ҚАЙРАН, ҒАБАҢ!
Болат БОДАУБАЙ.
Жиырмасыншы ғасыр әдебиетіміз бен өнеріміз үшін алтын ғасыр болды дегенді айтқан кезде, сөз жоқ, осы салалардағы алдыңғы буын алыптар тобын алғысты сезіммен еске аламыз. Олар бүгін арамызда жоқ. Бірақ, солардың көзін көрген, мектебінен өткен, қайсыбірінің батасын алып, қайсыбірімен ұзақ жылдар бойына сырлас іні-дос болған, өрімтал жастығына қарамастан бозбала, жігіт шағының өзінде де нардың жүгін көтеруге талап қылып, алыптар тобындағы ағаларынан үлгі-өнеге алып қана қоймай, солар көтерген ауыр жүктің бір пұшпағын көтерісуге жан-тәнімен атсалысқан, өнердегі алыптар тобының ісін жалғастырып, күні бүгін ортамызда жүрген, сол алып ағалардың көзіндей, халқына сыйлаған қазынасы мен тындырған істерінің ауқымы жөнінен алғанда есімі сол тұлғалардың қатарында аталуға әбден лайықты бір адам бар. Ол – бүгінгі таңда жасы жетпістің жетеуінен асқан, халқымыздың шексіз сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген атақты композитор Еркеғали Рахмадиев ағамыз. Ол өзінің талантты шығармаларымен – операларымен, симфониялық күй, поэмаларымен, труба мен оркестрге, скрипка мен оркестрге жазған концерттерімен, басқа да туындыларымен қазақтың музыка өнерін жарқыратып әлем сахнасына шығаруға, өзге елдерге, дүние жүзіне танытуға құлшына атсалысып қана қоймай, әдебиеттегі, музыка саласындағы, өнердегі аттары бүгінде аңызға айналған Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Мұқан Төлебаев, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Шәкен Айманов сияқты талай асыл саңлақтарымызбен кезінде қоян-қолтық араласып өмір сүрген, соларға іні, дос бола білген, көкірегі алтын сандық сияқты, бүгінгі һәм келер ұрпақтар үшін інжу-маржандай сырларға толы, ұлтымыздың мақтаныш тұтар тұлғаларының бірі. Әдебиеттегі кезінде Бауыржан Момышұлының атағын алғаш әлемге танытқан Александр Бектің “Арпалыс” атты, одан беріде тағы да сол Баукең туралы жұрт қызығып оқитын роман тудырған Әзілхан Нұршайықов ағамыздың “Аңыз бен ақиқат” атты кітаптарының сұхбаттасу түріндегі үлгісімен Еркеғали Рахмадиев ағамыз жайлы “Тұлға” атты кітапты жазып бітіруге таядым. Оның алғашқы бөлімі “Жұлдыз” журналының биылғы екінші санында жарияланған еді. Сол кітаптың екінші бөлімінен Ғабаң туралы үзіндіні кезінде өзім қызмет атқарған, халқымыздың рухани өмірінің шежіресі іспетті болып кеткен “Егемен Қазақстан” арқылы көпшілікке ұсынуды жөн көрдім.
Автор.
Автор: Ераға! Ғабаңның әдебиетіміздегі орнын да, шығармаларының бағасын да әдебиет сыны әлдеқашан анықтап қойған ғой. Ол туралы оқулықтарымызда, әдебиет зерттеу саласындағы еңбектерде де аз айтылмаған. Менің сізден сұрайын дегенім Ғабаңның күнделікті өмірдегі пендешілік мінез-құлқы, нені ұнатып, нені ұнатпағаны, құмарлықтары. Ол кісімен ұзақ жылдар аралас-құралас болып жүргендегі өзіңіз байқаған, есіңізде қалған жайлар.
Еркеғали: “Құмарлықтары” дедің-ау, ә? Өзің ол кісінің қандай құмарлықтарын білесің?
Автор: Ол кісінің бильярдты өте шебер ойнағанын жазушылардың бәрі біледі. Картаны да Ғабаң кез келген адамдармен емес, тек белгілі бір адамдармен ғана ойнаған дейтін әңгімені естігенбіз. Ол кісінің аңға барғанды ұнататынын өткенде өзіңіз бір айтып бергенсіз.
Еркеғали: Ғабаңның үш түрлі құмарлығын дұрыс атадың. Сол төңіректе біраз нәрселерді айтуға болады. Жарайды. Әуелі сенің жаңағы, осының алдында қойған алғашқы сұрағыңа жауап берейін. Ғабаңды мен 60-жылдардан бастап таныдым. Сол уақытта Жазушылар одағының қаланың қақ ортасындағы үш қабатты, осы күнге дейінгі отырған көрнекті, тамаша ғимаратында бильярд ойнайтын зал бар болатын.
Автор: Кешіріңіз. Сөзіңіз аузыңызда, Ераға. Жазушылар одағының осы тамаша ғимаратын 50-жылдардың аяғы ма екен, 60-жылдардың басы ма екен, Ғабит Мүсірепов республика басшысының алдына мәселе етіп қойып, өзінің үлкен беделінің арқасында бөтен министрліктен Жазушылар одағына тартып алған деген әңгімені естіген едім.
Еркеғали: Ғабаңның сол істегендері өз табиғатына, тұлғасына лайық үлкен істер ғой. Мәселені де ірі қойып, ірі шеше білген ғой. Жалпы Ғабаң өзінің істеген үлкен істерін, біреуге істеген жақсылығын, басқаларға тигізген шапағатын айта бермейтін. Ел басына, өз басына түскен қиындықтарды айтатын кейде. Онда да елдік тұрғыдан, үлкен адамгершілік тұрғыдан айтатын.
Иә, сонымен жаңағы айтып келе жатқан сөзімді жалғайын. Жас кезіміз, әр нәрсеге құштар кезіміз. Мен де ақырындап солақай қолыммен бильярд ойнағанды ұнатушы едім. Күнде театрға, күнде концертке бара бермейсің ғой. Арасында сонда баратынмын. Ғабаң бильярд ойнауға өзінің кийін алып келеді екен, сыртында бұлдан жасалған чехолы бар. Ғабаңды шығармалары арқылы бұрыннан қатты сыйлайтын едім деп айттым ғой жаңа. Алғаш ол кісінің өзін, бильярд ойнағанын көрудің өзі мен үшін үлкен олжа, қуанышты, қызықты сәттер болып сезілетін. Ол кісі жоқта бильярд ойнаймын. Ал ол кісі келгенде бильярдын ойнап біткенше күтіп отырып, қасына еріп, кийін үйіне дейін апарысып беріп жүрдім алғашқыда. Сондағым бірер ауыз болса да сөзін тыңдау үшін ғой. Әңгімелесу үшін. Ол кісіні іштей қатты қадірлегендіктен, өнерін де, өнегесін де ұнатқандықтан ғой.
Бірақ кийін көтерісіп үйіне дейін алып барғанмен, әр нәрсеге кірісіп, ананы-мынаны сұрап, мазасын алмайтынмын. Ақырындап өзі бірдеме айтса, соны тыңдап қана қоятын едім. Ол уақытта ол кісінің үйі Абай, Мир, Чайковский көшелерінің қиылысында болатын. Ол Орталық комитеттің салғызған үйі еді ғой. Чайковский жағында Ғабиден ақсақал тұрады. Роза Жаманова да сол жақта тұрады. Ғабең де сол үйде, Құдыс та сол үйде. Ол уақытта Ғабаңның алғашқы бәйбішесі, үш қыздың анасы, сол кісі тірі еді. Өте инабатты, жақсы адам болатын. “Аяғыңды сүртіп кір”, дейтін. Мен алғашқы кезде кірмей кетіп қала беретінмін. Ұяламын, Ғабаңның үйіне барып, тойтаңдап жүруге. Кейіннен, үйренген соң, кейде кіріп шай ішетін болдық. Солай таныса бастадық. Алғашқы кезде, көпке дейін мені преферанс ойнауға тарта қойған жоқ. Өзінің қалыптасып қалған ұжымдары бар, өздері ойнайды. Арамыздың алшақтығы 30 жас қой. Қартайғанда білінбеуі мүмкін, ал жас кезде 30 жастың талай айырмашылығы бар.
Сөйтіп жүріп Ғабаңның қатарына ілігіп кеттік. Ғабаңмен тең болдым, қатар болдым деп айта алмаймын. Дәм-тұзымыз, көңіліміз жарасып жолдас болып кеттік. Келе-келе еркін сөйлейтін болып, кейде еркелеп сөйлейтін болып жүрдік. Әңгімеге де өзі баурайтын еді.
Автор: Ераға, бильярдтан басқа жаңағы өзіңіз айтып отырған карта ойнау өнері де сол кездегі интеллигенция арасында, шенеуніктер арасында кеңінен таралған әдет еді ғой. Осының сыры неде деп ойлайсыз? Карта ойнауды өзіңіз қашан үйрендіңіз?
Еркеғали: Менің өзімнің қазіргі шамалауымша преферанс ойнауды 1951-1952 жылдары үйренсем керек. Сол кезде Сәкен Мамажанович Кенжебаев деген кісі бізде, консерваторияда кафедра меңгерушісі әрі партия ұйымының хатшысы болды. Обалы қане, сол кісі маған студент кезімнен назарын аударып, жанашырлық жасап, көп баулыды. 1952 жылы мені консерваторияның кәсіподақ комитетінің төрағасы жасады. Кейін Мәдениет министрі болған Жексембек Еркінбеков ол кезде комсомол комитетінің хатшысы, Лениндік стипендиат болатын. 1955 жылы Жексембек консерваторияны бітірді де, оның орнына мен келдім. Ол стипендияны енді мен алдым, комсомол комитетіне де хатшы болдым. Сәкен Мамажанович мені көп сүйемелдеп, көп тәрбиеледі.
Өткенде бір айттым ба, айтпадым ба, Ғабаң айтатын, 1937 жылы жапырлатып елдің барлығын ұстай бастаған кезде біз күн батпай, сағат төрт-бестен кейін, жарық кезде әдейі шығып Брусиловскийдің үйіне баратын едік дейтін. Брусиловский қанша дегенмен басқа елден көшіп келген, оған тиіспейтін шығар және қазақ емес қой деп ойлайтынбыз. Анна Дмитриевна дейтін әйелі бар еді, сол күтіп алады, түнімен карта ойнаймыз көз ілмей. Бір жағы құмарлық та бар шығар, бір жағы сол әйтеуір жеке отырсақ алып кетеді ғой деп, 4-5 адам болып ұйымдасып отыратынбыз. Таңертең күн шығып келе жатқанда, ұстап әкетіп бара жатса ел көріп қалатындай уақытта үйге қайтамыз. Сөйтіп, қыс айларын өткізіп, аман қалдық қой дейтін. Преферанс ойнаудың кезінде осындай да әртүрлі себептері болған болуы керек. Біреу тоңғаннан секіреді, біреу тойғаннан секіреді демей ме.
Автор: Ғабаң отыз жетінші жылдары ұсталып кетпей аман қалғанмен, жазасыз қалмаған, ол кісіні партиядан шығарып жіберген ғой.
Еркеғали: Ол кісіні партиядан шығарып жібергенмен, аман қалғанының өзіне де кезінде күмәнмен қарағандар болған сияқты. Ол неге ұсталмады, ол неге атылып кетпеді деген тұрғыдан. Мен министр болып жүрген кезде әдейілеп КГБ-ның архивімен біраз таныстым. Солардың ішінде Сәкен Сейфуллин туралы үш том бар. Зерттегісі, білгісі келгендерге соның екінші, үшінші томын береді, Сәкенге сұрақ беріп, жауап алғандары жөнінде. Ал бірінші томын бере бермейді. Сол бірінші томды мен алып оқығанмын. Оны бере бермейтіні онда сол кездегі жазушылардың арасындағы жағдай, кімнің үстінен кімдер арыз жазды деген тұрғыдағы тізімдер бар. Бірін бірі көрсеткендер ішінде Ғабаң жоқ. Ол тізімдердің ішіндегі адамдарды айтпаймын деген уәдем бар. Оның барлығы өліп те қалды. Білгішсініп, былықтырып қайтемін. Ол халыққа келген бір қасірет еді ғой.
Ғабең 25 жыл бойына партиядан шығып қалып жүрді ғой. Оның кейінірек партияға қайтып алынуына себепкер болған Сәлімгерей Тоқтамысов деген азамат. Ол Казсовпрофтың бастығы болып қызмет істеген кезінде Орталық партия комитеті Бюросының мүшелігіне кандидат болды. Өзінің сол мүмкіндігін пайдаланып, Ғабаңды қайтадан партияға алу жөніндегі мәселені Орталық комитеттің алдына қояды. Оның сол ұсынысы дұрыс шешімін табады. Ол оқиғалар есімде.
Мен Ғабаңның үйінде отырғанмын. Совет аудандық партия комитетінен біреу: “Ғаба, сүйінші, сізді қайтадан партияға алды”, - деп телефон соқты. Сонда Ғабаң: “Мен партиядан кеткен жоқпын, мені партиядан шығарып жіберген, мен өмір бақи партияда жүргендей сезінемін өзімді”, – деп жауап берді. Звондаған әйел пысықтау екен, жарна төлеу мәселесін айта келіп: “Сізден 25 жылға жарна алмай-ақ қояйық. Қайтесіз, көп ақша шығарып. Жаңадан кірген болып, бір айдың ғана жарнасын төлей салуыңызға болады,” – деді. Бұл сөздерге Ғабаң ренжіңкіреп: “Қарағым, сен менің қалтамды санама. Сол 25 жылыңның жалпы сомасын айт, ертең барып төлейін,” - деді. Ертеңінде барып төлеп келді. Ана кісі де өзінше бір жақсылық жасағысы келсе керек, баяғы “қайтесіз соны, қайта кірген болып, бір айға төлей салыңыз” дегені. Жалпы Ғабаң табанды, қайсар адам еді ғой. Баяғы “Бесеудің хаты” дегенді білесің ғой, халқымыз ашаршылықтан қырылып жатқанда Ғабаң бес адамның бірі болып, қол қойып, Сталинге хат жазатынын. Голощекин ол уақытта ешкімнің аузын аштырмаған, қазақтың бетке шығар азаматтарының көбін құртып жіберген, газет-журналдардың аузына, ашаршылықты айтқызбай, құм құйған, “Қазақстанда бәрі жақсы” деп Мәскеуді сендірген. Сондай кезеңде республикамыздағы шын жағдайды баяндап, Сталинге хат жазуы - ол да қайсарлық қой. Қазақша айтқанда басын бәйгеге тігіп, халқымыздың қамы үшін жазылған хат қой. Тәуекелге барған ғой. Кейін Шерхан сол туралы пьеса да жазды. Балық аулауға көлдің жағасына барғанда Ғабаң өткен жылдарды еске түсіріп, талай әңгімелер айтатын еді.
Автор: Ғабаң араққа қалай қараушы еді?
Еркеғали: Арақты ұнатпайтын. Шамалап коньяк ішеді. Отырыстарда бірер рөмкеден әріге бармайтын. Қазақтар, жалпы, соғысқа дейін негізінен арақ ішпеген ғой. Соғыс басталған соң біреудің баласы, күйеуі, ағасы, інісі өле бастады. Жылап-еңіреген жұрт. Сол кезде көпшілік арақ ішуді де үйреніп алды. Ал соғыс аяқталған соң, әсіресе жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдарда қазақтар арақ ішуден орыстардың өзін басып озды емес пе. Арақ ішу індетке айналды. Жұрттың көбі ішті. Білетіндердің айтуынша, әр халықтың өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан әлдеқандай ферменттері болатын көрінеді. Айталық, орыстың мұжығы бір литр арақ ішсе де мас болмауы мүмкін. Ал бұрын ішпеген қазаққа мас болып қалуға бір стаканның өзі жетіп жататын.
Автор: Ераға, Ғабаңмен карта ойнап жүргенде ерекше бір есте қалған жағдайлар да болған шығар? Сондай бір айрықша ойда қалғандары болса айта кетпейсіз бе?
Еркеғали: Айтайын. Ғабаңның карта ойнайтын адамдары көп болмайтын. Әдетте: Ғабиден, мен, бірде Брусиловский, бірде Әлжаппар Әбішев келеді, бірде Сәлімгерей Тоқтамысов келеді. Өзімен сол алты адам. Ойнағанда төрт қол болып ойнаймыз. Басқалар менен бұрын келіп қалса, төрт қол толық болса, Ғабаң маған:
– Сен бүгін шаруаңды шаруалай бер, – дейді. Мен оған ренжімеймін. Бір жолы маған:
– Ай, ертең біздің үйге жиналамыз, уақытты білесің ғой, ә? – деді.
– Білемін, – дедім.
Әдетте күндізгі 11-ге жиналатынбыз. Шалдың ұлғайып қалған кезі ғой. Содан сол 11-ге жарты сағат қалғанда шықтым консерваториядан. Шығып келе жатыр едім, дәлізде бір мұғалім жылап тұр екен. “Не болып қалды?” – дедім. Осындай да осындай, маған беремін деген үйін бермей, қала басшысы мені қорлады деді. Содан оны машинаға салып алдым да бардым. Енді сол барғанша, бастыққа кіргенше, оған әңгімені айтқанша, өйткенше-бүйткенше уақыт өтіп кетті. Шаруасын бітіріп тастадым да, Ғабаңдікіне келдім. 11-ден 15 минут кетіп қалыпты.
– Салаумағалейкүм! – дедім. Біреуі ләм-мим деген жоқ. Ғабаң, әлгі “түркімен төрін бермейді” дегендей, өзінің орнын өліп бара жатса да ешкімге бермейді, төрде отырады. Бір жағында Ғабиден, бір жағында не Әлжаппар отырады, не Брусиловский отырады. Не Сәлімгерей отырады. Келіп отырдым, байқаймын маған реніші бар. Біраз отырғаннан кейін айттым:
– Ғабе, осында асығып-ақ келе жатыр едім, шаруаның жағдайы солай болып қалды. Біздің қызметкер. Соның жұмысын реттегенше кешігіп қалдым, кешіріңіз, – деп, болған жайды бірер сөзбен қысқаша айтып бердім.
– О – о, – деді, – ты что, не знаешь, что делать добро - это самое большое зло, - деді.
– Астапыралла, қазақ шамаң келсе жақсылық жаса демей ме, – дедім.
Мынау 60-тан асып кеткен, 70-ке келіп қалған Ғабаңның айтып отырғаны жаңағы. Есім шығып кетті. Және ондай сөзді мен ол кісіден естимін деп ойлаған да емес едім. Үндемедім, отырдым, не деп дауласамын. Карта ойнағым да келмей қалды, көңілім бұзылып кетті. Бір уақытта Евгений Львович кекештене сөйлейтін әдетімен:
– Е-е-ерке, ты з-з-знаешь, Габе прав, – деді. Өлдім, біржолата. Ғабеңнің айтқанын мынау қоштап отыр. Ол уақытта менің жанып жүрген кезім. Апырай, мыналарға не көрінді, қазақта қолыңнан келсе өзгелерге жақсылық жаса деуші еді, мыналар жақсылық жасаған ең үлкен кінәрәт деп отыр-ау, бұлары несі деп, сол күнгі картам карта сияқты, ойнағаным ойнаған сияқты болмады. Кешкі сағат жеті-сегіздерде қайтатынбыз, соған дейін отырдым, амалым жоқ. Бірақ ұнжырғам түсіп, салым әбден суға кетіп, ренжіп қайттым. Өмір бақи шамаң келсе жұртқа жақсылық жаса деген пәлсапаға, сол қағидаға үйренген, солай тәрбиеленген халықпыз ғой. Жаңағы, бұл дүниеде Құдайдан кейін жақсы көретінім Ғабиттің айтып отырғаны анау, өліп қала жаздадым.
Енді мына қызықты қара. Кейін мен де алпысқа келдім ғой, мен де алпыстан астым. СССР-дің халық депутаты болдым, Москваға кеттім. Сонда жүрдім, қайтып келдім. Қайтып келгеннен кейін министр болдым. Онда да Нұрекең айтқан соң амалсыз келістім. Сол уақытта заманның бүлініп тұрған кезі. Одақ құлаған. Біз өз бетімізбен мемлекет боламыз деп, егемендігімізді алдық деп, қазақша айтқанда ақ түйенің қарны жарылып, мәре-сәре болып жатқан кезіміз. Экономиканың құлдыраған, тұралап, шөгіп қалған кезі. Елге беретін жалақы жоқ, жұмыс жоқ, ешкімде тәжірибе жоқ, рынок дегеннен әлі ешкімнің жөнді хабары жоқ. Рынок деп жүргендері капитализм екен ғой, оны кім білген.
Дамудың бір жаңа жолы екен, жаңа қоғам екен деп жүрсек, олай емес екен. Сол уақытта ойыма түсті, ойпырай, мен Ғабаңа іштей өкпелеп жүр едім, ол кісінің айтқаны шындық екен-ау деген ой миымда жарқ ете қалды. Неге дейсің ғой? Атақты берсе Президенттің Жарлығымен бір адамға ғана береді. Ары кетсе жалынып-жалпайып екі адамға алып береміз. Ал тізімде 10-15-20 адам тұрады. Пәтер де солай. Мәдениет саласындағылар пәтерге қай уақытта жарып еді. Өңшең жалаңаяқтар ғой. Итшілеп жүріп, ұрсысып жүріп, таласып жүріп бір 4-5 пәтер алып бересің. Ол ешқайсысына жетпейді. Мәдениеттің әрбір саласына бөлгенде бір-бір пәтерден келмейді. Содан енді бұра тартқандай боласың, опера театрына бересің. Бұра тартқандай боласың, Әуезовтің театрына, филармонияға бересің. Оның ішінде өздерінде 40 шақты адам тағы кезекте тұрады. Оны кімге береді - директордың өзі шешеді, өздерінің тәртібі бар.
Қарап тұрсам Ғабеңнің айтқаны рас болып шықты. Әлгі: “делать добро – это большое зло” дегені. Мысалға, атақты, жаңағы айтқанымдай, содан үміткер болып тұрған 40 адамның әрі кеткенде екеуіне ғана алып бересің ғой, қалған 38-і сенің аузы-басыңды сілеп боқтайды, “осы иттің баласы болмағанда мен алатын едім” дейді ғой. Пәтер де солай. Анау алмасын, мынау алмасын демейсің, бәрі жетпей жатқандықтан ғой. Соларға жақсылық жасадым деп жүргенім – біреуге ғана жасаған жақсылық, қалғаны түгел өкпе екен ғой. Талайдың ішінде саған деген реніш өкпе болып, беріш болып қатып қалады екен ғой. Кейін өзім алпыстан асып, ақылым толған кезде ойласам, Ғабеңнің айтқаны дұрыс екен. Әйтпесе, ондай сөз расында да Ғабиттей кісінің аузынан шығатын сөз емес қой.
Автор: Сіз пәтер әперген әйел қуанды, ар жағында білмейсіз, қандай адамдардың тұрғанын жылап-еңіреп.
Еркеғали: Иә, мәселе сонда екен.
Автор: Сіздер Брусиловский, Ғабеңдермен карта ойнап жүргенде кейде ұтасыздар, кейде ұтыласыздар. Сонда іштеріңіздегі көбірек ұтатын кім еді?
Еркеғали: Ә-ә-ә... Бір күні келсем Ғабаң блокнотқа жазған бірдемелерді есептеп, астына соның қорытындысын шығарып отыр екен. “Ой, көкесі, не істеп отырсың?” - деп сұрап едім: “Бір жылғы ойнаған ойынымның есебін шығарып отырмын, - деді. – Қашан, қанша ұттым, қанша ұтылдым, соны санап отырмын. Кейде ұттым деп айтқаным болмаса, түп-түбінде 3-5 рубльден артық болмайды екен ұтқаным да, ұтылғаным да. Әдейі жыл бойына осыны бір білейінші деп, қашан, қай үйде ойнадым, қанша ұттым, қанша ұтылдым, соларды жазып жүретін едім, қазір соның есебін шығардым,” - деді. Сенің сұрағыңнан есіме түсіп отыр. Картада әмісе біреу ұта бермейді ғой. Бірде қолың шығады, бірде шықпайды. “Картаның ойынындай” деген сөз сол.
Автор: Ераға, Ғабаңның екі құмарлығы – бильярд пен карта туралы біраз әңгімелер айтылды. Енді үшінші құмарлығы – аңшылық тақырыбына қарай ойыссақ.
Еркеғали: Осы жерде Ғабаңды партияға қайта алуға себепкер болған Сәлімгерей Тоқтамысов туралы тағы айтпасам болмайды. Ол Қызылорда обкомының бірінші хатшылығынан кеткен соң Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеді деп осының алдында айтып кеттім ғой. Өзі Алматыға жиі қатынап тұратын. Ғабеңді өте жақсы көреді. Кейінірек Ғабең арқылы мен де ол кісімен жақындасып, жақсы араласып кеттім.
Сол Сәлімгерей облыстық атқару комитетінде істеп жүргенінде Ғабаңды Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына шақырған ғой, аң аулап, көңіл көтеріп, біраз демалып қайтуға. Сол Мойынқұмның Назарбеков Айтбай деген, бас-аяғы жиырма бес жыл аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болып, сол ауданды басқарған, белгілі, белді азаматы бар екен. Ғабаң мен Айтбайды Сәлімгерей сол жолы таныстырған болса керек. Кейін Ғабаң Айтбайды да інісіндей көріп кетті. Сол үйде Айтбала дейтін жеңгеміз болды. Өзінің бір көзі кемдеу еді, бала кезінде пышақ тигізіп алыпты десетін. Ой керемет бәйбіше еді. Құрбы-құрдастары әзілдеп оны “әйелдердің Құнанбайы” дейді екен. Ғабаңның қасында жүрген соң сол кісілермен келе-келе мен де жақын танысып кеттім. Ғабаң аң аулауға шыққанда қасында менің бірге ілесіп жүргенімді жақсы көретін.
Өйткені, мылтығын арқалап жүремін, қасына серікпін, өзінің матадан тіккен көк кілеткілі, қара кілеткілі сумкасы бар, әлі күнге дейін музейінде тұр. Сөмкесіне ешқашан тамақ салмайды, ішін таза ұстайды, орамалы бар, сигарет салып тартатын фильтрі бар. Бір блок “БТ” деген сигарет салып жүреді, тіс жуатын шөткесін, пастасын алып жүреді, өте кінәз адам еді. Содан барамыз. Ар жағында Жамбыл атамның атындағы совхоз бар, сол совхоздың ар жағы саз. Гүлдеп, керемет болып құлпырады, майдың 7-9-дарында барамыз. Сол уақытта жиде, жыңғыл, шеңгел, сексеуіл төртеуі қатар гүлдейді. Ол гүлдеген уақытта олардың иістері осы күнгі әйелдер мақтайтын француздың иісмайынан кем емес. Керемет болып тұрады. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Даланың жұпар иісі аңқып, ғажап болады. Екі-үш үй тігіп қояды, бір үйде Ғабаң екеуміз жатамыз, бір үй тамақ ішетін үй, біреуі тамақ жасайтын үйі. Бізбен басқа біреулер еріп барса, сол тамақ істейтін үйде жатады олар. Ғабаң опыр-топырды жақтырмайды, мені қасына алып жатады.
Содан аң аулаймыз. Ол жақта құс көп болады. Сексеуілдің ішінде кейде елік кездесіп қалады, қырғауыл көп болады жыңғыл-жыңғылдың ішінде, жиденің ішінде. Ол уақытта ширақ кезі, алпыстан жаңа асқан кезі, қазақша айтқанда әл-қуаты әлі бойындағы кезі. Өзінің ыңғайына қарай дәрі-дәрмектерін де алып жүреді. Менің жас кезім, мықты кезім, дәрі-дәрмек дегенді білмеймін. Ғабеңде сол іштің дәрісі, бастың дәрісі, сондай бірдемелері болады. Көктемде барамыз, мамырда, содан кейін қазанда барамыз. Ол уақытта қаз келеді. Кәдімгі қараша қаз, содан екі-үш күн жатып қайтамыз. Басқа уақыттарда Іленің бойына барып жатып, балық аулаймыз. Өзіміз көп ауламаймыз. Ғабаң көлеңкеде дем алып жатқанды жақсы көреді. Бір-екі ау салатын, қармақпен балық ұстайтын жас жігіттерді ала барамыз. Бір күні Ғабаң маған:
– Әй, сен осы қой союды білесің бе? – деп сұрады.
– Е, не көрініпті білмей, ауылда өстім емес пе, – дедім.
– Әне, бір қора қой жайылып жүр, көріп отырсың ба, - деді. - Онда сен машинаға мін де бар, бірақ үлкен қой алма, бар болса бір тоқтысын, марқасын алып кел. Мына жерде бір-екі күн жататын түріміз бар ғой, - деді.
Содан барып алып келіп, сойдым. Ішек-қарын аршып көрген емес едім, бірақ аршып жатқандарын көргенім бар. Сол бір жағынан су құйып, ар жағынан ағызып, тазартып жудым. Ғабаңның бір керемет қасиеті етті жейді ғой, бірақ аздап жейді, қомағайлығы жоқ. Және бір мінезі - бас ұстағанды онша жаратпаушы еді. Енді үлкен болған соң алдына бас әкеліп береді ғой. Соның, ауылда болса, үйде болса, бір құлағын біздің үйдегі келіні Клараға береді, “традиционный” деп.
Қолымен ұстамайды, шанышқымен шаншып ұстайды да, пышақпен кесіп, шанышқымен береді, – деп әңгімесін ары қарай сабақтай түсті Ерағаң. – Қолын тигізбейді. Содан кейін “Мә, Бөке, енді саған” деп, жанындағылардың біріне жылжытады, немесе ешнәрсе айтпастан ақырындап итере салады алдынан. Ар жағында отырғандар, қайсысы ұстауға тиіс болса, сонысы ұстайды. Сондай кірпияз, кінәз кісі болатын-ды.
Бір жолы Алматыдан Мойынқұмға қарай шықтық. Жаңа айттым ғой, Ғабаңның теңбіл-теңбіл сөмкесі бар болатын деп. Өзі шағындау ғана. Соны екі аяқтың ортасына қояды, әрі өзі ыңғай машинаның алдына отырады. Келе жатыр едік, “тоқта” деді. Отар станциясы бар ғой, соның өкпе тұсына келгенде тоқтадық. Түстік. Есікті ашып түсірдім.
- Ананы алып шық, - деп сөмкесін нұсқап, ишарат білдірді. Өзі көп сөйлемейтін еді. Жер шаң, көгал жоқ. Сосын:
- Көкесі, мынау айдала ғой, құмның үстіне алып келгенің не, басқа жер табылмады ма? - дедім. Ол сөзімді жауапсыз қалдырды.
- Мына жерге дастарқан жай, - деді. Кішкентай ғана құм төбешік. - Отыр. Осы араға отырып, кішкене шай ішейік, - деді.
Сөмкесінің бір басында бір бөтелке арақ, екінші басында бір бөтелке коньяк жүреді.
- Қайсысын ішесің? – деп сұрады.
- Өзіңіз ше? - дедім.
- Мен коньяк ішемін, - деді.
- Мен арақ ішемін, - дедім. Ондағым бір кішкене қырсықтық та шығар. Екеуін де аштырғым келгені. Кішкентай ғана рөмкесі бар, соған бір құяды. Ары кетсе екі рөмке құяды, содан кейін тығындарын жауып қояды. Оған қайтып ешкім тиіспейді, сөмкеге салып, аузын жауып қойған соң. Сөмкесінің екі жағына коньяк пен арағын қойып, киімін ортасына салады, үстіне бір блок темекісін қояды. Таза адам еді, сөмкесін былғағысы келмейтінін, ешқашан тамақ салмайтынын айттым ғой. Ішінде көйлегі болады, мәйкісі болады, темекісі болады. Мен үйден ыңғай тамақ алып шығамын, асқан ет, анау мынау дегендей. Содан мен ойлап отырмын, неменеге құмның ішіне келіп тоқтатты екен машинаны деп. Бір кезде: