Жалпытүркілік Назарбаев әліпбиі
Өткен 2017 жыл Қазақстан үшін ғасырға бергісіз аса маңызды оқиғаларға толы болды. Олардың қатарында EXPO, Алаш үкіметінің жүзжылдық мерейтойы, Қысқы олимпиада, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы сияқты іс-шараларды ерекше атауға болады. Әсіресе, мұндай оқиғалардың ең маңыздысы – Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы екені барша жұртшылыққа мәлім.
Осы қоғамдық сананы түбегейлі жаңғырту бағдарламасы аясында аталған ең өзекті мәселенің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасы негізінде реформалау болды. Міне, сондықтан да жаңа жылдың бастауында тұрып, өткенге бағамдап көз тастай, қазақ халқының осы кезге дейін басынан өткен қалтарысқа толы әрі сындарлы жолын еске ала отырып, ең басты сәттерге тоқталғым келеді.
Қазақ халқы әліпбиін бұрын да ауық-ауық ауыстырғаны барша көзіқарақты қауымға белгілі. Мысалы, көнетүркілік руна жазбасы араб жазуына, А.Байтұрсынұлының «төте» жазуы латын және кирилл қарпіне өзгертілді. Президент аталмыш мақаласында атап өткендей, қазақ халқының тарихындағы жазу жүйесіндегі барлық өзгерістер саяси жүйенің өктемдігімен жасалып, этностың нақты мүдделері мен қажеттіліктері көзделмеді.
Халқымыз бұрын-соңды тарихында, нақтырақ айтсақ, Орхон-Енисей жазбасын қолданған уақыттан кейінгі кезеңде, жазуын тұңғыш рет өз еркімен және сенімді түрде бейімдеп, реформалауға 2017 жылы ғана шешім қабылдауға қол жеткізді. Мемлекет басшысы қабылдаған және жалпы жұртшылық толық қолдаған бұл шешімді шетелдік қоғамдастықтың да анық қолдаған сыңай танытуы мемлекетіміздің сындарлы да дәйекті саясатының нәтижесі деп білеміз.
Түркілік құндылық – қай уақытта да Президентіміздің стратегиялық жоспарларының маңызды бөлігі. Қоғамдық сананы жаңғырту мәселесі де тектен-тек көтерілген жоқ, дәлірек айтсам, бұл мәселелер Н.Назарбаевтың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Бұл пікіріме нақты әрі дәлелді мысал келтірейін. 1991 жылдың басында, ол кезде Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Президенті бола тұрып, Н.Назарбаев Мәскеудің келісімінсіз Қазақстанға Түркия президенті Тұрғыт Өзалды шақырып, онымен екіжақты келісімдерге қол қойды. Бұл әрекетті жай ғана «батыл қадам болды» дей салу – ол туралы ештеңе де айтпаумен бірдей. Бұл – түптеп келгенде, тоталитарлық режимге жасалған ашық қарсылық болатын. Өйткені екі елдің президенттері жоғары деңгейде шартқа қол қойғаннан кейін Үкімет басшылары, министрлер, ведомстволар және ірі ұлттық компаниялар жетекшілері арасында келісімді орындау мақсатындағы іс-шаралар бірден қолға алынып кетті де, нәтижесін бере бастады. «Түркия – егемендікті жариялаған күннің ертеңіне Қазақстанмен алғаш ресми қарым-қатынас орнатқан мемлекет» дейтіндерге мен: «Иә, солай болғаны рас, бірақ бұл қатынас одан да бұрын басталған» деп жауап қатар едім. Өйткені туыстас екі елдің басшылары мұндай қарым-қатынасты жүзеге асыру былай тұрсын, тіпті бұл туралы ойлаудың өзі мүмкін емес жағдайда орнатқан еді. Рас, мүмкін емес нәрсені шындыққа айналдыру ұлы адамдардың ғана пешенесіне жазылған.
Жоғарыда айтылғандарға дәлел ретінде Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 12 желтоқсанда Ашхабад қаласында Орта Азия республикалары басшыларының кеңесін шұғыл түрде шақыру және сол жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында «ТМД құру туралы» тарихи құжатқа қол қою үшін он бір мемлекет басшысының мәжілісін өткізу бастамасын айтуға болады.
Сонымен қатар 1992 жылы Н.Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясында Азиядағы сенім шаралары бойынша пәрменді тетік – АӨСШК құруға бастама көтерді.
Келесі жылы 12 шілдеде Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Алматы қаласында ТҮРКСОЙ ұйымы құрылды. Содан кейінгі жылдары Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ТүркПА (парламенттік ассамблея), Түркі кеңесі (түркі мемлекеттері жоғары басшылығының мемлекеттік органы), Түркі академиясы құрылды, сондай-ақ саммиттер, іскери форумдар, құрылтайлар және т.б. өткізіліп келеді.
Елбасының саясат алаңындағы мұндай адам сенгісіз қарқыны отандық қана емес, шетелдік ғалымдарды да шабыттандырып, ынталандырғаны хақ. Н.Назарбаев өзін 90-жылдардың басында-ақ халықаралық ауқымдағы көшбасшы ретінде таныта білді. Академик Әбдуали Қайдар бас болған қазақ түркітанушылары, Мәскеу және Санкт-Петербор, Еуропа, АҚШ, Корея, Жапония, Қытай мемлекеттерінің түркітанушыларын қоса алғанда, татар, әзірбайжан, түрік, өзбек, түркімен, башқұрт, чуваш, қырғыз, карашай-балқар, ұйғыр, ноғай, қырым-татар, кұмық, алтай, тува, хакас, саха және басқа да қаламдас әріптестерінің арасында жоғары абыройға ие болып, солармен бірлікте Алматыда, Бакуде, Чебоксарыда, Ыстамбұлда және Бішкекте бірқатар халықаралық ғылыми конференциялар өткізді. Дәл осы кезеңде белгілі түрік түркітанушысы Ахмет Эржыласун Ысмайыл Гаспыралының «Шыңғыс пен Темір заманынан бері тамырдан қол үзбеген қазақ тілінің түбінде түгел түркіге ортақ тіл болуы мүмкін» деген сөзін негізге ала отырып, қазақ тілінің қызметі мен маңызына аса байыппен зер салды. Анкаралық тағы бір жас профессор Ферхат Тамер, Қазақстанға ешқашан келмесе де, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа оқитындығымен және Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбектерін бүге-шігесіне дейін жіті білетіндігімен түркітанушы ғалымдарды ғана емес, жалпы қазақ тілі мамандарын, әсіресе қазақтардың өзін таңғалдырды. Осыдан кейін қазақ мәдениеті, қазақ тарихы және қазақ тілінің гуманитарлық ғылымдар арасында мәртебесі арта бастағаны ақиқат. Халықаралық ғылыми қоғамдастықтың күш-жігерімен осындай форумдарда егжей-тегжейлі әрі жан-жақты талқылаудың нәтижесінде түркі тілдерінің дыбыстары анықталып, тізімі бекітілгенін, сондай-ақ дауыс беру жолымен (әрбір түркі халқының аса беделді тілші-ғалымдарының қолхатымен) түрлі түркі тілдеріндегі ұқсас дыбыстарға бірыңғай таңба беру қағидаты қабылданғандығын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Қабылданған осы жалпытүркілік әліпби тілші-түркітанушылар арасында «Назарбаев нұсқасы» деген атауға ие болды.
Сондықтан да осы «Жалпытүркілік әліпби» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа арналып Ыстамбұл қаласында өткен Түркі кеңесінің арнаулы салтанатты рәсімінде ресми түрде бекітілді. Бұл рәсім 2012 жылғы 1 желтоқсанда өткізілді. Осы сәттен бастап, 1 желтоқсан Қазақстан Республикасында жаңа ұлттық мейрам – Тұңғыш Президент күні ретінде аталып келеді.
Жалпытүркі әліпбиі не үшін қажет? деген сұраққа келейік. Алдымен, бұл келелі мәселеде ешбір идеологиялық немесе саяси астар жоқ екендігін нықтап ескерткеніміз жөн болар. Бұл әліпбиге қарапайым прагматизм және түркі тілдерінің ерекшеліктері ғана негіз болды. Шындық біреу-ақ: барлық түркі тілдерінің негізгі лексикалық сөздік қоры біркелкі екендігі соншалық, бұл құбылысты мамандар әліге дейін толыққанды түсіндіруге күш салумен келеді. Классикалық үнді-еуропалық компаративистика ғылымы да бұл құбылысты анық түсіндіре алмас, сірә. Өйткені оның канондары бойынша, негізінде бұлай болу мүмкін де емес. Мысалы, аяқ, бас, балық, қол, теңіз, көк, темір, көз, ер, қонақ, қыз, ата, тау, құлақ, оқ, ат, ет, ақ, сары және мыңдаған басқа да лексемаларды кез келген түркі азаматы түсінеді. Мұндай елеулі факторды елемеу мүмкін емес екенін Елбасының терең түсінуі ол кісінің көрегендік қасиетіне тән. Қолда бар әлеуетті пайдалану, басқалардан үйрену, пайдалы тұсы болса – басқаларды үйрету, бәсекеге қабілетті болу, жарқын болашаққа ұмтылу және ата-бабаның қуатын бойына сіңіріп, аяққа нық тұру – Н.Назарбаевтың мызғымас ұстанымы, рухани жаңғырудың негізгі мәні, мемлекетіміздің ілгері қарыштаған саясатының жемісі.
Жоғарыда аталған тарихи жиында Түркі кеңесінің Бас хатшысы Хәлел Ақынжы мен түркітанушы, қазақ тіл білімінің маманы, сол кездегі Түркиядағы елшіміз Ж.Түймебаев өз қайнар-бұлақтарымызға, яғни тілімізге, мәдениетімізге қайта оралу үдерісі бүгіннен басталады деп атап көрсетіп, түрікше Türk Konsey атауын Türk Keneşi деп өзгертті: «Иә, кеңес, кеңеш сөзі қазіргі түрік тілінде жоқ, яғни ұмыт болған. Бірақ «кеңес» деген мағына беретін бұл сөз туыстас қазақ, қырғыз және басқа да тілдерде бар. Сондықтан Түркі кеңесі бастапқы түркі түпнұсқасына қайта оралып, ана тілінің сөзін ортақ лексикалық қорға қайтаруды шешті».
Сонымен, қазіргі түрік графикасында жоқ [қ] – q, [ң] – ŋ и [ә] – ә дыбыстарын білдіретін әріптер
Н.Назарбаевтың атымен байланыстырылатын жалпытүркілік әліпбиге енгізіліп, бір ғана дыбыстың бірнеше жұп фонетикалық нұсқалары аздаған диакритикалық айырмашылықпен бір таңбамен белгіленді, мысалы, o және ö, u және ü, s және ş және т.б. Әзірбайжан делегациясының өкілдері а нұсқасын ä түрінде таңбалаудың орнына, қазақ кирилл әліпбиіндегі ә графемасын «қиылып сұрап алды» десек, артық айтқандық емес. Олар мұны бұл дыбыстың әзірбайжан тілінде өте жиі кездесетіндігімен және жазуда бір сөзде бірнеше рет екі нүкте қойғанға қарағанда ә әрпін жазудың әлдеқайда қолайлы екендігімен дәйектеді. Тоқетері, ерекше дыбыстары бар жекелеген түркі тілдерінің пайдасы үшін ымыраластық шешімге негізделген әліпби жасалды. Әрине, жалпытүркілік әліпби ұсынымдық сипатта әзірленді және әрбір халық дербес тілдік мүдделерін өздері шешуге ерікті болды. Сонымен қатар бұл әліпбидің құрамына әлемдегі барлық түркі тілдерінің түгел дыбыстары енгізіліп, 34 әріп қабылданды. Алайда нақты жекелеген түркі тілі өздеріне қажетті таңбаларды алатындықтан, олардың саны әліпбилерінде аз болатындығы түсінікті.
Бұл әліпбиді толықтай келтірейік.
Дәл осы жалпытүркілік әліпби әзірбайжан және түркімен тілдерінің жаңа латын графикасындағы әліпбилеріне негіз болды. Өзбектер диграфтар мен апострофтарды қолдануды қалап, басқа жолмен жүрді. Осының салдарынан лингвист-филологтардың өздері өзбек жазуының ұзаққа созылған дағдарысына түсініктеме беруге мәжбүр болып келеді. Уақыт үнді-еуропа тілдерінің сөзжасамдық тәсілдерінің бәрін бірдей түркі тілдеріне қатысты қолдану дұрыс болмайтынын көрсетті. Түркі тілдері үшін «бір таңба – бір дыбыс» тезисінің дұрыстығы және орындылығы тәжірибе жүзінде расталды.
Қырғыз, татар, башқұрт, чуваш және басқа да түркі тілдері болашақта әліпби жасау ісінде жоғарыда аталған жалпытүркілік әліпбиді бағдарға алуды қолдайды. Бұл қағидаттарды қазақ тілшілер де ұстанып отыр және әрі қарай да осы ұстанымдарында қала бермек.
Әлем елдері түркітанушыларының осындай ынтымақтастық тұжырымда болуының себебі – еуразиялық интеграциялану үрдісінде бүкіл дүниежүзі мойындаған басшы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың дәйекті де тиімді бастамаларының маңызы орасан зор екендігін жете түсінуде. Н.Назарбаевтың құндылықтар жүйесіндегі түркі ынтымақтастығы Еуразиялық экономикалық одақ пен Кеден одағын, Ұлы Жібек жолы трансконтиненталдық жобасын, Үлкен Еуразия идеясын, Еуразиялық одақ пен Қазақстан үшін тиімді басқа да бастамаларды дамытуға ешқандай да қайшы келмейді, керісінше, оларды ынталандыра әрі дамыта түседі. Президенттің өзі көрегендікпен дәл атап өткендей, бұл бастамалар «өзіміздің тарихи рөлімізді қайта жаңғыртуға және Ортаазиялық өңірдің ірі іскери транзиттік хабы болуға, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпір болуға» негіз саналады.
Осы орайда Кембридж университеті Азиялық зерттеулер институтының директоры, профессор Джефри Ханның 2012 жылы университетке Н.Назарбаев барғаннан кейін айтқан мына сөздерін келтіруге тиіспіз: «Түркі халықтары және олардың мәдениеті орасан зор бүкіләлемдік әлеуетке ие және Еуропа мен Азия тоғысында әлемдік сахнада маңызды екендігі даусыз. Осы уақытқа дейін бірде-бір британ университетінде түркітану бөлімшесінің болмауы – өкінішті жайт. Сондықтан біз Кембридж университеті қабырғасында қазақ тілін үйрету мен оқытуға барынша күш-жігер салуға дайынбыз…»
Батыс пен Шығыс, Түркі әлемі мен Еуропа, міне, осылай тоғысуда – өмірдің өзі өзара мүдделілік сипатындағы жаңа бастамаларға түзету енгізіп отырады және оны әрі қарай дамыта түседі.
Елбасының кемеңгерлігі де осында – әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену үшін біз өзіміздің ұлттық рухымызды жаңғыртуға баса назар аударуға тиіспіз, дербес төл мәдениетімізді дамыту үшін жалпыадамзаттық, еуропалық демократиялық құндылықтарға жүгінуіміз қажет. Осы бағыттағы іс-әрекеттер болашаққа – рухани жаңғыруға, қоғамдық сананы жаңғыртуға ұмтылған біртұтас асқақ мақсаттар аясында іске асып жатады.
Тіл – халықтың жаны ғана емес, ол – ұлттың болмысы, оның тарихы, тіпті, оның ертеңгі келешегі де.
Ол – рухани кодтың негізі, болашаққа бағдарланған дәстүр. Өткен ғасырдағы белгілі түркітанушы-энциклопедист, ұлты – неміс, бірнеше ондаған шығыс және еуропа тілдерінің тамаша білгірі В.Радлов ең дамыған, әлемдегі ұлы тілдер үштігіне француз және орыс тілдерімен қатар қазақ тілін де жатқызған.
Қазақ жазуын латын графикасына көшіру қазақ мәдениетінің ғана емес, жалпы еуразиялық өркениеттің жаңа даму сатысы деп білеміз. Қазақстанның тарихи миссиясы, міне, осында жатыр. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, бұл халқымыздың, сонымен қатар бүкіл адамзаттың мұраты ретінде, бейбітшілік пен жасампаздықтың, біртұтас ұйысу мен ынтымақтастықтың, толеранттылық пен өзара түсіністіктің үлгісі болуға қызмет етеді.
Сөз соңында Назарбаевтың жалпытүркілік әліпбиі осы ізгі жолдағы игі мақсаттарға қол жеткізудің маңызды әрі пәрменді құралы дегім келеді.
Ерден ҚАЖЫБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz