Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 9300 15 пікір 11 Тамыз, 2017 сағат 11:10

Пешене

Соңы. Басы мына сілтемеде.

Ендігі сөз: «Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса,  біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді – бұлар неліктен?» дейді Абай 28-қарасөзінде.    Оқушым,  ұлы Абай қойған осы сауалға сіз де жауап беріп көріңізші! Мұсылманның берер  жауабын алдын-ала пайымдаған хаким: «Сіздер айтасыздар:  Құдай тағаланың жаратуынан яки бұйрығынша болған іс деп...» дейді. Сіз де дәл осылай «адам өмірге келмес бұрын өмірі  алдын-ала пешенесіне жазылып қояды, оны өзгерте алмайсың»,  барлығы «құдайдан келген жарлықты қылып жүр»,-деп ойлайсыз ба?

Мұсылманның жауабына орай Абай би дейді: "Кім жақсылық, кім жамандық қылса-дағы Құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен дейміз бе?!», «бәрі Құдай тағаланың жаратуынан яки артығынша болып жатқан іс пе?!» /28-ші сөз/. Егер де сіздің  көзқарасыңыз Абай келтірген әлгі мұсылманның жауабымен пара-пар келсе,   ғұмырдың мән-мағынасы не болмақ?! Егер тап солай «болашағымның жарқын болғанын қалаймын, бірақ, болашаққа кім барып келіпті», «пешенемізге не жазылды, соны көреміз-де», «мақсат бар, оның орындалуы сол кезде өмірімде орын алатын әр түрлі жақсы-жаманды жағдайларға байланысты» деп ойласаңыз,  ондай қасаң қағида, жалған стереотиптен арылыңыз да, ойыңызды, көзқарасыңызды түзу бағытта тез өзгертіңіз. Асыл дінімізде,  Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерінде және ислам  ғұламаларының  еңбектері мен  орта ғасырлық әдеби жәдігерлерде, әлемде  әр адамның өзіне жауапкершілік алу керектігі жайында ойлар кеңінен сөз болады.   Қасиетті Құран Кәрімнің Рағыд сүресінің 11-аятында "...Расында бір қауым /немесе бір адам/ өзін өзгертпейінше, Алла оны /істерін, келешегін/ өзгертпейді» делінген. Сондықтан  өзіңізді өзгертуге дайын болмасаңыз, сізді ешкім де ешқашан өзгерте алмайды. Гиппократ осылай дейді. Ең бастысы, адамның біржар аптаға не айға ғана емес, іштей түбегейлі өзгеруі қажет. Ішкі адал ниетпен тура жолға осылай ден қойғанда ғана, аятта айтылғандай,  алдыңғы күндері алдымыздан жүйткіп келе жатқан жаманшылық біздің түбегейлі шын өзгергенімізге сәйкес  өзінің траекториясын өзгертіп, жанымыздан өте шығуы мүмкін.

Жүрек сәулесін ашқан әр пендеге Алланың әр күні, әр сағаты, әр минуты, әр сәті бағалы ғой. "Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас, Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек",-дейді  Абай. Біз үшін бағасы жоқ бір минутта ұлы өзгерістер болуы мүмкін. Алыстан іздемей-ақ ойласаңыз, бір минутта Құдайдың құдіретімен неше мәрте дем аласыз, неше мәрте жүрегіңіз соғады?!. Ал сол әр демімізді бізге жеткізетіндер аспан әлемінің уақытымен өлшегенде қаншама жыл жүретінін білдіңіз бе?! Бұл туралы  ойландыңыз ба?! Көңіл көкжиегі кең құлашты ақын  Шәкәрімнің "Толымдының ісі - толық" "Жаралыс жұмбағының ісі – өлшеусіз" дегені осы болар.   Енді тек адам ретіндегі ұлы мақсатыңыз жайында батыр ойланып, үлкен жүрекпен сезініп көріңізші. Сонан соң ғана Абайдың 20-қарасөзінде айтылғандай: "Соншалық ғұмырдың баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын" білесіз, мақсатыңызды іске асыру үшін  уақыт деген өлшеу салғандығын түсінесіз, оны барынша дұрыс пайдаланып,  бүгінмен өмір сүруге ұмтыласыз.

Алла адамды ырзық-несібесімен бірге жаратқан. "Ырзық-несібеммен бірге жаратты, тәйірі, одан артығы бар ма?" деп  "кеселді жалқау, қылжақбас, сыртың пысық, ішің нас" /Абай, алтыншы қарасөз/ болып надандықпен ойлама. Аятта айтылғандай, сол ырзық-несібені күтіп алу үшін адамға Алла тағала "еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты орнын тауып сарп қыларды білерлік ғылым берді. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді..." /Абайдың оныншы қарасөзі/ Бұл турасында Пайғамбарымыздан жеткен бір хадисте де: "Адам Ата мен Хауа ананың ұрпағы, сенде саған жеткіліктінің бәрі бар. Бірақ, сен тойымсыздықпен өзіңді кері амалға бастайтын нәрселерді тілейсің" делінген. Құдай берген сансыз нығметті пайдаланамын десең пайда бермей ме?! Оның үшін біз пайдалана алмадық, онан соң пайда бермейді-де.  Құдай бәрін берді, дұрыс қабыл алмай, орынды пайдалана алмай отырған біздің өзіміз. Жазушы Дулат Исабековше айтсақ, «сөйтіп, жер бетіндегі тамаша өмірдің сәні мен мәнін өзі-міз бұзып, өзі-міз бұрмалап, «бұл өмір опасыз, бұл өмір ит өмір» деп ант ұра-мыз, күйінеміз бірақ бұл неге бұлай болды, осының бәріне кінәлі өзіміз-ау деп ешқашан өз-імізді кінәламай-мыз...» .  Бұл турасында  Шәкәрім  «Дүние мен өмір» атты өлеңінде:

«... Мен де соққы жедім,-деп,- сұм дүниеден,

Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.

Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы,

Болыпты не біреуден, не өзімнен...» - дейді. Ары қарай:

Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,

Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,

Әлбетте, бұл – тағдырға наразылық,

Түбі Аллаға қарсылық, ондайға ерме...

...Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,

Дүние – алдамшы, өмір – қу деп елерме.

Қамдан, сақтан, қағып бақ, бәле келсе,

Бәрін құдай қылады дегенге ерме...

немесе

Дүние – алдамшы, өмір – қу есерлерге,

Есерлікпен жолығар кеселдерге.

Ол екеуі мінді емес, мін өзіңде,

Сөзің бөлек өзгеден десеңдер де, - деп өзге үшін емес, әуелі, өзің үшін жауапкершілік алып, қайғы не қуаныш, жақсылық не жаманшылық көрсең-дағы өзіңнің таңдауың  екендігін, дүниені «алдамшы», «қу» деу бекершілік, түбі мейірімі шексіз Жаратушы «түпсіз иеге» қарсылық екендігін айтады.

«... Қандай болсақ та біздің өзімізден. Біздің тәніміз – бақша, тілегіміз – бағбан. Сол бақшаға тікен егеміз бе, жем жапырақ немесе хош иісті шөп егеміз бе, бірін ғана егіп немесе  көбін егеміз бе, жалқаулықпен өнімсіз етеміз бе, бейіш салып көркейтеміз бе, бәрін де өзі әмірші  әрі түзеуші де – жалғыз біздің өз еркіміз..."  Егер У.Шекспир адамның өмірі өзінің таңдауына байланысты екенін білмесе, кейіпкерін осылай сөйлетер ме еді?!.  Заманынан озып туған артық тұлға, хикмет иесі Абай атамыз да «Жиырма сегізінші қарасөзін» сондықтан да һәммасын жаратқан Құдай, бірақ, қылдырған Құдай емес,  яғни, ақыл иесі адамның таңдауынан болады. Егер осы сөзіме «нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ» - деп түйеді.

Сонау ХІХ ғасырда білім, ғылымнан жырақ қазақтың кең сахарасында ғұмыр кешсе де, адамзаттың мақтанышына айналған ұлы ақынның   «түбі терең» философиялық ойлары,  хикмет сөздері арғы-бергі тарихымыздағы артына «өшпес із, өлмес мұра» қалдырған және әлемдік әдебиеттің  ұлы өкілдерінің салиқалы ойларымен, ең бастысы, Алланың сөзі жазылған Қасиетті Құран Кәрімнің сөздерімен сабақтасып жатуы оның ұланғайыр ұлылығын тағы да паш ете түседі.  Туған халқымен рухы мәңгі жасайтындығын айғақтай түседі. Кемеңгер ақын:

«Кім білер, кез болса арттағылар,

Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.

Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,

«Рас-ау» деп мағынасын ол да ұғар»,-деп «алдыңғы атар таңдағы» «көкірегі сезімді, тілі орамды», сөздің «қисық, қыңыр қырын көрмей», түзу келетін, сыртын емес, сырын тануға ұмтылатын «көңілінің көзі ашық»  мына, біз, жастарға  үлкен үміт артпап па еді?!  Ендеше үміт еткен көзінің нұры – жастар жаһандану заманында жеті түнде жол көрсетер темірқазығымыздың асыл сөздерін ту етіп, халқымыздың өткендегі ұмытылмас ерліктерге, шежіреге толы ғажап тарихын, төл мәдениетін ұмытпай, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді, ділімізді жоғалтпай, еліміздің жарқын болашағы үшін, Мәңгілік ел идеясын жүзеге асырып, өркениет көшін бастаған елдер қатарына ену үшін   аянбай тер төгейік дегім келеді.

Шахинұр Сәдуақас

Abai.kz

 

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051