Жоғары балл жинаған талапкерлер жолда қала бере ме? Елбасыға Ашық хат
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Егемен еліміздің құқықтық іргетасы – Конституция күніне орай Өзіңізге жолдап отырған шынайы құттықтауымызды қабыл алыңыз!
Ата Заңымыз әлеуметтік тегіне, табына, жасына қарамай республика азаматтарының барлығына тең құқық береді. Дегенмен, осы конституциялық құқықтардың бұзылатын тұстары да бар. Бір топ ата-ананың Сізге ұсынылып отырған хатындағы ащы ақиқатқа көңіл бөліп, Елбасымыз сенген еліміздің ертеңі – жастардың орынды талап-тілегінің әділ шешімін табуына ықпал етуіңізді өтінеміз.
Республикалық «Қазақ үні» газеті редакциясы
Қазақстан
Республикасының
Президенті
Н.Ә.Назарбаевқа
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Әр азаматтың құқын қорғайтын Конституция күні өзіңізге ашық хат жолдауға мәжбүр болып отырмыз.
Үстіміздегі жылы мемлекеттік білім гранттарын бөлуде жаңсақтықтарға жол беріліп, бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікір бой көтерді. Осыдан кейін Білім және ғылым министрлігі тарапынан дереу түзету енгізілді. Дегенмен, 5В042100 «Дизайн» мамандығы бойынша баспасөзде жарияланған екі тізімдегі үміткерлер саны түрлі сауалдармен қатар күмән мен күдік те туғызып отыр.
«Дизайн» мамандығы бойынша 10-тамыз күнгі тізімде грант иеленген 16 талапкердің аты-жөні берілсе, ал 14-тамыздағы тізімде 30 талапкер көрсетілген. Сонда грант саны аяқ астынан қалай көбейіп кеткен? Екінші тізімде біріншідегі 16 үміткердің 7-і алынып тасталынып, жаңадан 21 талапкер қосылған. Жоғары нәтижелері бар 21 талапкер қандай негізде, қайдан алынған? Өйткені, Ереже бойынша, 7 тамыз бен 13 тамыз аралығында бұл мамандық бойынша талапкерлер міндетті түрде шығармашылық емтиханнан өтіп, олардың нәтижелері бірден интернет арқылы министрлікке жіберіледі.
Сонда жоғарыдағы жаңа қосылған талапкерлер қай жерде, қашан шығармашылық емтихан тапсырған? Өмірлік шындық көрсетіп келе жатқандай, ілуде біреуі болмаса, өнерге өте жақын талапкерлердің ҰБТ-дағы көрсеткіштері аса жоғары бола бермейді. Мұны біз олардың нақты пәндерден гөрі шығармашылық ізденістерге көбірек ден қоятындығынан деп түсінеміз.
Ата-аналарды да, ұстаздарды да, талапкерлерді де таң қалдырғаны-осы екі тізімде де ТМД-да екінші, Қазақстанда көш басында тұрған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге құжат тапсырып, шығармашылық емтихандардан жоғары нәтиже көрсеткен бірде-бір түлектің болмауы. Мысалы,
Гурленбаева Динара Нысанғалиқызы – 118 балл,
Нұржанова Сабина – 117 балл,
Машекова Айым – 117 балл,
Жарылқасын Қаныш – 116 балл
жинаған еді.
Осындай өнерлі жастарға мемлекет тарапынан бірде бір білім грантының бөлінбеуі қолдан жасалған қиянат деп түсінеміз.
Қарап отырсақ, «Дизайн» мамандығы бойынша 12 грант Л. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетіне, 5 грант М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне, 3 грант Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне, 2 грант А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ–түрік университетіне, 1 грант Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне, 1 грант М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне, 1 грант М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне, 1 грант Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетіне, 1 грант Алматы технологиялық университетіне, 1 грант І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне бөлініпті. Ең қызығы жоғарыдағы аталған оқу орындарына 118 баллмен 10 түлек өткен, қалған 20-сы – 119 және 120 балл. 120-дан жоғары көрсеткіш жоқ, сонда бұл бірыңғай үздік оқушылар дизайн мамандығына қай мектептерден келген? Ал, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тапсырып, жоғары балл жинаған талапкерлерге грант неге бөлінбеген?
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Жоғарыдағы мәселелерді анық-қанығын айқындауға, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне еліміз бойынша бір-ақ жерде даярланатын БАҚ дизайны мамандығына мемлекеттік грант бөлуге өз тарапыңыздан қамқорлық көрсетуіңізді сұраймыз.
Өзіңізге деген зор құрметпен,
Талапкерлердің ата-аналары:
Назарбаева Наталья,
Абдуллаев Адилжан,
Мардаева Қарагөз,
Молдашева Гүлмира,
Алдабергенов Бахтияр
және т.б.
Дереккөзі: qazaquni.kz