр болған «өнбес дауды» өлердей қуып «өспейтін елдің» кебін киюдің әрекетін жасауда. Өздеріне де абырой бермейтін, елге де түк пайдасы жоқ осы бір күйкі талас- тартысқа бастарын тығып алып, бар қабілет -қажырлары мен күш- жігерлерін соған жұмсап босқа сарқылуда. «Досқа күлкі, дұшпанға таба болу» деген осы да. Осы бір лайықсыз тірлікке биіктен қарап, мұсылман деген асқақ атақты абыроймен алып жүрер елін сүйген ер- азаматтар қайда?

Сол бір заманды ойлаңдар. Сендер аз едіңдер де жер бетінде езілген едіңдер. Сонда сендер адамдардың бас салып алып кетуінен қорқар едіңдер.

Құран Кәрім 8:26.

Өткен ғасырды есімізге алып көрейік. Біз де жоғарыдағы аятта айтылғандай өз жерімізде азшылық болып, екінші, тіпті, үшінші сортты ұлт болып та өмір сүрмедік пе? Өз қамымызды өзіміз ойлай алмай, өзімізге тиесіліні де сұрай алмай, сол үшін талай рет қан жоса болып қырылып та қалмадық па? Арқа сүйер ерлеріміз жаппай қамалған, түрмелер мен айдауда шіріп, із -түзсіз жоғалған кездер де басымыздан өтпеді ме?

...және Алла сендерді орналастырып, Өз көмегімен қуаттады. Сондай- ақ сендерді жақсы нәрселермен қоректендірді. Әрине, шүкір етерсіңдер деп.

Құран Кәрім 8:26.

Сондай зобалаңдардан кейін құт ұялаған қазыналы жерімізге өзімізді ие қылып, қауіпсіздігімізді де қамтамассыз еткен, абыройымызды асырып, жақсы нәрселермен қажетімізше ризықтандырып  та отырған Раббымыз Аллаға енді қалай шүкірлік етпейміз. Алла Тағаланың Өзі бізге осыншама кеңшілік етіп, жағдайымызды түзеп келе жатқанда Отанымыздан бастап ошағымызға дейін өз қолымызбен ойран етсек мұнымыз естілік болар ма?

Расында Алла адамдарға еш зұлымдық қылмайды. Бірақ, адамдар өздеріне -өздері зұлымдық қылады.

Құран Кәрім 10:44.

Болған үстіне болса екен деп құнығып, тоқшылық пен тыныштықты көтере алмай бүлік іздеп ұрынып өзімізге -өзіміз зұлымдық етсек бізге кешірім бола ма?

Раббым орындарыңа басқа ел әкелсе, сендер Оған ешбір зиян келтіре алмайсыңдар.

Құран Кәрім 11:57.

Тарихта қырғынға ұшырап тоз- тоз болып босып кеткен, өзгенің езгісіне түсіп өз жерінде отырып та аты өшіп кеткен халықтар аз болған жоқ. Өзіміз де талай рет солардың кебін кие жаздап барып , шаққа аман қалып отырдық. Егер Алланың бізге деген осыншама кеңшілігін бағалай алмайтын болсақ, әлі де бір өзге халықтардың  орнымызды басуы әбден мүмкін.

Сондықтан да Алланың нығметтерін еске алыңдар да жер бетінде бүліншілік қылып жүрмеңдер.

Құран Кәрім 7:74.

Әрбір иман келтірген азамат Алла Тағала өзіне сеніп тапсырған отбасының, туыстарының, халқының, және елінің тағдырына жауапсыз қарауға тиісті емес. Оның міндеті оларды қажетсіз қантөгістерге, күйзелістерге ұрындырмай, бейбіт тұрмыс -тіршілікпен қамтамассыз ету. Олардың әл ауқатын жақсартып, алаңсыз құлшылықтарын атқаруларына жағдай жасау. Сол арқылы дінімізді қалыпты жағдайда бейбіт түрде өркендетуге жол ашу.

Қандай болмасын қақтығыс, қантөгістер елдің экономикасын әлсіретіп, халықтың әл- ауқатын нашарлататын болады. Ал, біздің жағдайымызда тұрмысымыз неғұрлым нашарлаған сайын халқымыз үшін күнкөріс қамы басты мәселесеге айналып, онсыз да әдетке енбеген дін, құлшылық мәселелері назардан тыс қала бастайды. Сананы дін емес тұрмыс билеп, табыс табудың оңай да харам жолдарын көптеп ұсынатын қылмыстық құрылымдар күш алып кетеді де, елдің еңсесін көтертпей билеп -төстеп, дініміздің де тынысын тарылтатын болады.

Ал, егер ел басына түсетін осындай ауыртпалыққа мұсылман жамағаты бірден -бір себепші болса, онда дініміз бар абыройынан айырылып, оған жан -жақты қысым күшейе бастайды. Соның нәтижесінде дінге бет бұрып жүрген көптеген адамдардың ықыластары қайтып, имандары бекіп үлгермеген көптеген намазхандар құлшылықтарын тастайтын болады. Осылайша біз енді ғана көктеп келе жатқан, әлі де көп күтімді қажет ететін дініміздің жас өскінін мүлде солдырып алатын боламыз. Мұндай жағдайда батыстың іріткі ықпалы елімізге өз үстемдігін толық орнатып, сол жақтарға тән небір қылмыстар мен азғындықтар заңдастырылып, қоғамымыз жайлап іріп- шіри бастайды. Және, осындай тозақы тірлік біздің өзімізді де, ұрпағымызды да өз құрдымына тартып, біз сөзсіз зиянда қалатын боламыз.

Істің осылай өріс алмауы үшін де еліміздің мұсылман қауымы жамағатты жіктеу арқылы болашақ қақтығыстар мен қантөгістерге алғышарттар жасап жатқан фитнашылар мен түрлі арандатушылардан бой тартуға тиісті. Олар ұйымшылдық таныта отырып, мемлекетіміздің қалыпты, бейбіт жағдайда өркендеп, бай да қуатты мемлекет болуына өздерінің қомақты үлестерін қосулары қажет. Дінімізге оң көзқарас қалыптасқан өз еліміздің дамыған іргелі мемлекет болғаны дініміздің де игілігіне қызмет ететінін түсінуіміз қажет.

Өзінің ұлты ұстанып жүрген, және мемлекеті тарапынан да қамқорлыққа алынған діннен туралық табуы діндар үшін үлкен бақыт. Мұны таңдаған діни сенімі үшін өз ұлты тарапынан да, мемлекеті тарапынан да қысым көріп жан қажытар мазасыздықта жүрген кейбір жандар жақсы түсінеді. Осы тұрғыдан алғанда біз кейбір ұлттардың өкілдеріне қарағанда өте ұтымды жағдайда тұрмыз. Себебі, біз Алла Тағаланың мәрхаматымен дін мәселесінде таңдау жасау қиындығынан құтылдық. Қазақ халқы Ислам дінін ұстанатындықтан да біздің әрқайсымыз туғаннан мұсылман санатына енеміз. Және, ақылмен талданып, сақтықпен сарапталған, Құран мен сүннетке негізделген байсалды да терең ойлы мазхабтардың бірін жол етіп ұстанамыз. Сол себепті де бізге өз ұлтымыздан бөліну қажеттілігі туындап отырған жоқ. Және, Ислам діні мен оның Ханафи мазхабы еліміздегі мемлекет тарапынан басымдық берілген негізгі дін мен мазхаб болып табылатындықтан біздің осы дін мен мазхабты ұстануымыз мемлекетіміздің де мүддесіне толық жауап береді.

Осындай хақ дін Ислам мен оның Ханафи тәрізді бір мазхабын ұстана отырып діннен де туралық табуымыз, әрі мемлекетімізбен де үйлестікте болуымыз Алла Тағаланың бізге жасаған зор кеңшілігі болып табылады. Енді Раббымыздың осындай кеңшілігінен өз еркімізбен бас тартып,  дін таңдау мәселесін қайта тудырып, өзара дауды қолдан қоздыру біз үшін соншалықты қажет пе?

Егер көп ұлттар мекен еткен, оның үстіне қандастарымыз арасында да түрлі  жіктер жетерлік біздің елімізде ұшқарылыққа бейім қатқыл топтар күш алып кетсе, онда қайғыдан көз ашпай, қасіреттен ес жимай қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені, мұндай топтардың мүшелері ақылға салғаннан көрі күшке салғанды оңайырақ көріп, бәрін де «сындырып», бәрін де қиратып тастауға бейім тұрады. Өйткені, мұндай топтардың ұстанымдарында күшке басымдық беріліп, олардың мүшелері осы бағытта психологиялық өңдеуден өткізілетіні ешкімге де жасырын емес.

Оларды өз жанымыздан әр нәрсенің өнімдері несібе түрінде шоғырланатын қастерлі де бейбіт бір жерге (Меккеге) орналастырмадық па? бірақ, олардың көбі түсінбейді.

Құран Кәрім 28:57.

Біз осы аятта айтылғандай бейбіт болуына Алла Тағала тарапынан кепілдік берілген Мекке тәрізі қастерлі қаласы бар, сондықтан да белгілі бір мерзімге дейін соғыстар мен апаттардан, және ашаршылықтан аман болатын ел тәрізді ерекше ел емеспіз. Ол жерде тіпті, мүшіріктер үстемдік етіп қасиетті Қағбаны өздерінің ағаш пұттарымен қоршап қойған кездерде де Алла Тағала ол жерді бейбітшілікпен, молшылықпен қамтамассыз етуін тоқтатпаған. Ал, біздің арқамызды кеңге салатындай ондай кепілдігіміз жоқ. Сондықтан да бізге сақтық шараларын мейлінше ойластырып, бейбітшілігіміз бен молшылығымызды өзіміз қамтамассыз етуге барынша тырысуымыз қажет. Өйткені, біздің асты -үсті қазынаға тұнған ұлан -ғайыр жеріміз бен шашырай қонған қырық құрау бес түйір жұртымыз бар. Және де осының бәрін бағамдап, аңысын аңдып, іштен тынып отырған сырт көздеріміз де жетерлік. Осындай жағдайда Алла Тағаланың кеңшілік етіп қондырған бақ құсын бағалай алмай абайсызда ұшырып алсақ , онда оның енді қайтып қолымызға қонуы екіталай. Ендеше, кең пішілген жерімізде кең пейілмен кең тыныстап жүрген бізге кең толғамды Ханафи мазхабы Алла Тағаланың бізге нәсіп еткен нығметі екенін неге мойындамасқа?

«Елу жылда ел жаңа» - дейді халқымыз. Біз болсақ жетпіс жыл дінсіздіктің езгісінде болып мұсылмандығымыздан да айырылып қала жаздадық. Енді міне, хақ дінімізді қайта танып, иманымызды қайта тазартып жатқан кезімізде мазхаб ісінде де белгілі бір кемшіліктер мен түсінбестіктердің орын алып жатуы заңды. «Көш жүре келе түзеледі» - дегендей олқы тұстарымызды өз уақытымен қолға алып, бәрін де рет -ретімен жөнге келтіретін боламыз. Ендеше, алаңсыз ілім игеріп, байыппен түзелуге мүмкіндік беріп отырған Раббымыз Аллаға шүкірлік етейік те, шектен тыс асығып, орынсыз өрепкімейік.

Осындай танымда да , құлшылықта да толық қанағат алуға мүмкіндік беретін жан - жақты жүйеленген төл мазхабымыз бола тұра кейбір топтар жоспарлап жүргендей діни төңкеріс жасап «сау басымызға сақина тілеудің» біз үшін ешқандай да қажеті жоқ. Онсыз да қат- қабат қиындықтарды шешу жолында тер төгіп, онсыз да сан  алуан жіктерге бөлініп, ауызбіршілікті сақтау қажет болып тұрған кезде дін мәселесіндегі теке-тірес халқымыз үшін өте ауыр тиетін болады. Сондықтан да басқа қандай мәселелер жөнінде болса да келісе алмай жүрген қазақтың азаматтары осы дін мәселесінде ауызбіршілік танытуға тиісті.

Өкінішке орай, осындай өтпелі кезеңде өз халқын өзекке теуіп, оны өзгелерге қосыла тұқыртып жүрген кейбір қандастарымызды да көріп жүрміз. Өзге өзгелігін істеді делік, ал, қайғыда да, қуанышта да өз халқымен бірге болуға тиісті өз туғандарымызға не «жорық»? Әрине, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды»  - дегендей кімге болса да жаңылып, жаза баспай жүру қиын. Тек сондай ер - азаматтарымыз өз қателіктерінің құлы болып ел - жұртын құрбандыққа шалып жібермесе болғаны. Мұндай парасат, әсіресе тереңнен ойлап жол бастай алатын, топ жинап қол бастай алатын қажырлы азаматтарымыздың бойларынан табылып жатса, онда бізді қандай дау, қандай жау алмақ?

«Мың өліп мың тірілген халқымыз» Алланың қалауымен бұл қиындықты да артқа тастар. Сол кездерде осындай елең-алаң уақытта өз халқымен бірге болған азаматтарымыздың еңселері биік, жүздері жарқын болары хақ!

Адамның бір қалыптасып, әбден бекіп, тамырын тереңге жіберіп үлгерген діни көзқарасын кейін қайта өзгерту оңайға соқпайды. Сондықтан да елімізде дініміздің дамуын бетімен жібермей, оны мемлекет тарапынан жіті қадағалап, оның шешімін күткен мәселелерін кешіктірмей қолға алып, оған қажетті бағытта барынша қолдау жасап отыру қажет.

Біз зайырлы, демократиялық ел ретінде діндерге есігімізді айқара ашып, олардың таралуына да қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Бұл біздің әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алуымызға мүмкіндік беретін қажетті қадамдардың бірі екені даусыз. Мұндай жағдайда еліміздегі діни бостандықты ресми мазхабты өркендетумен ұштастырып отырсақ, бұл біз үшін «қасқырды да тоқ қылып, қойды да аман сақтайтын» оңтайлы шешім болар еді. Егер бар мүмкіндігін толық ашып, және насихатталуын да дұрыстап қолға алсақ біздің мазхабымыз бәсекелестік тұрғысынан алғанда өз есесін ешкімге де жібере қоймайтын зор әлеуетке ие.

Егер біз Исламның бел алып кетуінен қауіптеніп, сол себепті де мазхабымызды нығайтуға немқұрайлылық танытатын болсақ, тіпті белгілі бір кедергілер қойып оның дамуын тежеуге де тырысатын болсақ, онда мұнымыз зор ағаттық болар еді. Өйткені, халқымыздың дінге деген рухани сұранысы айтарлықтай жоғары. Сондықтан да олар біз қаласақ та, қаламасақ та өздеріне жол тауып өз сұраныстарын қанағаттандыруға ұмтылуда. Және оларға осы бағытта өз жәрдемін ұсынушылар да жетерлік. Сол себепті де біз қазіргі кезеңде шешімі қиын зор мәселеге айналып бара жатқан жікшілдік мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз.

Өзіміз дінге көп мән бермесек, өзгелер де солай деп ойлап бейқамдыққа салыну біз үшін үлкен аңғырттық болып табылады. Шындығына келгенде өзіміз игеруге асықпай жүрген рухани кеңістігімізді өзгелер басып қалуға тырысып, жанталасуда. Олар бар мүмкіндікті мейлінше пайдаланып, қаржыларын да аямай шашып жатыр. Сондықтан да олар өз істерінің нәтижесін  көруде. Мұндай жағдайда өз елімізде, төл мазхабымызды өркендетуге тырысып, ел игілігі үшін іс жасап жатқан Діни Басқармамыз бен діни ұйымдарымызға мемлекет тарапынан тиісінше қаржы бөлініп тұрғаны дұрыс болар еді. Мұнсыз дін ілімін терең зеріттеп, ізденістерді қажетті бағыттарда өрістету, және сол негізде насихат ісін жолға қойып, халықтың діни сауатын көтеру қиынға соғады. Осындай қолдың қысқалығының  салдарынан да мазхабымызды тану, және оны насихаттау кемшін болып, қалталары қалың өзгелер алдымызды орап кетуде.

Егер біз осы дін мәселесінде ұтылатын болсақ, онда мол қаржы салып жатқан басқа салаларымыздың игіліктерін көре алмай қалуымыз да әбден мүмкін. Сондықтан да бізге осы кезден бастап дінімізге көбірек көңіл бөліп, оған дұрыс бағыт беріп, оны бір арнаға салып жіберуіміз қажет. Сонда біз осы күштің арынымен алға қарыштай басып, ешкімге де дес бермей кететін боламыз. Өйткені, діні берік елдің ісі де берекелі, қауіпсіздігі де мығым болатыны сөзсіз!

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5708